Қоғам • Кеше

Әйелдердің рөлі қаншалықты күшейді?

77 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Дүниежүзілік Экономикалық форумның «Global Gender Gap Report 2024» (Жаһандық гендерлік алшақтық индексі) бойынша еліміз гендерлік теңдік мәселесінде Орталық Азияда көш бастап тұр. БҰҰ сарапшылары халықаралық рейтингтерде Қазақстанның гендерлік көрсеткіштері 2020 жылдан бастап жақсарғанын айтады.

Әйелдердің рөлі қаншалықты күшейді?

Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»

Білім саласында ғана теңдік бар

«Global Gender Gap Report 2024» мәліметі бойынша, Орталық Азия 69,1% көрсеткішпен әлемде бесінші орында тұр. Бұл көрсеткіш 2006 жылдан бастап 2,3 пайызға жақсарған. Бір қызығы, Орталық Азияның барлық мемлекетінің экономикасы тең немесе одан жоғары тепе-теңдік деңгейімен алғанда 67 пайызға тең. Мәселен, Қазақстан 71 пайызбен аймақта көш бастап тұр. Кавказ елдерінен Арменияның көрсеткіші – 72,1 па­йыз, Грузиянікі – 71,6 па­йыз. Алайда әйелдердің мемлекет экономикасындағы үлесі әлем бойынша 42 пайызды ғана құрайды. Бұл саладағы жоғары басшылық лауазымдарда әйел­затының үлесі – небәрі 31,7 па­йыз. Осы көрсеткіште еліміз 0.751 индекспен төменгі орында тұр. Десе де Қазақстан гендерлік теңдік саласында 0.710 индекспен 146 елдің ішінде 76-орынға жайғасқан. Әсіресе, білім сала­сында Қазақстан 0.999 индекске ие болып, толық гендерлік теңдікке жеткен.

Осы орайда Economy сайтының сарапшылары «Global Gender Gap Report 2024» мәліметіне сүйене отырып, гендерлік теңсіздіктің экономикаға айтарлықтай әсер ете­тінін айтады. Мәселен, ген­дерлік теңдік деңгейі жоғары ел­дерде жоғары еңбек өнімділігі және тұрақты экономикалық өсу байқалады. Сондықтан елімізге гендерлік теңдікті жақсартуға, әсіресе, экономика саласына күш салу маңызды. Бұл ІЖӨ-ні ұл­ғай­туға және азаматтардың әл-ауқа­тын жақсартуға ықпал етуі мүм­кін.

Сарапшылардың ұсыныстары бойынша, еліміз гендерлік теңдік саласында жоғары көрсеткішке жету мақсатында әйелдердің эко­но­микаға қатысуын арттыру қажет. Оның ішінде әйелдердің көптеп еңбекке араласуын, жо­ға­ры білікті және басшылық ла­уазымдарға қатысуын ынта­лан­дыру керек. Одан соң білім бағдарламаларын дамытып, әйел­дердің сапалы білімге қол жет­­кізуін арттыруға, STEM (ғы­лым, технология, инженерия және математика) саласына тар­ту маңызды. Отбасы мен бала­­ларды қолдау да шешуші фак­тор екенін айтады мамандар. Бұл ретте әйелдерге мансап пен отбасылық міндеттерді бірік­ті­руге мүмкіндік беретін бала күтімі инфрақұрылымын дамыту және отбасылық бағдар­ламаларды қолдау қажет. Сондай-ақ құқықтық қолдау мен теңдік мәселесі өзекті. Онда кем­сіту­шілікпен күресуге және жұмыс орнындағы әйелдердің құқық­тарын қорғауға бағытталған шараларды күшейту міндеттері бар.

