Поэзия • 21 Қараша, 2024

Заманауи орыс поэзиясы өрнектері

101 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Орыс ақындары дегенде, көбіне санамызға XIX-XX ғасырдағы классиктер оралады. Әсіресе Пушкин мен Лермонтовтан тартып, Есенин, Маяковский, Рубцов сарыны қазақ поэзиясына едәуір әсер еткені даусыз. «Қалқам, мен Лермонтов, Пушкин де емен, Есенинмін демедім ешкімге мен» деген Мұқағали, өзі ұстаз тұтқан ұстындарды тілге тиек етті. Ал Ресейдің бүгінгі классиктері, болашақ ұстындары кімдер?

Заманауи орыс поэзиясы өрнектері

Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»

Бір анығы, өткен ғасырдағы Бродский жолы бүгінгі орыс поэзиясын өзге арнаға бұрды. Кейінгі орыс жастарының ұстаз тұтар айдарлы ақынының бірегейі де – Иосиф Бродский. Бажайлап қарасақ, дарынды орыс жастарының арасында оның аурасымен «дерттенбегендер» кемде-кем. Тіпті кейбір әдебиет сыншылары «Бродский өзіне дейінгі һәм өзінен кейінгі елу жылды жұтып қойды» десе, енді бірі Пушкиннен кейінгі реформатор Бродский деген пікірге тоқтайды. XX ғасырда өмір сүрсе де, жаңа заманның құрдасы атанған ақын еврей отбасында дүние есігін ашып, ең алғаш Баратынскийдің жыр жинағын оқу арқылы поэзияға ынтасы оянады. Іле өндіре жазып, жақсы жырлар легін дүниеге әкеле бастайды. Сол тұста Ленинградта Евгений Рейн бастаған ақындардың іргелі ортасы қалыптасқан-тын. Алақандай әдеби орта Евтушенко, Вознесенский сынды эстрада ақындарынан бөлек, өзінше, дара өмір кешті. Міне, осы соқпақтан суырылып шыққан Бродский 23 жасында-ақ алғашқы табысы саналарлық «Джон Донн туралы ауқымды элегия» аталатын аймаңдай жырымен танылды.

«Джон Донн қалың ұйқы құшағында,

Айнала да көз ілді құса-мұңда.

Қабырға, еден, төсек, сурет, үстел –

Жамылып жатыр бәрі көне түспен.

Суырма, бюффэ, майшам, ілмек, перде:

Қиялын түртті олардың түн кеп төрге.

Бөтелке, кесе, леген, пышақ пен нан –

Қалғыды ризық пенен нысап бейғам»

(Айбол Исламғали аудармасы).

Жас перінің жаңа өлеңін оқығанда Анна Ахматова елжірей қарап: «Сен өзіңнің қандай туынды жазғаныңды білмейсің ғой...», десе керек. Ахматова жас «сиқыршының» алып дүние жаз­ғанын өзі де байқамағанын қалай анық сезінген десеңізші?

Қазіргі көзі тірі орыс ақындары арасында орыс жастарының тіліне алғашқы болып оралатын аяулы есімнің бірі – Сергей Гандлевский. «Антибукер», «Солтүстік Пальмира», «Ақын» ұлттық сыйлығы, Аполлон Григорьев атындағы сыйлықтардың лауреаты. 1970 жылы «Мәскеу уақыты» поэзиялық тобына мүше болған ол, өз заманының келбетін жырлап, жаңа поэзия қалыптастыру­ға күш салды. Гандлевский жырлары әлемнің көптеген тіліне, соның ішін­де ағылшын, француз, неміс, итальян, тү­рік, қытай, жапон тіліне аударылған. Бүгін­де «Иностранная литература» журналы­ның Сын және публицистика бөлімінің редакторы.

«Өмірді сүрмегендей сүргенде мен,

Ауаны кере жұттым жыр кеудемен.

Шалқыдым шарпи жасап әр ісімді,

Әлі де ешкім жасап үлгермеген.

Ажал кеп ақырғы дем жеткенінде,

Тозаңға айналғанда көк төрінде.

Айта алмас Кьеркегор да, Бубердағы,

Не үшін бұл өмірден өткенімді?»

Біз әлімізше аударуға тырысқан С.Ган­д­левский жырлары оңашалық ұйы­ғына, саябыр ойға, салқынқанды сөзге бейім. Жұлқыма ырғақтан, жөнсіз пафос­тан аулақ. Өзінен кейінгі жастарға ұнай­тын қыры да ақынның осы тұсы болар.

Заманауи орыстың белгілі ақыны, қоғам қайраткері Дмитрий Быковты білмейтіндер сирек. Бірде ұстаз, бірде кино сыншысы, түрлі сөзсайыстар мен ­интеллектуалды жырлары арқылы Д.Быков миллиондаған оқырман жүре­гіне жол тауып келеді. Ол қай уақытта да ақындық, азаматтық ұстанымына адал, жеке пікірін өткір айта алатын қай­рат­кер қаламгер. Тіпті ұлы уақыт атты сын­шы­дан әлдеқашан бағасын алған клас­сиктердің өзін қиқар тілімен шаға шенегенде, темір шеңгелінен тыс қалар тұлға аз. Интернет желісін ашсаңыз, Д.Быков­тың әртүрлі қаламгер турасында лекция­лары жетіп артылады. Тыңдап отырсаңыз, ­сонша телегей теңіз білімге қол соғып, іштей таңданыс құшағына енесіз.

«Құшақтап боз жусанды жыламадым,

Тайғанап тарғыл мұзда жыламадым,

Тырыстым жастың өзін жылатуға,

Тек тамшы жаға алмайды мұң алауын...»

Дмитрий Быков қаншалықты қай­раткер, рухты болса, соншалық нәзік, қаншалық философ болса, соншалық сезімтал лирик. Сірә, толағай білім адамға сезімталдық сыйлайтыны рас болар. Өйткені білу – түсіну. Ал бәрін түсіну – бәрін кешіру. Өмірінің соңында көңілшек халге түскен Максим Горький бейнесі, оқымаған жақсы кітабы аз Қадыр Мырза Әлінің көз жасы, Дмитрий Быковтың мөлдір жырлары кісіні осындай түйінге жетелейді.

Ресейдің кейінгі әдебиетіндегі ең танымал, жас ақындардың көшбас­шы­сы, телебайқаулар мен интернет арқы­лы кеңінен насихатталған бірегей есім – Вера Полозкова. Ақынның жиі әде­би кештер өткізіп, елді аралауы оның танымалдылығын шоумен әртістердің дең­гейіне көтерді. Вераның айтар ойы анық, ойлау жүйесінің көкжиегі кең. Ақын Дмитрий Быков оның поэзиясы жөнінде: «Полозкова өз тақырыбын білетін ақын. Онда өзіне деген алып сенім, айқын артықшылық, тоқтауды білмес қуат, сәйкесті сөздер легі мен сахналық ымыра, сүйкімді қайталаулар бар...» деген-тін.

«Қарапайым діңгектей жүргеніңмен,

Артық одан жауыз боп күлгенің де.

Сүюді тоқтатқанда адамдарды,

Көбісі мені сүйді шын көңілмен.

Сіз тәкаппар, тәуелсіз дара құрбан,

Шыққанда пілдей басып жаңа мұңнан.

Шибөрілер сенеді, білер сені,

Біле тұра жабысар тамағыңнан!»

