Қоғам • Бүгін, 08:52

Бет-әлпетті тану жүйесі іске қосылды

26 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астана мен Алматыда Ұлттық бейнемониторинг жүйесі жұмыс істей бастады. ІІМ-нің хабарлауын­ша, «Ақылды» камералар теміржол вокзалдары, әуежай, қонақүйлер, көшелер және сауда ойын-сауық орталықтарында орнатылған.

Бет-әлпетті тану жүйесі іске қосылды

Сурет: ru.freepik.com

Инновациялық жобаны Ішкі істер министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті және Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі әзір­леген. ІІМ таратқан ақпаратқа сәйкес, ұлттық бейнемони­торинг жүйесі жасанды ин­тел­лект технологиялары ар­қылы іздеуде жүрген адамдар­ды тануға, қоғамдық орын­дарда қалдырылған заттар ту­ралы сигнал беруге, құ­қық бұзушылықтарды автомат­ты режімде тіркеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ компьютерлік бағдарлама көліктің маркасын, моделін, түсін анықтайды.

Бүгінде жаңа жүйе тиім­ділігін көрсеткен. Мәселен, Дүниежүзілік көшпелілер ойындарын өткізу кезінде құқық қорғау қызметкерлері елорданың қоғамдық орындарында жоғалған балаларды, сондай-ақ есепте тұрғандар мен хабар-ошарсыз кеткен адамдарды осы «ақылды» ка­ме­ралардың көмегімен жедел тапқан. Сондай-ақ бейне-талдау жүйесі арқылы Астанада іздеуде жүрген 46 құқық бұзушы жедел түрде анықталып ұсталған. Осындай іздестіру жұмыстары қазір Алматыда жүргізіліп жатыр. 30 адам анықталып құрық­талған.

Енгізілген технологиялар – «ақылды» қалаларды құруға жасалған оң қадам. Олар қо­ғамдық қауіпсіздік деңгейін арттырып, қылмысты азайтуға көмектеседі. Мұндай жүйелер Қытайда, Ресейде және Еу­ропа елдерінде көптеп қол­данылады.

Осылайша, Қазақстан үздік тәжірибелерді игеріп, әлемдік үрдістің бір бөлігіне айналып келеді. Алдағы уақытта камералар санын арттырып, бейнемониторингті кеңейту жоспарланып отыр. Бұл ке­зең-кезеңімен жүргізіледі.

«Бүгінгі таңда меншік тү­ріне қарамастан елімізде 1 млн 359 мың бейнекаме­ра бар, оның 310 мыңы жедел басқару орталықтары және полицияның кезекші бөлімдеріне шығарылған. Жалпы, инновациялық жоба­лардың қылмысқа қарсы іс-қи­мылда және адамдар көп жиналатын жерлерде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде көмегі зор. Іске қосылған жүйелердің басты мақсаты – әрбір азаматтың заң мен тәртіп орнаған қоғамда өзін қауіпсіз сезінуіне жағдай жасау», дейді ІІМ өкілдері.