23 Маусым, 2010

АЛАКӨЗДЕЙ АТ ҚАЙДА...

846 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін
Міржақып Дулатов – 125 Орнында тапжылмайтын дәнеңе жоқ, бәрі өзгереді, түгесіледі, түлейді, түрленеді. Тек, Мір­­­­­жақыптың атпен қызметіне баратын “Еңбекші қазақ­тың” аты өзгеріп, алдымен Алматыда, кейін Астанада шығып жатқанымен, заты арыстар арманына сайма-сай екен. Гүлденген өмір жыршысы “Қай елдің баспасөзі мықты, сол елдің болашағы зор” деген Мір­жақыптың жүрек сөзіне адалдық танытып, алғы ғасырларға аманаттанып барады!..1925 жылдың саржағал күзі. Міржақыптың отбасы Қызыл­ордаға қоныс аударған. Анау-мынау емес, жаңа астана ғой. Десе де шаһар сұсы сырттан келгендерді бірден серпілте қоюы екіталай еді. Сарғайып, жел жұлмалап, түтілген жүндей аяқ астындағы қобыраған ағаш жапы­рақтары онсыз да көші-қонның аласапы­ранынан жүдеу­ленген көңілді құлазытып жі­бергендей. Қала түсі сұрқай. Еңсені қорға­сындай басады. Орынбормен жылап көрісе­тін­дей, сірә. Қырыққа бірер айдан соң толатын өзі түгілі, он жасар Гүлнәрі жаңа жерді жат­сынып, тымыраяды, қабағын ашпай қояды. Есі-дерті ескі жұртқа ауып, сәби сезіммен егіліп, күйгелектенеді. Ұйқысы да сер­гек, міне, Алакөз атын ерттеп, өзі істейтін “Еңбекші қазақ” газетінің редакциясына бару қамымен жүр еді, қасынан екі елі шықпай қойды. – Әке, түсте келемісің? –  Жоқ, жұмыс көп, шырағым. – Алакөз ашығып қалмай ма? Мені ала кетші, жем беруге жараймын ғой, – деп қиылды қызы. Осы кезде сенек жақтан Ғайнижамал шығып, бері таман сөйлей жақындады. – Әкеңнің басын қатырма, жазуы көп бүгін, – деді Гүлнәрінің қайтпас мінезін жұмсартпақ ниетпен еміреніп. – Күнде апара бере ме, ол жақта да жемші жетеді. Гүлнәр өтінішін сап тыйып, жалт берді де, жүгіре жөнелді. Ат ерттеуді жаны сүйеді. Жасынан көндік­кен ісі. Ертеректе қандай бір сапарға шығарда да үлкендер жағы: “Аттарды Міржақып ерттесін” деп сенім­ділікпен қолқа салатынын ойлап, туған Торғайы көзіне және бір сағым­данып елестеп, сағынышқа елти түссін. Сол бала күнгі машығымен тап қазір де аңсай табыс­қандай. Иесін көріп тарпынып, танаулап, бүкіл денесін дүр сіліккен теке жәуміт тұқым­дас жирен қасқа Алакөзі лезде жуасып қалды. Алты жастан енді асқан, түгі жылтыраған бестінің тұла тойы күштен жары­лардай боп көрінетін. Тырсиған сауырынан сипалап, буланған тұмсығынан бірер жеңіл қағып қойды. Жанары қандай жануардың! Мөп-мөлдір. Қарасы аз, аласы көп. Сонысына қарай атауы да келіскен сыңайлы – Алакөз! Тығыршық денесі, төгіле күлтеленген жалы, қою құйрығы мен жұмыр аяқтары бірыңғай жирен түсті. Жұрттың жаппай “нағыз жирен қасқа Алакөз” деп тамсана­тындай жөні бар. Құранды ерді қолына ұстауы мұң екен, Алакөз сауырын икемдеп, оңтайланып тұрды. Ерді арқасына лезде қондырып, оның алдыңғы, артқы қасын қос қолымен нығырлай басып, үзеңгілікті тарта жатқызды. Төс, шап айылын да