Тағы бір жырында: «Айналаңыз то­зақ­тың тұт­қынында, Ұқтырыңыз олар­ға жарық барын...», деген Вераның аза­маттық үні қашан да жарияға шы­ғып жатады. Ол орыс қоғамындағы қан­дай күрделі мәселеге де өз үнін қосып отырады, сол азаматтық рухы жинақтарынан да менмұндалап тұрады. Медиасарапшы Евгений Ермолин Вера туралы пікірінде былай дейді. «Вера Полозкова – ресейлік жаңа буынның бірегей дауысы. Полозкова өлеңдері – өз буынының өмір тәжірибесінің сығындысы іспетті. Һәм сол буынның даналығы, дауысы, интонациясы, сер­піні, өмірлік ғұрпының көрсеткіші. Жаңа буын Вера арқылы өзін таныды. Оның махаббаты арқылы өз махабба­тын көрді». Иә, Ресейдің тұс-тұсында ­жыр кешін беріп, халықты өндір өлең­мен сусындатқан ақынға ел құрметі де ерекше.

«Жә, жә, тоқта, өмір жайлы баяндама еш жайды,

Айт одан да шылым исін жертөлені жасқаған.

Жұма күнгі нөпірді айтқын көше торлай бастаған,

Тым құлпырғыш, жалаң жүрген біздер емес... басқа адам».

Вера Полозкова – әлеуметтік мәсе­лелерді батыл көтеріп, бүгінгі уақыт көк­жиегінің бейнесін танытқан ақын. Ол етене қиялға берілгеннен гөрі жер­бетілік мұң-зарға, ел жайына көбірек көңіл бөледі. Сонысымен де дәстүрлі поэ­зияның іргесін қалаушылардың ал­дыңғы легінде тұр.

2014 жылы Ресейде ақын, жазушы Андрей Орловскийдің бастама­сы­мен «Живые поэты» аталатын орыс­тың жас ақындарының поэзия анто­логиясы жарық көрген болатын. Анто­логия Алматыдағы «Меломан» кітап дүкеніне түскенін көріп, бір деммен оқып шыққаным есімде. Әрине, сіздің көкейіңізде «Ресейдің жас ақындарына көңіліңіз толды ма?» деген сауал тұрған болар. Иә, сүйсінерлік жаңа қадамдар бар дер едік.

Ресейде оқыған, бірнеше рет Мәскеуде болған жылдарда жергілікті жас ақындарымен кезігіп, бүгінгі әдебиет туралы әңгіме-дүкен құруға әуестігім артты. Сол мақсатпен біршама ақын достар таптым. Байқағаным, ондағы жастардың ой орамдары еркіндік рә­мізі секілді. Тіпті дүниенің шеті мен шегі, басы мен соңы барына күмәнмен қарайтын­дай көрінеді. Алагеуім шақта тапқан ақын достың бірі, бүгінгі Ресейдің талантты жас ақын қызы Стефания Данилова есімі көпшілік ортаға танымал. Дарынының бұлағы тым ерте ашылған Стефания жас та болса, он кітаптың авторы. «Ұстамсыздық», «Өлім алдындағы куәлік», «34 моншақ», «Сұхбат», «Мені өзіме қайтар» атты жыр-жинақтары орыс жастарына жақсы таныс.

«Бүгінгі түн суық сондай,

ұмыт қалып жаным да осы.

Мен отырмын. Папироспен,

түнерер түн жамылғысы.

Туыс айтты «жетесіз!» деп,

«кінәлі өзің!»

достар да әйгі.

Жауап қаттым:

«мен сүйемін, түс көруді аспан жайлы».

Стефания өлеңдері еркін ырғаққа, кей­де абсурдқа, жаңашылдыққа құ­рыл­ған. Ол бірде дүниедегі шахмат тақтасындай әр­бір затты, әрбір қоғамды адам қолы тү­зете аларын, Құдайдың заңынан өзге бар­лық нәрсе ауыспалы екенін айтқысы келеді. Бірде шытырман сезімдері арқылы адам миындағы жалған бағаналарды бұзу­ға күш салады.

«Мен бабымдамын: қыңырлықпен һәм туралықпен қорғаймын тыныштық бетін,

Әлем ессіз айналады жылдамдықпен бөтен.

