Аймақтар • 09 Қараша, 2024

Жетісу алқабы өнімге толы

137 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Өңірдің экономикалық көрсеткішінің негізгі локомотиві – ауыл шаруашылығы саласы. Аграрлы бағытқа бет бұрған шағын және орта бизнес субъектісі көбейді. Тіпті олардың өнімдегі үлесі 33%-дан асты. Бүгінде 13 700 гектарға егілген қант қызылшасының 63%-ы ғана жиналды. Түсім – 615 мың тонна. Зауыттар оның жартысынан көбін қабылдап, өңдеп жатыр. Қазірдің өзінде өндіріс орындарына тәтті түбір сыяр емес.

Жетісу алқабы өнімге толы

Суретті түсірген – Дмитрий ЕРОФЕЕВ

8 600 гектардан 403 мың тонна шикізат түскен. Соның 352 мың тоннасы Ақсу және Көксу қант зауыттарына өткізілген.

«Бізде қант қызылшасының себілуінен бастап жиналуына дейін барлық үдеріс ойлас­ты­рылған. Қызылшаны қазу жұмыс­та­ры 103 комбайнмен бас­талған. Оған қосымша өнімді жинап алуға бюджеттен қаражат бөлініп, 19 жапырақ жинағыш пен 20 комбайн сатып алынып, шаруаларға таратылды. Ендігі жерде зауытқа өнім өткізуге тұрған көлік кептелісін азайту мақсатында Көксу қант зауы­тына аудандардың графи­гін жаса­дық. Көксу зауыты бү­гін­ге дейін күніне 3 мың тонна қабылдаса, оны 4 мыңға дейін көтеру керек деп шештік. Қазір 13 700 гектар алқаптың қалған 5,1 мың гектарында жүріп жат­қан қазу жұмысын қараша айы­ның 20-сына дейін аяқтауға то­лық мүмкіндігіміз бар», деді облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы  Нұрдәулет Кененбаев.

Айтуынша, бүгінде 13 700 гектар қызылша алқабының қалған 5 100 гектарында тәтті түбір жинау жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Гектар өнімділігі биыл 472 центнерден айналды. Қос зауыт­тың қуаттылығы 700 мың тонна өнім өңдеу­ге жетеді. Аталған кәсіпорындарға облыс шаруашылықтарынан 352 мың тонна өткізілді. Екі зауыт та өңдеу жұмыс­тарын бастады.

«Көксу зауытына осыған дейін күніне 150–160 машинаға дейін, яғни 3 мың тоннаға дейін қабылдадық. Қазір 140 мың тонна өнімді өңдеуге кіргізіп жатырмыз, дегенмен алаңдар бірден босай қоймайды, орнын тазалау жұмыстары жүреді. Қазір қосымша жер дайындап жатырмыз, соған сәйкес 4 мың тонна қабылдауға көшеміз», дейді Көксу қант зауытының директоры Алтынбек Абатов.

Ақсу қант зауытының да аяқ алысы жаман емес. Өнді­ріс орнына 210 мың тонна қант қызылшасы жиналған. Қазан­ның 22-сіне дейін күніне 300 машина­дай қабылдаған, дегенмен үйінді алаңының толуына бай­ланыс­ты қазір күніне 160–170 машина кіреді. 25 қазаннан бері Жамбыл облысынан қызылша қабылдау тоқтатылған. Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандарының шаруашылықтарынан қызылша қабыл­данып жатыр. 1 қарашадан кейін талды­қорғандық шаруа­лардың өнімін қабыл­дайды.

Алакөл диқандары 82 215 гектар егістік алқабын игерген. Қыр­күйек айын­да өндірілген өнім көлемі 46 млрд 707 млн тең­геге жетіп, жалпы жоспар 116,2%-ға орындалған. Әсіресе жұрттың қант қызылшасына деген ықы­­ласы ауған. Биыл ауданда 644 гектарға қант қызылшасы себіліп, оның көп бөлігін игерген «Bolаt Group LTD» шаруа қожалығы тамшылатып суару технологиясын қолданған.

Бірінші рет қант қызылшасын сеуіп, тәжірибе жинақтап жатқан шаруа қожалықтары қата­рын­да Жайпақ ауылдық окру­гіндегі «Диқан», «Есіл» шаруа қожа­лықтары да бар. Аталған бір­лестіктердің егіс алқа­бы­на бар­ғанда қызылша жинау нау­қа­ны­ның қауырт жүріп жат­қа­нын көрдік.

«Жайпақ ауылы егін және мал шаруашылығымен айналысады. Кезінде Бескөлдегі қант зауыты жұмыс істеп тұр­ған­да, қызылшаны мол өндір­ген екен. Бірақ қант зауыты тоқтап, қызылшаны өткізу қиын­даған тұста тұрғындар бұл дақылды егуден бас тартқан. Өткен жылдан бері облыс әкімінің бас­та­масымен мемлекет тарапынан қант зауыттарын қаржылай қолдаудың артуы нәтижесінде шаруа қожалықтарының қант қызылшасын егуге ынтасы оянды. Биыл ауылда «Диқан», «Есіл» шаруа қожалықтары бастамашы болып 15 гектар жерге қант қызылшасын сеуіп едік, енді соны төкпей-шашпай жинап алу қамындамыз», дейді егіс басында кездескен Жайпақ ауылының әкімі Манас Амангелдіұлы.

Жай­пақ ауылында 1 100-ден астам тұрғын, 74 шаруа қожа­лығы, 3 мың гектардан астам суар­малы жер бар. Дегенмен ауыл­дастар қызылшаны бірінші рет сепкендіктен тәжірибенің аздығынан біраз кемшілік орын алыпты. Сонда да шығымы жаман емес. Егу, баптау, жинау кезінде тұрғындардың қосымша табыс табуына мүмкіндік көбейіпті. Егіс алқабынан қазып алынған тәтті түбір ауыл іргесіндегі қырманға төгіліп, сұрыпталып, қант зауытына тасымалдауға дайындалып жатыр.

Айтпақшы, өңірде 88,5 мың гектар майлы дақыл алқа­бы­нан 186,4 мың тонна өнім жинал­мақ. Оның 164 мың тоннасы – майбұршақ. Бүгінде майлы дақылдардың 68,9%-ы шабылып, 117,5 мың тонна өнім жиналды. Оның әр гектары 19,3 центнерден айналады. Облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Бахтияр Шампиковтің айтуынша, облыс­та майбұршақ қабылдайтын 5 кәсіпорын бар. Олар 65 мың тонна өнім қабылдайды деп жос­парлап отыр. Соның бірі – «Уыз Май Индастри» ЖШС. Тамақ өнеркәсібінің барлық саласы үшін өнім жеткізетін бұл кәсіп­орын өндірісте Алматы мен Жетісу облыстары шаруа қожалық­та­рынан ең жақсы шикі­­затты сатып алып, оны заманауи, жоғары техно­ло­гия­лық жаб­дықтармен өңдейді.

 

Жетісу облысы