Елордада қазақтың белгілі ақыны, тұңғыш «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Әбубәкір Смайыловтың «Құс жолында біреу жүр жоқ қараған» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Жиынға белгілі ақын-жазушылар, қорғаныс саласының ардагерлері мен оқырмандар қатысты.
Кеш тізгінін қолға алған ақын Бауыржан Бабажанұлы тәуелсіздік жылдарындағы әдеби үдерісті, сол шақтағы Әбубәкір ақынның кеңінен танылған есім-сойы мен өлеңдері хақында айтып өтті. Сонымен бірге іс-шарада сөз алған ақын, Парламент Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан ақын поэзиясының ерекшелігіне тоқталды.
– Біріншіден, ақынымызды қайтарып бергені үшін ортамыздағы генерал мырзаларға алғыс айтқым келіп отыр. Шынында, бүгін қазақтың аса талантты қаламгерінің үлкен мерейтойы өтіп жатыр. Қазақта жақсы ақындар көп, бірақ 90-жылдары Жұматай Жақыпбаев секілді ақындардың көзін көріп, сол топалаң жылдарда өзін жоғалтпай аман шыққан Әбубәкір ағаларымыздай ақындар кемде-кем. Бұл кісі басында лирик ақын болатын, кейіннен азаматтық поэзияның ірі өкілдерінің біріне айналды. Ақынның газет-журналдарда жарияланған жырларына қарап отырсақ, кешегі Мұқағали, Өмірзақ Қожамұратов, Төлеген Айбергеновтердің мектебінен сусындағанын аңғарамыз, – деді Жанарбек Әшімжан.
Жиында белгілі журналист Арман Сқабылұлы «Әбубәкірдің көзінше Табыл өлең оқымайтын. Әбубәкір оқысын, соның өлеңін тыңдайық деп отыраушы еді...», деп студенттік шақты еске алды. Тұңғыш бард ақын Табылды Досымовтың ұлы Абыл Досымов ақынға тілек білдіріп, әннен шашу шашты. Сонымен қатар әнші Асхат Өмірғали Әбубәкір Смайыловтың сөзіне, Бауыржан Үсеновтің әніне жазылған «Ақ шағала» әнін орындағанда, жүрегі езілмеген жан қалмады.
Қазақтың Ақселеуі: «Жыр дариясы айдынынан Әбубәкір Смайылов керген ақ желкен мойын бұрғызады. Тәңірім желін оңынан тұрғыза көргей! Тамырын тереңнен тартқан тегеурін ден қойғызады» десе, поэзия падишасы Фариза Оңғарсынова: «Мен Әбубәкірдің қыжылы мен қышқыл мұңы көп өлеңдері оқырманды елдік намыс пен жусанның иісіндей ұлттық болмыспен қоректендіреді деп ойлаймын және оның ақындық болашағына үмітпен қараймын» дегені белгілі. Ірілер үміт артқан арқалы ақынның кітабы мемлекеттік тапсырыспен алғаш рет жарыққа шығып, оқырман қауымға жол тартып отыр.