
Саммитке Қазақстан, Ресей, Өзбекстан, Моңғолия, Қырғызстан, мемлекеттеріндегі жасыл партиялардың жетекшілері мен табиғат жанашырлары жиналды. Олар апатқа ұшыраған Арал аумағын оңалту, трансшекаралық өзендердің су қорын тиімді пайдалану, су үнемдеу технологияларын кеңінен қолдану, климаттық өзгерістерге төтеп беру тақырыптарын талқылап, экологиялық мәселелерді бірлесе шешудің жолдарын саралады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биыл Бакудегі Дүниежүзілік климат саммитінде Арал теңізін құтқару үшін нақты іс-шаралар қабылданып жатқанын айтқан еді. Климаттық өзгерістерге төтеп беру, апатқа ұшыраған Арал аумағын оңалту, трансшекаралық өзендердің су қорын тиімді пайдалану, су үнемдеу технологияларын кеңінен қолдану – жүгі ауыр болғанымен маңызы зор жұмыс. Саммитте күн тәртібіндегі экологиялық мәселелерді шешу жолдары және солардың түйінін тарқатудағы жасылдар партияларының рөлі сараланып отыр. Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» акциясының ықпалы да талқы тақырыбына айналды.
Бүгінде «Байтақ» жасылдар партиясы Аралмен қоса басқа да өңірлерді көгалдандыру жобаларын іске асырып келеді. Сондай-ақ ағынды және ластанған суларды тазарту мен қайта пайдалануда жаңа технологияларды енгізуге ықпал етіп отыр. Саммиттің ашылуында «Байтақ» партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаев Орталық Азиядағы су қауіпсіздігіне қатысты ахуалды және Қазақстан гидросферасын сақтауға қосқан үлесі туралы баяндады.
«БҰҰ мәліметінше, 2050 жылға қарай Орталық Азия халқының саны 90 млн адамға таяғанда су тапшылығы 25-30 пайызға жетуі мүмкін. Сонымен қатар егіншілікке пайдаланатын су ресурстарына қажеттілік 2030 жылға дейін 30 пайызға артуы ықтимал. Бұл экономикалық көрсеткіштер мен азаматтардың табыс деңгейіне де кері әсерін тигізеді. Су тапшылығы мәселесі аймақта қақтығыстар мен тұрақсыздық қаупін, әсіресе сыртқы күштердің араласу қаупін туындатады. Қазір Орталық Азия елдері арасында су және климаттың өзгеруі мәселелерінде бірлескен ынтымақтастықты және өңірлік интеграцияны белсендіру қажеттілігі туындап отыр. Бұл ретте аймақтағы елдер серіктестік пен тату көршілік жолын ұстануға тиіс», деді партия төрағасы.
Саммитте Қырғызстан Жасылдар партиясының төрағасы Еркін Бөлекбаев аймақ республикалары үшін экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету ұлттық қауіпсіздіктің құрамдас бөлігі ретінде өзекті мәселе екенін айтты.
«Қырғызстан Жасылдар партиясы экологиялық мәселелердің салдары экожүйелер мен халық денсаулығына қазірдің өзінде әсер етіп жатқанына алаңдайды. Мемлекеттің экологияға жауапты органдары өзіне жүктелген міндеттерді орындай алмай отырғаны жасырын емес. Табиғатты қорғау қызметінің жекелеген бағыттары мүлдем іске аспай жатқанын, олқылықтардың көп екенін сарапшылар айтудай-ақ айтып келеді. Қырғызстан су ресурстарын тұрақты басқару және климаттың өзгеруіне бейімделу үшін инновациялық технологиялар мен халықаралық ынтымақтастықты пайдалану мүмкіндіктеріне ие. Су мәселелері бойынша өзара әрекеттестік Орталық Азия елдерінің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін ерекше маңызды», деді Е.Бөлекбаев.
Спикердің пікірінше, бүгінде Қырғызстанда қоршаған ортаны қорғау тек коммерциялық мүдделер мен баюды көздейтіндердің қысымына төтеп бере алмай келеді. Адам факторы мұздықтардың еруіне әкеліп, ерекше алаңдаушылық туғызып отыр. Болжамдарға сәйкес, 2025 жылға қарай Қырғызстандағы мұздықтардың ауданы орта есеппен 30-40% азаюы мүмкін. Қазірдің өзінде шамамен 604 мың қырғызға ауызсу тапшылығы сезіледі.
