Қоғам • 09 Қараша, 2024

Өңірлерді зерттеудегі маңызды қадам

84 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты 8 облыстан өкілдік ашты. Өңірлік желі аймақтардың әлеуметтік-экономикалық даму серпінін бақылауға, түрлі талдамалық материалдардың сапалы болуы­на ықпал етеді.

Өңірлерді зерттеудегі маңызды қадам

Өңірлік желі әзірге Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Маңғыстау, Ақмола және Абай облысында ашылды. Алдағы уақытта кезең-кезеңімен өзге аймақтардан да ашылады деп жоспарланып отыр. Бұл туралы жиында ҚСЗИ директоры Еркін Тұқымов айтты. Сондай-ақ ол бұл бастама өңірлердің аналитикалық әлеуе­тін нығайтуда маңызды қадам екенін атап өтті.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауларында мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі өңірлер­ді дамыту екенін баса айт­қан. «Қуатты өңірлер – қуатты ел» – бұл жай ғана әдемі сөздер емес, елімізді жаңғыртудың айқын­даушы формуласы. Осы орайда өңірлік зерттеулерді сапалы әрі жан-жақты жүргізу аса маңызды. Экономикалық және әлеумет­тік саладағы нақты көріністі «өңір­ден» көретін болсақ, біз сапалы талдаулар дайындап, өңірлерді қолдау мен дамыту бойынша кешенді ұсыныстар әзірлей аламыз, – деді Е.Тұқымов.

Іс-шараға Сенат және Мә­жіліс депутаттары, академиялық және сарапшылар қоғамдас­ты­ғы­ның өкілдері қатысты. Олар бастаманы қолдап, сауалдарын қойып, өңірлік желі қамтуға тиіс ұсыныстарын ортаға салды.

– Облыстағы сарапшы­лар мейлінше тәуелсіз бол­ғаны дұрыс. Оларға өңірдің әлеуметтік-экономикалық ахуа­лын зерттеуде, өткір мәселеде сараптама жасауда жергілікті мемлекеттік органдардың басқа да мекемелердің ықпалы болмауы керек. Өйткені көп жағдайда Президент әкімшілі­гіне жинақталатын ақпараттар аймақтағы толық картинаны көрсетпейді. Халықтың мұң-мұқтажына құлақ асып, ішкі саяси мәселелерді назарға алған абзал. Бұл ретте орталық аппараттан бақылайтын, яғни Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты базасында кеңес құрылғаны жөн. Оған ықпалды азаматтарды тартуды көздеу керек. Байқасақ, қазір бір кішкентай ғана аудан­ның өзінде 10-20 кеңес бар. Бар­лығы сол жергілікті мекендегі проблеманы шешіп отыр деу қиын. Тіпті кеңеске жұртшылық сенім біл­дірген блогерлерді де тарту мә­селесін әбден ойластыру қа­жет. Өйткені олар мәселені ашық жеткізгенімен, хабардар­лық дең­гейін көтергенімен, түйі­нін тарқатпайды. Демек осы орай­да өңірлік желінің мықты сарапшылары көмек болады деп ойлаймын, – деді Сенат депутаты Ғалиасқар Сарыбаев.

Пікірлер талқыланған соң, қатысушылар аймақ өкілдерінің талдамалық және зерттеушілік дағдыларын дамуға бағытталған тренингтің куәсі болды. ҚСЗИ сарапшылары аймақтық әріп­тес­теріне сандық және сапалық зерттеу әдістері, аналитика­лық құжаттардың түрлері және олар­дың құрылымы туралы айтып берді. Ғылыми зерттеулерді жос­парлау бойынша практикалық кеңестер, ақпараттық қауіпсіздік тақырыбы қаузалды.