Әскер • 13 Қараша, 2024

Әскери құрылымға ширек ғасыр

63 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Жетісудың орталығы Талдықорған қаласының қо­ғамдық тәртібі мен қауіп­сіздігін қадағалап отырған 5514 әскери бөлімнің құрыл­ғанына 23 жыл толды. Ұлттық ұланның «Оң­түстік» өңірлік қолбас­шы­лығына қарасты құры­лым­ның ширек ғасыр шең­берінде жеткен жетіс­тігі көл-көсір. Елді дүрлік­тір­ген Қызылағаш, Қаң­тар оқиғасында әскери ұжым­ның атқарған жұмыс­тары­на халық куә. Төтенше жағдай кезінде де топтың алдында жүретін – солар.

Әскери құрылымға ширек ғасыр

Жетісу жерінің тыныштығын қамтамасыз ету – мемлекеттік стра­тегиялық міндеттердің бірі. Бұл бағытта аталған ұжым қүш-қуат ведомст­во­сының ірі құрылымдарының бірі саналады. Оларға шаһардағы қоғамдық қауіпсіздікті қам­тамасыз ету міндеттері жүктелген. Әскери бөлімнің жеке құрамы ішкі істер органдарымен бірге қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша Талдықорған қаласында патрульдік-бекеттік қызмет атқарады. Көпшілік қоғамдық-саяси, спорттық және басқа іс-шараларды өткізу кезінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етеді. Бұл жауапты міндетті мінсіз атқару үшін құқықтық тәртіп әскерінің әскери қызметшілеріне қойылған негізгі талап – қырағылық, ұқыптылық, батылдық пен батырлық секілді қасиеттер.

«Үкімет қаулысымен ішкі қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында 2001 жылдың 5 қарашасында 5514 әскери бөлімі құрылды. Оған бұрынғы Алматы облысының әкімі Шалбай Құлмаханов тікелей мүдделі болды. 2004 жылдың 21 сәуірінде Президент атынан Ішкі әскерлер қолбасшысы генерал-полковник Қайырбек Сүлейменов әскери бөлімге Жауынгерлік Туды табыс етті. Бөлімнің бірінші командирі болып, қазіргі ардагер полковник Қанат Әлиев тағайындалып, артынша бөлімге подполковник Сергей Агошков басшылық етті. Полковник Асатолла Құлахмедов те осы бөлімде командир болып, қызмет баспалдағынан өткен. Бұдан кейін полковник Дәулет Жолбаев, подполковник Абдұмарат Ташимбетов, подполковник Нұрлыбек Елеусізов, подполковник Ербол Антай, подполковник Данияр Қасымов, подполковник Төлеби Чубаев және полковник Бағитжан Баламбаев әр жылдары қолбасшылық етті. Бүгінде бөлімді полковник Әмір Мансұров басқарып отыр», дейді подполковник Бақыт Әліпбаев.

Бөлімнің ширек ғасырға жуық жүріп өткен тарихи жолына назар салсақ, республика­лық, облыстық және қалалық ауқымдағы ма­ңызды міндеттер атқарғанына көз жеткіземіз. Мәселен, 2010 жылы наурыз айында ел ішін дүр сілкіндірген төтенше жағдай болған еді. Алматы облысы Ақсу ауданы Қызылағаш ауылындағы су қоймасының бөгеті жарылып, 3,5 мың адам тұратын елді мекенді су шайып кетті. Жүздеген үй қирап, бірнеше адам қаза болды. Төтенше оқиға болған мекенге шұғыл жеткен 5514 әскери бөлімінің әскери қызметшілері он шақты күн қызыл судан келген зардапты жою бойынша орасан жұмыс атқарды. Үшті-күйлі жоғалған адамдарды іздестіру жұмыстарын жүргізді. Халықтың шашылып қалған дүние-мүлкінің талан-таражға түсіп кетуіне жол бермеді.

2011 жылдың желтоқсаны мен 2012 жылдың қаңтары аралығында Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында қоғамдық тәртіпті күзету қызметін атқарды. 2021 жылдың маусым айынан бастап Алматы облысы Полиция департаменті бас­ты­ғының шешімімен бөлімнің әскери қыз­мет­шілері Талдықорған қаласынан бөлек Теке­лі қаласы және Қарабұлақ, Балпық би елді мекен­дерінде 60 бағыт бойынша қоғам­дық тәртіп пен қауіпсіздікті күзету қызметін атқар­ды. Былтыр жаздың соңында аяқ астынан ауа райы күрт өзгеріп, нөсерден болған су тасқыны кесі­рінен Жетісу облысындағы Ешкіөлмес және Абай ауылдарының бірнеше көшелері мен тұрғын үйлерді су басып, жергілікті тұр­ғын­дарды біраз әуре-сарсаңға салды. Құтқару жұ­мыстарына 5514 әскери бөлімінің 70 әскери қыз­метшіден тұратын жедел әскери резервтің құт­­қару жасағы мен бес әскери техника жұ­мыл­ды­­рыл­ған еді.

Ұландық жауынгерлер су жолындағы елді мекендердегі көшелер мен аулаларды топырақ пен құм салынған қаптармен күшейтті, сонымен қатар су басқан тұрғын үй аумақтары мен жолдарды ағын сумен келген лай, батпақтардан тазартып таңнан кешке дейінгі мерзімде құтқару жұмыстарын жүргізді.

Дүйім елді дүрліктірген қаңтар оқиғасы Талдықорған қаласының да мазасын алды. 5-6 қаңтар күні бөлімнің жеке құрамы қаладағы жаппай тәртіпсіздіктердің жолын кесуге қатысты. Күштік құрылымдар мекемесінен ұрланған қару-жарақты іздеу барысында қырағылық танытып, қаланың әр жерінен қару-жарақ пен оқ-дәрілерді тапты. Ұландықтардың қатарында қиындыққа мойымайтын, қандай жағдай болса да, бұғып қалуды білмейтін жа­уынгерлер жүргенін осы төтенше оқиға тағы бір дәлелдеп өтті. Бұл сарбаздардың, ең алдымен моральдық-психологиялық дайындықтарын көрсетті.

Міне, содан бері 23 жыл бойы әскери бөлімнің жеке құрамы Талдықорған қаласының қауіпсіздігі мен тыныштығын күзетіп келеді. Көптеген төтенше жағдайда жігерлі әрекет етіп, жоғары қолбасшылық тарапынан бағаланып, түрлі марапаттарға да ие болды. Елдің экономикасы өрістеп, қуаты артқан сайын құқық қорғау органдарының инфрақұрылымдары, оның ішінде Ұлттық ұлан тәуелсіздік жылдары лайықты даму жолынан өткеніне тарих куә. Оған ашылғанына бас-аяғы 23 жылдың жүзі болған, азаматтардың алаңсыз қызмет атқаруы үшін мемлекет тарапынан барлық қолайлы жағдай жасалғанына 5514 әскери бөлімі және бір дәлел бола алады.

Бүгінде полковник Әмір Мансұров басқарып отырған әскери бөлімнің негізгі міндеті – Талдықорған қаласының қоғамдық тәртібі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету. 2001 жылдан бас­тап бөлімнің жеке құрамы өздеріне жүктелген барлық қызметтік-жауынгерлік міндетті абыроймен орындап, қала көшелерінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге өз үлесін қосып келеді. Осы жылдар ішінде бөлімде жауынгерлік қызмет атқару үшін барлық жағдай жасалған, сарбаз қажеттіліктерінің барлығы дерлік оң шешімін тапқан. Мұның бәрі қызметті алаңсыз атқаруға, қаланың қауіпсіздігі мен тыныштығын қырағы күзетуге мүмкіндік береді.

«Мемлекет басшысының Ұлттық ұланды са­палық және сандық жағынан нығайту бойын­ша тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында Қаңтар оқиғасынан кейін таяуда штаттық құрылымға арнайы мақсаттағы отряд енгізіліп, жеке батальон екі есе кеңейіп, полк деңгейіне дейін өсті. Бүгінде бұл бөлініс штатпен толық жабдықталған. Отрядтың шоғырлануына бөлімнің орталығынан бөлек орналасқан екі жедел мақсаттағы батальон аумағында арнайы модульдік ғимарат салынып, барлық керек-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Мерекеге орай әр жылдары қызмет еткен бірқатар ардагер келіп, естеліктерімен бөлісті. Бұл атау­лы күн болғанымен, жеке құрам әрқа­шан жауынгерлік қызметте екенін жақсы түсінеді. Бізге белбеуді бос тастауға болмайды. Полктің жеке құрамы өздеріне жүктелген міндеттерін әрқашан адал әрі қырағы атқарады», дейді бөлім командирінің тәрбие және әлеумет­тік құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары­­ майор Нұрсұлтан Төлеген.

Құқықтық тәртіп әскері – мемлекетіміздің ішкі қауіпсіздігінің қалқаны. Ендеше, осындай маңызды міндетті оңтүстіктегі үлкен полктің бірегейі, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мен айдауылдау қызметін бірге алып жүрген 5514 әскери бөлімі лайықты атқарып келеді.

 

Жетісу облысы