Инновациялық жобалар конкурсының негізінде 5 млн теңге мемлекеттік грант ұтып, шыны қалдықтарды қайта өңдеп, кәсібін дамытып отырғандардың бірі – осы «Класс стекло» ЖШС. Шағын цех 2012 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Он жылдан аса тарихы бар өндіріс орны жыл сайын өнім көлемін ұлғайтып жатыр.
«Мемлекеттік грант сомасына Қытайдан қажетті жабдықтар сатып алдық. Сынған әйнектен шыны талшықтарын шығарамыз. Сондықтан біздің жобамыз «жасыл экономика» саласына қатысты. Бұл өз кезегінде аймақтың экологиялық тепе-теңдігін сақтауға үлес қосады деп есептеймін. Қазір цехта күніне 300 кг шыны талшығы шығарылады. Оны құрылыс фирмалары құрылыс арматураларын әзірлеуге қажет материал ретінде сатып алып жатыр», дейді кәсіпорын басшысы Данил Ким.
Айтуынша, зауытта жиналған әйнек сынықтары ұсақталып, жуылған соң 1 300 градустық ыстықта қыздырылады. Балқытылған шыны сүзгіден өткізілгеннен кейін, арнайы қоспа қосылып, үзілмейтін жіп өндіріледі. Құрылысқа аса қажетті бұл жіптің басты ерекшелігі – мүлде шірімейді, отқа түссе де жанбайды. Бүгінде аталған кәсіпорында 7 адам тұрақты жұмыс істейді. Айына 10 мың килоға тарта жіп өңдейді. Шыны турайтын және цехқа қажет өзге де құрылғыларды «Кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында берілген грантқа сатып алған. Олар қоқысқа тасталған өнімдерді қайта өңдеп, табыс тауып қана қоймай, экологияны жақсартуға да үлкен үлес қосып келеді.
«Біздің кәсіпорында өндірілген бұл өнім құрылыс саласында кеңінен қолданылады. Көбінде бетон және кірпіш сынды құймалардың арасына қосылып, тор тоқып, арматура әзірлеуге дейін пайдаланылады. Сонымен қатар экологиялық тұрғыдан да таза және тоқ өткізбейтін қасиеті бар. Сол үшін энергетика саласында да сұраныс жоғары. Бүгінде өнімге Алматы, Шымкент, Тараз қалаларындағы өндіріс орындары мен Ресей елінен тапсырыс көп түсіп жатыр», дейді кәсіпорын директоры.
Цех қызметкерлерінің айтуынша, ыстыққа төзімді шыны талшықтары қанықпаған полиэфирмен, винил эфирімен, эпоксидті және фенолды шайырлармен үйлесімді. Ол қайық, кеме, ұшақ, автомобиль бөлшегі, панель, резервуарларды жасау үшін кеңінен қолданылады. Қазір өндірісін өркендетуге бейіл кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қолдау көп. Жұмыс бастағанына бірнеше жылдың жүзі болған бұл кәсіпорын әр мезгіл мемлекеттің қаржылай қолдауына ие болып келеді.
«Пайыздық мөлшерлемені субсидиялауда 249 жобаға, ішінара кепілдендіруде 118 жобаға қолдау көрсетілді. Одан бөлек, 5 млн теңгелік грант беруде 3 жобаны қамту жоспарланған. Осы жобалардың негізінде өңірде 450-ден астам жұмыс орны құрылады. Оған қоса инженерлік-инфрақұрылым жүргізуге қатысты 2 жобаға 50,7 млн теңге қарастырылды. Келер жылы да осындай жұмыстар жалғасады. Кәсібін өркендетудің ретін таппай отырған азаматтар ұсыныс білдірсе болады», дейді облыстық Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының бөлім басшысы Асхат Кәрібаев.
Мемлекеттік грант ұтып, жиһаз жасайтын цех ашып, шаруасын шалқытып отырғандардың бірі – талдықорғандық жеке кәсіпкер Дәулет Құмархан. Ол мемлекеттен алған қайтарымсыз грантқа цифрлық жүйе арқылы басқарылатын станоктар әкеліп орнатқан.
«Жиһаз жасаумен бұрыннан айналысамын. Бұған дейін жиһаздың беткі қасбетін Алматыдан тапсырыспен алдыратынбыз. Кейде оны ұзақ күтіп, жұмыс тұрып қалатын. Енді мемлекеттен көрсетілген қаржылай қолдау нәтижесінде жиһаздың беткі қабатын өз цехымызда жасай бастадық. Дәл осындай әмбебап жабдықта әдемі ішкі есіктер жасау да жоспарымда бар», дейді кәсіпкер.
2024 жылы 9 айдың өзінде шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 60-тан асқан. Кәсіп ашып, шаруасын дөңгелетем дегендерге Үкіметтен қолдау көрсетіліп жатыр. Облыстық Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының мәліметінше биыл шағын және орта кәсіпкерлікті қаржылай қолдауға 7,4 млрд теңге бөлінген.
Жетісу облысы