Сұхбат • 16 Қараша, 2024

Адал азамат үлгісін мемлекеттік қызметші көрсетуі керек

339 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Биыл – Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академия­сы­ның құрылғанына 30 жыл. Мемлекеттік аппаратты кәсібилен­дірумен айналысатын оқу орны бүгінде ел игілігіне қызмет етіп келеді. Мерейтойға орай академия ректоры Ерлан Әбілмен сұхбаттасқан едік.

Адал азамат үлгісін мемлекеттік қызметші көрсетуі керек

– Ерлан Қуанышұлы, Мемле­кет­тік басқару академиясы мем­ле­кеттік қызметшілердің білік­ті­лігін арттыруда қандай стра­те­гиялық бағыттарды негізге алады?

– Мемлекеттік қызмет істері агент­тігінің ведомстволық бағы­нысты ұйымы ретінде академия мемлекеттік қызметті дамытуға және мемлекеттік аппаратта адами капиталды арттыруға барын­ша үлес қосып келеді. Прези­дент Қасым-Жомарт Тоқаев мемле­кет­тік қызмет істері саласында жүйелі түрде жүзеге асыруға тиесілі бір­қатар тапсырма жүктеді. Әсіресе «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» қағидатын ілгерілетуде мем­лекеттік қызметшілердің бойында әділдік, адалдық, мемлекет­шілдік секілді қасиеттерді ор­нық­­тыру ісін ерекше атап өтті. Мемлекеттік басқару академиясы дәл осы тапсырмалар негізінде оқу бағдарламаларын жүйелейді.

Академия жеке адамға деген құрмет, әдептілік, ашықтық, кәсіпқойлық, жаңашылдық сияқты құндылықтарды алға тартады. Сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің бойында «Адал азамат» идеалына сай келетін кәсіби және тұлғалық қасиеттерді қалып­тастыру жолында білім алушылармен жан-жақты жұмыс жүр­гізеді. Оқу барысында жал­пы­ұлттық құндылықтарды басшы­лыққа аламыз және мемлекеттік қызметшілердің әдеп қағидаларын ұстануына көңіл бөлеміз.

Патриотизм, әділеттілік және кәсібилік туралы айтып қана қой­май, осы қағидаттарды іс жүзін­де қолдану маңызды. Акаде­мияда оқып жүргенде мемле­кет­тік қызметшілер осы құнды­лықтар сақталатын ортаға түседі. Ұжым­дық мәдениетімізді сезін­ген тыңдау­шылар білім мен құзы­рет­тілігін дамытып, кейін құн­дылықтарымызды өз ұжымына тарататыны қуантады.

Бүгінде мемлекеттік қызмет­ші­лер ақпараттық технологияны жетік меңгеріп, мемлекет пен қоғам мүддесін қорғауда және халыққа қызмет көрсетуде кәсібилігін көрсете білуге тиіс. Сәйкесінше қажет құндылықтар мен қағидаттарды белгілі бір уақыт шеңберінде қайта қарау, мемлекеттік міндеттерді қоғам күтетін талап-тілектерге сай жүзеге асыру билік пен қоғам арасындағы өзара сенімді арттырады. Бұл – мемлекеттік басқарудың «адамға бағдарланған» моделін қалыптастыру үрдісі.

– Академияға үміткерлерді іріктеу қалай жүргізіле­ді? Жыл сайын қанша грант бөлінеді?

– Жан-жақты дамыған, бәсекеге қабілетті, қажетті құзыреттері бар, ойы терең, стратегиялық және сыни ойлауды меңгерген маман­дарды мемлекеттік қызмет­ке тарту – Мемлекеттік басқару ака­демиясының басты мақсаттары­ның бірі. Академия мемлекеттік қыз­метшілерді оқытуда 14 құзырет­тілікті басшылыққа алады. Қазір академия мемлекеттік аппаратты кәсібилендіру мақсатында үлгілік біліктілік талаптарында көрсетілген құзыреттер бо­йынша 100-ден аса біліктілікті арт­тыру курстарын ұсынады. 8 магистр­лік және 3 докторлық білім беру бағдарламасын жүзеге асырады. Жыл сайын Үкімет қаулысымен мемлекеттік тапсырыс негізінде 132 грант беріледі, оның 120-сы – магистратура, 12-сі – докторантура.

