23 Маусым, 2010

ҚАСИЕТТІ ШАҢЫРАҒЫМЫЗ

615 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
Біз – қазақ­стан­дықтармыз! Көп ұлттар мен ұлыстардың құт­ты мекені Қазақстан биыл Еу­ро­падағы қауіпсіздік және ынтымақ­тастық ұйымына төрағалық етсе, бе­делді халықаралық ұйымға төра­ғалық ету жайындағы шешімді мүше мемлекеттер бірауыздан қолдады. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақ­стан­ның жаңа мүмкіндіктері” Жол­дау­ында ұлтаралық келісімді нығайту, инвес­тиция тарту, еңбек өнімділігін артты­ру, тағы басқа мәселелер жан-жақты айтылған. Құнды құжатта экономи­каны әртараптандыру, сауат­ты сауда саясатын қалыптас­тыру мен дағдарыс кезеңінде дұрыс шешім қа­был­дау арқылы қазақ­стандық­тар­дың өмір сүру деңгейін жақсарту, ең­бек­пен қамту мәселелері қарас­тырыл­ғанын көреміз. Осы­лайша әлем­дік деңгейдегі айтулы көшбас­шы, көреген саясат­кер, мәмілегер Елбасының бастама­сымен өмірге кел­ген өрелі істерді күнделікті өмірі­мізден көріп, оған өзіндік үлес қосып келеміз. Көп ұлттар мен ұлыстардың құт­ты мекені Қазақстан биыл Еу­ро­падағы қауіпсіздік және ынтымақ­тастық ұйымына төрағалық етсе, бе­делді халықаралық ұйымға төра­ғалық ету жайындағы шешімді мүше мемлекеттер бірауыздан қолдады. Бұл Президент беделінің арқасында мүмкін болғаны ақиқат. Олай дейтінім, мұндай құрметті құқық ТМД елдерінің ғана емес, мұсылман, түркі тілдес және азиялық елдердің арасынан да алғаш рет Қазақстанға берілуі тегін еместігін түсінеміз. Бұған қалай мақтанбайсың, қалайша мерейленбейсің. Тәуелсіздік алмаған тұста енді ондаған жылдардан кейін осындай беделді биікке, құрмет пен абыройға қол жеткіземіз деп ойла­маған едік. Осы тамаша табысы­мыз­ға кәрі тарихтың лайықты бағасын беретін кезі келеді деп ойлаймын. Мен жер жәннаты Жетісу өңі­рінде туып-өстім. Ата-анам 1944 жылы осы өңірге жер аударылған Ахыска тү­ріктерінің қатарынан болып табы­лады. Еріксіз жер аударылғандар үшін Қазақстан ата­жұрттай болып кетті. Шындығында Түркістанды бүкіл түркі жұртының алтын бесігі, о баста өсіп-өнген жері, тұма бастауы деп есептесек, Қазақ­стан біздің де атажұр­тымыз. Осы жа­ғынан алып қарағанда, бізді тарихи Отанымызға қайта оралдық деп те есептеуімізге болады. Қазақстанның тәуелсіздігін алғаш­қы­лардың бірі болып Түркия мемлекеті тануының себебін осындай тамыры терең туыстықтан, қадым заман­дар­дан бері жалғасқан бауырластық бастауы­нан іздеген жөн шығар... Біз бүгін жатжұртта, бөтен өл­кеде емес, өзіміздің жерімізде тұрып жа­тырмыз деп есептейміз. Және ол үшін өзімізді бақытты сезінеміз. Арамызды жақындастыратын тарих­тың осындай тамаша дерегінің барына мақтанамыз. Тәуелсіздігі­міздің өткен жылдарында елімізде ұлтаралық жанжал, күрделі мәселе туындаған жоқ. Желөкпе жастардың арасында болатын тұрмыстық жан­жалдарды есепке алмауға да болады. Мұндай ұсақ-түйек кейде бір отбасында да кездеседі. Елбасының білгір басшылығының арқасында өзімізді еркін сезінеміз, балаларымыз да алаңсыз өсіп, егемен елдің ұланы ретінде қалыптасып, рухани жағы­нан кемелденіп келеді. Қазақстан халқы Ассамблея­сының өткен жылғы сессиясына қатысу құрметіне ие болдым. Сонда мына бір ақиқатқа көзім жетті. Ол Елбасының қарапайымдылығы мен кішіпейіл­ділігі. Мәселен, қай елдің азаматы Мемлекет басшы­сына емін-еркін жақындап, өзінің ой-пікірін ашық білдіреді. Ал, Қазақстан халқы Ассам­блеясының кез келген мүшесі Пре­зидентпен жылына бір­неше дүркін кездесіп, өздерін тол­ғандырған мәсе­лелерін айта алады. Қажет деген сұ­рақ­тарын қояды. Сол кездегі дастар­қан басында әркім өздерін толған­дырған мәселелері жайында айтып жатты. Бәрін мұқият тыңдаған Нұр­сұлтан Әбішұлы қойылған сұрақтарға жүйелі жауап берді. Бір ғана жиын­ның