Әдебиет • 12 Қараша, 2024

Майлиннің кейіпкерлері

160 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Бейімбет Майлин шығармаларына Қостанай атырабы, арнасы толған Торғай, Тобылдың тасасы мен ағысы баяу Аят өзені жағалауына қонған жұрттың тіршілігі арқау болды. Осы бір үш өзеннің сағасына жиналған ауыл адамдарының аңғалдығы, сенгіштігі, күнәмшілдігі бүтін қоғамның бейнесі іспетті.

Майлиннің кейіпкерлері

Сурет: ulys.kz

Суреткер Бейімбет Май­лин ХХ ғасыр­дың басындағы терең тол­қу­лар мен тартысқа толы төңке­ріс­тердің шындығын, тұрмыс­тың ауыр­лығын, тағдырдың тау­қыметін көркем тілмен жаза білді. Жазу­шы­ның шынайы кейіп­керлері шын сөз, шын оқиға, тың идеялардан туды.

Бейімбет Майлин прозалық туындыларындағы бейнелердің өміршеңдігі – қоғам мен адамның арасындағы байланыстың бір жү­йеде қабысуы. Би-аға шығарма­ларындағы кеңестік натурализм – дәстүрлі және ұжымдық ауыл өмірі арқылы баяндалды. Жазушы сөз шындығын қиялдан емес, өмір шынайылығынан тудырды. Сол шындығы үлкен суреткерлікке жетеледі. Бейімбет Майлин қазақ әдебиеті айдынында аянбай ең­бек етіп, бағасы құнды, жарасы әр қоғамда талқыға түсетін шы­ғар­малар қалдырды. Жазушы-дра­матург шығармаларындағы ке­йіп­керлер психологиясы жаңа үр­дістің қалыптасуын мойындай алмайтын, іштей тұншыққан жарым жандар мен жаңа кезеңнің тәртібін орнатушылардың арпалысы.

Би-аға кейіпкер жыласа жұба­тушысы, күлсе қолдаушысы болды. Қатал тағдырдың тауқыметі­не таланған, тар жолда кеңдік тап­паған кейіпкерінің қорғаушы қыз­метін қатар алып жүргені әрбір шығармасында сайрап тұр.

Суреткер поэзияда сұлу сазды сөз құраушы. Прозада көркем тілді өрнектеуші. Фельетонда фан­тазияға бай. Сатирада сапыры­лысқан сөз сайысқа емес, ашық қоғамның ащы шындығын мыс­қылмен мақұлдап, түйдек оймен түйреп, санаға салып отырды. Би-аға салмақты сатирасында сая­си-әлеуметтік кейіпкерлердің ұста­нымын, ұтқыр ойларын, екеуара диалогтерін, оқиға құрылысын, қалпы бұзылған қоғамның тынысын келістіре жазды.

Би-ағаның тағы бір қасиеті – музыкалық қабілеті. Сөз саптауында, сөз құрау иірімдерінде сазды әуен бар. Оның табиғатпен үндесуі, тілін білуі, құбылмалы ке­зең­дерді мүлтіксіз тануы туын­дыларында анық білінеді. Сурет­кердің қаламынан шыққан әрбір шығарма ойы терең, тілі таза, бояуы қанық – сөз, дерегі анық – образдар арқылы сол кезеңнің тынысын танытты.

Қазақтың маңдайалды газеті «Ауылдың» таралымының кө­бе­юіне бір «Мырқымбайдың» об­разы теңдессіз үлес қосты. Бейімбет десек, әдебиеттен есіміз­ге Қырым­бай қырсықтығы, Мұ­қыш, Ыбы­рай, Мырқымбай маңғаз­­дығы ора­лады. Бейімбет десек, кино экраннан қол мерген батыр Аман­гелдінің мергендігі, театр сахнасынан хас батыр Жалбырдың ерлігі оралады.

Бейімбет Майлин – қазақтың театр өнері мен кино саласының өркендеуіне сүбелі үлес қосқан драматург. Би-аға театрға арнал­ған көптеген пьеса-либретто жаз­ды. Әде­биетке тән жанрдың бәрін қам­тыған Бейімбет драмасы табиғи, сатирасы саяси, әжуаға толы пьесалары кейінгі жылдары театр сахналарынан көрінбей келеді.

Бізге жеткен пьесасы – 23, оның ішінде ізденіс пен зерттеу­лер арқылы табылғаны 16 пьеса. Бейімбет шығармашылығын қызыл қырғыннан соң елмен та­быстырған, мақалаларына, әңгі­мелеріне талдау жасап, еңбектерін ғылыми зерттеп, жоғын түгенде­ген жазушы, профессор Тоқтар Бейісқұлов екенін еске түсірген артық емес.

Сахнаның өлшеміне дөп түсер Досан, Есімбек, Сарымсақ, Жал­быр, Елемес, Жамақ, Таңсық, Жа­мантік, Талтаңбай, Сейпен, Тұт­қыш, Жамал, Пүліш, Шермек образдары – бүгінгі біз іздеп жүрген тақырыптарды тамырынан тар­тып «қопаратын» кейіпкерлер. Тынысы кең, тіршілігі тар тағдыры шерге толы кейіпкерлері осы күні арамыздан да табылады. Бейім­бет Майлин драмаларындағы басты шиеленіс – адамның тебіренісін оятқан теңдік пен құлдық, еркіндік пен бостандық, бақ пен тақ, бағыну мен бағыныштылық, сатқындық пен адалдық көріністері. Би-аға өзінің драмаларында зарлы әйелдің запыран сөзін, долы ке­ліннің ащы зарын, адуынды ененің кесел мінезін, сұлу қыздың сымбатын сөз әрекетіне сай суреттеген. Еркектің мінезін – барына қанағат, жоғына сабыр ететін жұмсақ мінез иесі етсе, кейде байдың өк­темдігіне көндіккен кедейге араша болған, батырақтың балағына жармасқанды сабаған өр көкірек образдар мен ойда жүретін, ескі мен жаңаны саралайтын парасатты кейіпкерлері арқылы жеткізді.

Осы күні оның сапалы, көр­кемдік деңгейі сана­суға тұ­рар­лық сахналық шығар­маларының көпшілігі қазақ театрлары есігінен сығалаған күйі қалып барады. Қазақ драматургиясының алтын қорынан орын алған Бейімбет Майлин шығармаларын қазақ ­театрлары сахналамауының себе­бі неде екен? Тәуелсіздік жыл­да­рынан бері санаулы пьесалары ғана сахналанды.

«...Театр кітабына бірінші жаз­ғаным «Неке қияр», «Жат сабақ» дегендер еді. «Жат сабақты» артынан өзгертіп, «Шаншар молда» деп атадым» деген Би-ағаның адам психологиясына тән қыңыр мінез, ашкөз пенде қылығын жаз­ған салмақты сатирасы, халықтық театр «Тамаша» ойын-сауық отау­ларында жылт еткені болмаса, кең көлемді театр сахналарынан жарқ етпеді.

Жазушы-драматург Бейімбет Майлин «Жалбыр» пьесасы туралы былай деп жазады: «Мен пьесада 1916 жылдың таптық көтерiлiсiнiң сырын ашуға тырыстым, езiлген, қанауда келген кедей, батырақ көпшiлiгiнiң қол ұстасып патшалыққа, пат­шаға арқасүйеген бай-болыс­тарға қарсы шын ашынып, май­данға түске­нiн суреттемек бол­дым. Жалбыр дейтiн кiсi бұ­рынғы Қостанай уезi Дамбар бо­лысындағы кедей едi. 1916 жылғы көтерiлiсте осы кiсi бастап атқа мiндi. Қостанай уезiнiң бiрнеше болыстары бiрiгiп, Торғай уезiн­дегi Амангелдi көтерiлiсi­не атса­лыс­пақшы болды», деп пье­саға арқау болған шынайы батыр­дың өжеттігін, өзгені өзегінен теп­тірмейтін тік мінезін халықтық биік­тікке жеткізіп, «Жалбыр» шығар­масын жазды. Бұл туындыны осы күндері іздеп жатқан сахнагерді көре алмадық.

Жазушының мерейтойы қар­саңында Би-аға туралы деректі фильм түсіру, кітапханаға атын беру, музей құру, шығармала­рын сахналау мәселелері айтылады. Орындалғандары – әңгі­ме­лерінен екі кино түсірілді («Қыр әңгімелері», режиссері Д.Ма­набаев, 1974). Д.Саламаттың «Та­лақ» фильмі, (2024). Әңгі­мелер желісінен «Кім кінәлі» (әзір­леген С.Тұрсынбекұлы, 2016) сах­на­лық нұсқасы әзірленді, Би-аға­ның өмірі мен қызметіне ар­налған «Қаламгер» (режиссері Ә.Бай­махан, 2019) спектаклі сахна­лан­ды. Қостанай облысының бұ­рын­ғы Таран ауданы қазір Б.Май­лин ауданы деп өзгертілді. Қос­танай облысы әкімдігінің мәде­ниет басқармасының «Б. Май­лин атындағы тарихи-өлкетану музейі» осы аудан орталығын­да 1991 жылдан бері үздіксіз жұмыс істеп келеді. Атқарылған жұмыс­ көп пе, әлде аз ба?

Ұлт үшін қайраңдаған қайық­тай күн кешкен Бейімбет Май­линнің «Жалбыр», «Майдан», «Шұ­ғасы» 130 жылдық ме­рей­тойын­да сахналанбаса, қашан сах­наланады?

 

Самат Алтаев,

Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогика университетінің магистрі