Тағзым • 12 Қараша, 2024

Сатира саңлағы

264 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Қазақ сатирасының қайталанбас сарбазы Шона Смаханұлының ұлт әдебиетінде қалдырған ізі сайрап жатқаны анық. Қысқа да нұсқа жазудың хас шебері қай кезде де ұлттың жоғын жоқтаумен дараланғаны мәлім. Таласта туып, күллі Алашқа аты мәлім болған қаламгерге деген құрмет туған жерінде бір сәтке де сейілген емес. Содан да болар, қайраткер қаламгердің ғасырлық тойы өзі туған топырақта жоғары деңгейде аталып өтті. Оған еліміздің әр қиырынан мәртебелі меймандар арнайы келді.

Сатира саңлағы

Қаламгер шығармаларын ел арасында насихаттау мақсатында ұйымдастырылған іс-шара ақын атындағы мектептен бастау ал­ғаны да көңілге қонады. Еліміздің әр қиырынан келген қазақтың қабырғалы қаламгерлері, жергілікті атқарушы билік өкілдері және жамбылдық зиялы қауым №44 орта мектепке ат басын бұрып, шоқ тілді Шонаның ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, сатира саңлағы­ның рухына тағзым етті. Тағылымға толы іс-шара барысында Шона атындағы мектептің беткеұстар оқушылары ақын­ шығармаларынан үзінді оқып, үлкен­дердің батасын алды.

Қазақ әдебиетінде өшпес із қалдырған қайраткер қаламгердің мерейтойына Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев та арнайы келді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің құттықтауын жеткізген ол шоқтығы биік тұлға мұрасының ұлт руханиятында алар орны айрықша еке­нін атап өтті.

пр

«Мемлекет басшысы қай кезде де ұлт зиялыларын жоғары бағалайтыны, мемлекеттік пен елдікке үлкен үлес қо­сып отырған, ұлт руханиятын байытуға еңбек сіңірген тұлғаларды құр­меттейтіні баршаңызға мәлім. Талас – қасиетті өңір. Қазақ сатирасының сардары болған Шона Смаханұлы да – Талас топырағында туған талант.

Шона Смаханұлының шығарма­шы­лығынан Талас өңірінің ғасырлар бойы жинақталған құндылықтарын кө­реміз. Саналы ғұмырын ұлт рухания­тын өркендетуге арнаған тұлғаның сатира жанрын биік деңгейге көтергені баршамызға мәлім. Ақынның туындылары төл әдебиетіміздің алтын қорынан ойып тұрып орын алғаны анық. Ел ара­сында «Шоқ тілді Шона» тіркесінің кеңі­нен тарауы сөзімізге дәлел бола алады. Ел ертеңі, ұрпақ болашағы үшін күрескен рухы өр ақынның өнеге мен ғибратқа толы ғұмыры өскелең ұрпаққа үлгі болары даусыз. Сондықтан да бүгінгі мерей­тойдың мемлекеттік деңгейде аталып өтілуінің маңызы зор деп білемін», деді Мәлік Отарбаев өз ойын ортаға салып.

Тірісінде қазақ тілін қызғыштай қо­рып, қазақ мектептерінің бой көтеруіне аянбай атсалысқан Шона Смахан­ұлы­ның мерейтойына арналған іс-шара әрмен қарай Асқар Тоқпанов атын­дағы облыстық қазақ драма театрында жалғасты. Республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияның тізгінін ұстаған белгілі ақын, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Бауыржан Жақып жиын барысында Шона Смахан­ұлының тағылымға толы үлгі-өнегесі туралы көкейде жүрген ойларын ақтарды. Ақынның өмір жолынан сыр шерткен модератор оның күрескерлік қасиеті, педагог ретіндегі еңбегі туралы сөз саптады.