жұлқи бекітіп, құйысқаны мен өмілдірігін жөндемге келтірді. Ауыздығын сылп еткізіп, күтірлете салып, жүгеннің тізгінін ат кекілінен асыра серпіп, ердің алдыңғы қасына ілді. Сол-ақ екен өзі лып етіп ат үстіне қона кетсін. Иіле еңкейіп, көз ашымда сөреде тұрған дорбаны баса мытты. Түскі тамағы да... “Еңбекші қазақтың” редакциясы әудем жерде, шамасы 5-6 шақырым. Міржақыптың Қызылордада көшін түсіргені Ерғали Қасымов төренің үйі бола­тын. Садовая көшесіндегі 7 үй еді (кейін Сели­верстов, 17. Қазіргі атауы бей­мәлім – Қ.Ә.). Екі бөлік үйдің бір жағында А.Бай­тұрсыновтың отбасы тұрады. Жақаң көр­шілес, асыл ағасы Ахаңның қаңтарулы тұратын фаэтоны көзіне шалынбағасын, “Бүгін жұмы­­сына өте ерте кеткен-ау, шамасы”, – деп болжады. Редакцияға үнемі атпен бара бермейтін. Жаң­бырлы, лайсаң күндері ғана Алакөзіне ер салады. Бүгінгі күн райын терезеден байқап, салтқа бекінген. Кейде жауын-шашын тұтасып, 2-3 күнге созыларын байқағанда, Ахаң: “Маған ілесе салсайшы”, деп күймесіне отырғыза кететін. Алакөздің бір артықшылығы – су төгілмес жорға болатын. Оның “биі” бойды балбы­ратып, ой тербегенде, нағыз жұмаққа сай боп елестер. Қай-қайдағыны есіне елеп түсірер. Міржақып затында жеңіл-желпі, ұшпа ой ойлаудан аулақ қой. Жазғанын саралайды, ек­шейді. Нәтижесі қандай? Пайдасы қанша­лық­ты? Жазбағын байыптайды. Халқының көзін аша алар ма? Заман ағысы сырын дөп басар ма? Сондай кілтипандардың кілтін тауып көрсе ше? Қолында, шүкір, біршама тетік бар. Соның қыбын тауып кәдеге жаратса. Газет мінбері халықпен тілдесудің таптырмас құралы. Тек оңтайлы пайдалана біл. Және де газет редак­торының стилистика жөніндегі орынбасары болудың өзі, жазғанын ізін суытпай жариялатып жіберуге демесін еді. Жорғамен тербетіліп келе жатып Міржақып “Қазақ тілін жүргізетін комиссияның құлағына алтын сырға” деген ащы кекесінге толы мақа­ласын ой елегінен өткізді. “Жеріне жеткізіп жазыпсың”, деп ризашылық білдіргендер хатты қарша боратсын кейін. Тақырыбы – әркімнің көкейін тесетін нәубат­пен тең еді. Қазақ тілі мемлекет тілі болғаны­мен заң-закон, бұйрық-жарлықтың, кеңсе істерінің бәрін қазақшаға айналдырамыз деген талпыныстан дәнеңе өнбегеніне, биліктің нақты бір құжатының қазақша аудармасын талдап, көздерін жеткізе отырып, күй­рете соққы берген-тін. Түйіні де жанды қариды: “Қа­з­ақ тілін жүргізетін комиссия болсын, өзге ме­кемелер болсын, мұндай сорақы іске көзінің қырын салмаса, әрі-беріден соң, “қазақшаң мынау болса, орыс болып-ақ кетелік” деушілер табылмай ма? Сонда не бетімізді айтамыз?” Енді осы мақала­сынан бірдеңе шығар ма екен деп, дүдәмаланып келе жатқаны. Үдей түскен жауын Міржақыптың брезент жамыл­ғысын сулап тастады. Іле сергіп Алакөзді тебініп қалды. Әне, редакция төбесі де қылт етті. Қазір аттан түсе салысымен үстеліне қонжиып, бұрын бастап қойған “Газет тілі оңды болсын” деген