Ресейдің экологиялық «Жасылдар» партиясының тең төрайымы Александра Кудзагова табиғатта болып жатқан ауқымды үдерістер мен өзгерістерді халыққа жеткізуде «жасыл» партиялардың рөлі зор екенін жеткізді. Оның айтуынша, су тасқыны сияқты табиғи апаттар 50 жылға жетпей қайталанып отырады. Ал кейіннен бұл құбылыс қалыпты жағдайға айналуы мүмкін. Бұл ретте «Жасыл» партиялар ғылыми ақпаратты халыққа түсіндіретін, апаттардың алдын алуға көмектесетін маңызды құрал болуға тиіс.
«Росгидрометтің мәліметінше, Қазақстанмен шектесетін Ресей облыстарында жазда жауын-шашын мөлшері азаяды. Қалмақия, Астрахан, Волгоград, Дағыстанда шөл және жартылай шөл аудандарының аумағы жыл сайын 500 шаршы километрге ұлғайып барады. Біздің ойымызша, Орталық Азияда КСРО-дан мұраға қалған гидротехникалық жүйені кеңейту жұмыстарын дереу бастау қажет. Бұл жүйе қазіргі және болашақ климаттық жағдайларға бейімделмеген. Жаңа су қоймаларын және осы су қоймаларын байланыстыратын жаңа каналдар салу қажет», дейді А.Кудзагова.
Ал Моңғолияның «Азаматтық ерік» Жасыл партиясы («Иргэний зориг Ногоон нам») төрағасының орынбасары Тогоочийн Бат-Эрдэнэ «Жасыл синергия: өңірлік экологиялық мәселелерді шешу және ынтымақтастық мүмкіндіктері» тақырыбында баяндама оқыды. Ол Арал тағдыры ғаламдық мәселе екенін, салдары бірнеше елге әсер ететінін, Моңғолия аумағының 5 пайызы қазірдің өзінде шөлге айналып бара жатқанын жеткізді.
«Қазір Моңғолия халқының жартысы Ұланбатырда тұрады. Олардың басым көбі үйлерін көмір арқылы жылытады. Бұл қаланың ауасын қатты ластап отыр. Ал денсаулық сақтау ұйымдары жергілікті тұрғындардың денсаулығы барған сайын нашарлай түскенін көбірек ескертеді. Ауаның ластануы Моңғолияда ғана емес, әлемнің көптеген елінде байқалады. Халықаралық қауымдастық көрсеткен мәліметке сенсек, жыл сайын 7 млн адам ауаның ластануынан болатын аурулардан көз жұмады екен. Осы ретте біз осындағы «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын жоғары бағаладық», дейді Т.Бат-Эрдэнэ.
Ол тіпті бұл экологиялық акциясын Моңғолияда жалғастыруды «Азаматтық ерік» Жасыл партиясы бағдарламасына енгізетін де айтып қалды.
Бұдан кейін Өзбекстан экологиялық партиясы атынан партияның Орталық кеңесі Атқарушы комитетінің жетекшісі Комилжон Жураев сөз сөйледі. Ол ауаның ластануын болдырмау, биологиялық әртүрліліктің қысқаруын азайту және климаттың өзгеруіне бейімделуде ауқымды жұмыстарға белсенді араласып отырғанын айтты.
«Бүгін I жасыл партиялар саммиті аясында біз қатысушыларды экологиялық апаттардың алдын алу үшін біріккен күш-жігерді қолдауға шақырамыз. Арал апаты, оның салдарын біз, Өзбекстан жақсы білеміз. Бұл – баршамызға сабақ болуы керек. Тек бірлескен әрекеттер арқылы біз климаттық өзгерістердің салдарын жеңілдетіп, биологиялық әртүрлілікті сақтай аламыз. Біздің ойымызша, Өзбекстан экологиялық партия-
сы болашақтың жасыл дамуға тиесілі екеніне сенеді. Жасыл даму бейбітшілікті нығайтады, үйлесімділікті қамтамасыз етеді және барлық халықтың гүлденуі үшін тұрақты негіз қалайды. Мақсатымыз ортақ болған соң табиғат, бейбітшілік және болашақ үшін біріккеніміз абзал», деген К.Жураев.
Саммиттің қорытындысында спикерлер «ARAL-2024» жасыл партиялардың I саммиті экологиялық мәселелердің ауқымын түсініп қана қоймай, бірлескен тиімді ынтымақтастық үшін платформа құруға арналғанын айтты. Спикерлер Орта Азия халықтары күш біріктірсе, климаттық сын-қатерлерді шешуге, экожүйелерді нығайтуға және табиғи байлықты сақтауға болатынын жақсы түсініп отыр.
Саммит барысында Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Моңғолия жасыл партиялары арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Тараптар табиғатты қорғау бағытындағы іс-шараларды өткізумен қатар қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды пайдалану саласында тәжірибе мен білім алмасу жөнінде келісімге келді.
ТҮРКІСТАН