Қазақ – жанама ат қоюға да шебер халық. Әсіресе, өзі сүйген ерге дереу еркелетіп ат берген. Нұрмағанбет те – сондай елі сүйген ерлердің бірі. Оның үстіне, бала кезінде қолын күйдіріп алған. Оны өз өлеңінде:
«Баласы Баймырзаның Балуан Шолақ,
Оң қолым отқа күйіп болдым олақ», –
деп ағынан жарылады. Сондықтан да оны жақсы көрген жамағат «Балуан Шолақ» деп атаған.
Әкесі Баймырза ағаштан түрлі бұйым жасаған шебер ұста болыпты. Ал анасы Қалампыр анау-мынау еркекке бой бермейтін қарулы кісі болса керек. «Алып анадан туады» деген осы. Балуан Шолақ анасына тартып, алып денелі, қимыл-қозғалысы ширақ, сөзге шешен, өнерге бір табан жақын болып өседі. Бала кезінен күресті меңгеріп, шауып бара жатқан ат үстінде түрлі жаттығуды шебер орындаған. Ат үстінде тігінен немесе басымен тұруы, шауып келе жатып, аттың бауырынан өтуі, аяғын үзеңгіге қыстырып, жатып шабуы, 51 пұт (816 кило) кірдің тасын қиналмай көтеруі – елді таңырқатады. Сөйтіп, дүйім халық пен елдің сүйіспеншілігіне бөленеді. 1899 жылы орыс кәсіби балуаны Иван Кореньмен күресіп, оның қабырғасын сындырған кезде, Балуан Шолақ орда бұзар отыздың бесеуінде екен. Бұл оқиғаны ақынның өзі былайша сипаттайды:
«Бұл күнде отыз бесте менің жасым,
Қамалдың бұзып жүрмін тау мен тасын.
Кешегі сентябрьдің базарында,
Көтердім елу бір пұт кірдің тасын».
Оның үстіне, Балуан Шолақ бала кезінен ойын-сауық пен той-думанға һәм ән-күйге өте құмар болып өседі. Сондай жиындардың бірінде өзі де «әу» деуден бас тартпайды. Өзі ұстаз тұтқан арқаның арқалы да ақиық ақындары Біржан сал мен Ақан сері әндерін өте жоғары деңгейде орындап, олардың шығармаларын ел ішінде кеңінен насихаттайды. Ұстаздарының әншілік һәм композиторлық дәстүрін берік ұстанып, оларға еліктеп өзі де ән шығарады. Сөйтіп қос өнерді қатар игереді. Келе-келе жалғыз-жарым жүрмей, жанына кіл өнерпаз жастарды жинап, сал-серілік құрады. Бұл – Балуан Шолақтың салт-дәстүріне, өмір салтына айналады.
«Мен – Шолақ, он сегізде өнер тапқан,
Үкілеп Ақбоз атқа тұмар таққан.
Басымда – пұшпақ бөрік, шекемде – үкі,
Үстіме кидім жібек шымқай ақтан», –
деп әндететіні – осы кезең.
Шынында да оның өнеріне ел-жұрт тәнті болады. Соның арқасында ол елге, халыққа тез танылады. Атағы Алты Алашқа тарайды. Көзі тірісінде-ақ аңыз адамға айналып, марапат пен мадақтан кенде қалмайды. Біздің бұл сөзімізді ақынның мына өлеңі қолдап-қуаттай түседі:
«Бөгеті жоқ маған жау қамалының,
Дүниенің бір ерке қонағымын.
«Сүйіктім» деп ардақтап, еркелеткен,
Мен – халқымның Балуан Шолағымын».
Жалпы, Балуан Шолақ – қазақтың әншілік өнерінің қарыштап дамуына сүбелі үлес қосқан композитор. Ол Көкшетау, Қарқаралы, Қараөткел, Сарысу, Баянауыл, Семей өңірінде болып, өнер көрсеткен. Тіпті арқаның әндерін Жетісуға дейін жеткізеді. Осы сапарында Кенен Әзірбаев Балуан Шолақтың көптеген әнін үйреніп, халыққа таратады.
