Өнер • 23 Қараша, 2024

Ширек ғасыр белесіндегі «Наз»

367 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

«Тұрақты еңбек – өнердің де, өмірдің де заңы» деген О.Бальзактың әйгілі сөзі дәл осы «Наз» мемлекеттік би театрына қаратылып айтылғандай. Осыдан ширек ғасыр бұрын Астана қалалық филармониясының жанынан 4 биші қыздан шағын ансамбль ретінде құрылған айтулы өнер ордасы тынымсыз еңбек пен үздіксіз ізденістің арқасында бүгінде 130-дан аса қызметкері бар қазақ театр тарихындағы тұңғыш әрі өз кәсіби қолтаңбасы қалыптасқан ұлттық би театрына айналып отыр.

Ширек ғасыр белесіндегі «Наз»

«Наз» мемлекеттік би театры – елі­міз­де ашылған алғашқы кәсіби би театры. 2007 жылдың 1 наурызында қала әкі­мі­нің шешімі бойынша Астана қаласы әкімдігінің «Наз» мемлекеттік би театры­ болып өз алдына шаңырақ көтерді. Театр­дың іргетасын қалаған кәсіби хорео­граф­тар – Еркебұлан және Қадиша Ағымбаевтар.

Төр қаламен түйдей құрдас театр елордамыздың мәдени-рухани дамуына зор үлес қосып қоймай, еліміздің мәдени кеңістігінің жаңа белеске көтерілуіне де ерекше әсер етті. Дәстүрлі қазақ би өнерін дамыту, ұлттық фольклор мен этнографияны кеңінен насихаттауды мұрат тұтқан ұжымның өнер әлеміндегі орны айрықша. Осы қиын да қызыққа толы 25 жылдық шығармашылық жолда, әсіресе театрдың негізін қалаған Еркебұлан мен Қадиша Ағымбаевтардың еңбегі ерен.

ро

Қазақ өнерінің жанашыры, аңыз адам Өзбекәлі Жәнібековтің шекпенінен шығып, тәрбиесін көрген, өнерді шын түсініп, бағалай білетін би өнерінің май­талмандары Еркебұлан Мүлікұлы мен Қадиша Ермекбайқызының Ө.Жә­ні­бековтен көрген ұлағатын өз тәжірибе­лері­не арқау етіп, үлкен ұжым құруы кез­дейсоқтық болмаса керек. Бүгінде бірі театрдың директоры, екіншісі көркемдік жетекшісі болып түсініскен тандем, үнсіз ұғысқан үндестікте үйлесімді еңбек етіп келе жатқан сол жарасымдылық ұжым­ның да мәртебесін асқақтатып, ата­ғын­ алыс­қа жеткізіп жүр. Оның айқын айғағы «Наз» мемлекеттік би театры осы жыл­дар ішінде мемлекеттік маңызы бар іс-ша­раларға қатысып, Норвегия, Из­раиль, Түркия, Қатар, Қытай, Румы­ния, Испания, Үндістан, Морокко, Фран­ция, Швей­цария, Португалия, Иорда­ния, Мысыр, т.б. мемлекеттерде өнер көрсетіп, еліміздің мәртебесін биіктетті. Театрдың 25 жылда жеткен жетістіктері де аз емес. Атап айтсақ, 2001 жылы IV Ха­лықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің Гран-при иегері, Қазақ­стан Жастар одағы сыйлығының лау­реаты (2002), 2004 жылы – «Алтын мүсін» иегері (Қытай); М.Эсамбаев атын­дағы IX Халықаралық фестивалінің лау­реаты (Грозный), XXI «Шабыт» Халықаралық шығармашыл жастар фес­тивалінің Гран-при иегері (2018) болса, «Nauryz – 2021» Тұңғыш Ұлттық сый­лы­ғымен марапатталды.

