Қоғам • 21 Қараша, 2024

«Самұрық-Қазына» қолдауымен аутизмі бар балалар велоспортпен айналысады

60 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Астанада ерекше қажеттілігі бар 30 балаға велоспортпен жүйелі түрде айналысуға мүмкіндік туды. Игілікті іс елімізде алғаш рет қор қолдау көрсеткен, аутизмі бар балаларға арналған «Велоспорт – баршаға» жобасының арқасында қамтамасыз етілді.

«Самұрық-Қазына» қолдауымен аутизмі бар балалар велоспортпен айналысады

Балаларға «Самұрық-Қазына» компаниялар тобының бірыңғай қайырымдылық операторы – «Samruk-Kazyna Trust» қоры арқылы қажетті киім-кешек, құрал-жаб­дық, велосипедтер мен көліктер сатып алынып берілді. Сондай-ақ жоба аясында, «Сары­арқа» велотрегінде 16 қарашада қор басшылығы мен балалардың бірлескен жаттығуы өтті.

«Жаттығуды жақында ғана баста­саңыз­дар да, қазірдің өзінде жақсы нәтиже көрсетіп жатырсыздар. Команданың бір бөлігі Астана құрамасына енгенін білемін. Ал тәлім алушылардың бірі Дастан Ордабай Францияда өткен халықаралық беделді жарыста күміс жүлдегер атанғанын естіп қуандық», деп атап өтті «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов.

Басқарма төрағасы сонымен бірге, қор ерекше балаларды тәрбиелеу мен әлеуметке ықпалдастыруға қатысты жобаларды үнемі қолдайтынын баса айтты.

«Біз оңалту орталықтарын, мектептерде инклюзия кабинеттерін, тегін спорт секцияларын ашып, ауылдарда спорт алаңдарын, өңірлерде ірі спорт кешендерін салып жатырмыз. Осылайша біз спортты балаларға қолжетімді еткіміз келеді», деді қор басшысы.

апр

Н.Жақыпов шара қорытындысында, жас спортшыларды қолдау мақсатында балаларға 30 велосипедтің сертификаты мен жаңа көліктің кілтін табыс етті.

«Балам велоспорт секциясына қатыс­қалы ой-зейіні жақсарып, жалпы денсау­лығы да оңалып келеді. Бұлшық еті ширап, адамдармен араласып, ашылуы да көбейді. Жаттықтырушыларға, осындай бірегей істі халықаралық жоғары дә­ре­жеде ұйымдастырушыларға шыдам мен жігерлеріне, мейірімдері мен қамқорлықтарына алғыс айтамын», деп ойын білдірді 14 жастағы Даниилдың анасы Юлия Боровикова.

«Немерем бұрынғыдай емес. Бұрын қорқып, отыра алмайтын. Қазір әжептәуір үйренді. Велосипедпен жүреді, жақсы жүгіреді. Өзі де велосипедті ұнатады», дейді 11 жастағы Әмірдің әжесі Ырысты Қаб­дуллина.

«Велоспорт – баршаға» жобасы өз жұмысын 2024 жылдың тамыз айынан бастады. Аз уақыттың ішінде аталған жо­баның қатысушылары биік белестерді бағындырып жатыр. Оған дәлел, жобаның 16 жастағы түлегі, жалпы велоспортпен айналысып келе жатқанына 6 жыл болған Дастан Ордабай 13-14 қыркүйек аралығында өткен «Virtus Cycling Open Time Trial»-ға қатысып, 17,3 км қашықтықта жеке уақыт жарысының ІІ-3 санатында (аутизм спектрінің бұзылуы) күміс жүлдені жеңіп алды. Жарыста әлемнің түкпір-түкпірінен келген 16 параспортшы бағын сынады. Айта кету керек, еліміз бұл жарысқа алғаш рет қатысты.

