Халықаралық атом энергиясы агенттігінің (МАГАТЭ) жарғысында бекітілген басым бағыттардың бірі бейбіт мақсаттағы ядролық технологияларды игеру болып табылады. Ол үшін МАГАТЭ-мен техникалық ынтымақтастық бағдарламалары қабылданып, іс жүзіне асырылмақ. МАГАТЭ-мен ауыл шаруашылығы саласындағы техникалық ынтымақтастық бағдарламасы бойынша өңірлік жобаға Қазақстан алғаш рет қатысып отыр. 2007 жылдан бастап Қазақстан Республикасының атынан бұл бағдарламаны әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті қабылдап алып, маңызды іске барынша мән бере жүзеге асырып келеді.
Қазақстан МАГАТЭ-ге 1993 жылдан бері мүше. Агенттікке мүше-мемлекеттермен техникалық ынтымақтастық (ТЫ) елеулі әлеуметтік-экономикалық тиімділікке жету орайындағы ядролық технологиялардың пайдаланылуын кеңейтуде, тұрақты дамуды қамтамасыз ету жөнінде республика алдында тұрған басым міндеттерді шешуде маңызды тетік болып табылады.
Қазақстан азық-түлік қауіпсіздігінің жоғары деңгейін қамтамасыз етуге күш салып, осы орайда ауыл шаруашылығын дамыту жөнінде ілкімді көрсеткіштерге қол жеткізуде. Азық-түлік қауіпсіздігінің басты қағидаты – елдегі бүкіл халықты негізгі экологиялық таза тағаммен, ал өндіріс орындарының шикізатпен өзін-өзі қамтамасыз ете алуы. Өзін-өзі қамтамасыз ету қағидатына сәйкес, оны шешудегі басты рөл республиканың тиімді және тұрақты дамыған ауыл шаруашылығына тиесілі. Ал оның дамуы дәстүрлі түрде және айтарлықтай дәрежеде астық өндірісінің өндірістік-қаржылық нәтижелеріне байланысты болмақ.
Қазақстанның астық рыногы өндіруден бастап тасымалдауға дейінгі оның барлық жүйесі мен үдерістеріне инновациялық технологияларды енгізе отырып, астық өндірісінің өзіндік құнын төмендету есебінен ғана нақты дами алмақ. Мамандардың пікірі бойынша, өндірістің өзіндік құнын төмендетуде өнімділік факторының маңызы өте жоғары. Гектар берекесі әрқашан ауа райы жағдайларына, жауын-шашынның мөлшері мен мерзіміне тәуелді болатындығы және белгілі. Елдегі астық өндірісінің тиімділік пен тұрақтылық деңгейі болжап болмайтын тәуекелділік жағдайында әлі өте төмен болып қалуда. Ылғалдың жетіспеуі дәнді дақылдардың шығымдылығын шектейтін негізгі факторлардың бірі болып табылады. Ал осы шығымдылықтың өзі Қазақстан бойынша орта есеппен гектарына 0,6-дан 1,4 тоннаға дейін ауытқып отыратынын нешеме жылдар бойғы егіншілік тәжірибесі көрсетіп беруде. Өткен жылы, бірқатар егістіктер құрғақшылыққа ұшыраған кезде, гектар өнімділігі 5 центнерге дейін төмендеді, сөйтіп оның өзіндік құны 25 мың теңгеге дейін жетті. Солтүстік Қазақстандағы жаздық дәнді дақылдар алқаптары бес облыста шоғырланып, 11 млн. га егістік жерді алып жатыр. Мұндағы суарылмайтын далалық және орманды аймақтарда жылдық шауын-шашын мөлшері 250-400 мм. аралығында болып келеді.
МАГАТЭ қаржыландыратын Техникалық ынтымақтастық бағдарламасына қатысушы мемлекеттер бірнеше аймақтық топтарға бөлінген. Қазақстан Еуропалық топқа жатады. Аймақтық жобаны іске асыруға Қазақстанмен қатар Албания, Болгария, Грузия, Македония, Молдова, Польша, Румыния, Сербия, Түркия, Украина және Өзбекстан сияқты елдер қатысуда. Жобаның мақсаты келешектегі селекциялық бағдарламаларда пайдалану үшін Шығыс Еуропаның табиғи және будан текті дәнді дақылдарының (бидай, арпа және жүгері) генетикалық әралуандығын бағалау болып табылады. Бағалау кезіндегі негізгі құрал ретінде осы заманғы ядролық және молекулалық технологиялар қолданылады. Өзінің алдына қойылған міндеттерге сәйкес жоба жоғары өнімді абиотикалық факторларға, яғни құрғақшылық пен тұздануға төзімді гермоплазмалар жасаудың генетикалық негіздерін арттыруға және селекциядағы тәжірибелік мутагенезді қолдану аясын кеңейтуге бағытталған. Осы орайда қатысушы елдер арасындағы ақпарат алмасу мен техникалық ынтымақтастықты күшейте түсу және ғылыми байланыстарды нығайту жобаның маңызды бағдарына айналған.
МАГАТЭ қызметінің негізгі бағыттарының бірі мүше елдерге білікті маман қызметкерлер даярлауға көмектесу болып табылады. Осынау қызмет аясында МАГАТЭ жобасы бойынша осы заманғы ядролық және молекулалық технологиялар бойынша оқытатын өңірлік курстар, үйлестіруші кездесулер, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Білім және ғылым министрлігінің Биология және өсімдіктер биотехнологиясы институты мамандарының қатысуымен бірнеше конференциялар өткізілді. Қазақстандық ғалымдар Түркияның Анкара, Польшаның Катовица, Австрияның Зайберсдорф қалаларында дәнді дақылдар селекциясындағы биотехнологиялар және будандарды жақсартудың молекулалық технологиялары бойынша МАГАТЭ курстарында біліктіліктерін жетілдіріп қайтты. Өңірлік жоба жүзеге аса бастаған уақыттан бері қазақстандық мамандар ядролық, биотехнологиялық әдістемелердің және жаңа молекулалық технологиялардың кең өрісіне шықты. Сөйтіп олар республикамыздағы селекция саласының тиімділігін арттыру мақсатында табысты қолданыла бастады.
МАГАТЭ мен Техникалық ынтымақтастық бағдарламасы сондай-ақ бір ел көлемінде іске асырылып жатқан ТЫ бағдарламасының ұлттық жобаларын да өз нысанасына алады. 2009-2011 жылдардағы бағыт аясында 2009 жылы басталған, МАГАТЭ қаржыландырып отырған “Бидай мен жүгеріні ядролық және молекулалық технологияларды қолдана отырып жақсарту” атты KAZ 5002 ұлттық жобасына сәйкес Қазақ ұлттық университеті осы жобаның негізгі ғылыми орындаушысы һәм үйлестірушісі міндетін өз мойнына жүктеген. Осы жолдардың авторы аталмыш жобаның ұлттық үйлестірушісі болып табылады. Жобаны іске асыруға сондай-ақ “КазАгроИнновация” холдингінің құрамына кіретін Қазақ ауыл шаруашылығы және өсімдіктану ғылыми-зерттеу институты қатысуда.
Сөйтіп дәнді дақылдар селекциясын жақсартуда озық ядролық-физикалық және молекулалық әдістермен алмасып ілгері басудың өзі кадр даярлау және осы заманғы жабдықтармен жарақтану, МАГАТЭ ауқымындағы ақпараттық жүйелерге қосылу арқылы іске асырылады. МАГАТЭ қызметінің осынау қырлары мемлекетіміздің ғылыми, техникалық және технологиялық әлеуетін нығайтуды қамтамасыз етеді. Жоба шеңберінде бидай мен жүгерінің генетикалық әралуандығын арттыру көзделе отырып, ең жаңа технологияларды енгізу қолға алынды. Осы заманғы зертхана жабдықтарын сатып алу, техникалық сараптамалық білім мен ұсыныстар беру басталды. Республиканың жетекші мамандары өткен жылы Қытай Ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясы, Шанхай ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясы, Шанхай агробиологиялық тек орталығы ұйымдастырған құрғақшылық жағдайында дәнді дақылдардың өнімділігін жақсартудың интегралды тұрғылары жөніндегі 3-ші халықаралық конференцияға қатысты. Сонымен бірге әлемнің жетекші орталықтарында біліктілік арттыру және университеттер мен ғылыми орталықтар үшін жоғары білікті ғылыми кадрлар даярлау мақсатында ғылыми сапарлар мен тағылымдамалар жоспарлануда. Университеттің оқу үдерісінде жаңа технологияларды пайдалану да іске асырылып жатқан ұлттық жобаның маңызды қырынан саналады. Осы орайда еліміздегі МАГАТЭ-нің Техникалық ынтымақтастық жобаларын дайындау және іске асыру бағытында Қазақ атом энергетикасы жөніндегі комитет қызметкерлері үлкен көмек көрсетіп отырғандығын атап айтқан ләзім. Осынау маңызы зор халықаралық дәрежедегі техникалық ынтымақтастыққа өз тарапымыздан біз де аса мүдделіміз және осы игілікті іс алдағы уақытта өркен жайып, елімізге пайдасын тигізе беретініне сенімдіміз.
Сәуле КЕНЖЕБАЕВА, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, биология ғылымдарының докторы.