Жасампаздық жолдауы
Оларға қол жеткізу жолында “Нұр Отан” партиясының мүшелеріне үлкен үміт, мәртебелі міндет жүктеліп отыр
Елбасымыз “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты Жолдауында “Қазақстан-2030” Стратегиялық бағдарламасына негізделген бірінші онжылдықта атқарылған жұмыстарды тұжырымдап, алдағы онжылдықтағы міндеттерді айқындап берді.
Бірінші онжылдықта алға қойған мақсаттарды орындау оңайға түскен жоқ. Әлемдік қаржы дағдарысы өз әсерін тигізді. Бірақ Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Үкіметке тапсырма беріп, жедел қолға алынған іс-шаралардың арқасында дағдарыстың салдары бізге ауыр соққан жоқ. Экономикасы қарқындап алға басқан мемлекеттер қатарында дамудың жоғары деңгейіне көтерілдік. Бәрін дұрыс жоспарлап, сауатты іске асырғандықтан, біздің дамуымыз сәтті болды, дамудың даңғыл жолына түстік. Бұған үстіміздегі жылдың алғашқы 5 айында өсім көрсеткішінің 8,3 пайызды құрағаны айқын дәлел бола алады.
Өз табыстарымен дүние жүзіне оң қырынан танылып отырған Қазақстанның әлеуеті артып, экономикасы көтеріліп, дамыған мемлекет басшыларының, белгілі саясаткерлердің, қоғамдық ұйымдар мен діни конфессия жетекшілерінің лайықты бағасын алып, жоғары халықаралық беделге ие болып отырмыз. Сондықтан Қазақстанға ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету мәртебелі миссиясы сеніп тапсырылды.
Елбасы алдағы онжылдық осындай тарихи оқиғалармен басталғанын, осы кезеңде экономиканың өрлеуін қамтамасыз етіп, жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізу керек екенін атап көрсетті.
Біз 1997 жылы қабылданған “Қазақстан-2030” Стратегиялық бағдарламасының алғашқы онжылдығын өзіміз жоспарлағандай етіп аяқтадық. Атап айтқанда, ІЖӨ көлемі 2008 жылы 2000 жылмен салыстырғанда, екі есеге өссе, мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерін де артығымен орындадық. Орташа айлық жалақы 5 есе, ал орташа зейнетақы 3 есе өсті. Орташа өмір сүру ұзақтығы 65 жастан 68 жасқа ұлғайды. Ана өлімі екі есеге азайды, бала туу бір жарым есеге артты. Он жылда 652 мектеп және 463 денсаулық сақтау нысаны салынды. Әлемдік деңгейдегі Ана мен бала ұлттық медициналық орталығы және нейрохирургия орталығы пайдалануға берілді. Елбасы осы деректерді айтып, мысал келтірді. Мұның бәрі – әлемдік қаржы дағдарысының соққысына төтеп бере отырып, іске асырылған ауқымды жұмыстар. Бұдан жас мемлекетіміздің қаншалықты дами түскенін анық байқауға болады.
Халықтың қолдауына ие болған және нақты нәтижелер берген жобалардың бірі – “Жол картасы”. Өткен бір жылдың ішінде “Жол картасы-2009” бағдарламасын іске асыру барысында 862 жоба іске асырылып, 737 км. электр желісі, 284 км. сумен жабдықтау желілері, 284 км. жылу трассасы, автожолдар, мәдениет және спорт нысандары жөнделді. Біз рецессияға жол бермедік.
Елбасы алдағы бес жылда қуатты газ химиясы кешені, минералдық тыңайтқыштар зауыттары, Балқаш ЖЭС, Мойнақ ГЭС-і, Екібастұз-2 ГРЭС-інің жаңа блогы, т.б. көптеген кәсіпорындардың пайдалануға берілетінін мәлім етті. Бұлар елдің экономикалық әлеуетін арттырып, халықтың жағдайын анағұрлым жақсартуға мүмкіндік жасайтын нақты жобалар болып табылады.
