23 Маусым, 2010

ЖОМАРТ ЖҮРЕКТІ ЖАН ЕДІ

979 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Бұл өмірде жаны жомарт, жүрегі адал азаматтар аз емес. Сондай жандардан айырыл­ғанда, көңілің құлазиды. 1995-2001 жылдар аралығында Парламент Мәжілісінің Баспасөз қызметінде Раушанбек Бектібаев есімді азаматтың еңбек еткенін республикалық басылым­дардағы әріптестері жақсы біледі. Біз оның ешуақытта қабақ шытқанын, көңілсіз жүргенін көрген емеспіз. Үнемі әзіл әңгімелер айтып, өз ортасын күлдіріп, жарқын мінезімен барша адамның көңілін таба білетін қасиеті бар еді. Сол кезде жасанды бүйрекпен жүргенін, ара-арасында қиын үдеріспен жүр­гізілетін емдеу шараларын алып отыратынын көп адам біле бермейтін. Біз сөз етіп отырған Раушанбек Бектібаев 1950 жылы 27 қаңтарда Қызылорда облысы, Қар­мақшы ауданының Жосалы стансасында дүниеге келген. Жосалыдағы орта мектепті бі­тір­ген соң, 1968 жылы Қазақ химия-технология институтына түсіп, инженер-механик маман­ды­ғын алып шығады. 1973-1975 жылдары Орта­лық Азия әскери округінде 2 жыл радио­бар­лаушы офицер болып әскери борышын өтейді. 1975-1980-жылдары КСРО Мелиорация және су шаруашылғы министрлігінің саласында қатардағы инженерден бастап, бөлім бастығына дейін көтеріліп, үлкен үміт күттіріп отырған шағында, орда бұзар 30 жасында, екі бірдей бүйрегі ауырып, ауыр дертке шалдығады. Бұл 1 жыл бұрынғы көлік апатының салдарынан орын алған жағдай болатын. Содан кейін бір жылдан астам уақыт гемодиализ, яғни “жа­сан­ды бүйрек” аппаратын алуға мәжбүр болады. Ал 1981 жылы 25 маусым күні Мәскеу қаласындағы Н.И.Пирогов атындағы қалалық клиникалық ауруханада күрделі операция жасатып, донорлық бүйрек салдырған. Бұл оның өмірі қыл үстінде ілініп тұрған ауыр да қауіпті кезең еді. Сөйтіп, Раушанбектің “екінші рет” жал­ғасқан өмірі елімізде болып жатқан қоғамдық, мемлекеттік, тарихи өзгерістермен қоса ілге­рілеп, жаңарып отырды. Бала кезінен жазуға деген құштарлығы алға жетелеп, ол жазушылық жолға түсті. Алғашқы фантастикалық әңгі­ме­лері, проблемалық мақалалары республикалық газет-журналдарда жарық көре бастады. “Ол жарыққа айналып кетті” деген тырнақалды фантастикалық әңгімесі оқырманның жылы ықыласына ие болса, “Басқа жол жоқ, Сібір суын бұру керек” деген проблемалық мақаласы жан-жақты пікірталас тудырып, жыл қоры­тындысында үздік мақала қатарында аталды. Қазақ прозасында сирек қалам тартылатын жанр – фантастикадан өзінің орнын тапқан жазушы Р.Бектібаевтың “Нейтроит” (1985 жыл), “Ионосферадағы алаң” (1988 жыл), “Қай­та оралған Қорқыт ата” (1998 жыл) кітап­тары оқырмандарынан оңды бағасын алды. 1990 жылдан бері КСРО Жазушылар одағының мүшесі, 1996 жылдан Қазақстан Жа­зушылар, Қазақстан Журналистер одақта­ры­ның мүшесі болған Р.Бектібаев әдеби баспасөз өмірінің қайнаған ортасында жүрді. Ол 1992 жылы Қазақстан Жазушылар одағының жанынан Республикалық шығармашылық қауымдастығын құрып, оның президенті ретін­де бірқатар істер тындырды. 1993 жылғы 15 қарашада Раушанбек мем­лекеттік қызметке ауысып, Қазақстан Респуб­ли­касының Президенті мен Министрлер Ка­бинетінің Жалпы бөліміне аға референт болып қабылданды. Ал 1994 жылы Қазақстан Респуб­ликасы Жоғарғы Кеңесінің Баспасөз қызметіне жауапты жұмысқа ауысты. Аз уақыт болса да, Орталық сайлау комиссиясының баспасөз хатшысы міндетін атқарды. 1995 жылдан бастап еліміздің жаңадан құрылған қос палаталы Парламенті Мәжілісінің Баспасөз қызметінде консультант болды да, өмірінің соңына дейін Мәжіліс аппаратының Қоғамдық бірлестік­термен және бұқаралық ақпарат құралдарымен байланыс жөніндегі бөлімінің сектор меңге­рушісі қызметін атқарды. Ел тәуелсіздігінің 10 жылдық мерекесіне байланысты Раушанбек Шәкіманұлының еңбегі жоғары бағаланып, “Ерен еңбегі үшін” медалімен марапатталды. 2000 жылы ел газеті – “Егемен Қазақстанда” Раушанбектің қиын тағдыры туралы журналист Ғабит Мүсірептің тартымды очеркі жарияланды. Онда Мәскеу қаласында бүйрекке операция жасау барысын­дағы қым-қуыт жағдайлар, өлім мен өмір арасында арпалысып жатқан кейіпкердің көңіл-күйі жан-жақты суреттелген. Өз ортасында сыйлы болып, денсаулығын кү­те білгендігінің арқасында Раушанбек Шә­кі­манұлы 21 жыл бойы “бөтен” бүйрекпен өмір сүрді. Мәскеу дәрігерлері 1980 жылы операция жасағанда оған “10 жыл өмір сүресің” деген екен. Ағайын-туыстың, отбасының, доста­ры­ның қолдауы мен ізгі тілегінің арқасында ол жи­ыр­ма жылдан астам ғұмыр кешіп, артына ұрпағын қалдырды, фантастикалық шығар­маларын жазып үлгірді. Раушанбектің артында отыз жылға жуық отасқан сүйікті жары Тамара Әбдіжәлелқызы мен қос ұлы Дәулет пен Данияр және сол ұлдарындай жақсы көретін немерелері қалды. 2001 жылы 14 мамыр күні Алматыда, Қа­зақстан Жазушылар одағының үйінде Рекеңмен қоштасуға келген халық өте көп болды. Әріп­тестері мен сырластары естеліктерін айтып, отба­сына көңілдерін білдірді. Елу жастан енді асқанда өмірден озған Раушанбек Бектібаевтың армандары көп еді. Қорқыт ата тақырыбының ауқымын ұлғайтып, роман жазғысы келетінін де айтатын-ды. Ол биыл 60 жасқа толушы еді. Зайыбы Тамара Әбдіжәлелқызы Рекеңнің шығармаларын жинап, бірнеше кітап шығарды. Балалары да әке мұрасына ұқыптылықпен қарайды. Айбатыр СЕЙТАҚ, журналист.