Қоғам • 09 Қараша, 2024

Есірткі қылмысымен күрес

85 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

«World Population Review» зерттеуінше, Қазақстан есірткі тұ­­тыну жөнінен әлемде ондыққа кірген. Ең сорақы­сы, дел­дал­­дардың шамамен 55%-ы – 18 бен 35 жас ара­лы­ғын­да­ғы аза­­маттар.

Есірткі қылмысымен күрес

Жаһанда кейінгі 10 жыл­да есірткіге тәуел­ді адам саны 22%-ға өскен. Әлемде шамамен 300 мил­лионға жуық нашақор бар. Бірік­кен ұлттар ұйымының статис­тикалық дерегіне сүйен­сек, дертке айналған есірткіден жыл сайын 500 мыңнан аса адам қаза табады. 20 миллион халқы бар Қазақстан үшін есірт­кіге тәуелділіктің елеу­сіз көр­сет­кі­ші­нің өзі ұлттық қауіп­сіз­дікке ай­тар­лықтай қатер екені айт­паса да белгілі. Мұны ескерген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басында Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында мем­лекеттік органдарға есірткінің таралуына қарсы профилактикалық шараларды күшейтуді тапсырды. Әйтпесе азын-аулақ ақша табамын деп үміттенген жасөскін «Tik-Tok», «Telegram», «OLX», «VK» және басқа да танымал плат­­фор­малардың ықпалымен есірт­кі «ба­рон­дарының» қақ­па­ны­на түсіп жүр. Бұған қазнетті шар­лаған түрлі бейне­жазба дәлел бола алады.

«Qazaqstan аrdagerleri» қауым­дас­тығының төрағасы Бақытбек Сма­ғұл халықтың құқық қорғау орган­дарымен қарым-қатынасын әлі де нығайту қажеттігін айтады.

– Жасөспірімдер – қоғамның ең әлсіз, манипуляцияға тез берілетін өкілдері. Одан қалды студенттер мен жұмыс істемейтін, бос сенделген азаматтар да бар. Есірткі сатушылар олардың психологиясын жақсы меңгерген. Ешқандай жаза жоқ, кәмелетке толмағандарға қылмыстық жауапкершілік қарас­тырылмаған деп сендіреді. Арбауға түскен жеткіншектер есірткі түйін­шектерін тығуға келіседі. Бұл бір жағынан жас буынның сауаты жоқтығын көр­сетеді. Сондықтан ақпараттық хабардарлық деңгейін арттыруға күш жұмсау қажет, – деді Б.Смағұл.

Қазір еліміздің түзеу мекеме­ле­рінде 30 мыңнан аса азамат жа­за­сын өтеп жатыр. Оның 4 мыңы – осы есірткі қылмысы үшін жазаланғандар. ІІМ есірткі қыл­мысына қарсы іс-қимыл ко­митеті басқармасының аға жедел уәкілі Ұлжан Қабылдина есірткі қыл­мысы үшін ұсталған жас­тар қатары жыл сайын көбейіп жат­қанын жеткізді.

– Биыл ғана 39-дан аса кәме­летке толмаған адам ұсталды. Оның ішінде 13-і – оқушы, 22-сі – колледж студенті, біреуі – ЖОО студенті және үшеуі оқымайды. Айта кету керек, 9-сынып оқушы­лары да есірткі таратумен айна­лыс­қан жағдайлар бар. Олар қыл­мыс­тық жауапкершілікке тартылып, 10 жылдан аса мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Сондықтан біз оқушыларға, студенттерге түсіндіру жұмысын жүргіземіз, онда есірткі қылмысына қатысудың салдары туралы айтамыз. Жекелеген іс-шаралар негі­зі­нен ата-аналармен өткізіледі. Әр отбасы балаларымен жұмыс істеуі керек, не істеп жатқанын білуге тиіс. Оларға көбірек уақыт бөліп, мейлінше бақылауда ұстауы қажет, – деді поли­ция подполковнигі.

Сондай-ақ ол елордада жылына 10 мыңнан аса профилактикалық іс-шара өткізілсе де, жастар өзінің тәжірибесіздігінен, аңғалдығынан есірткі сатушылардың негізгі нысанасына айналатынын айтып қалды. Сондықтан құқық қорғау органдарының өкілі бұл істе ата-аналар, психологтер және мүдделі қызметкерлердің бірлесе күресуі маңызды екенін еске салды.

Негізі жас буынның ден­сау­лығына төнген заманауи қауіп-қатерлер лудомания, ішімдік, нашақорлық және цифрлық тәуел­­діліктер зейінді төмендетіп, ұй­қы­­ның бұзылуына, депрессия мен маза­сыздыққа әкеледі. Бірақ мұны көп отандасымыз ұға бермейді.

– Әртүрлі тәуелділік әсерін бір­ден байқай алмайсыз. Лудо­мания, ішім­дік, нашақорлық, әлеу­меттік желі­лерге тәуелділік – жас­тардың эмоционалды күйін, танымдық дамуын бұзады. Сал­дар­мен күресудің өзі қажырлы еңбекті талап етеді. Мәселен, наша­қорлықты, лудоманияны жеңу­де, адам психологиясын қайта қал­пына келтіру үшін тәуелді мінез-құ­лықтың алғашқы белгілерін уақы­тында анықтау керек. Одан кейін ғана кезең-кезеңімен түрлі әдіс­тер қол­данылады. Бұл жолдан гөрі, қазір­ден жас буынның ментал­ды сау­лығына көбірек назар аудару қажет. Әсіресе жастардың бос уақы­тын тиімді ұйымдастыруға, от­ба­сы инс­титутындағы әлеуметтік, ма­те­­­риалдық ахуалға да мән беру ке­рек, – деп атап өтті Астана қа­ла­­­лық пси­хи­калық денсаулық орта­­­лығының психиатры Күнсая Әріп­баева.

Есірткіге қарсы күресте жас­тармен етене жұмыс істейтін ұйымдардың да орны ерек. Мысалы, «Жастар рухы» белсен­ділері көше, ғимараттарда ілін­ген, жазылған 300-ден аса есірткі жарна­мала­рын жойған. Олар «Есірт­кіге жол жоқ!» акциясы аясында 3 қала мен 17 облыс­ты түгел қамтып, жастарды ақпарат­тан­дырған. Науқанға полиция депар­таменттері, прокуратура өкілдері, жергілікті мәслихат депутаттары және қоғам белсенділері қатысқан.

– Акция Президенттің «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында жүзеге асы­ры­лып жатыр. Бұл елдегі құқық­тық тәртіпті күшейтуге әрі жас­тардың салауатты болашағын қор­ғауға бағытталған. Есірткіге қар­сы күрес – тек құқық қорғау ор­ган­дарының ғана емес, бүкіл қоғамның міндеті. Мұндай жауапты істе белсенділер қалалар мен аудан, ауылдарды аралап, халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жүр. Осылайша тұрғындардың көзқарасы да өзгеріп келеді. Олар есірткі мәселесіне бейжай қарамай, қауіпсіз орта құруда аулалардағы жарнамаларды жоюға бірге атсалысу қажеттігін түсіне бастады,– деді «Жастар Рухы» Батыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Архат Исламғалиев.

Ал Астана қалалық мәслихаты заң­дылық, құқықтық тәртіп және жұртшылықпен жұмыс мәсе­лелері жөніндегі тұрақты комис­сия­сының төрағасы Азамат Айт­қожин есірткі бизнесіне қарсы күрестің тиімділігін арттыру және алдын алуда тек ақпараттық хабарлық көмектеседі деу көңілге қонбайды деп отыр. Бүгінде цифрлы дәуір мүмкіндіктерін теріс пиғылда пайдаланатындардың ұшы-қиыры жоқ. Сондықтан психотропты заттармен күресте әдіс-тәсілдерді де өзгерту қажет дейді.

– Білімсіздік пен заңнама туралы түсініктің болмауы жауап­кер­­ші­ліктен босатпайтынын ұғын­ды­ру керек. Біз жастарға есірткіні қол­дану тұлғаның деградациясы­на және денсаулықтың ауыр проблемаларына әкелетінін айтудан жалықпаймыз. Өйт­кені нашақорлық адамның ден­сау­лығымен қоса кей азаматтардың бойында азғындық пен агрессивті мінез-құлық өршітуі мүмкін. Телефонға телмірген заманда мем­лекеттік мекемелер не құқық қорғау орган­дарына болсын, кез келген отандасымызға аса қырағылық керек. Нашақорлық өлім-жітімнің жоғары болуына, отбасылық байланыстың бұзылуына, еңбек өнімділігінің төмендеуіне, емдеу құнының өсуіне, яғни нарық түрін­дегі экономикаға тікелей залалын келтіреді, – деді А.Айтқожин.