ол

«Жаратқан маңдайға жазған ғұмы­рында Шона Смаханұлы артында өшпес із қалдырды. Ол бала кезінде-ақ жолай кездескен қиындықтарға мойыған жоқ. Майдан даласында да болды. Өнегелі ұстаз ретінде қазақтың қаракөз балаларын өнер мен білімге, әнге баулыды. Олардың дұрыс тәрбие алуына айрықша назар аударды. Талай талантты түлеткен Талас топырағына табаны тиген Асқар Тоқмағамбетов өз дәуірінде Шонаның айтулы тұлғаға айналатынын жазбай таныпты. Оның бойындағы шығармашылық әлеуетін аңғарып, лайықты бағасын да берген.

Ұлт мақтанышы Асқар Тоқмаған­бетовтің Шонаға деген ықыласы расында да бөлек болғанын бәріміз жақсы білеміз ғой. «Шонаны таптым, Шонаны табу арқылы ақиқатты тапқандай күй кештім. Ойың, көзқарасың, пікірің бір арнаға тоғысатын әрі әріптес, әрі іні табу адам баласын айрықша қуанышқа бөлейтіні рас екен. Ақиқатында Шона – жарқыраған алмас қылыш. Батыл қаламгер аз болмауы ықтимал. Ал Шона – батыр» деген сөзінің өзі көп дүниені аңғарта түссе керек. Осы сөздерге қарап-ақ Асқар Тоқмағамбетовтің Шонаға деген құрметінің, ықыласының зор болғанын аңғару қиын емес», деді ол.

Әйгілі сатириктің торқалы тойын­да сөз алған өңір басшысы Ербол Қара­шөкеев Шона Смаханұлының мерейтойы қазақ әдебиетінің тойы екенін атап өтті.

«Өңірдің 85 жылдығымен қатар кел­ген тұғыры биік тұлғаның мерейто­йын ұлт руханияты үшін маңызы зор, тағы­лымы мол деп түсінемін. Өйткені қазақ сатирасының сардары қасиет дарып, құт қонған Жамбыл жерінің ғана емес, тұтас қазақ сахарасының мақтанышы екені айдан анық. Оны алдыңғы толқын ағалар да айтып отыр. Сондықтан ел ішінде «Шоқ тілді Шона» атанған қай­раткер қаламгердің торқалы тойы өзі туған өлкеде өткізілуі – заңдылық.

ро

Сүйегіне сөз сіңген қаламгер саналы ғұмырын қазақ сатирасының көшін өрге сүйреуге арнағаны мәлім. Оның уытты әзілдерінің түбінде салмағы ауыр ақиқат жатқаны даусыз. Ол әрбір шығармасында сол ақиқатты ойлы оқырманының санасына жеткізуге тырысты. Сондықтан да Шона Смаханұлының орны қай кезде де биікте деп түсінеміз. Ол қоғамның көкейінде қатталған шындықты ақтару арқылы кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге көрсе­тіп кетті.

Ақынның аты өлмейтіні бесене­ден белгілі ғой. Қаламгердің шығарма­лары­нан нәр алған талғампаз оқырман әлі күнге дейін Шонаны құрметтейді, сағынады, рухына тағзым етеді. Тұғыры биік тұлғаның туындылары қай кезде де шыншылдығымен, өміршеңдігі­мен құнды бола бермек. Ұлт әдебиетіне аңсары ауған қазақ жастары барда Шона Смаханұлының есімі мәңгі жасайты­нына еш күмәнім жоқ», деді Ербол Қарашөкеев сөзінде.

Жастайынан тағдырдың соқтықпалы-соқпақты жолын бастан өткерген Шона Смаханұлы қай кезде де ақиқат үшін тал­май күрескені баршаға белгілі. Оның фельетондары мен шымшымалары өз дәуірінің бүкпесіз шындығын ашты. Қазақ тілі мен қазақ мектебі үшін аяу­сыз күрескен Шона Смаханұлының ең­бегі ешқашан ұмытылмайтыны сөзсіз. Тектінің ізін жалғаған ұрпағы Ұлан Шона­ұлы әкесінің табиғи болмысын, кісі­лігі мен кішілігін жадында сақтап қалған.

