Туризм • 12 Қараша, 2024

Ішкі туризм неге дамымай отыр?

112 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Ішкі туризмді дамыту – мемле­кеттік саясаттың осы саладағы басым бағыттарының бірі. Елі­мізде жергілікті туристік орта­ның имиджін қалыптастыру, тар­тымдылығын арттыру жө­нін­дегі жұмыстар кейінгі жылдары жүйелі жүргізіліп келеді.

Ішкі туризм неге дамымай отыр?

Еңбек демалысында қолы ұзын­дар, қалтасы көтеретіндер әлем­нің, алыс-жақын шетелдердің керемет курорттарында, айтулы жағажайларына, Жетісудағы Алакөлге, Қырғызстанның Ыстықкөліне немесе Өзбекстанның минералды суларына барса, жергілікті қара халықтың басым көпшілігі көрпесіне қарап көсіліп, Мерке-Радон, Манкент, Жаңақорған, Сарыағаш сынды демалыс орындарымен шектеледі. Табиғаты тартымды Ақсу-Жабағылы, Көксай, Берікқара, Тау самалы сияқты жерлерге демалуға баруды қанағат етіп жүргендер де көп. Тіпті оған мүмкіншілігі болмағандар ауылдарына ат басын бұрып, туған жерге барып аунап-қунап қайтады. Әрине, еңбек демалысын жоғары дәрежеде тиімді өткізіп, бойға күш-қайрат жиып, сергіп-серпіліп, тың ойлар тауып қайтқанға не жетсін. Ол да – мәдениеттіліктің бір қыры.

Ішкі туризмді дамыту мәселесі аясында Тараз, Жамбыл өңіріндегі ел көлеміне жақсы таныс екі емдеу-сауықтыру, демалыс орны туралы әңгімелекпіз. «Мерке-Радон» санаторийі – сұранысқа ие демалыс орындарының бірі. Тау шатқалына орналасқан шипажай маңындағы тыныш­тық адамға ерекше әсер етеді. Қысы-жазы мұнда келушілер саны бір азаймайды. Әсіресе жаз айларында орын таппайсың. Түу сонау батыстағы Маңғыстау, Атырау, Орал, Ақтөбе, орталықтағы Қарағанды, Астана, Павлодар өңірлерінен ат терлетіп демалып, емделуге келетіндер көп. Бәрін қызықтыратыны – шипалы радондық минерал суы мен кербез сұлу табиғаты. Буындар, бел-омыртқа, жүрек-қан, гинекологиялық ауруларға радон суының шипалық қасиеті аса зор. Өкпе-тыныс жолдары ауруларына таудың саф таза ауасы ерекше әсер етеді. Келушілер тек радон ванналарын алумен шектелмейді, мұнда массаж, парафинмен емдеу, физиотерапиялық емдер кеңінен қолданылады. Диеталық тамақ та денсаулыққа көп пайдалы. Олардан бөлек, тәбеті барларға қымыз, саумал сусындары тағы бар. Қысқаша қайырғанда, онда барып емделгеніңізге еш өкінбейсіз.

пр

Дегенмен мұнда әлі де болса қалауын тауып, игерілетін істер жетерлік. Санато­рий-шипажай аумағын абаттандыруға көңіл бөліп, гүлзарларды көбейту, кіші архитектуралық құрылыстарды жаңарту, қосымша орындықтар орнатып, табанжолдар жасап, өзен жағалауларын тәртіпке келтіру қажет-ақ.

Өңірдегі тағы бір көзтартар тамаша демалыс орны – Жуалы ауданындағы «Көк­сай» шатқалы. Халық жазушысы Шерхан Мұртаза Көксайды біраз шығармаларына арқау еткен. Шерағаң еңбек демалысын атақты курорт, санаторийлерде өткізгеннен гөрі, туған топырағы Мыңбұлаққа, Талап­тыға келіп, ел-жұртпен дидарласып, бір мезгіл атпен серуендеп, таудың саф ауасымен тыныстап, мөлдір салқын суына шомылып, армансыз демалып қайтқанды ұнатады екен.

Көз қызықтырар көрікті табиғатымен, саф таза ауасымен, сүйекке дейін қари­тын салқын мөп-мөлдір тау өзенімен талайды тамсандырған Көксай шатқалы Тараздан тым қашық емес. Бар болғаны 70 шақырымдай жерде. Оның 18 шақырымы асфальттанбаған, тегістелген тас жол. Жол қырғыз ағайындармен шекаралас аймаққа таяу өтеді, мемлекеттік шекара белгілері әр жерден көрініс береді. Күншығыс жақта терең құз – Көк­сай каньоны. Айтушылар бұл каньон тереңдігімен, көріктілігімен еліміздегі Шарыннан кейінгі екінші орын алады дейді. Ал Шарын – АҚШ-тағы Колорадо каньонынан кейінгі әлемдегі ең терең құздың бірі. Тауға жақындай бере басын аққалпақ шалған, қар-мұз басқан тәкаппар Манас, Шыңғыс шыңдары мен мұндалайды. Манас шыңы – Тянь-Шанның батыс аймағындағы ең биік шың (4800 метр). Көксай өзені екі елдің егін шаруашылығын қажетті сумен қамтамасыз етіп отыр.