Сегіз қырлы, бір сырлы өнерпаздың «Ащылы айырық», «Балуан Шолақ», «Желдірме», «Дікілдек», «Көкшетау», «Қосалқа», «Қос барабан», «Қос перне», «Құлан кісінес», «Кенже қоңыр», «Сарын», «Ыңғайтөк», «Қызыл асық», «Шапибаяу», «Сұрша қыз», «Екі жирен», «Наз», тағы басқа әндері бар. Оның халық арасына кеңінен тараған әндері – «Ғалия» мен «Сентябрь». «Ғалия» – мөлдір махаббатты жырлаған ғашықтық лирикасы. Бұл ән туралы академик Ахмет Жұбанов: «Ғалия» әні – әннің төресі. Үлкен жүректен, шын сезіммен шыққан ән. Бастаған жерден-ақ асқан ынтықтық бары сезіледі... Бірақ бабына келтіріп орындау – көрінгеннің қолынан келе бермейді» деп жазады өзінің «Замана бұлбұлдары» атты еңбегінде.
Ал Борис Ерзакович: «Балуан Шолақ әндері мені еркекке лайық өзіндік әуенді-ырғағымен, күрделі ритмикалық әуезімен және поэтикалық өлеңнің қуаты әрі батырға тән рухымен баурап алған-ды», деп әділ бағасын береді.
1963 жылы шыққан «ХХ ғасыр басындағы қазақ ақындарының шығармалар жинағында» жарияланған бұл өлең ел ішіне əн мəтіні ретінде кең таралған, тек оның үшінші шумағындағы алғашқы жолы «Айдың көзін жалт етіп бұлт алсын» деп келеді, сондай-ақ əн қайырмамен айтылады. Жалпы, бұл әннің 6 нұсқасы бар.
«Айым да – сен, Ғалия-ау, күнім де – сен,
Оң қабағым тартады күлімдесең.
Менің көңілім, Ғалия, дауалансын,
Ауған түйе секілді бейімдесең.
Қайырмасы:
Ойпыр-ау, жан сəулем,
Ғалия-ау, бетіңнен,
Əппақ қардай етіңнен.
Бір күн ауру, бір күн сау,
Жазылдың ба дертіңнен?
Нұр сипатың, Ғалия, жамалыңыз,
Ешбір жанға тимесін залалымыз.
Қаршыға төс, қаз мойын Ғалияжан,
Əлдеқандай болады заманымыз?
Айдың көзін, Ғалия, бұлыт алсын,
Бүйте берсең, жүйкемді құрытарсың.
Қаршыға төс, қаз мойын Ғалияжан,
Қай қылығын қалқаның ұмытарсың?»
Ақтаңгер ақын, көрнекті композитордың өмірі мен шығармашылығы туралы ең алғаш академик-жазушы Сәбит Мұқанов «Балуан Шолақ» атты роман жазады. Ол туынды «Әдебиет және искусство» журналында жарияланады. Ал 1942 жылы жеке кітап болып басылып шығады. Белгілі жазушы-драматург Дулат Исабековтің М. Әуезов атындағы академиялық драма театрында сахналанған «Жаужүрек» пьесасының бас кейіпкері де осы Балуан Шолақ. Сөйтіп, қазақ әдебиетінде Балуан Шолақ бейнесі жасалды. Бұл екі туынды да көкірек көзі ояу, талғамы зор өнерсүйер қауымның көңілінен шықты. Сондықтан да Сәбит Мұқановтың шығармасы бірнеше дүркін қайта басылды. Ал Дулат Исабековтің қойылымы әлі сахнадан түскен жоқ. Сонымен бірге Әнес Сарай мен Серік Тұрғынбековтің де шығармаларына арқау болады. Дегенмен Балуан Шолақтың ел білмейтін қырларын әлі де болса аша түсуіміз қажет. Әсіресе оның өмірінің соңғы кезеңі жете зерттелмей келеді. Осы орайда туған өлкесінде қуғын көрген Балуан Шолақтың біраз уақыт бой тасалауға мәжбүр болғанын айта кеткеніміз орынды. Сол бір ауыр кезеңде арғы аталары мекендеген Жетісу өлкесіне сапар шегеді. Басына түскен ол ауырпалықты ақын былайша өрнектейді:
«Мен өзім аққан судай тасып жүрмін,
Кеудесін дұшпандардың басып жүрмін.
Жаласы сексен өгіз маған ауып,
Ұлықтан сол себепті қашып жүрмін».