мақаласын бітіріп тастамақ. Түрлі басылымдарға жасалған шолу еді. Нүктесін былай қойса қайтер еді: “Осы кезде газеттің бір нөміріндегі бір сөздің өзі 2-3 түрлі жазылады. Мұны оқыған шала сауаттылар адасып қалады, қайсысы дұрыс екенін білмейді. Бұл жағы да ескерілсін. Өте-мөте газеттің тілі оңды болсын”,– десе ше? Мә­се­ленің мәнісіне дөп тиер ме?.. Ойға алған шаруасы шашетек­тен. Үлгерсе екен. Қайран, жау­таң­көз қазағының қамы үшін басын қайда тікпеген. “Міне, мойыным, шап, шап, ұлтым үшін жан пида!” деп әлденеге анттаса бекініп, сулан­ған киімі­нен денесі тітіркене бастағанда, Алакөз кілт тоқтаған... Кейде бір көңілінің хошы түскенде Мір­жақып, жазуын ысырып тастап, осы Қызыл­ор­даға келгелі бергі мініске пай­даланған атта­рын ойша тізбелеп, әрқайсысының қайталанбас қасиеттерін қызықтап, шар­шаңқы миын жел­пінтіп ала­тын... Сүттей аппақ, ақалтеке тұқымды боз арғымағы болды. Оған тақымы тигенде, бал дәурен кешетіндей еді-ау! Ауада қалқитын. Қаншама жазбақ дүниесін соның үстінде теңселіп отырып ойластырған. Үзеңгіге аяқ салды болды, сезімге сиқырлап тастайды пәтшағар. Тізгінді жіберіп жосытып алғанда, көкке төбесі бір елі жетпейтіндей. Сол бозын үйіне қонақтап келген құдасы Жүсіп қажыға қа­зақы салт бойынша бұйымтайын айтқанда, қай­тіп көзі қиып, ер-тұрманымен жетектете салғанына әлі күнге таң-тамаша қалады өзі. Әй, боз десе, боз еді. Сұлы мен жоңышқаға бай­лап ұстағанда, түгі жылтырап, қараған көзді сұқтандыратын. Адам “танитындай” еді өзі. Бір жолы Мұстафа Көшековті (“Адасқандар” романындағы Бәтеске таласып, Бүркіттің қолынан қаза табатын Мұстафа – Қ.Ә.) аулада тістелей қуып, зәре-құтын қашырған. “Қызға таласқандарға наразылық білдіргені-ау, жануардың”, – деп қағытқан оны сонда. Атқа үйірсектік қазақ қанын қыз-қыз қайнатады. Сол қазағыңның бірегейі болар-ау, бәлкім, Міржақып... Есіне 1928 жылдың тамызы түсті. Салт атпен, жирен қасқасымен, Меркеден әдейілеп Алматыға барып, сырқаты асқынып, әзер тыныстап жатқан үзеңгілес, алаш қайраткері Сейілбек Жанайдаровтың көңілін сұрауы, қазір ойласа, төбе шашын тік тұрғызады. Суыт жүруі керек болды. Жүрді. Жанына серік алмай, желдей желгені бар. Құс мылтығын ғана асынып алған. Дос көңілдің қарызы үшін парызын өтеткен сол бір жирен қасқасының тұмсығынан дәл қазір бір иіскер ме еді. Ұйыққа ұялап өлді ғой... Дүние жалған десейші, Алакөзіне ат жетер ме? Ешқайсысын теңестірмейді. Оған мініп аңға шыққанда ескі мылтығын жүдә асын­байды. Әдейілеп, қаламақысынан қиқымдап жинап, “Зауэр” фирмасынан шыққан аса қымбат қосауыз мылтық сатып алған. Соны кәделейді. Атына бипаздана қонжиып, қоңыр түстес, тықыр жүнді, құйрығын келте етіп шорт кескен Гибсон итін соңынан ертіп аң аулаған сәті ұмытылар ма? Дана есімді итімен құс атуға шыққанда ше? Алакөздің құс тістеген жүйріктігіне сондайда тәнті болатын. Сол жанына жақын