Мектеп • 09 Қараша, 2024

Жаркенттегі жайлы мектеп

179 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жетісуда биыл 17 білім мекемесі ағымдағы жөндеуден өтті. Қосымша 5 мектептің құрылысы басталып, бүгінде біртіндеп оқушыларды қабылдап жатыр. Ең бастысы, сол нысандардың екеуі «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған. Күні кеше жаркенттіктер дәл сондай заманауи білім ордасының есігін ашып, көптен күткен ата-аналардан сүйінші сұрады. Бұл – облыстағы шекаралық ауданы саналатын Панфиловтегі 1200 орынды алғашқы жайлы мектеп.

Жаркенттегі жайлы мектеп

Суретті түсірген – Жеңіс Ысқабай

Өңірді жаңа мектеппен қамту жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Әсіресе ауылдарда ескі мек­­теп­тер күрделі жөндеуден өтіп, жөн­деуге келмейтін кейбір ны­сандардың орнына жаңа білім ордалары бой көтеруде. Өңір әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, биыл облыста бес мектептің құрылысы жүрген. Бұған дейін осы оқу жылында Көксу ауданы Қаратал аулында 120 орындық мектеп іске қосылған болса, жыл соңына дейін Ақсу ауданына қарасты Көшкентал аулында 180 орындық жаңа мектеп ашылады. Ал қалған 2 мектеп, яғни Алакөл ауданы Достық аулындағы 600 орындық, Панфилов ауданы Талды аулындағы 300 орындық мектептер 2025 жылғы жаңа оқу жылында іске қосылады деп жоспарланған.

Жаркенттегі мектептің ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Диас Есдәулетов, ардагер ұстаздар, мектеп ұжымы, ата-аналар мен оқушылар, аудан жұртшылығы қатысты.

«Бұл – Президент тапсырмасымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған облы­сы­мыздағы алғашқы білім ошағы. Панфилов ауданы – облыстағы оқушы саны көп өңірдің бірі. Жаңадан пайдалануға беріліп отырған бұл мектепке Жаркент қаласының бала саны көп 9 мектебінен 1100 жуық бала қабылданып отыр. Осындай замануи мектепте біліммен сусындайтын оқушылар облысымыздан топ жарып шығатынына сенімім зор. Мектеп ұстаздарына еліміздің болашақ білімді, еңбекқор патриот­тарын тәрбие­леу жолында сәттілік тілеймін!», деді Д.Есдәулетов.

Мұнан соң мектептің лентасы қиылып, жиналған көпшілік жаңа ғимараттың ішін аралап көрді.

Жалпы, мектеп заманауи талап­қа сай жабдықталған. Мұн­да 64 кабинет болса, оның 6-ауы жаңа модификациялық кабинет, соның ішінде химия, физика, биология, роботтехника, Steam кабинеттері, нано технология т.б. бар. Барлық пән кабинеттері қажетті әдістемелік, техника­лық құралдармен жабықталған. Сонымен қатар ағаш, металл, тігін және басқа да шеберханалар қарастырылған. Акт залы, 2 оқу залы бар кітапхана, 230 орынды асхана, 2 спорт залы, 1 би залы оқушылардың игілігіне қызмет етеді. Оған қоса оқушылардың оқу құралдарына, киімге арнал­ған жеке шкафтар, сондай-ақ кі­тап оқуға, балалардың шығар­ма­шылық дамуы мен демалуы­на коворкинг аймақтар қарас­тырылған.

Жаңа да жайлы мектептің ашыл­ғанына ата-аналар да қуа­нышты.

«Біздің Жаркент қаласына осындай жайлы мектеп салып бергендеріңіз үшін барша ата-ананың атынан алғыс айтамыз. Менің қызым қазір 11-сыныпта оқиды. Балалардың ҰБТ-ға, емтихандарға сапалы дайындалуына мұнда барлық мүмкіндік жасалған, оқу залдары бар кі­тапханасы, материалдық базасы мықты пән кабинеттері – бәрі де оқушылардың сапалы білім алуына өзінің үлкен ықпалын тигізеді деп ойлаймын», дейді ата-аналар комитетінің төрағасы Айдар Бектемірұлы.

Мектеп директорының мін­детін атқарушы Айгүл Дару­баеваның айтуынша, қазіргі кезде мектепте 46 жиынтық класс ашылған. Жаркент қаласындағы бала саны көп тоғыз мектептен сыныптар жетекшілерімен бір­ге ауысып келген. Бүгінгі күні педагогтер үшін 30 бос орын, техникалық қызметкерлерге 20 орынға конкурс жарияланып, жұмысқа қабылдану үстінде.

«Мектептегі физика, химия, биология және роботтехника пәндері бойынша заманауи кабинеттерде touch-экрандар орнатылып, мектептің кез келген жерінен жылдамдығы жоғары интернетке қосылу мүмкіндігі беріледі. Ерекше білім алуды қажет ететін балаларға тиісті жағдайлар жасалған. Бастауыш және жоғары сынып оқушылары мектепте бөлек блоктарда оқи­ды. Ғимаратта балалар үшін бейнебақылау, дыбыстық хабарлау және басқа да күшейтілген қауіпсіздік шараларына арналған жабдықтар орнатылған», дейді А.Дарубаева.

Айта кетейік, бүгінде облыста мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру саласында 21 мыңнан аса педагог жұмыс істейді. Соның ішінде ауылдарда 3600-ден аса жас маман қызмет етеді, оның 107-і – биылғы оқу жылында жұ­мыс­қа орналасқан жастар. Ауыл­дағы жас ұстаздарды баспанамен қамту мәселесі оң шешімін тауып келеді. «Дипломмен – ауылға!» бағ­дарламасы бойынша облыс­та 1600-ге жуық педагогке тұрғын үй сатып алуға пайызсыз несие берілсе, 2900-ден астам мұғалімге көтерме жәрдемақы төленді. Жайлы мектепке де жақсы маманның келері даусыз. Сол себепті өңірдегі кадр тап­шылығын шешу үшін арнайы гранттар бөлініп жатыр.

«Әрине, маман тапшылығы республика көлемінде ауқымды мәселе. Біздің өңірде облыс­та тоқ­саннан астам мұғалім жетіс­пейді. Әр жыл сайын жергі­лікті бюджеттен қаражат бөлі­ніп, грант тағайындалып, оның 40 пайызын педагогикалық ма­ман­дықтарға бөліп отырмыз. Соған қарамастан, мамандар тап­шылығы өзекті болып отыр. Оның басты себебі: осы салада оқыған әрбір бесінші түлек өз мамандығы бойынша жұ­мыс істемейді немесе тек облыс ор­талығында жұмыс істегісі келе­ді», дейді облыстық білім басқа­ра­масының басшысы Марат Сүлейменов.

Келер жылы Жетісу жерінде тағы да ондаған мектептің құры­лысы басталады.