Мемлекеттік қызметті кәсіби­лен­діру мақсатында қабылдау ережелерін заман талабына сай жаңартып отырамыз. Үміт­керлерге негізінен үш талап қойы­ла­ды. Біріншіден, мем­лекеттік тап­сырыс негізінде тек қатар­дағы мемлекет­тік қызметшілер конкурсқа қатыса алады және олардың мемлекеттік қызметтегі еңбек өтілі кемінде екі жылдан төмен болмауы керек. Кей маман­дықтар үшін кемінде бес жылдық тәжірибе және басшылық лауазым­да болуы сұралады. Екін­ші­ден, мемлекеттік тілді білу деңге­йі кем дегенде В1-ден төмен бол­мауы қажет. Бұл талапты 2021 жыл­дан бері ұстанып келеміз. Үшінші­ден, мемлекеттік органнан мін­детті түрде мемлекеттік қыз­мет­шіні оқуға жібергені жөнінде жолдаманың болуы шарт.

Магистратураға түсем деген үміт­керлер үшін іріктеу кезеңдері екі кезеңнен тұрады – белгіленген уақыт ішінде талаптарға сай анали­тикалық жазба жазу және са­рап­шылардың алдында сұхбат­тасудан өту. Докторантураға бағдарламаларына қосымша зерттеу тақырыбының негіздемесі талап етіледі.

Биыл магистратураға түскен­дер­дің орта жасы – 34, ал докторантурада – 39. Орташа мемлекеттік қызметтегі еңбек өтілі – 10 жыл. Қабылданғандардың көпшілігі – басшылық лауазымдағы тұлғалар, 60%-ға жуығы – өңірден келгендер.

Бұған қоса мемлекеттік бюджет есе­бінен қаржыландырылатын ведом­ство­лық бағынысты ұйым­дардан, квази­мемлекеттік сектордан, мәсли­хаттардан, мемлекеттік емес ұйымдардан оқуға түсуге ұсыныстар жыл сайын артып келеді. Аудиторияда мемлекеттік қыз­метшілермен бірге бизнеспен айналысатын, мемлекеттік емес ұйымда, квазимемлекеттік секторда қызмет ететін тәжірибесі бар ма­мандар білім алғаны дұрыс деп есептейміз. Оқу барысын­дағы пікірталастар билік тармақ­тарын­да қызмет ететін азаматтардың көзқарасына оң әсер етеді.

Жылдың аяғында және ортасында «Мемлекеттік басқару» және «Өңірлік даму» модульдік бағдар­ламалар бойынша қо­сымша оқуға қабылдау жүргізі­леді. Модульдік оқыту негізгі жұ­мыс­тан қол үзбей өз құзырет­терін арттырғысы келетін азаматтарға арналған. Оқу жылы 6 модульден тұрады. Әрбір модульде офлайн және қашықтан оқыту форматтары қарастырылған. Мұндай тәсіл білім алушыларға оқу материалдарын арнайы кесте бойынша ыңғайлы түрде игеруге мүмкіндік береді. Модульдік ма­гистратураға мемлекеттік қыз­мет­шілер, мемлекеттік бюджет есебінен қар­жы­ландырылатын ведомстволық бағынысты ұйым­дар­дың өкілдері, квазимем­лекет­тік сектор мамандары, сон­дай-ақ мәслихат депутаттары құжат­тарын тапсырып, конкурсқа қатыса алады.

– Мемлекеттік қызметші­лер­дің тұлғалық болмысын жетіл­діруде қандай тарихи тұлға­лардың еңбектеріне баса мән бересіздер?

– Мемлекеттік органдарда қызмет ететін азаматтардың тұлға­лық болмысын жетілдіруге қатыс­ты әлемдік тәжірибе не баршаға ортақ қабылданған стандарт жоқ. Мәселен, бір мемлекеттің құндылығы, болмысы, ұстанымы сынды модель не концепциялар өзге бір елдің басқару жүйе­сіне келмеуі мүмкін. Демек мемлекеттік қызметтің біртұтас және оңтайлы негізін жасауда әр ұлттың тарихы, мәдениеті, өзіндік ерекшеліктері ескеріледі.

Ел тарихында халықтың бола­шағы үшін аянбай еңбек етіп, қоғамға қызмет етудің тамаша үлгісіне айналған тұлғалар аз емес. Кейінгі жылдары «Мемле­кет­тік басқару» пәнінде ұлы дала тари­хында билік құрған көшбас­шы­лардың басқару жүйесі, дәстүрі, мәдени, әлеуметтік-тарихи фак­торлар, ұлттық құнды­лық­тар оқытылып жүр. Оқу бағдар­ламасында тұлғалық болмыс­тың адамгершілік, ардан атта­мау, әділеттілік қырын ашуда да­нышпан ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабидің еңбектеріне иек арта­мыз. Күні бүгінге дейін ғұлама­ның кемел туын­ды­ларының бірі «Қайы­рымды қала тұрғын­дарының көзқарастары жөніндегі трактаты» өзектілігін жойған жоқ. Оның айтқан идеялары рухани тазалық пен әділдікке, өскелең ұрпақты тәрбиелеуде болашақта да құнды құрал болатыны анық.

