Мирас • 09 Қараша, 2024

Ұлы ағартушының өнегелі ізі

248 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ыбырай Алтынсарин 1884 жылы Троицк қаласында Зайнулла Расулев медресесінің жанынан қазақ балаларына арнап өз қаражатына оқу корпусы мен жатақхана салдырған.

Ұлы ағартушының өнегелі ізі

Троицк қаласындағы «Расулия» медресесі

Бұл мәлімет туралы бірнеше дерек сақталған. Алдымен ол туралы америкалық ғалым Хамид Альгардың «Последний накшабандийский шейх Волго-Уральского региона. Непри­з­нанный историками духовный лидер» атты мақаласында жарияланды. Онда «Рядом со своей мечетью Зайнулла основал медресе, известное как Расулийя, которое среди татар, башкир и казахов завоевало репутацию одного из лучших институтов мусульманского образования. Расулев пользовался материальной поддержкой богатого казахского купца Алтынсарина…», деп көрсетілген. Ал ресейлік өлкетанушы ғалым Р.Н.Гизатуллин да «Революцияға дейінгі Троицк мұсылман оқу орындары» монографиясында: «В 1884 г. на средства казахского купца Алтынсарина были построены деревянные здания учебного корпуса и общежития для шакирдов» деп жазып, ұлы ағартушының өз қаражатына шәкірттеріне арнап оқу корпусы мен жатақхана ғимаратын салдырғанын» айтады. Француз тарихшысы Александр Бенигсен де өз еңбегінде Расулия медресесін мұсыл­ман әлеміндегі ең жақсы академия­лық институттардың бірі деп сипаттап, оған Ы.Алтынсариннің қолдау көрсеткенін нақты атап өткен. Сон­дай-ақ Д.Н.Денисовтің «Очерки по истории мусульманских общин Челябинского края (XVIII – начало ХХ в.)» атты еңбегінде «Ағаш оқу корпусы мен жатақхананы 1884 жылы қазақ байы Алтынсарин сал­ған» деп жазылған. Бұл ақпарат баш­құрт жазушысы Лира Ахмат-Якши­бае­ваның «Зайнулла ишан». На пути к истине» атты кітабында да баяндалады.

ХІХ ғасырдың соңында Троицкідегі мұсылмандар саны жергілікті халықтың 40 пайызын құраған. Сөйтіп, Троицк қаласы нағыз қасиетті ордаға айналып, онда мешіттер бой көтеріп, діни оқу орындары ашылған. Мұнда сол кезеңде есімдері елге мәлім жетекші тео­логтер еңбек етті. «Расулия» медресесі 1883 жылы Троицк қаласында ашылған. Оның іргетасын башқұрт халқының көрнекті дін және қоғам қайраткері, ойшыл-философ, теолог және ағартушы Зайнулла Расулев қалаған. Оның толық аты-жөні – шейх Зайнулла әл-Расули әш-Шарифи ан-Нақшбанди (Зейнулла бин Хабибулла бин Расул). Ол 1833-1917 жылдары өмір сүрген. Зайнулла Расулев Ресейге сопылықтың рухани тәлімгерлік тармағының ілімін әкелген. Кейін Троицк қаласындағы оқу-ағарту саласына белсене араласқан. Айта кетейік, «Расулия» медресесі татар, башқұрт және қазақтар арасында мұсыл­мандық білім беру мекемелерінің бірі ретінде үлкен беделге ие болды. Онда жәдиттік бағытында білім берілді. Сол жылдары халық арасында жаңа оқу жүйесіне көшкен мектептер «жәдит мектебі» деп, ал мұндай әдісті жақтаушылар «жәдитшіл» немесе «жәдит» (жаңашыл) аталды. Бұл үрдіс екпін алуымен жәдитшілдік қозғалыс деген атқа ие болды.