 

Әйелдер ұзақ өмір сүреді

Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, 1 қазандағы жағдай бойынша елдегі халық саны 20 223 218 адамды құрады, оның ішінде қала тұрғындары – 12 704 977, ауыл тұрғындары – 7 518 241 адам. Тұрғындардың 51,1 пайызы – әйелдер. 0-14 жасқа дейінгі балалар арасындағы қыз балалар халықтың 48,5 пайызын, ал 15-64 жас аралығындағы әйел азаматтар 50,8 пайызын құрайды. Ал халықтың 63,2 пайызы – 65 және одан жоғары жастағы әйелдер. 2022 жылы әйелдердің өмір сүру ұзақтығы ерлерге қарағанда 8 жылға ұзағырақ болды, сәйкесінше ұзақ жасайтын ерлердің орташа жасы – 70,26, әйелдердікі 78,41 болды.

БҰҰ сараптамасындағы әйел­дер санының көптігіне және білім берудегі теңдікке қара­мастан (әйелдер арасында білім дең­гейі жоғары), қазақ қоғамы әйел­дер мен ерлердің рөлі туралы қа­лып­тасқан стереотиптерден әлі де арыла алмай келеді. Елдегі нәзікжандылардың эконо­мика сала­сына қатысуы, үй шар­уа­шы­лығы мен бала күтімі мін­деттерін бөлуде айтарлықтай гендерлік теңсіздік бар. Мәселен, елдегі қыз-келіншектер ерлерге қарағанда күніне көп уақытын ақылы жұмыста өткізеді, БҰҰ сарап­шылары мұны «қос ауырт­палық» деп атады. Әйелдер отбасын асырауға табыс табуы керек, сонымен қатар үй және бала күтімі міндеттерінің көп­шілігін өз мойнына алады. Олар ақысыз үй жұмысы мен ресми жұмысқа орналасудан үш есе көп ауыртпалықты көтереді.

Сондай-ақ жұмыс істейтін әйелдердің орташа жалақысы жыл сайын өсіп отырса да, елдегі гендерлік жалақы алшақтығы 2022 жылы 33,7 пайызды құраған. Мұны сарапшылар ішінара әйелдердің денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік жұмыс секілді жалақысы тө­мен салаларда жұмыс істеуге бейім­ділігімен түсіндіреді. Өйткені олар жалақысы орташа рес­пуб­ликалық деңгейден жоғары ер адамдар секілді өнеркәсіптің мұнай-газ, тау-кен, өңдеу өнер­кәсібі салаларында жұмыс істеуге бейімсіз келеді.

Жалпы, әйелдердің саяси өкіл­дігі уақыт өте келе жақсарып келеді, бірақ олқылық әлі де бар. 2023 жылғы жағдай бо­йын­ша әйелдер Сенаттағы де­путат­тардың 20 пайызын, ал Мә­жілістегі депутаттардың 18,9 пайызын құрады. 2022 жылы жергілікті өзін-өзі басқару дең­гейіндегі 321 мемлекеттік саяси қызметкердің тек 28-і (8,7%) әйелдер болды. Қазіргі уақытта министрлер кабинетінде 26 лауазымды тұлғаның арасында  4 әйел (15%) жұмыс істейді. Әйелдер облыс әкімдері қызметіне ұсы­нылмайды. 2023 жылы кор­по­ративтік басшылықта әйел­дер­дің тек 3 пайызы ғана ұсы­нылған.

 

Әлем гендерлік теңдікке бес ұрпақ ауысқан соң қол жеткізеді

«Global Gender Gap Report 2024» есебі жариялаған позитивті көрсеткіштерге қарамастан, әлем гендерлік теңдікке тұтастай қол жеткізген жоқ. Қазақстан жақсы нәтижелер көрсетіп келеді, бірақ экономикалық салада толық ген­дерлік теңдікке қол жеткізуге әлі де көп жұмыс істелу керек дейді мамандар. Бұл үдерісті же­дел­­дету тұрақты эконо­мика­лық дамуға және жалпы қоғам­ның әл-ауқатына ықпал етеді.

Адамзатқа гендерлік теңдікке жетуге тағы бес ұрпақ немесе 134 жыл қажет екенін айтады атал­ған зерттеудің авторлары. Әзірге биылғы әлемдегі гендер­лік алшақтық 68,6 пайызды көрсетіп тұр, бір жылда 0,1 пайызға өскен.