Алакөзі өзі 1928 жылдың желтоқсанында “Еңбекші қазақтың” босағасында жүріп тұтқындалғанда, ат қорада жәудіреп, қос жанары боталап қалған-тын... Боранды түн еді. Ызғырық жел өңменді суырып тұрған. Қара киімді сұсты үшеу үйді тінткілеп, Міржақыпты әкетуге ыңғайланды. “Ғайнижамал, қош, қош енді, Гүл­нәріме қара!” деп, оның білініп қалған ішіне еріксіз назар сала, іштей аймалап, өзіне қарай ытқырына, мысықша атылған қызын көтеріп алып бауырына қысып, бетінен құшырлана ысқылай сүйген. Мейірі қанбай шөпілдеткен. “Алаш аманатын сендерге жүктедім” дегендей, соңғы бір лебізін айтпаққа бекініп еді, кенеше қадалған қаныпезерлер тұқырта тартып, қолын бұрап желкелей шығарды есіктен. Тас боп бекінген Міржақыптың ендігі бір дәмесі Ала­көзін көріп қалу еді. Оған да мұрша бермеді. Мой­нын ат қораға бұрған. Иесі көзіне шалын­­баса да, иісін сезді ме, Алакөзі оқыс осқыры­нып, оқыранған. Міржақыптың көзінен жас ытқып кеткен... Әйелі мен баласынан тірідей айырылып бара жатқанда, дініне қатып, мел­шиіп, мына өлі жәутіктерге осалдық таныт­пауға тырысқанымен, қос тірегі мен Алакөзіне деген қимастығы көкірегін енді тілгілеп, өңешін суырғандай сұрапыл күй кешті... Міржақып түрмеден жазған бір хатында Ғайни­жамалға: “Қаусап, қиналып қалғанда­рыңды сеземін. Киіз үйді, мылтығымды сатың­дар”,– депті. Ала­көзіне аузы батпаған. Көн­терлі Ғайнижамал қанша титықтап, тарықса да Алакөздің жалынан бейсауат ешкімге ұстат­паған. Бір түні қолындағы қайнысы Шайланға мінгізіп, Торғай асырып жібер­ген... Шай­лан Алакөзді Міржақыптың көзі етіп, үш жыл бағады. Ашаршылық қысқан соң амалсыз сойысқа түсірген. Бірақ бір жапырақ етін аузына салып, талға­маған. Бір ғажабы, өмірден өткенінше Алакөз түстес жирен қасқа жылқы сойыла қалса, кімнің де болсын дастарқанын аттап жүре берген екен, жарықтық. ... 1991 жылы Ахаң, Жақаң ақталуына арналып Торғайда өткен тойда шабысы ерен жирен қасқа бас бәйгені алыпты... Бөріктерін аспанға атқан тойшыл дүрмек: “Беу, мынау Міржақыптың Алакөзіне ұқсап туған жүйрік екен”, деп таңдай қағысыпты. Орнында тапжылмайтын дәнеңе жоқ, бәрі өзгереді, түгесіледі, түлейді, түрленеді. Тек, Мір­­­­­жақыптың атпен қызметіне баратын “Еңбекші қазақ­тың” аты өзгеріп, алдымен Алматыда, кейін Астанада шығып жатқанымен, заты арыстар арманына сайма-сай екен. Гүлденген өмір жыршысы “Қай елдің баспасөзі мықты, сол елдің болашағы зор” деген Мір­жақыптың жүрек сөзіне адалдық танытып, алғы ғасырларға аманаттанып барады!.. Ел газеті “Егемен Қазақстанның” тоқсан жыл­дығында Елбасы да разылық танытып, тәуелсіз мем­лекетімізге жасап жатқан қызметін тәуір бағалады. ...Елбасының тікелей қолдауымен салынған “Егемен Қазақстанның” сегіз қабат ғима­ратының алдында қаңтарылған көп көліктің ішінен Алакөз көрініп қалатындай елең ете түсетіні несі екен, көңіл-дөненнің! ... Алакөздей ат қайда! Қайсар ӘЛІМ.