Сондай-ақ академия тыңдау­шы­­лардың бойынан Абай Құнан­бай­ұлы бейнелеген «Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» көрініс табуы қажет деп есеп­­тейді. Бұл қасиеттер мем­­ле­­кеттік қызметшілердің әрда­йым елдік мұратты биік қоя білуге тәрбиелейді. Әсіресе ақын­ның Мемлекет басшысы мақа­ла­ларында ерекше атап өткен «Толық адам» концепциясы тұлға­лық болмысты жетілдіруде негізгі бағдарға айналды.

Мемлекетшіл тұлғаларды қалыптас­тыруда көрнекті Алаш қайраткерлердің еңбек жолдары, ұстанымдары мемле­кеттік қызметшілердің саналы тұрғыдан жаңғыруына септігін тигізеді.

– Жемқорлық туралы дә­ріс­тер қаншалықты жиі оқыты­лады?

– Елі­міздегі күрделі мәселелер­дің бірі сыбайлас жемқорлықпен күрес белсенді жүргізіліп жатыр. Бұл бағытта Мемлекеттік қызмет істер агенттігі және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттікпен бірлесе жұмыс атқарып келеміз. Тәуе­келдерді басқару мен ұжым­ның ішкі үрдістерін цифрландыру арқылы сыбайлас жемқорлықты болдырмау үшін арнайы іс-шаралар жоспарын жасақтадық. Оқу барысында мемлекеттік қызметшілерге Әдеп кодексін ұстануды, келеңсіз жағдайларды болдырмау үшін оның ережелерін үнемі негізге алуды жіті түсіндіріп, айтып жүрміз. Сыбайлас жемқор­лыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамасы шеңберінде академия квазимемлекеттік сектор субъектілеріне «Цифрлық комплаенс» ақпараттық жүйесін қолдану арқылы «ҚР СТ ISO 37001 Парақорлықпен күрес менеджмент жүйесі» стандартын ұйымдарға енгізу бойынша қызмет көрсетеміз.

Мемлекеттік қызметшінің саналы жаңғыруындағы басты ұстанымның бірі – ашықтық. Бұл бюрократияға, сөзбұй­даға жол бермеу әрі олқылық бол­ған жағдайда шынайы болуға тәрбие­­лей­ді. Академиядағы оқу бағдар­лама­лары азамат­тарға осы қағидат­ты өз мәдение­ті­мен, жүріс-тұрысы­мен көрсетуге үгіттейді. Кез келген дүниені ашық түрде шешу де сыбайлас жемқорлықтың алдын алады.

– Мемлекеттік қызметкерлер арасында әлі күнге дейін БАҚ өкілдерімен, қоғаммен дұрыс коммуникация орната алмай жүргендер бар. Бұл мәселені шешуде академия қандай іс-шараларды қолға алды?

– «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы халықпен етене байланыста жұмыс істеуді талап етеді. Еліміз негізге алып, жүргізіп отырған саясатты жеткізуші – мемлекеттік қызметшілер. Яғни билік жүйе­сінде еңбек ететін азаматтарға жауап­кершіліктің салмағы артып келеді.

Академияда Мемлекеттік қызмет істері агент­тігі қолдауымен мемлекеттік қызмет­ші­лердің коммуникативтік дағды­ларын арттыру, БАҚ-қа сұхбат беру, бейнека­мера алдында өзін еркін ұстау сияқты дағ­дыларын арттыру мақсатында арнайы медиа-студия ашылды. Қазіргі таңда сту­дияда кәсіби журналистер, комму­ни­ка­ция мамандары мемлекеттік қызме­тші­лерге практикалық сабақтар өткізіп жүр.

Бұл үрдіс тек елордада емес, облыстағы филиалдарымыз­да да бар. Өңірлерде практикалық сабақ­тар көшпелі форматта телеар­налардың аймақтағы филиалдарында өткізіледі. Байқағанымыз, бұған мемлекеттік қызметшілер тарапынан да қызығушылық көп. Олардың көпшілік алдында сөйлеу мәдениетін, коммуникация негіздерін меңгерсек деген талпынысы өте жоғары.

– Академияда шетелдік са­рап­шылардың қатысуымен се­ми­нар-тренингтер өткізіле ме?

– Қазіргі кезде 100-ден аса семинар-тренинг оқу бағдарламалары жасақ­талды. Біліктілікті арттыру мемле­кет­тік тапсырыс, ұйымдық тапсырыс және халықаралық әріптестердің ұсыны­сы бойынша ұйымдастырылады. Көп жағдайда семинар-тренингтер, воркшоп­тарға отандық сарап­шыларды тартамыз. Қазіргі уақыт­та академияда ғалымдар­мен қатар Парламент депутатта­ры, мем­ле­кеттік органдар мен олардың құрылым­дық бөлімше­лерінің басшылары, қоғам қайраткерлері мен сарапшы­лар, практик мамандар дәріс оқиды. Егер мемлекеттік органдардан тақырып аясында шетелдік сарапшыларды да шақыру ұсынысы болса, оны да қарастырамыз.