Көксай шатқалы кейінгі бірер жыл­дың мұғдарында біраз өзгеріске ұшырапты. Тауды екі жарып, көлікке ыңғайлы тас жол жүргізілген, электр энергиясымен қамтамасыз етілген. Бұрынғы су ағысын ба­қылайтын қызметкердің үй маңы шағын этноауылға айналдырылып, 7-8 ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, аялдауға ыңғайлы сәкілер тал-дарақтар көлеңкесіне орнатылыпты. Ақкөбік болып төмен ұмтылып, бұлқынып, сарқырап ағып жатқан суы мол тау өзені, оның құлаққа жағымды сарқыраған үні, тал-дараққа малынған көрікті тау беткейлері, исі жұпар аңқыған өсімдіктер әлемі, таза, саф ауа, тыныштық құшағындағы ніл­дей көк аспан, көкке оранған беткейлер кез келген адамды өзіне ынтық етеді.

«Көп жылдар бойы игерусіз жатқан Көк­сай шатқалын көпшілік рақатын кө­ретін де­малыс орнына айналдыру идеясы 2018 жылы келді. 40 гектар жерді 49 жылға жал­ға алып, кездескен қиындыққа қара­май, қолға алған жұмысты бірте-бірте игеріп жа­тырмыз. Арнайы жобамызды 2024–2026 жыл­дары іске асырамыз. Оған 4,5 мил­лиард теңге қаржы жұмсамақпыз. 40 шақты жергілікті тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтамасыз еттік. Тау қойнауында этноауыл ұйымдастырып, тынығушыларды саумалмен, қымыз, шұбатпен қамтамасыз етіп, бірнеше спорт кешенін, су бассейндерін, асхана мен дәмхана ашып, тау шатқалдары­на туристік маршруттар жасау, атпен саяхат ұйымдастыру ойымызда бар. Тіпті биік тау аңғарындағы мөлдір сулы Айнакөлге соқпақ жол арқылы туристік маршрут ашсақ дейміз. Сонымен қатар 40 орындық екіқабатты қонақүй салу да – алдымызда тұрған мақсат. Анау биіктікке көтерілетін бетоннан сатыжол арқылы панорама­лық алаң жасадық. Тау беткейіне канатты жол тартып, қыс мезгілінде қонаққа кел­гендердің шаңғы, шанамен сырғанауына мүмкіндік жасадық. Коньки тебуге де жағдай жасаймыз. Сонда «Көксай» демалыс орны қысы-жазы көпшілікке үзіліссіз қызмет ететін болады. Бүгіндері таза ауада демалғысы келетін қала тұрғында­ры аз емес. Мұнда апта сайын 200–250-ге жуық тынығушылар бір-екі күнге келіп-кетіп жатыр. Айына орта есеппен 2 000-нан астам адам келеді. Оларға қызмет ету – біздің басты парызымыз. Орын жетпей, қиналып қалатын кездеріміз де жоқ емес. Алдағы жылдары демалушылар саны арта түсетініне кәміл сенеміз. Облыс басшылығымен 18 шақырым асфальт жол, газ құбырын тарту мәселе­сін қарастырып жатырмыз. Тас жолдың кедір-бұдыры көп болғандықтан, демалушылар қиналып жететінін көріп жүрміз. Жалпы, көптеген қиындық туып отыр­ғаны жасырын емес. Бірақ бәсекеге қабілетті болсақ, болашақта «Көксай» демалыс орны жергілікті тұрғындардың ғана емес, шетелдіктердің де сұранысына ие болатын ең көрікті демалыс орнына айналатыны­на сеніміміз мол», дейді демалыс орны­ның басшысы, жергілікті кәсіпкер Нұрмұхамед Исақов.

Өңірде таңғажайып тау шатқалдары, тоғайлар аз емес. «Көксай» шатқалы – со­лардың бірегейі. Оның жоғары бөлігі, 1925 жылы бұрынғы кеңес одағында алғаш­қылардың бірі болып ашылған әйгілі Ақсу-Жабағылы ұлттық табиғат қорығының бу­ферлі аймағы. Табиғатының сұлулығынан бө­лек, мұнда сирек кездесетін, тіпті релик­ті, эн­демикалық ағаштар мен сандаған түр­лі өсімдік бар. Зерттеуші ғалымдар­дың ай­туынша, шатқалда 1200-ге жуық өсімдік өсе­ді. Емдік қасиеті бар өсімдіктер де аз емес. Жойылып бара жатқан, қорғауға алын­ған бірнеше ағаштар түрі, бұтақтар, өсім­діктер де кездеседі. Табиғатты аялай ал­ма­сақ – бізге сын. Барымызды бағалай біл­ге­німіз жөн. Табиғат пен адам – егіз ұғым. Демалыс орындарына, табиғатқа саяхат жасап шық­қандар табиғатқа жанашырлықпен қарауы керек. Себепсіз, жөнсіз бұлақтарды лайлап, бұтақтарды сындырып, шөптерді таптап, гүлдерді жұлу үлкен әбестікке жатады.