«Расулия» муддарисі Зайнулла жәдитизмді ұстанып, сол кездері ислам діни мектептерінде басым болған схоластикаға қарсы болды. Зайнулла Расулевтің арқасында медреседе дыбыс­ты оқыту әдісі, сынып-сабақ жүйесі, сондай-ақ зайырлы пәндерді меңгеру енгізілді. ХХ ғасырдың басында медресе 11 жылдық оқу курсы бар жартылай зайырлы оқу орны болды. Медресе басшылығын әкесі Зайнулладан алған Ғабдырахман Расулевтің арқасында білім беру бағдарламасына діни ілім, араб, түрік, орыс тілдері каллиграфия, оқу, жаттау және Құран мен хадис тәпсірі, математика, түрік, Ресей және жалпы тарих, ислам тарихы, тарих, теология, мұсылман құқығы, этика, гигиена, география, табиғаттану, физика, химия, зоология және педагогика пәндері кірді. Шәкірттер мұсылман ойшылдарының еңбектерін түпнұсқадан танып білді. Медреседе станоктармен жабдықталған оқу шеберханасы жұмыс істеді. Олар болашақта жұмысшы мамандықтары пайдалы болатынына сенімді еді. Пансионатта асхана мен ас үй, сондай-ақ қонақ бөлмелері болды. Медреседе Троицкідегі алғашқы баспахана жұмыс істей бастады, онда тұңғыш қазақ журналы «Айқап» басылды. Троицкіде білім aлғaн қaзaқ жaстaры хaлық aғaрту ісі мен елдің мәдени дең­гейін көтеруге белсене aрaлaсты. «Расу­лия­ның» түлектері арасында ақын, жур­налист Әкірам Ғалымов (1892–1913) пен қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Сұл­тан­махмұт Торайғырұлы (1893–1920) болды. Сонымен бірге Алaш идея­сынa үн қосып, төңкерістен кейінгі жыл­дa­ры хaлық aғaрту ісіне белсене aтсa­лыс­қaн aқын, дін қaйрaткері Әлмa­­ғaм­бет Оспaнұлы Торғайда Ыбырай Ал­тын­сарин ашқан қолөнер учили­щесінде оқып, 1911 жылы Тройцкідегі Зей­­ноллa ишaн медресесіне түсті. Бір сөз­­бен айтқанда, жаңа оқу жүйесіне қы­зы­­­ғу­­шылар қатары өсіп, мұндай мек­теп­ті ашуға көмек көрсетуді сұрау­шы­лар арта түсті. 1892 жылы Ресей импе­рия­­­сы ау­ма­ғында жаңа оқу әдісіндегі мұ­­сыл­­­ман­дық мектептің саны 32-ге жетті.

1903 жылы ағаш ғимарат бұзылып, сол орынға қайта жаңа кірпіштен нысан салынды. Жаңа бұл нысан Г.Расулев, көпес Ғаббасовтардың қаражатына қайтадан тұрғызылды. Ал оқу корпусы мен жатақхана ғимараты бүгінгі күнге дейін сақталып тұр. Қазір бұл нысан – тұрғын үй. Қызыл кірпіштен салынған үй (Ыбырай салдырған медресе жатақханасы) мәдени мұра нысаны болып саналмайды, оны болашақта бұзу жоспарланып қойған. Сұр силикат кірпіштен салынған ғимаратта 1905 жылдан 1919 жылға дейін медресе орналасқан, содан кейін тұрғын үй ретінде пайдаланылып келеді.

Қостанай облыстық Ыбырай Алтын­сариннің мемориалдық музейі ұлы ағартушының бұрын соңды беймә­лім болып келген бұл елеулі қызметі жайын­­да зерттеу жүргізіп, Троицк қала­­сына арнайы ғылыми экспедиция ұйым­дастырды. Ағартушының үлесі бар тарихи орынға мемориалдық тақта орнату жөнінде Челябі облысы Троицк қаласының мэрі А.Г.Виноградовқа Қостанай облысы әкімдігі мәдениет басқармасының атынан ресми хат жолданды. Бұған Троицк қаласының әкімшілігі арнайы жауап хат жолдап, қолдау білдіріп отыр. Мемориалдық тақтаны қаланың тарихи маңызы бар орталығында орналасқан, Троицк қала­сындағы Октябрьская көшесі, 88 мекенжайындағы «Расулия» мед­ре­сесінің жаңа ғимаратына орна­лас­­тырғаны жөн деп ойлаймыз. Ме­мо­риал­дық тақтаға: «1884 жылы қа­зақтың ұлы педагог-ағартушысы Ы.Алтын­са­рин «Расулия» медресесінің оқу корпусы мен шәкірттерге арналған жатақхана сал­ды» деп жазылса, тарихи тұрғыдан әді­летті болатыны даусыз.

Ыбырай Алтынсариннің Троицкі­дегі өмір жолын зерделей келе, оның халық­ара­лық деңгейдегі тұлға екеніне тағы бір көз жеткіздік. Оның ағартушылық қыз­меті тек қазақ үшін ғана емес, түркі ха­лық­тары үшін де үлкен құндылыққа ие.

 

Салтанат ӨТЕЛБАЕВА,

Ыбырай Алтынсариннің мемориалдық музейінің қызметкері

 

Қостанай