«Халқымызда «Наз» деген елдің өкпе-ре­ніштерін айту, жеткізу, білдіру мағы­насында қалыптасқан форма ғой. Негізінде «Наз» деген – адамның ішіндегі сырын сенімді жанға ақтару. Бірақ бұл сөзді тек біржақты қарауға бол­майды. «Қуанышыңды, сырыңды ақтару» деген баламасына неге мән бермеске? Менің ойымша, наз бидің ішкі жай-күйін, сезі­мін, сырын білдіретін ай­шықты сөз деп ой­лаймын. Біз сызылып та, кер­безденіп те, батыр, өжет болып та билей­міз ғой. Би арқылы ішкі сезімнің әртүрлі күйін көрсетеміз. Біраз жыл бұрын өмірдегі әрі өнердегі серігім Еркебұлан екеуміз «Осы атауды өзгертсек қалай болар екен?» деп біраз ойланған едік. Ойлана келе, театрдың атауын ауыстырмаймыз деп шештік. Халық бізді «Наз» деп таниды», деп тарихтан тарқата сөз қозғаған театрдың көркемдік жетекшісі әрі бас балетмейстері Қадиша Ермекбайқызы аталып өтіп жатқан мерейтойдың мән-маңызына да жан-жақты тоқталды: «Бұл мерейтой – театрдың ширек ғасырлық шы­ғармашылық еңбегінің нәтижесін қорытындылап, жаңа белестерге қадам басу мүмкіндігі. Тек қорытындыларды шы­ғару ғана емес, болашаққа жаңа жос­пар­лар құру. Театрды алда жаңа гастрольдер, халықаралық жобаларға қатысу және жаңа шығармашылық белестер күтіп тұр», деді өнер иесі.

ро

25 жыл! Бұл жай алға жылжыған жыл­дар көші ғана емес, ширек ғасырлық еңбек пен табыстың, шығармашылық жолдың жарқын көрінісі. Осы уақыт ішінде ұжым тек танымалдылыққа ие болып­ қана қоймай, көрермендердің риясыз ма­хаббатына бөленіп, би өнерінің бекзат әлемінде шеберлік пен сұлулықтың шы­найы символына да айнала білді. Өз еліміз­де ғана емес, шет мемлекеттерге «қазақ» дег­ен мыңжылдық тарихы бар ел болғанын, көне өркениеті мен мәдениеті бол­ғанын хореография тілімінен жеткізіп жүр­ген бірегей театр. Осы жылдар ішінде ре­пертуарының сан алуандығымен көрер­ме­нін таң қалдырып, 200-ден астам би мен хорео­графиялық қойылымдарды тарту етті. Спек­такльдерінен классикалық балет­тен бастап заманауи би бағыттарына дейінгі­ жанр­лардың әртүрлілігін көруге болады.

Театрдың мерейтойын ресми мерекелеу Ұлттық музейде ұйымдастырылған «25 жылдық белес» атты көрменің салтанатты ашылуымен басталды. Өнер ордасының тарихы мен шығармашылық жетістіктерін көрсететін көрмеге театр­дың мемлекеттік және Халық­ара­лық байқаулардан алған марапат­тары мен сыйлықтары, әр жылғы қойылымдар мен концерттерді еске түсіретін фото­суреттер мен картиналар, сондай-ақ сахналық костюмдер қойылды. «Фотосурет», «Премьералар мен концерттер» және «Сахналық костюмдер» атты үш бөлімнен тұратын көрменің алғашқы бөлімінде өнер ұжымының әр жылдарда халықаралық байқаулардан алған марапаттары мен шетелдерден келген кәдесыйлар орналасса, «Премьералар мен концерттер» бөлімінде, атауы айтып тұрғандай, ­театр сахнасында қойылған «Шыңғысхан», «Әзімнің әңгімесі», «Нұрғиса» хорео­графиялық спектакльдерінің, «Самғау», «Шабыт», «Шаңырақ», «Желдірме», «Сер­пін», т.б. билерінің қойылу тари­хынан ақ­парат беретін картиналар қойыл­ған.­ Ал «Сахналық костюмдер» атты соң­ғы бөлімінде көрерменнің есінде қал­ған сахналық костюмдер орналасқан. Атап айтсақ, «Мың бір түннің бір түні» спек­такліндегі Эсмигюльдің, Әтектің, «Тұйғындар» спектакліндегі «Сарбаз» бейнесі, «Әзімнің әңгімесі» спектакліндегі «Айлакер шал», «Шыңғысхан» спектаклін­дегі Ана, Бұғы бейнелері, «Серпін» биі­нің сахналық костюмі, т.б. ұсынылды. Көр­ме Ұлттық музейде 2024 жылдың ­21 қарашасынан 20 желтоқсанына дейін жұмыс істейді.

Көрмеден көңіл марқайтып шыққан қауым Ұлттық музейдің Ғылыми кітап­ха­на­сында өткен Театр қайрат­керлері одағы­­ның мүшесі, «Мәдениет саласының үздігі», журналист Толқын Сұлтанның ««Наз» мемлекеттік би театры. 25 жылдық белес» атты кітабының тұсаукесеріне куә болды.