Осы сапар туралы белгілі ақын Аян Нысаналиннің «Балуан Шолақ» атты мақаласынан мына үзіндіні келтіре кеткенді жөн көрдік. «Балуан Шолақ туысқандары – Сәмбеттер үш жерге қоныстанған екен. Бірі – Шу бойында қырғыз елімен шектесетін жерлерде, екінші, үшіншісі – Алматыдан төменгі Күрті бойындағы Ақши, Іле бойында Байсерке деген жерде екен. Ал Балуан Шолақ бабалары Есентайдың төрт ұлы Арқаға Шу бойынан ауған екен» деп жазды сатира сардары Балғабек Қыдырбекұлы Баймырза баласының өнерден олжа салып, Жетісу жазирасын аралап жүрген сәттерін суреттеп. «Көкшіл буы көтеріліп, майдай еріп тұрған мамыр айында Қаратауды тегіс аралап, Бәйдібек бабаның, Домалақ ананың зираттарына зиярат еткен. Қаратаудың қойыны Балуанға ұнаған. Бауыры бұлақ, қойнауы толы мал, қазақ халқының бесігі Қаратау оны бір сәт толқытпай қоймаған. Елдің пейіл-берекесі, қаймағы бұзылмаған, қабырғасы сөгілмеген қазақ елінің жиі отырып, күнде дырду, тамашаның болып жатқаны оның қам көңіліндегі қара бұлтты бір сейілтіп тастағандай еді».
Бұл сапарда Балуан Шолақты қозыкөш жерден Кенен Әзірбаев бастаған өрімдей жауқазын жігіттер мен сәукелесі сәнді қыз-келіншектер салтанатпен қарсы алыпты. Алайда ел махаббаты қаншама ұшан-теңіз болғанымен, ол Сарыарқаны кәдімгідей сағынды. Алыстағы ағайындарын сағалап, үш жылдан аса жүріп қалыпты. Атажұртына ыстық ықыласы, сезім сүйіспеншілігі мен ағыл-тегіл алғысы ән таза бұлағындай ақтарылды.
«Шапырашты аман бол, Дулат, Ысты,
Ән салмасам әредік ішім пысты.
Қалдым, міне, айығып келіп едім,
Қапа билеп алған соң ішті-тысты.
Сарыүйсін аман бол, Албан, Суан,
Бұл жерде де ұлығың шықты жуан.
Қимасам да кетейін, жылыстайын,
Тұрғанында шақыртпай жиын-дуан.
Бейқұтшылық жалпақ ел, момын Үйсін,
Ерке сүйсе, ер сүйсе Үйсін сүйсін.
Арқа тірер бар қазақ Алатауға,
Тіремесін дегеннің іші күйсін!»
Бәрібір аз айт, көп айт. «Жоққа жүйрік жетпейді». Балуан Шолақ бізге аңыздан келіп, аңызға кетіп барады.
Сондай-ақ Балуан Шолақтың өлімі һәм қайда және қалай жерленгені туралы да түрлі әңгіме бар. Солардың ақиқатқа жақындауы – Естай Мырзахметовтің жазбасы. Олардың бәрін електен өткізіп, бір жүйеге келтіріп, ғылыми айналымға енгізетін күн жетті.
«Атандым Балуан Шолақ бала күннен,
Ту ұстап, ерлік етіп, тұлпар мінген.
Ешкімге опасы жоқ жалған дүние,
Өттің ғой талай-талай кемеңгерден.
Өлімнен құтылу жоқ батыр болып,
Сөзге шешен, әнге жүйрік, ақын болып.
Барамын алыс сапар қайтып келмес,
Қалыңдар елім-жұртым бақұл болып.
Көп сәлем жақсыларға болған сырлас,
Дәурені жігіттіктің қолда тұрмас.
Көз көріп, заманымда бірге жүрген,
Жүріңдер дұға қылып құрбы-құрдас».
Бұл – Балуан Шолақтың елмен қоштасу өлеңі. Оны біз Макинка қаласының тұрғыны, зейнеткер-ұстаз Ақшатай Изахметованың мақаласынан алдық.
Жазушы Бейбіт Қойшыбаевтың дерегіне сүйенсек, Балуан Шолақ пен Қаныкейдің он сегіз ұл-қызы болыпты. Солардан Исажар мен Құдайберген жəне қызы Бəтен үшеуі қалған көрінеді. Əкесінің күш-қуаты мен ақындық өнері Бəтен қызға дарыған сыңайлы. Сол Бәтен ұзатылып бара жатқанда әкесіне былайша мұң шағады:
«Үш жүзге атың шыққан Тәтем едің,
Базарда пұлың қымбат сәтен едің.