Қоршар бейне көп дыбыстар:

айқай-сүрең балалықтар,

Доптың үні асфальттағы, тақырыбы жаңалықтың...»

Стефания Данилова – жаңа заман ақыны. Жаңа қоғамның, жаңа уақыттың адамы. Оның өзгешелігі, даралығы сол уақыт ағымымен бірге қозғалып отырады. Замандастары одан көп үміт күтетіні де сондықтан болар.

Мақаламызды қорытындылай келе, жоғарыда келтірген заманауи орыс поэзиясының көзі тірі классигі Сергей Гандлевскиймен болған әңгімемізді назарларыңызға ұсынамын.

– Сергей Маркович, Қазақстанның қай қаласы жаныңызға жақын?

– Қазақстанға алғаш рет биология­лық эксперимент жасауға Қостанай аймағына барғанбыз. Онан соң екінші экспедициямыз Маңғыстауда өтті. Бұл осыдан қырық жыл бұрын болатын. Қазақстанды сол кезде ұнатқан едім. Ал Алматының жайқалған биік ағашы, тұмса табиғаты адамды тамсандырмай қоймайды.

– 1996 жылы сізге «Антибукер» сый­лығын берді. Алайда сіз сол сыйлықтан бас тарттыңыз. Неге?

– Білесіз бе, бұл сұрақты маған жиі қояды. Бірақ мен осы сауалға жауап бергенді ұнатпаймын. Мұның жауабын бір сөзбен айтар болсам, жай ғана сол шақта өзімді қорланғандай сезіндім.

– Меніңше, орыстың жас ақындары Бродскийге еліктейді. Бродскийдің, сіздіңше, орыс әдебиетіндегі рөлі қандай?

– Қалай айтсам екен, Бродскийдің басқа талантты қаламгерлер секілді өзіндік орны бар. Бір жағынан біреуге еліктеп, соның әсерімен қалам ұстау жақсы және түсінікті дүние. Демек бұл қаламгер белгілі бір деңгейде әсер ете алады деген сөз. Ал мұның екінші жағы да бар, олар еліктеуден шығып өзіндік үнін таба ала ма, жоқ па? Бродскийге немесе Мандельштам, Пастернакқа еліктеуден айырмашылық көріп тұрғам жоқ.

– Қазақ ақын-жазушыларымен таныссыз ба? Кімдерді білесіз?

– Өкінішке қарай, қазақ поэзиясымен таныс емеспін. Мүмкін енді танысармын. Бұл жерде ешқандай алалау жоқ. Себебі мен қазіргі ресейлік жастар поэзиясымен де таныс емеспін. Көбіне өзімнің буынымды жақсы білемін.

– Түркі әдебиетінен хабарыңыз бар ма?

– Филология мамандығын бітірген түлек ретінде кезінде оқығанмын. Бірақ қазір хабарым жоқ.

– Шыңғыс Айтматовты ұнатасыз ба?

– Иә, Айтматовты білемін. «Ақ кеме» және басқа да повестерін құныға оқы­ғанмын.

– Қазір не жазып жүрсіз?

– Эссе жазамын. Өлең жазуды қойдым. Біржола қоям ғой деп ойлап едім, бірақ бір апта бұрын ғана жаңа жыр туды.

– Сіздің шығармашылығыңыз поэ­зия, проза, драматургиядан тұрады. Қай жанр жаныңызға жақын?

– Білмеймін, әр кезде әрқалай. Жасқа да, сезімге де, уақытқа да байланысты. Көпшілік мені лирик деп қабылдайды. Проза жазу жаныма рахат сыйлайды, бірақ оны оқу қаншалықты әсер берерін білмеймін.

– Әдебиет әлемді соғыстан құтқара ала ма?

– Жоқ, құтқара алмайды.

– Әңгімеңізге рахмет.