Айтулы кітап – «Наз» мемлекеттік би театрының 25 жылдық мерейтойы­на арнап жазылған алғашқы еңбек. Еліміздегі тұңғыш би театрының құ­ры­луы, қалыптасуы мен жеткен жетіс­тік­тері, шығармашылық жолы сараланып, оқырманға ұсынылып отыр. Кітаптың би өнері туралы айтар танымдық, тағы­лымдық мәні зор. Бұл еңбек өнер зерт­теу­шілеріне, жоғары және орта арнаулы оқу орындарының оқытушыларына, студенттерге және өнерсүйер қауымға арналған. Сондай-ақ хореография саласы мамандарының театр туралы ой-пікірлері мен жалпы қазақ ұлттық би өнеріне деген пайымды ойлары баяндалады.

«Осы кітапты жазсаң» деген ұсынысқа бір жыл ойланып, әрең келістім. Келіс­пеген себебім, аз уақытта материал жинап, оны қағазға түсіру, түсіну, қоры­тынды шығару оңай емес. Ал келіскен себебім, өзім қызмет ете жүріп, жан дүниеңнің осы әлеммен тұтасып, шабыт алып, әртістердің жанкештілігіне таң­ғалып, өз бағасын ала алмаған кезінде қарның ашып, жүрегің сыздайды екен. Аз болса да осы театрдың дамуына өз үлесімді қосып, көзқарасымды білдіргім келді. Бұл кітап әдеби көркем шығарма емес. Мұнда нақты деректерге сүйенген, осы театрдың қалыптасуына ықпал еткен азаматтар мен әртістердің естеліктері мен пікірлері жан-жақты әңгімеленеді», дейді театр туралы жарық көрген жаңа кітаптың авторы Толқын Сұлтан.

Мерейтойлық іс-шаралар легі одан әрі «Наз» мемлекеттік би театры – ұлттық бидің феномені» атты дөңгелек үстелге жалғасты. Мазмұнды жиында еліміздің әр өңірінен келген Гүлжан Талпақова, Тойған Ізім бастаған хореография саласының майталмандары театрдың өсу жолдары мен стратегиясын, қазақтың би өнеріне қосқан үлесін талқыға салды.

Танымдық мәні зор тағылымды шара «Алдар көсе» хореографиялық спектаклі­мен түйінделді. Қоюшы балетмейстерлер Уалитбек Сиязбеков пен Әмина Самарбаеваның суреткерлік сарап­тауында ұсынылған айтулы қойылым – театр­дың XXV жаңа маусымындағы ірі жо­баларының бірі. Спектакльде Алдар кө­сенің бастан кешкен оқиғалары, сараң бай­дың қулығы мен жамандығы әшкере болады. Сондай-ақ қойылымда ғашықтар оқиғасы да қалыс қалмайды. Елентай мен Айсұлу үшін де бірге қуанып, бірге мұңаясыз. Театрдың басты ұстанымдарының бірі – қазақ фольклоры мен этнографиясын насихаттау болса, қойылымда қазақтың тұрмыс-салт жырлары, дәстүрлері де мол көрініс табады. Спектакльде Алдар көсе бейнесін Санат Калимбетов, Ислам Аббасов, Байды – Марғұлан Жеңісов, Айсұлуды – Әдел Нұрғияс, Елентайды – Аманбек Кайдасынов, Бәйбішені – Гүлдана Кадерова, байдың шабарманын – Бейбарыс Ғазизов кейіптесе, зұлым перілер рөлін Данара Нұрғалиева, Карина Рыбкина, Үрия Дәулет, Нұрлыай Ғай­нол­ла, Назира Ташмағанбетова, Айару Сайып-Назар, Рима Пашан бастаған әртіс­тер шоғыры би тілінде кемеліне кел­тіре кейіптеді. Қойылым «Астана» эстра­далық-симфониялық оркестрінің сүйе­мел­деуімен өтті.

Иә, осы кеште куә болғанымыздай, «Наз» мемлекеттік би театры соңғы жыл­дары қазақ хореографиясынан ерекше орын ала отырып, тек танымалдылыққа ғана қол жеткізбей, сонымен қатар көрер­меннің сүйіспеншілігіне де бөленген біре­­гей өнер ұжымына айналды. Театр шығар­­машылығы тек елімізде ғана емес, халық­аралық деңгейде де танылды. Осы уақыт ішінде театр хореографтары өз қойылымдарында романтикалық нәзіктік пен драмалық шиеленістен бастап, кең ауқымды эмоциялар мен терең сезім­дерге дейінгі түрлі оқиғаларды көрсетуде ше­берлік биігіне жетті десек, артық айт­қан­дығымыз емес. Қойылымдардағы әрбір қозғалыс пен хореографиялық шешім көрерменді бау­рап алады. Көркемдік тәсілдер мен костюмдер, декорациялар – бұл театрдың басты ерекшеліктерінің бірі. Суретшілер әр қойылымда ерекше атмосфера жасай отырып, көрермен­ді таңғалдыруды әлдеқашан әдетке айнал­дырған. Би театрының визуалды бөлігі әрдайым көркемдік тұрғыдан жоғары дең­гейде. Театр өзінің таланты мен шығар­­машылығына деген адал­дық­пен бірнеше буын хореографтар мен орын­дау­шыларды тәрбиелеп, олар­дың еңбек­тері арқылы театрдың даңқ­ты дәс­түрлерін жалғастырып келеді. Театр­дың жетістігі мен құпиясы да, бәлкім, осы өнерге деген шексіз адалдық пен шың­далған шебер­лігінде жатса керек.  