«Арманымыз орындалды десем, артық айтпаспын. Дастанның жетістігіне қарап, біздің балалар да осындай асуға қол жет­кізсе дейміз. Оның үстіне баламызға сай келетін спорт түрін ұзақ іздедік. Бұған дейін жүзу, футбол сынды секцияларға барып көрдік. Қаламызда велоспорт клу­бы­ның ашылғанына өте қуаныштымыз. Ерсұлтан бүгін жылдамдықты әдеттегіден арттырып, жақсы нәтиже көрсетті. Бұл оның физикалық дағдыларын дамытып, әлеуметтік ортаға сіңісуіне ықпал етеді. Алдағы уақытта үлкен турнирлер­де бой көрсетеміз деген сенімдемін. Бүгін ғажайып күйге еніп отырмыз. Қор басшысының жеке үлгі-өнеге танытып, жаттығуға қатысуы, қасымыздан табылуы да бізді қанаттандырды. Себебі ерекше балғындардың ата-аналарына инклюзивті спорт тақырыбы өте маңызды. Осындай істер үмітімізді оятып, жігерімізді жаниды. Бапкерлеріміздің ерен еңбегі де көз алдымызда», деп тебіренді 11 жастағы Ерсұлтанның әкесі Алмаз Садықов.

Сонымен қатар жобаның 10 тәрбие­лену­шісі велоспорттан Астана қаласы құра­масының мүшесі атанып отыр. Басты мақсат – ерекше балалардың спортпен айналысуына тең жағдай жасап, аутизмі бар жандардың да қоғамның бір бөлігі екенін таныту. Жеткіншектерге төрт кәсіби әрі білікті бапкер велосипед тебуді үйретіп жатыр. «Velolegend» секциясында аптасына үш рет жаттығу өткізіледі.

«Бізде ең басты мақсат – спорт нәти­жесін көрсету. Ол жай ғана секция емес. Әр балаға жеке қарау керек. Балалар әртүрлі. Кей­бір балалар 2-3 жат­тығудан кейін үйреніп кете­ді. Кейбір балаға 3-4 ай керек. Баланың мінез-құлқына, дене дайындығына, көңіл күйі­не мұқият зер салу­ға тырысамыз», дейді «Velolegend» клубының жаттықтырушысы Қайрат Хадылбек.

Қор денсаулық сақтау, білім беру, бұқа­ралық спорт салаларындағы, оның ішінде инклюзия, креативті индус­трия бағыттарына ерекше назар ауда­ра­ды. Оның ішінде саламатты өмір салтының қанат жаюына айрықша ба­сымдық беріліп отыр. Оған дәлел, биыл қазан айында қордың қолдауымен Қызылорда қаласында теннис орталығы ашылды, жыл соңында Түркістан қала­сында спорт кешені іске қосылады. Жыл­да қор қолдауының арқасында 23 қалада ерекше қажеттілігі бар 1 100 бала бейімделу, спорт секцияларына тегін барады. Мұнда балалар қоғамға бейімделеді, қажетті дағдыларды үй­ренеді. Тиісті секцияларға қаты­сатын жандардың көбі паралимпиада құра­ма­ларының мүшесі. Олар рес­пуб­ликалық, ха­лықаралық жарыстарда жүлделі орындар алып жүр.

Қор соңғы бірнеше жылда өңірлерде 40-қа жуық спорт кешені мен ойын алаңын салып, бұқаралық спортпен 90 мыңнан астам отандасымыз қамтылды. Баршаға мәлім, ауылдарда жастарға арналған арнайы орындар саны аз. Енді жастардың бос уақытын тиімді өткізіп, спортпен шұғылданатын нысандар саны көбейіп келеді.

«Samruk-Kazyna Trust» КҚ арқылы қордың компаниялар тобы 2024 жылдың 10 айында былтырдан бері жалғасып келе жатқан 13, биыл қолдау тапқан 36 әлеуметтік жоба арқылы 550 мыңнан астам адамға қайырымдылық көмегін көрсетті. Жылдың аяғына дейін бұл санды 700 мың адамға жеткізу көзделіп отыр. Аталған белес өткен жылға қарағанда 40 пайызға жоғары болмақ.

 

Алдаберген КЕМПІРБАЙ