Жалпы, жылына академия мен филиал­дарымызда 23 мыңға жуық мемлекет­тік қызметші қысқамерзімді семинар-тренингтерден өтеді. Олар бір күн­нен үш аптаға дейін созылады. Шетел­дік сарапшыларды шақыру бойынша арнайы қаражат бар. Соның аясында жыл сайын 3-5 күндік 10 семинар өткізе­міз. Тақырыптары мемлекеттік орган­дардың ұсыны­сы негізінде жасалады.

Еуропа одағының сарапшылары жиі келеді. Жақында Сингапурдан, Оңтүстік Кореядан мамандар семинар өткізді. Онда цифрландыру, жасанды интеллект, топпен жұмыс істеу, әйел көшбасшылығы тақырыптары бойынша оқытулар өткізілді. Жақында Су ресурстары және ирригация министрлігі және Нидерланд елшілігімен бірлесе отырып бір жетілік тренинг-семинар ұйымдастырдық.

Академия оқу үрдісінде мемле­кеттік тілге баса назар аударып келеді. Ауди­то­рия­дағы жұмыстың 50%-ы қазақ, ал ағыл­шын және орыс тілдерінде 25%-дан өтеді.

– Жылына академияда қанша мемлекеттік қызметші диплом алады?

– 30 жылда Мемлекеттік бас­қару ака­демиясы 3 мыңнан аса мемлекеттік қыз­м­етшіні магистратура және докторантура бойынша оқытты. Бүгінде олардың көпшілігі – жоғары саяси, атқарушы және заң шығарушы органдарда қызметте. Кейбір түлектеріміз мемлекеттік емес ұйымдарда, квазимемлекеттік секторда жұмысын жалғастырып жатыр.

Оқу ордасы осы жылдар аралы­ғында мемлекеттік аппаратты кәсібилен­діру және бәсекеге қабілетін арттыру жолында ауқымды жұ­мыс атқарды. Президенттік жастар кадр­лық резервінде 34-і академия түлегі болса, өңірлік кадрлық резервте 31 түлегі бар.

– Мемлекеттік басқару академиясы­ның тағы қандай жаңашылдықтары бар?

– Мемлекеттік басқарудағы озық тәжірибелерді енгізу мен дамыту жолында біз әрқашан іздене береміз. Білім бағдарламаларымыз халықаралық аккредиттеуден өтіп, білім алушылардың шетелде жетекші жоғары оқу орындарында тағылымдамадан өтуі, шетелдік серіктестермен ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асыруымыз – академияның халықара­лық аренадағы рөлін нығайтты. «Болашақ» бағдарламасы бойынша Академияның қызметкерлері АҚШ-та және Еуропа елдерінде тағылымдамадан өтті. 2024 жылы академияда Адами ресурстарды басқару институты құрылды. Осы жылы «Qazaq Resmi Test» онлайн-тестілеу жүйесі «Болашақ» стипендиясы үшін қолжетімді болды.

Мемлекеттік органдардың сұранысы бойынша біз жобалық басқаруды енгізу, бизнес-про­цес­терді оңтайландыру және реин­жиниринг, сыбайлас жем­қорлыққа қарсы стандартты енгізу, персоналдың HR сертификаты және т.б. бойынша консалтингтік қызметтер көрсетеміз. Акаде­мия еліміз бойынша Ұлттық стандарттарға сәйкес адами ресурстарды басқару және жобаны басқару бойынша персоналдың сәйкестігін растайтын жалғыз аккредиттелген орган мәртебесіне ие болды. Сондай-ақ бізде PRINCE2 жобаларын басқарудың британдық әдісі бойынша оқыту және сертификаттауға дайындық бойынша аккредитация бар.

Академия квазимемлекеттік және жеке сектор ұйымдарының комплаенс қызметтері үшін әдістемелік ұсынымдар әзірледі. 20-дан аса ұйымға ISO 37001 халықаралық стандарты бойынша аудитті енгізу және өту бойын­ша әдістемелік қолдау көрсет­тік. Келешекте сыбайлас жемқор­лыққа қарсы стандарттың Ұлттық сертификаты бойынша құқық алуды жос­парлап отырмыз.

Алдағы уақытта да академиямыз мемлекеттің дамуы мен ха­лықтың игілігі жолында қызмет ете беретініне сенімім мол. Ака­демияның алдағы қызметі Мем­лекеттік қызметті дамытудың 2029 жылға дейінгі тұжырымдаманы іске асыруға бағытталады.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Зейін ЕРҒАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»