Туризм • 12 Қараша, 2024

Қанас, Марқа – қатар көл...

80 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Шығыспен шекаралас жатқан Қытай Халық Республикасына визасыз режім енгізілгелі алыс-беріс артып, барыс-келіс жиілеген. Сауда-саттықпен айналысып жүрген қандастар, туристік операторлар ынтымақтастық байланыста бірқатар жұмыс жүргізіп те жатыр. Жақында Шыңжаң- Ұйғыр автономиясынан туроператорлар мен ресми өкілдерден құралған делегация келіп, Шығыс Қазақстан өңірінде саяхат саласын дамытуды талқылады.

Қанас, Марқа – қатар көл...

Суретті түсірген – автор

Ресми жиында Қытайдан келген делегацияны облыстық кәсіпкер­лік және индустриялық-инновация­лық даму басқармасы туризмді дамыту бөлімінің басшысы Ардақ Мәдиев шығыстағы туризм әлеуе­тімен таныстырды.

«Мемлекет басшыларының ын­тымақтастығы, ықпалдастығы көп­ке үлгі. Біз де көршілес аумақта тығыз қарым-қатынас орнатып, ту­ризм саласын дамытуымыз керек. Өскеменге жеткенше өңірдің әсем табиғатына тәнті болған шы­ғар­сыздар. Таулы, сулы өңірдің көп бөлігі – Шығыс Қазақстанда. Қытайда туризм жақсы дамығанын біле­міз. Статистикалық деректерге сен­сек, жылына 150 миллионнан ас­там қытай саяхатшысы әлем­ді аралайды екен. Солардың бір бөлігін елімізге тартсақ деген ойымыз бар. Осы мақсатта эксклюзивті турлар, топтық туризмді жүйелі ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Жалпы, шығыс өңірі жаз маусымында бір мезгілде 20 мың туристі қабылдай алады», деді А.Мәдиев.

Облыста салынып жатқан жол­дар, Күршімнің көпірі саяхат­шы­лардың әрі-бері қатынауына қо­лайлы. Өңір басшылығы Алма­тының туристік компанияла­ры­мен де жұмыс жүргізіп жатыр. Шығысқа келген туристер Ал­тай­ды аралап шығып, Алатау асып жатса, қандай ғанибет. Сол жақ­тан Қытайға ұшып кету де оңай. Жиын барысында келер жыл Қы­тайда «Қазақстан жылы» болып жа­рияланатыны да сөз болды. Ол да – екі ел арасындағы ынты­мақтастықтың артып келе жатқан­дығының тағы бір жарқын дәлелі. 

Күздің құлпырып тұрған ша­ғында арғы беттен ат арытып жеткен қытайлық туропера­торлар Алтайды төрт күн аралағанда та­мыл­жыған табиғатқа там­сану­мен, таңданумен болды. Шын­дығын­да, шығыстың турист тар­туға әлеуеті зор. Тек қана қыз­мет көрсету сер­висін жандандыру қажет. Сонда табиғат аясына серуендеуден бас­тап, таным­дық туризмге дейін көп­теп ұйым­дас­тыруға болады.

«Елімізде медициналық туризм де бар. Атап айтсақ, Өскемен­дегі онкологиялық орталықтың білікті де тәжірибелі мамандары сан салалы қызмет түрлерін көрсетеді. Сонымен қатар жаздың аптап ыстығында жағажайларда демалу мүмкіндігі де жан-жақ­ты қарастырылған. Күре жолдар жөнделіп жатыр, жол бойындағы инфрақұрылымға да баса назар аударып отырмыз», деп сөзін толық­тырды А.Мәдиев.

Ерекше айта кетерлігі, Шығыс Қазақстан өңірінде қысқы туризм, оның ішінде тау шаңғысы жақсы дамыған. Егер қытай саяхатшысы қыс мезгілін, қарлы маусымның қы­зықтарын тамашалағысы келсе, алыстан іздеп керек емес, іргедегі, Өскеменде, Риддерде шаңғы теуіп, серуендеп қайтуына әбден болады. Дөңгелек үстел басында Қытай тарабы бірлесе жұмыс істеуге әзір екендіктерін жеткізді.

«Визасыз режімнің мүмкін­дігін барынша пайдаланып жатырмыз. Нәтижесі де көріне бастады. Бұл жолғы ақпараттық турдың мақсаты – Шығыс Қазақстандағы туризм саласына серпін беру. Деле­гация құрамында туристік операторлар бар. Олар сіздермен жұмыс істеуге ниетті. Мәселен, Қытайдың Қанасына баратын туристерді шығысқа тартуға болады. Өскемен – тарихи қала. Ол да бізге ұнайды», деді Шыңжаң-Алтай туристік ком­паниясының өкілі Го Шаоцзян.

Қанас демекші, Шығыс Қазақ­станда Қанастай көлдің бірнешеуі бар: Рахман, Бұқтырма, Марқакөл, Қаракөл сынды тау басына мөлді­рей біткен айдындар аз емес. Алай­да туризмді дамытамыз деп жүріп, табиғатқа зиян тигізіп алмауды да басты назарда ұстау қажет. 

«Шығыста шағын туризмді ғана емес, Қанас көліндегідей кең ауқым­ды туризмді де қолға алуы­мыз ке­рек. Мәселен, Марқакөл кө­лемі жа­ғы­­нан Қанастан әлде­­қайда үлкен. Та­­биғаты да көркем. Сондықтан Қа­нас пен Катон­қа­рағай, Марқакөл жөнінде бөлек, арнайы жоспар жасалуы керек. Қанас­тан Марқакөлге қарай турис­тік қақпа ашуымыз ке­рек. Егер осы маршрутты жолға қой­сақ, Қанасқа қызығушылық еселене түседі», дейді туризм саласының ардагері Мырзахан Шәкенов.

Білікті маман сондай-ақ Ұлан ауда­нының аумағында жатқан Сібе көлдерінің маңындағы ин­ф­ра­құрылымды дамыту керек­ті­гін айтты. Табиғатты сақтай оты­­рып туризмді дөңгелетсек, жер­гілікті халықтың да тұрмыс дең­гейі көтеріліп, әлеуметтік әл-ауқаты әлдеқайда артар еді.

 

Шығыс Қазақстан облысы