2014 жылға қарай үш мұнай өңдеу зауытын реконструкциялап, мұнай өнімдерінің түр-түрімен өзімізді өзіміз қамтамасыз ететін боламыз. Индустриялық жобалар тек атқарушы биліктің ғана емес, бүкіл халықтың бақылауында болуы керек. Бұл – өте маңызды мәселе. Тек осындай жағдайда ғана біз 50 елдің қатарына ене аламыз. “Нұр Отан” ХДП үшін 2020 бағдарламасын орындау – басты міндет. Ешкім бұл жұмыстан тыс қалмауы керек. Тек сонда ғана Қазақстанның жаңа экономикалық өрлеуін қамтамасыз ете аламыз.
Жолдауда министрлер мен әр деңгейдегі әкімдер халықпен бірлесе жұмыс істеу арқылы ғана барлық ағымдағы мәселелерді шешуге қол жеткізе алатыны анық айтылды. Бұл бағдарламаны жүзеге асыру үшін Премьер-Министр бастаған орталық штаб құрылды. Облыстарда әкімдер басқаратын орталықтар ірге көтерді. Жолдауда белгіленген 2020 жылға дейінгі стратегиялық жоспарды жүзеге асыру үшін қазір барлық атқарушы билік органдарының бұтақтары жедел жұмыс істеп жатыр. Нақты бағдарламалар дайындалды.
“Қазақстан индустриялық держава болады. Мен оған әбден сенімдімін!” – деп нықтады сөзін Елбасы. Жаңа экономиканың негізгі салаларының бірі агроөнеркәсіп кешенін дамыту болып табылады. Мемлекет басшысы осы саланы дамытудың негізгі үш бағытта жүргізілуі керек екенін ашып берді. Бірінші – еңбек өнімділігін арттыру. 2014 жылға қарай ауыл шаруашылығында еңбек өнімділігін екі есеге арттыру көзделіп отыр. Ауылшаруашылық өнімін қайта өңдеу, жаңа құрал-жабдықтар, жаңа технологиялар, жаңа көзқарас, әлемдік тәжірибе мәселелерді оң шешуге жәрдемдесе алады. Екінші – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету. 2014 жылға қарай елімізді 80 пайыз отандық азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету көзделіп отыр. Үшінші – экспортты ұлғайту – бірінші кезектегі мәселе. Бұл тұрғыда бәсекеге қабілетті өнімдер шығаруға баса мән берілуде. Бірінші кезекте отандық өніммен өз еліміздің сұранысын қамту, сонымен қатар, сапалы өнімдерімізді шетелге шығару арқылы сауда-экономикалық айналымды жақсарту мақсат.
Осы орайда салынып жатқан “Жетіген – Қорғас”, “Өзен –Түркіменстан мемлекеттік шекарасы” темір жол желілерінің маңызы зор. Бұл Қытайға, Парсы шығанағына жол ашады. Оған қоса “Батыс Қытай – Батыс Еуропа” автожолының экспортты дамытуда маңызы өте зор. Елбасы “Болашақ экономикасы” секторына жеке тоқталды. Нәтижелі, тиімді ұлттық инновация оның негізі болып табылады. Қазірдің өзінде оған әзірлік жұмыстары басталып кетті.
Президент экономиканың қозғаушы күші кәсіпкерлер екенін бұл жолы да ерекше атап өтті. “Біз келешекте тәуекелге бара алатын, жаңа рыноктарды игеруге қабілетті, инновацияларды ендіруге бейім қуатты кәсіпкерлер тобын көргіміз келеді”, – деді. Еліміздің барлық өңірлерінде шағын және орта бизнесті дамыту есебінен тұрақты жұмыс орындарын ашу өзектілігін жоймайды. Алдағы онжылдықта да бұл мәселе басты мақсаттардың бірі болып қала бермек.
Үкіметке 2010 жылдан бастап өңірлерде кәсіпкерлікті дамыту жөнінде бірыңғай бюджеттік бағдарлама енгізу жөнінде тапсырма берілді. Елбасы оны “Бизнестің жол картасы – 2020” деп атауды ұсынды. “Бизнестің жол картасы – 2020” шикізаттық емес жобаларды қаржыландыру жөнінен жаңа мүмкіндіктер береді.
