13–15 қараша күндері елордада шығармашыл оқушылар арасында XI республикалық «Ақберен» өнер байқауы өтті. Еліміздің әр өңірінен 123 оқушы бақ сынаған іс-шара жас дарындардың өнері мен білімі анықталатын ерекше алаңға айналды.
Байқаудың салтанатты ашылу рәсімінде Мәжіліс депутаты, айтыскер ақын Аманжол Әлтай қатысушыларды құттықтап, жас ұрпақтың ұлттық мәдениетті дамытудағы рөліне зор сенім білдірді.
«Талаптың тұлпарын мінген, таланттың тұғырына қонған, білімнің шырағын жаққан сіздердей жалындаған жастармен бірге болғанымызға қуаныштымыз. Қазақстанның жарқын болашағы сіздердің қолдарыңызда», деді ол.
Жас өнерпаздар «Шешендік, білгірлік сайысы», «Ақындар мүшәйрасы», «Көркем сөз оқу», «Эссе жазу», «Ұлттық аспапта өнер көрсету», «Ақындар айтысы» секілді алты аталым бойынша өзара таласқа түсті. Үздік оқушылардың жігерін шыңдаған бірегей жобада қазылар алқасының төрағасы ақын Жанат Әскербекқызы жас таланттарға шығармашылық табыс тіледі.
«Абайдың «Адам баласы ақыл, білім, ар, мінезбен озады» деген сөзі ешқашан мәнін жоғалтпайды. Бүгін осында жиналған талапты оқушылардың өнері мен білімінің куәсі болдық. Қанаттарыңыз талмасын!», деді Жанат Әскербекқызы.
Байқау қорытындысында ең үздік 6 қатысушы Оқу-ағарту министрлігінің бас жүлде аталымдық дипломымен, 12 жеңімпаз І дәрежелі дипломымен, 18 жүлдегер II дәрежелі дипломымен және 30 қатысушы III дәрежелі дипломымен марапатталды. Сонымен қатар барлық қатысушыға естелік сыйлықтар тапсырылды.