Жылатып мені қалай қиып бердің,
Ортаңда ерке елік – Бәтен едім».
Бұл өлең – жоғарыда айтқан сөзіміздің айғағы.
Балуан Шолақтың ұрпақтары қазір өзі туып-өскен өңірде өріс кеңейтіп келеді. Осы шығарманы жазу барысында ұлы тұлға туралы көп іздендік. Сонда белгілі журналист-публицист Жанболат Аупбаевтың Балуан Шолақтың ұрпақтары мен келіні Ғазиза Мәтенқызымен болған әңгімесіне көзіміз түсті. Сол сұхбаттан Ғазиза анамыздың 12 құрсақ көтергенін, олардың бесеуі күні кешеге дейін дін-аман болғанын білдік. Олар – Хайролла, Шайдолла, Хамидолла, Есенбай және кенже қызы – Асыл. Бұл – 1999 жылғы дерек. Одан кейін де 20 жылдай уақыт өтті. Қазір сол ұлдарының бірі – Шайдолла Құдайбергенұлы Шолақов – Ақмола облысы Макинск қаласының әкімі.
Белгілі музыка зерттеушісі А.В.Затаевич ел аузынан көрнекті композитордың бірнеше әнін жазып алып, оны «Қазақ халқының 1000 әні», «Қазақтың 500 әні мен күйі» жинақтарына енгізді. Араға отыз жылдай уақыт салып, қазақ өнерінің жанашыры Б.Г.Ерзакович оның тағы да он екі әнін халық ақыны Кенен Әзірбаевтың орындауында нотаға түсіреді. Музыкатанушы ғалым Зейнұр Қоспақов та көрнекті композитордың әндерін түгендеуде ерен еңбек етті.
Балуан Шолақтың әндерін Жүсіпбек Елебеков, Елубай Өмірзақов, Мағауия Көшкінбаев, Молдахмет Тырбиев, Мұса Асайынов, Игібай Әлібаев, Қосымжан Бабақов, Тұрғын Шынтеміров, Нұғыман Әбішев, Мұхтар Өтебаев, Жәнібек Кәрменов, Қайрат Байбосынов тағы басқа әншілер шебер орындап, бүгінгі күнге дейін жеткізді.
Өмірі өнегеге толы өнерпаздың есімі – мәңгі ел жадында. Өзі туып-өскен аудан мен аймақтағы, сондай-ақ еліміздің барлық өңірінде мектеп пен көше, колледж бен өнер және спорт ордаларының аттары ақын есімімен аталады. Батырдың 150 жылдық мерейтойы қарсаңында бейітінің басына биіктігі 16 метрлік мемориалдық ескерткіш орнатылды. Жамбыл облысы Шу ауданының Төле би ауылында, Ақмола облысының Макинск қаласында ескерткіш ашылды. Астана мен Көкшетау қалаларын жалғап жатқан үлкен күре жолдың бойына еңселі ескерткіш қойылған. Алматыда Балуан Шолақ атындағы спорт сарайы бар. Ол туралы көркем фильм түсірілді. Өнер зерттеушісі Серік Оспан мен Балжан Хабдина екеуі «Балуан Шолақ» атты екі бөлек кітап құрастырып шығарды. Бұл жинақтарда Балуан Шолақтың мәдени мұрасы, сондай-ақ Сәбит Мұқанов, Кенен Әзірбаев, Қалмақан Әбдіқадыров, Ахмет Жұбанов, Борис Ерзакович, Естай Мырзахметов, Зейнұр Қоспақов, Жайық Бектұров, Балғабек Қыдырбекұлының естеліктері мен зерттеу еңбектері топтастырылған. Екінші жинақтың алғысөзін тарих ғылымдарының кандидаты, жазушы Бейбіт Қойшыбаев жазған. Бұдан бөлек, қаншама мақала мен ғылыми еңбек жазылды. Олардың басын қосып, жеке жинақ етіп шығару – алдағы уақыттың еншісінде.
Балуан Шолақ Баймырзаұлы 1919 жылы өзінің өскен өңірі Өзектісайда дүние салады.
Ермахан Шайхыұлы,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері