Аймақтар • 15 Қараша, 2024

Кескен күйік кереметі

52 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Көне дәуір дерегінен таныс Кескен күйік оғыздар кезеңіндегі ірі қаланың бірі болған деседі. Өткен ғасыр ортасына таман Хорезм археологиялық және этнографиялық экспедиция алғашқы барлау жұмыстарын жүргізгенде қала орны әуеден фотоға түсіріліп, схематикалық жоспары жасалыпты. Көп ұзамай деректер қайта жинақталып, археологиялық барлау қазбасы салынған.

Кескен күйік кереметі

Тәуелсіздіктен кейін 2006 жылы белгілі археолог Жол­дас­бек Құрманқұловтың бас­шы­лығымен Ә.Х.Марғұлан атындағы археология институты, Шірік-Рабат археологиялық экспедициясының архео­логиялық барлау отряды зерттеу жұмыстарын жүргізді. Осы жұмыстар барысында шаһардың географиялық координаттары анықталып, үстіңгі қабатынан археологиялық заттар жинап алынды.

Кескен күйік – қолөнері дамыған, шеберлері керамика өндірісімен қатар, қола, мыс және темірді қажетке жаратуды меңгерген қала болған. Осы аумақтан музей қорына өткізілген жәдігерлер арасында керамикалық саптыаяқтар, глазурлі қыш қаптама бөліктері, шыныдан жасалған моншақтар коллекциясы, қола асықтар, мыс сақиналар, белбеу тоғалары, өңделген мал сүйектері бар. Оларға түскен бедерлер оғыз заманынан сыр тарқатып тұр. Қалашық­та өңделген ірі қара мал сүйектерінің өте көп кездесуі, сол уақытта мал ша­руашылығының дамығандығын бай­қатады.

пр

Қала Қазалы ауданындағы Боз­көл ауылынан 35-40, тағы бір тарихи қалашық – Жанкенттен 15-20 ша­қырымдай жерде орын тепкен. 2019 жылғы археологиялық экспедиция халықаралық Орта Азия зерттеулер институтының бастамасымен қолға алынып, қазба жұмыстарын «Рутрум» ЖШС жүргізді. Жуырда осы серіктестік өкілі, белгілі археолог Дмитрий Воякин журналистерге қазба жұмыстарындағы басты жаңалықты жеткізді.

«Қалашық Арал теңізіне жақын орын тепкен. Қуатты бекінісі, сәулетті шахристан Кескен күйіктің өз заманында ірі орталық болғанын көрсе­тіп тұр. Бізге осы уақытқа дейін орта­ғасыр жылнамаларында жиі кезде­се­тін оғыздардың Хувара қаласы­ның орналасқан аумағы белгісіз болып келген. Қазба жұмыстары барысында Кескен күйіктен сол шаһарда соғылған ақша табылды. Мына атауы тек ескі деректерде сақталған Хувара осы қала болуы мүмкін деген болжам жасауға негіз болады», дейді археолог.

Қала шамамен біздің заманы­мыз­дағы V ғасырда бой көтеріп, жеті ғасырдай өмір сүрген. Археологтер XII ғасырға сән-салтанаты келіскен шаһар болған Кескен күйік моңғол шапқыншылығына дейін өмір сүруін тоқтатқанын айтады. Қазір олар VIII мен IX ғасырларға тән қабатты зерттеу үстінде.

«Зерттеулерге қарағанда сол ке­зең­дегі жергілікті халық әртүрлі дін ұстанғанын болжауға болады. Төрт бағаналы залы, қошқар басы мүсіндерімен безендірілген арнайы орындары бар IX-X ғасырға жататын ежелгі ғибадатхана орын таптық. Осы­лайша, аймақта өмір сүрген ежелгі ха­лық дүниетанымынан хабар алдық», дейді Дмитрий Воякин.

пр

Археологиялық топ мүшесі Денис Сорокин биыл қазба жұмыстары барысында 8 метр тереңдікке дейін қазылып, материктік қабатқа жеткенін айтады.

«Біз қолдағы материалдың бәрін тиісті зерттеулер жүргізу үшін Виль­нюс зертханасына жібереміз. Соның қорытындысынан кейін қаланың қай кезеңде құрылғанын сенімді түрде айтуға болады», дейді ол.

Биыл қазба жұмыстарына Ұлы­бри­таниядағы Линкольн универси­те­ті­нің төрт ғалымы қатысып, қала­лықтардың суару, су тасқынынан қор­­ғану жүйелерін зерттепті. Ғалым­дар қалашықтағы жұмыстарды жал­ғастыруды жоспарлап отыр. Алда олар аймақтың ежелгі тұрғындары­ның шаруашылық жүргізу әдістерін егжей-тегжей зерттеп, сол кездегі қо­ғамның саяси-әлеуметтік өмірінен дерек алғысы келеді. Осы арқылы қа­зірдің өзінде көшпенділермен тығыз қарым-қатынаста болғаны белгілі болып отырған қаланың экономикалық жағдайы айқындала түседі.

 

Қызылорда