Үкімет әкімдермен бірлесіп, үш жылдық бюджет аясында бөлінген қаржылардың лимитін әзірлеуге тиіс. Бұл қаражат өңірлерге беріледі. Бұған әкімдер толық жауапты болады. Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялар жергілікті атқарушы органдарға берілетін болды. Олар өңірлерде бизнесті дамыту жөніндегі корпорациялар болып қайта құрылып, жаңаша жұмыс істейтін болады.
Елбасы туған Отанымыздың тыныштығы, халықтың бірлігі туралы әр сөйлеген сөзінде айтып келеді. Бұл жолы да ішкі саяси тұрақтылықтың, ұлттық қауіпсіздіктің маңыздылығын сөз ете келіп, 2020 жылға дейінгі негізгі мақсаттарға тоқталды. Біздің қоғамда келісім мен тұрақтылықты сақтау, ел қауіпсіздігін нығайту әрбір тұрғынның азаматтық борышы болып табылады.
Ал сыртқы саясатта Қазақстан ұлттық мүдделерді қамтамасыз етуге, елдің халықаралық беделін арттыруға басымдық беріп отыр. Қазақ елі аймақтық және жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға атсалысып, прагматикалық және теңдестірілген сыртқы саясат жүргізетін болады. Қазақстан халықаралық қатынастарда, әлемдік сауда-қаржы жүйесінде ортақ жаһандық шешімдер қабылдауға ниеттенуде. Сондай-ақ барлық ұжымдық қауіпсіздікті қолдауға белсенді жәрдемдесіп келеді.
Бүгінгі таңда еліміздің мәртебесі асқақтап отыр. Оған Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі басты негіз болуда. Елбасы әлемнің жетекші елдерінің көшбасшылары мен халықаралық ұйымдарының басшылары Қазақстанды өзінің досы деп санайтынын айтып өтті. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етудегі басты ұраны: Сенім. Дәстүр. Ашықтық. Төзімділік. Бұл ұрандар аталған ұйымға мүше елдер тарапынан толық қолдау тапты. Көптеген шетелдік сарапшылар да жоғары бағасын беруде. Елбасының бастамасымен үстіміздегі жылы Астанада ЕҚЫҰ-ның саммиті өтетіні де ел үшін, халқымыз үшін үлкен абырой!
Белгіленген елдік мақсаттарымызға қол жеткізу жолында “Нұр Отан” партиясының мүшелеріне үлкен үміт, мәртебелі міндет жүктеліп отыр. Ел Президентінің Жолдауды қорытындылар тұсында: “Біз бірлесіп Қазақстанды табысқа жетуші жасай алдық және бірлесіп өркендеуші жасай аламыз!” деген сөзі халқымызды рухтандырды, келешекке деген сенімін арттырды.
Елбасының сөзімен айтқанда, түпкі мақсатымыз – тәуелсіздігімізді баянды ету, қазақтың ұлт болып өркендеуіне жол ашу, оның тілі мен мәдениетінің кең құлаш жаюына мүмкіндік туғызу. Біз бұл мақсатқа асқан табандылықпен ел бірлігін сақтай отырып қол жеткізе аламыз. Еліміздің барлық өңірлерінен Елбасының атына Жолдауды қолдап мыңдаған хаттар мен жеделхаттар түсті. Депутаттарға да хабарласып, өз пікірлерін айтып, жүрекке ұялаған қуаныштарын жеткізген сайлаушылар да өте көп.
Елбасымыздың халыққа Жолдауын дүниежүзілік озық тәжірибелерге, ғылымға негізделген, жан-жақты сараптамалардан өткен тарихи құжат деп есептеймін. Оның орындалатынына кәміл сенемін және оған Қазақстанның әрбір азаматы өз үлесін қосады деп білемін.
Өстемір БЕКТӨРЕЕВ, Парламент Мәжілісінің депутаты.