«Қылышынан қан тамған кеңес одағы тұсында ару қала Алматыда екі-ақ қазақ мектебі болды. Ірі қала үшін бұл, әрине, аз. Біріншісі аудандар мен ауыл-аймақ­тардан келіп оқитын №4 мектеп-интернат болса, екіншісі №12 мектеп еді.

Асқар таудай әкеміздің қалауымен бәріміз сол №12 мектепте білім нәрі­мен сусындадық. Сондағы ұлағатты ұс­таз­дардан тәлім алдық. Ол кісі біздің қазақ­шамызды қатты қадағалайтын. Үйде де, сыртта да ана тілімізде сөйлеуді талап ететін. Өзі де кеңес одағы тұсында тегін «ов», «евсіз» жаздырған аз ғана қазақтың бірі екені мәлім. Біздің де тегімізге «ұлы» немесе «қызы» деген сөздерді қосып жаздыртатын. Осылайша, қазақ екенімізді тегіміз арқылы да есімізге салатын.

Ол кісі үйдегі біздің ғана емес, көше­дегі қазақ жастарының да тәрбиесіне айрықша мән берді. Орыс тілінде шүл­дірлеген қазақ жастарын көрсе, қаны қайнайтын. Оларға қырандай шүйлігіп: «Сен неге ана тіліңде сөйлемейсің?» деп дүрсе қоя беретін. Қазақ тіліне қырын қараған солар үшін әбден күйінетін. Әкем телеарналарды көріп отырып та ана тілімізді ойлайтын. Сол кездегі түр­лі бағдарламалардағы қазақ тілін бұр­малай сөйлегендерді сын тезіне алып, шығар­маларына арқау етіп жүруші еді», дейді ол өткен шақты еске алып.

Тектінің тұяғы айтқан естелікке қарап-ақ Шона Смаханұлының азаматтық болмысын, ұлтқа деген жанашырлығын айқын сезіне түсеміз. Туған халқына деген шексіз сүйіспеншілік Шонаның өзін де зау биікке көтергені анық. Оның шығармалары ел арасында кеңінен танымал болды. Қазақы бояуы қанық туын­дылар жер бетінде қазақ халқы барда ешқашан өлмейтіні сөзсіз.

Қазақ сатирасына соны серпін сый­лаған қаламгердің туындылары тек жер­гілікті деңгейде ғана насихатталмауы керек. Республикалық ғылыми-тәжі­рибелік конференцияға ат басын бұр­ған мәртебелі меймандар да осы­ны айтып отыр. Өйткені қазақ сатира­сы­ның өткен шағы туралы әңгіме қоз­ғал­ғанда Оспанхан Әубәкіров бастаған тұғырлы тұлғалардың тізімі Шонамен толығатыны даусыз. Сондықтан да Шона­ның болашаққа аманаттаған мұрасы – мәңгілік. Ал Түрксой Түркі дүниесі жазу­шылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәу­лет Шонаның есімі Орталық Азия мықты­ларымен қатар аталуы керек дегенді алға тартады.

ен

«Шона Смаханұлы – сатира жанры бо­йынша қазақ әдебиеті тарихында өшпес із қалдырған санаулы тұлғалардың бірі. Сонау Бейімбет, Асқар, Оспанхан, Сейіт, Ғаббас, Көпен, Қонысбай секілді қазаққа қаламымен күлкі сыйлаған жұлдыздар шоғарының алғы шебінен өз орнын ойып тұрып алған сатира шеберінің 100 жылдық мерейтойы – қазақ халқының ғана емес, күллі түркі дүниесінің қуанышы.

Көзінің тірісінде шақар мінезді шы­ғармаларымен «Шоқ тілді Шона», «Алты Алаштың Шонасы, сатираның сонасы» атанған өткір өлеңдердің авторы қоғамның кеселін өз мәнерінде өткір сынаумен өтті. Ол қазақ сатирасында шаншыма мен шымшыма деп аталатын дербес мектеп қалыптастырып кетті.