Табиғаттың жауы – өрт. Оның орын алу себебі көбіне көп кейбір демалушылардың мәдениетсіздігі, тәрбиесінің төмендігі, өшпеген темекі тұтқылын қалай болса солай тастай салу, жаққан отты сөндірмей кету, балалардың отпен ойнауы. Демалыс орны аумағын қоршап, оған кіріп-шығатын арнайы қақпа-есік орнатса артық болмас еді. Сонда тынығуға келгендер бейберекет жүріп, шашып-төгіп, қоршаған ортаға көп залал келтірмес еді.

«Тағы бір ойда жүрген мәселе – «Көк­сай» шатқалында су электрстансасын салуға өзі сұранып тұрған ыңғайлы, ұтымды орын бар. Ол қазіргі демалыс орнына айналдырамыз деп жүрген орыннан сәл жоғары, егерь қонысынан 300 метр әрірек өзен бойы. Тау өзені сол тұста екі жақын жартас арасын тіліп өтеді. Менің ойымша, құрылыс көп қаржыны қажет етпейді. Білікті мамандардың, жергілікті билік орындарының осы мәселе қаперінде жүрсе артық болмас еді. Оны іске асыруға, әлбетте, мемлекет мүделі болып, нақты қолдау көрсетуі қажет», дейді Жуалы ауданының орман-табиғатты қорғау шаруашылығының бұрынғы басшысы, тәжірибелі орманшы Әлижан Батырханұлы Мұртазаев.

Өкінішке қарай, өңірдің, тіп­ті еліміздің талай көрікті жерлері халық­аралық туризм аймағына, отандық демалыс орталығына толық айналмай отыр. Ішкі туризмді дамытып, жандандыра­мыз десек те, бұл мәселе төңірегінде шешімін таппаған, тіпті ақсап жатқан іс аз емес. «Қол­да барда алтынның қадірі жоқ» деген­дей, әсем табиғатымызды пайдалана ал­май отырғанымыздың басты себебі – демалыс орындарын тұрақты табыс көзі­не айналдыратын туризм саясаты әлі де дұ­рыс жолға қойылмаған. Демалыс орын­дарының көпшілігінің инфрақұрлымы сын көтер­мейді. Мұны ретке келтіруге жекенің талабымен бірге мемлекеттің қолдауы керек.

Жоғарыда сөз еткен аймағымызда­ғы көрікті табиғаттың інжу-маржаны Меркі, Көксай туралы аз айтылып, аз жазылып жүрген жоқ. Өкініштісі, сол керемет табиғат сыйын ретін тауып ішкі туризмге, қалып­ты демалыс орындарына айналдыра алмай отырғанымыз. Облыстық туризм және спорт басқармасы, жергілікті әкімдер ішкі туризмді одан әрі дамытуға жеткілікті көңіл бөлгендері жөн. Халық табиғат сыйының игілігін көргісі келеді.

Тағы бір айта кететін мәселе, бізде демалыс мәдениеті дұрыс қалыптаспаған. Көркем табиғатымызды ең алдымен өзіміз бағаламаймыз. Қалталылар ше­тел (Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері, Таи­ланд, Грузия, т.б.) асып жатса, қара­па­йым халықтың басым көпшілігі өз аулы­ның төңірегінен шыға бермейді. Оның да се­бебі бар. Әупірімдеп жан сақтап жүр­ген қара қазақтың бір жаққа барып дема­луына қалтасы көтермейді. Мүмкін, бұ­ған әлеуметтік жағдайлар да әсер ететін шы­ғар. Күнкөрістің күйбеңімен жүріп бір-екі күнімізді демалысқа арнауға да уақы­тымыз жоқ. Бірақ өзге жұртқа қара­сақ, бәрі де демалыс уақытында демалып, жұ­мыс күндері жұмыс істеп жүр. Қайта жұ­мыстан қажып жүрген кезде бір күн бол­са да уақытымызды демалысқа арнап жат­сақ, денімізге қуат, көңілімізге дәт, жанымызға шабыт алып қалар едік. Алтын уақытымызды, бар мүмкіндігімізді тиімді пайдалана алмай жүргеніміз ойлантады.

 

Сағындық ОРДАБЕКОВ,

медицина ғылымдарының докторы, профессор

 

ТАРАЗ