Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Әлемде 40 мыңнан аса мамандықтың түрі бар. Ал елімізде оның 5 мыңдайы ғана оқытылады. Алайда мектептегі оқушылар оның барлығын біле бермейді. Көпшілігі тегін оқуды, диплом алуды ойлап, «аяқтаған соң көре жатармыз» деген көзқараспен жүреді. Тіпті өздері атын ғана білетін кей мамандықтың алдағы уақытта жойылуы мүмкін екеніне де мән бермейді. Мәселен, болашағы бұлыңғыр кітапханашы, пошташы, заң қызметкері, нотариус, хатшы, кассир сияқты мамандықтар бар. Олардың орнын сандық техника мен роботтар алмастырады.
Десек те, робот алмастыра алмайтын мамандықтар да жетерлік. Мәселен, дәрігерлердің орнын робот алмастыра алмауы ықтимал. Өйткені атқаратын қызметі сан қилы. Түрлі төтенше жағдайларда адам санасы жедел әрі оңтайлы шешім қабылдауы мүмкін. 2019 жылы бүкіл әлемді дүр сілкіндірген «Сovid-19» пандемиясының кезінде мыңдаған науқасты ажал аузынан алып қалған – осы ақ халатты абзал жандар.
Екіншіден, дәрігердің бойында мейірім мен көркем мінез болуға тиіс. Адам жанының арашасы атану үшін онда жүрек болу керек. Ал роботтың бойында ондай сезім болмасы анық. Науқас адамға тек медициналық препараттар көмектеспейді, кейде жанға жылы, болашаққа үміт сыйлайтын сөздер де маңызды. Сондықтан жас буын осындай мамандықтың тұтқасын ұстаса игі.
Қазір түрлі басылымдарда ақпараттық технологияның дамуы, әлеуметтік желілердің және қазіргі өте қарқынды дамып жатқан жасанды интеллектінің пайда болуына байланысты жаңа, сұранысқа ие болатын мамандықтардың тізімі жиі жарияланып тұрады. Айталық, британдық «Fast future» агенттігінің болжауынша, наномедицина, ғарыш саласы, виртуалды әлемге қатысты, климаттың өзгеруіне сай жаңа мамандық түрлері пайда болады. Әзірге елімізде сұранысқа ие мамандықтың көшін педагогтер бастап тұр. Міне, осы ретте алдағы 10-15 жылда сұранысқа ие мамандықтарды егжей-тегжей зерттеп, қарап, танысып алған жөн. Мектепте кәсіби бағдар беретін мамандардан көмек сұрап, бейімділігіңді анықтайтын тест тапсырған абзал.
Қазіргі заманда бір мамандықпен шектеліп қалуға болмайды. Бір адам кемінде екі мамандықты игеріп алғаны дұрыс. Мәселен, бірінші мамандығы журналист болса, копирайтерлікті меңгеріп алса, әлеуметтік желі арқылы қосымша табыс табуға мүмкіндігі бар.
Лаура ХАЛЕЛ,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті