Жұмыс • 15 Қараша, 2024

Жұмысшыға сұраныс жоғары

72 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Электронды еңбек биржа­сындағы ақпаратқа көз жүгіртсек, қазан айында жұмыс берушілер 123,7 мың бос жұмыс орнын ұсынған. Сондай-ақ 106 мың жұмыс іздеуші өзінің түйіндемесін орналастырыпты. Осы деректерді алдыңғы аймен салыстырғанда іздеу, жалдау белсенділігі төмендегені байқалады. Нақтырақ айтсақ, бос жұмыс орындарының саны 9%-ға (13 мың), түйіндеме 13%-ға (16,5 мың) азайған.

Жұмысшыға сұраныс жоғары

Сурет: ru.freepik.com

Мұның себебін мамандар білім бе­ру саласындағы сұ­раныс пен ұсы­ныстың төмен­деуімен түсіндіреді. Бұл оқу орындарында түлектерге дип­лом табыс­­тау маусымының аяқталуына байланыс­ты болуы мүмкін. Қыр­күйек айында, жылы­ту маусымына көшу кезеңі қарсаңында жылу, қазандық жабдықтарына қызмет көр­се­тетін жұмысшыға сұраныс артқан еді. Мы­са­лы, өткен айда қазандық операторлары, ма­ши­нистері, қазандықтағы басқа да жұмыс­шы­лар­дың бос орындары көбей­ген. Мұндай ма­ман­дарға сұраныс, әсіресе Батыс Қазақстан (2,9 мың бос жұмыс орны), Ақтөбе (1,3 мың), Жам­был (974) облыстарында қатты байқалған. Бұдан өзге, мал шаруашылығынан хаба­ры бар жұ­мысшыларға да сұра­ныс көбей­ген. Мұны мал ша­­руа­шылығындағы қысқы мау­сым­­ға дайындық кезеңінің бас­тал­ға­нымен бай­ла­ныс­ты­руға болады.

Өңірлер бөлінісінде жұмыс­шы­ларды Қарағанды облысы, Алматы қаласы, Батыс Қазақ­стан облысы, Астана қаласының жұмыс берушілері көп іздеген. Бұл ретте қазан айында бос жұмыс орындарының жалпы саны Алматы (-44%), Жетісу (-37%), Астана қала­сында (-34%) азайғанын айта кеткен жөн.

Сұраныс пен ұсыныстың теңгерім­сіздігі кей аумақтар­да өзекті болып қала береді. Мы­салы, Шығыс Қазақстан облысында 5,5 мың бос орынға 2,5 мың түйіндеме, Солтүстік Қа­зақстан облысында 4,1 мың бос орынға 2 мың түйіндеме, Павлодар облысында 6,5 мың бос орынға 3,4 мың түйіндеме тіркелген. Ал Шым­кент қаласында, Қызылорда, Түркістан об­лыс­­тарында түйін­демелер бос орындар ­са­ны­­нан тиісінше 54%, 48%, 47%-ға артық орна­лас­тырылған.

Қазан айында жоғары жалақы бас құры­лысшыларға (орта есеппен 679 мың теңге), бас техника­лық мамандарға (шамамен 565 мың теңге), ұшу қауіпсіздігі жөніндегі инженерлерге (шамамен 554 мың теңге) ұсынылған. Осы ретте инвестициялық жо­ба­лар жөніндегі директор (ор­та есеппен 2 млн теңгеден бас­тап), өндірісті басқарудың авто­мат­тандырылған жүйесі бөлімінің бастығы (шамамен 1,8 млн теңге), комбайнер (1,2 млн теңге) лауазымында жұмыс істейтіндер ең жоғары жалақы сұраған.

Жалпы, өткен айда электронды еңбек бир­жасында еңбек белсенділігі төмен­деген. Бұл әсіресе білім беру саласында қат­ты байқалған. Соны­мен қатар қысқы мау­сымның басталуы жылу өндірісі жү­йе­сінің жұмысшыларына сұраныстың әлі де болса азаймауына себеп болып отыр.