Шонаның шығармалары – еріксіз езу тартқызатын, қиып түсер қылыштай өткір, кеселді қиып алып тастайтын оташының қандауырындай шипалы туын­дылар. Оның есімі Фатих Әмірхан, Әзиз Несин, Марсель Шарипов, Мидин Алыбаев секілді түркі әлеміне танымал сатира саңлақтарымен қатар аталуға тиіс», деді Ұлықбек Есдәулет.

Қайраткер қаламгердің кісілік келбеті мен шұрайлы шығармалары әңгімеге арқау болған ғылыми-тәжірибе­лік конференция тағылымға толы болды. Басқосуға арнайы келген мәртебелі меймандардың барлығы да қазақ сати­ра­сындағы Шонаның рөлін хал-қадерінше әңгімеге арқау етті.

Қаламының қуатымен өз дәуірін­де тамаша туындылар қалдырған ақын­­ның жерлес бауыры, әдебиет зерттеушісі, филология ғылымдарының докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қай­раткері Жанғара Дәдебаев, Абай атын­дағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты­ Құлбек Ергөбек ақын мұрасының өмір­шеңдігін нақты дәйектермен жиналған жұрт­шылықтың санасына жеткізсе, қалам­герлер Нұрдәулет Ақыш пен Ермахан Шайхы сатириктің ару қала Алматыда 25-ке жуық қазақ мектебі мен балабақша ашуға тікелей себепкер болған күрескерлік бейнесі туралы сөз қозғап, қаламгердің қайраткерлік қасиетін еске салды.

Басқосу барысында сөз алған Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Қасымхан Бегманов Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов­тің, филология ғылымдарының докторы, профессор Қансейіт Әбдезұлы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық уни­верситеті ректорының арнайы құттықтау лебізін жеткізді. Жергілікті қаламгер­лер арасынан Елен Әлімжан, Көсемәлі Сәттібайұлы бастаған азаматтар сөз сөй­леді. К. Сәттібайұлының ақын есімін насихаттау мақсатында елордадағы білім ордаларының біріне, Алматыдағы көшеге аты берілсе деген ұсынысы көпшіліктің көкейіне қонды.

Ғылыми-тәжірибелік конференция барысында сөз алғандардың қатарын­да сықақшылар да болды. Мәселен, Түркістан облысынан келген Алпысбай Боранбай Шона ақынның 120-дан астам әнге сөз жазғанын, ел ішінде жиі айтылатын тұрақты тіркеске айналған «Айта-айта Алтайды, Жамал апа қартайды» тіркесінің авторы Шона Смаханұлы екенін еске салды. Жиын соңында «Ер Шона» атты жаңа жинақтың тұсауы кесіліп, көпшілікке таратылды.

Қазақ сатирасы саңлағының 100 жылдық мерейтойына арналған іс-ша­ралар легі Кенен Әзірбаев атын­дағы облыстық филармонияның ұйымдас­тыруымен өткен «Ер Шона» атты әдеби-музыкалық кешпен түйінделді.

Шона Смаханұлының сөзіне жазыл­ған әндер насихатталған кеш барысында әнін Алтынбек Қоразбаев жазған «Әжейдің бесік жыры» шығармасын Айгүл Мақашева нақышына келтіре шырқаса, әнін Әбиірбек Тінәлі жазған «Сағыныш» атты туындыны Маралбек Бабақұлов тыңдармандардың назарына ұсынды. Кеш барысында ел арасында кеңінен танылған «Анамның тілі», «Жамбыл жастарының вальсі» секілді әйгілі туындылардан бөлек, ілгеріде еш жерде шырқалмаған жаңа әндердің жұртшылық назарына ұсынылуы да айтарлықтай жаңалық болғаны анық.

Еліміздің әр қиырынан келгендер «Шонаның тойы – сананың тойы» деп жатты. Қалай десек те, қазақ сатирасының көшін сүйреген қайраткер қаламгердің торқалы тойы өзі туған өлкеде кең көлемде тойланғаны көңіл қуантады.

 

Жамбыл облысы