басында көптеген өзекті мәсе­ле­лер шешімін тапса, мұның өзі Ассам­блеяның артықшылығы деген жөн. Алматы қалалық түрік этномә­дени бірлестігі мені күні кеше өзде­рінің басшысы етіп сайлады. Онсыз да мәдени орталықтың өміріне ба­рынша араласып жүрмін ғой дегенімде: “Жоқ, біз сізді қалай­мыз”, деген таңдауын айтты. Бұған дейін Ахыска түріктерінің рес­публикалық орталығын үлкен ағам Зиятдин Касанов басқарып келсе, жақында ол осы ұйымға басшы болып қайта сайланды. Мемлекеттік тіл – баршамыздың мерейіміз, ұлттың жаны екені дау­сыз. Осыған орай түрік этномәдени бірлестігінің жанынан мемлекеттік тілді оқып-үйрену жөніндегі комитет құрайық деген ұсынысымды қандас­тарым жылы қабылдады. Өйткені, Қазақстанда тұратын этностардың көпшілігі мемлекеттік тілді біле бермейді. Мұндай комитет әзірше еш жерде жұмыс істемейді. Сон­дықтан да біз басқа орталықтарға үлгі көрсетейік, халқы дархан, қонақжай елде өмір сүріп, еңбек етіп жатқаннан кейін бәріміз қазақ тілін білуге тиіс екендігімізді білдірейік деген тұжырым жасадық. Тіл үйрену ересектерге қиындау. Өйткені, біз кеңестік жүйеде тәр­бие­лендік. Ал, жас ұрпақ мемлекеттік тілді міндетті түрде білуі керек. Олар­дың мемлекеттік тілді ойдағы­дай меңгеруі үшін біз қолдан келген­нің бәрін жасап, қажет болып жатса қосымша курстар ашамыз. Қазіргі кезде біз осы бағытта жұмыс жасап, Алла тағала мүмкіндік беріп тұрған кезде қандастарымыздың басқа да қажеттерімен қатар, осындай мәсе­лелерін шешуге де күш салмақпыз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен бүгінде кәсіби білікті, тәжірибелі команда құры­лып, жұмыс істеуде. Нәтижесінде, бүкіл әлемді жайлаған қаржы дағдарысынан да көп қиналмай шығуға қол жеткі­зілуде. Кеңестер Одағы тарағаннан кейін қиын жағдайда қалдық. Барлық жағынан тұралаған экономиканы белгілі бір дәрежеде жандандырып, тамырына қан жүгірту мүмкін емес­тей көрін­ген. Бүгінде демократиялық жаңару­лар жүзеге асып, жүйе өзгерді. Мұ­ның бәрін бір күнде жүзеге асыру да мүмкін емес. Оған ең алдымен халықты дайындау керек болды. Сәу­летті қала бір күннің ішінде салын­бай­ды. Осының бәрін ескере келген­де мен өз мақсатымызға бір­тіндеп жақындап келеміз деп сенім­мен айта ала­мын. Өйткені, мақса­тымыз ай­қын, тәуелсіз Қазақста­нымыз гүлд­е­ніп, әрбір отбасының үйінде мол­шылық, бақытты тірлік болса деген мақсатпен алға ұмты­лудамыз. Оның алғашқы нәтижесі анық байқалады. Облыстық мәслихат депутаты ретінде мен сайлаушылармен жиі кез­десемін. Кездесулерде халық Ел­басының есімін алғыс сезімімен ай­тады. Әкімдердің есеп берулерінде де осындай көңіл-күй қалыптасқанын көреміз. Өйткені, бүгінде әр ауылда жол салынып, су құбырлары тар­ты­лып, көгілдір отын келіп жетуде. Ше­шілмеген күрделі мәселелер жоқ десе де болады. Соның бірі “Жол кар­тасының” негізіндегі қаржының дағ­дарыс салқынының алдын алуға жұм­салғаны, жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік бергені болып табылады. Елбасының әрбір Жолдауы елі­мізге жаңа өзгеріс алып келді, жаңа қадамдарға, дамуға бастады. Елбасы Жолдауынан кейін ауыл шаруа­шылығы мен мәдениет, медицина, құқық қорғау, тағы басқа салаларды дамытуда қаншама игі­лікті істердің атқарылғанын жақсы білеміз. Бұл Жолдауды да тағат­сыз­дана күттік. Өйткені, Президенттің әрбір Жол­дауы бір ғана өзекті жәйт­ті емес, барлық саланың толғағы жет­кен мәселелерін қамтуымен құнды. Бармасаң, келмесең жат боласың деген. Бүгінгі сауда-саттық, эконо­ми­калық байланыстағы қарым-қатынас арқылы ел экономикасы нығайып, инновация арқылы еңбек өнімділігінің шұғыл артуы көзделген. Осы орайда Кедендік одақтың болашағы жарқын, мүмкіндіктері де мол деуге болады. Бизнесмен ретінде айтарым, аталған Одақ өндіретін тауарлар үшін үлкен рынок ашып беріп отыр. Яғни, бізге бүгінде та­­уар­ларымызды жалғыз Қазақстанның ғана емес, 150 миллион тұрғыны бар Ресей Федерациясының аумағында да еркін сатуға мүмкіндік мол. Әрине, өзара бәсеке болады. Бірақ ол қатаң болғанымен бағалы. Соған орай кәсіпкерлер ендігі жерде өнімнің сапасын жақсарту үшін ізденіспен жұмыс істей бастайды. Нәтижесінде халық дүкен сөреле­рінен неғұрлым қолжетімді бағамен жоғары сапалы өнім алады. Ең алдымен тұтыну­шының талғамын зерттеу, мүддесін қорғау керектігін түсінудеміз. Астана – еліміздің жүрегі, барша жақсылықтарды таратушы орталық, Елбасының көрегендік жобасы. Мен Целиноградқа бұрын да барғанмын. Провинциялық дәрежедегі кішкен­тай ғана қаланың бүгін танымастай өзгеріп, жасарып, жайнап кеткен­дігіне таңқаламын. Қақаған қыс күнінде барғанның өзінде онда сал­та­нат құрған көтеріңкі көңіл-күй, сәулетті мәдени орындар адамның жан-жүрегін жылытады. Шет елдерге барғанда маған “Қа­зақстанда бизнес жүргізуге жағ­дай бар ма?” деген сұрақ жиі қой­ы­лады. Оларға тәжірибем мен өмі­рімнен мысал келтіремін. Маған биз­­нес жүргізуге кім кедергі жасай­ды. Мәселен, өзім ауыл шаруашы­лы­ғы, қонақ үй бизнесі, жылжымай­тын мүлік, тағы басқа көп салалы бизнеспен айналысудамын. “Касанов Инвестгрупп” компа­ниясына 40-тан астам фирма кіреді. Шет елдерден 2 млрд. доллар инвес­тиция тарту арқылы Талғар ауда­нында “Алтынсай” жобасымен тұр­ғын үй кешенін салуды қолға алып, оның жоспар-негіздемесі жасалды. Осы ауданда автовокзал құрылысы бас­талады. Компанияда 3000-нан астам адам жұмыспен қамтылған. Құры­лысқа қажетті кірпіш, есік-терезе, ағаш бұйымдарын өзіміз жасаймыз. Ірі әріптестерімізбен тікелей байланыстамыз. Жетісу өңірінің халқына қызмет көрсету – негізгі мақсатымыз. Мәселен, Еңбекшіқазақ ауданында шарап, Қарасай ауданында кірпіш зауыттары жұмыс істеуде. Алматы қаласында гипермаркет сауда орталығы шаһар халқының жоғары сұранысын қанағаттандыруда. Елбасының “Тегіміз – түрік, дініміз – Ислам екенін ұмытпауы­мыз керек. Ол үшін қасиетті кітап – Құран Кәрімді насихаттауды естен шығармауымыз керек”, дегенін есімнен шығармаймын. Осылайша халықты Ислам дінін құрметтеп, биік адамгершілік қасиеттерге бау­литын Алланың үйін салуға да де­меу­шілік танытып келемін. Іле ау­данының Ақши, Жаңаарқа, Қосөзен, Қарасай ауданының Жармұхамбет ауылдарында, Алматы қаласының Медеу ауданында күмбездері көк тіреген имандылық үйлерінің құ­рылысын бастап, ел игілігіне айналуына үлесімді қоспақпын. Әзірше еліміз бизнестің көмегіне мұқтаж болып отыр, ендеше, ондай көмек көрсетуге міндеттіміз. Осы орайда тасқын апатынан зардап шеккен қызылағаштықтарға 4 млн. теңгенің азық-түлік, киім-кешек, тағы басқа тұрмысқа қажетті көмегін көрсетті. Сонымен қатар, облыс бас­шысымен кеңесіп, түрік және әзір­байжан этномәдени бірлестіктерімен бірлесе 9 миллион теңгеге Қызыл­ағаш ауылының тұрғындарына монша салып берейік деп шештік. Мердігерлік ұйымдарды белгілеп, құрылысты бастауға дайындық жасаудамыз. Мүмкін бұл көмегіміз теңізге қосылған тамшыдай болар. Әрине, бұған қосымша құрылыс материалдарын жеткізіп, қамыққан халықтың ауыртпалығын аз болса да жеңілдетуді ойластырдық. Жылдар өткен соң мұндай көмектің керегі де болмай қалуы мүмкін дегенді тағы бір қайталағым келеді. Өзіміздің мұқ­таж адамдарға болысу мүмкін­дігіне ие болғанымыз үшін мақ­танамыз. Ал, енді сондай мүмкіндік жасап, кәсіп­керлерге шынайы қолдау білдіріп, елімізді жарқын күндерге бастаған Елбасымыз барда мұндай бақытымыз еселене түсетіні анық. Аспанымыз ашық, болашағымыз берік болсын. Барыс жылы бақыт пен табыс әкелсін. Усеин КАСАНОВ, Алматы облыстық мәслихатының депутаты, кәсіпкер. Алматы облысы.