 

Тақырыпқа орай: Ұлттық өнердің жеңісі

«Наз» мемлекеттік би театры – еліміздегі ұлттық бағыттағы құндылық­тарымызды насихаттайтын тұңғыш кәсіби би театры. Бізде түрлі балет, опера театрлары бар. Бірақ нақты өзінің қолтаңбасы мен бағыты ұлт­тық ерекшеліктерге негізделген кәсіби театр жалғыз. Алда әлі де талай театр ашылар, бірақ бірінші болып «Наз» театры аталатыны сөзсіз. Себебі ол ешкімге ұқ­самайтын дара жолымен тарихқа енді. Осы тұста, әсіресе, талантты жұп Ерке­бұлан мен Қадиша Ағымбаевтардың еңбегін айрықша атап өткім келеді. Олар тарих­ты өз қолдарымен жасады. 25 жылдық жарқын жетістік – сол есепсіз төгіл­ген­ маңдай тердің жемісі. «Наздың» тарихы ғасырдан-ғасырға жалғассын деп тілеймін.

Гүлжан ТАЛПАҚОВА,

биші, Қазақстанның халық әртісі

 

Ынтымағы жарасқан ұжым

Мемлекеттік «Наз» би театры құрылғаннан бергі 25 жыл ішінде өзін керемет сахналық костюмдерімен, бай репертуарымен, орындаушылық шеберлігімен мықты кәсіби ұжым ретінде көрсете білді. Хореография өнері негізінің бірі – ұлттық фольклорды насихаттау, қазақ халқының би мәдениетін дамыту және байыту, әлем халқының хореографиялық материалдарына үндеу, хореографияның жаңа бағыттарын батыл игеру, жоғары эстетикалық мәнер – «Наз» би театрының бүгінгі күндерінің даму ұстанымдары. «Наздың» сәттілігінің негізі – көркемдік жетекші мен бас балетмейстердің және репетитор-ұстаздар құрамының мықтылығы, ауызбіршілігі, олардың кәсіптік деңгейі, үздіксіз шығармашылық ізденуі, ынталылық және еңбеққорлығы.

 

Гүлбану МЫРЗАБАЕВА,

Қызылорда облыстық филармониясы «Томирис» би ансамблінің бас балетмейстері

 

Бәсі биік театр

1999 жылы Астана қаласының Мәдениет департаменті жанынан «Наз» ха­лық би ансамблі құрылған болатын. Ансамбльдің жетекшілері – кезінде «Алтынай» фольклорлық би ансамблі құрамында өнер көрсеткен ерлі-зайыпты Еркебұлан және Қадиша Ағымбаевтар. Сол жылы Астана қаласы Мәдени басқармасының шақыруымен «Наз» халық би ансамблін құру жұмысына екеуі қызу кірісті. «Наз» театрының алғашқы қойылымдары қазақтың ұлттық эпостарын, аңыздарын және дәстүрлі мәдениетін сахналаудан басталды. Уақыт өте келе театр классикалық хореография элементтерін біріктіріп, қазақтың бай мәдениетін жаңаша түсіндіруді мақсат етіп қойды. Театр көптеген халықаралық фестивальге қатысып, ел мәдениетін әлемдік аренада танытты. «Наз» театрының шығармашылығы тек елімізде емес, шетелде де жоғары бағаланып, өнерсүйер қауымның назарын аударып келеді. Театрдың билері қазақтың осындай бай салт-дәстүрлерін сахнада көрсетіп, халықтық мәдениетті заманауи өнерге сай үйлестіре отырып бейнелейді. Сонысымен де «Наздың» бәсі қашанда биік!

Балжан ТЛЕУБАЕВА,

Ж.Ташенов атындағы университеттің Өнер кафедрасы меңгерушісі,

педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент