Таным • 15 Қараша, 2024

Тоқ бүркіт түлкі алмайды

18 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кәнігі құсбегілер «тоқ бүркіт түлкі алмайды» дейтін қа­ғиданы берік ұстанып, құ­сына жем беру тәсілін шебер меңгерудің арқасында аң­шылық құра білген. Бүркіттің аңға түсуі мен бабының келуі оның жеген жеміне, яғни тамақтануына байланысты. Жемі сәйкеспесе, бүркіттің күйі келмейді. Күйі келмеген бүркіт аңға түспейді.

Тоқ бүркіт түлкі алмайды

Бүркітті жемдеу дегеніміз – оны семіртіп, арытып, ішін тазалап, етін қатыру. Бұл тәсілдер құсқа жемді аз немесе көп беру арқылы жүзеге асырылады. Бүркіт негізінен етпен қоректенеді. Кейбір кезде қажеттілікке байланысты құсына балық болмаса құстың етін жегізетін  бүркітшілер де бар.

Аңшылық маусымы тоқтаған жаз мезгілінде түлеп отырған бүркітті тез семірту мақсатында майлы, құнар­лы, тоқ жем береді. Ал қайыру ке­зінде жемнің түрін өзгертіп, майсызын, құ­нарсызын береді. Сонар басталған аңшылық кездері, яғни қыс айларында бүркіттің бабына қатысты құнарлы, құнарсыз әртүрлі жем беріп, баптайды. Яки, бүркіт әлжуаздана бастаса, майлы ет беріп қуаттандырады, ал, құс тым тоқ болса, құнарсыз ет беріп, ашықтырады.

Бүркіт жеген жеміне сай бабы қанып, зарына түседі. Сондықтан бүркітті жемдеу мәселесі, құс­бегіліктің аса бір маңызды қыры саналады. Тәжірибелі бүркітшілер құсына «жылы жем» бергенді құптайды. Жылы жем деп жаңадан ұстаған қоянның етін айтады. Сондықтан байырғы құсбегілер қолындағы құсына осы жемнің түрін тұрақты беріп отыру үшін, қосымша қаршыға, сұңқар, лашын сияқты қояншыл құстарды қосып асырайтын дәстүр бар. Бұл шәулі құстарды жас құсбегілер баптап ұстап, қоян алдырады және болашақ құсбегіліктің өнерін үйренеді.

Бүркіттің жеміне – қой, сиыр, жылқының еті сапалы саналады да, ешкінің еті берілмейді. Дала аңда­рының ішінен – сасықкүзен мен мәліннің етін бүркітке жегізуге болмайды. Өйткені, бұндай еттер құсты бұзады. Түлекте отырған бүркітке суырдың етін бергенді құп көреді. Егер құс түлемей кешіксе, оған семіз балық жегізеді. Бірнеше дүркін тойып балық жеген құс жүні кеуіп, тез түлейді. Малдың етін құсқа бергенде бүркітшілер жапырақтап турап береді. Көбінде малдың сан етін жегізеді. Ескірген немесе ауырып өлген малдың етін бүркітке беруге болмайды.