
Банк те, компания да – бәрі осында
Отбасы банкпен бірге 17 құрылыс компанияның сату бөлімі келіп халыққа тұрғын үй алу жөнінде кеңес берді. Жалпы әйгілі концерт залының холы мәз-мейрам. Бір жағында салымшылар құрылыс компанияларының, банктердің өкілдерімен сөйлесіп жатса, екінші жағында банк келушілердің көңілін көтеру үшін шағын концерттік бағдарлама да ұйымдастырған. Бір қарағанда тойдағы көңіл-күй секілді. Бірақ сол «тойға» келген халық жай жүрмей, баспана мәселесін реттеп жүр.
«Жай күнде мұндай мүмкіндік бола бермейді ғой. Үй алғысы келіп жүрген адам біраз құрылыс компанияның есігін қағатыны анық. Достарымнан осы жерге банктің адамдары, құрылыс компаниясының өкілдері келетінін естідім. Бірден келдім. Былайғы күнде банкте ұзақ кезекте тұрасың немесе құрылыс компанияларының сату бөлімдерін іздеп жүресің. Ал мұнда бәрі бір жерде», дейді Астана қаласының тұрғыны Аслан Кенжебеков.
Аслан секілді «Ипотека DAY» іс-шарасына келгендердің қатары көп. Соның бірі – алты баланың анасы Шынарай Дәулетбекова «Наурыз» бағдарламасы бойынша баспана алған.
«2020 жылы көпбалалы ана ретінде кезекке тұрдым. Құдайға шүкір, үй алып, қуанып жатырмыз. Өзім аспазшымын. Еңбектенсең, баспанаға ие боласың. Тек сену керек», деді ол.
Іс-шараға келгендердің бірі банкке, бірі құрылыс компаниясына барып, мәселелерін шешіп жүр. Астана қаласының тұрғыны Шолпан Назарова да «Наурыз» бағдарламасымен баспаналы болған. Жақында су жаңа үйіне көшіп бармақ.
«2019 жылы мен Отбасы банкте депозит аштым. «Отау» және «Наурыз» бағдарламасы біріктірілген екен. ОП жиналып, депозитке 18 ай толды. Декреттегі ана ретінде «Отбасы банк» маған ипотеканы мақұлдады. Біз өзіміздің зейнетақы жинағымызды да пайдаландық. Әкем зейнетақы жинағының бір бөлігін маған аударды. Солайша, бастапқы ақшаны жинап алдық. Тұрғын үй кешенін таңдап, баспана сатып алдық. Жылдар бойы еткен еңбектің жемісі осы! Өз үйің болғанға не жетсін!?» деді Шолпан.
Мұнда «Отбасы банктің» барлық өнімі бойынша ақпарат беріліп жатыр
Іс-шара Астана тұрғындары мен қала қонақтары үшін өткізілді. Іс-шарада концерттік бағдарлама да қарастырылған, жылжымайтын мүлік саласындағы тәуелсіз сарапшылар сөз сөйлеп, құрылыс салушылардан объектілер мен пәтерлерге жеңілдіктер туралы ақпараттары жан-жақты берілді. Сондай-ақ, іс-шарада «Наурыз» бағдарламасы бойынша қоныстанушыларға баспана кілттері табысталды.
Біз «Отбасы банк» басқарма төрағасының орынбасары Жансұлтан Матайды сөзге тарттық. Оның сөзінше, жалпы «Отбасы банк» тұрғын үй жүйесін жүргізіп жатқан бірегей банктің бірі. Бұл жүйенің артықшылығы – әрбір азаматтың табысына қарай отырып, өзіне сәйкес, мемлекеттік қолдау шаралары, болмаса өзіне қажетті үй беретін жүйе. 2024 жылдың 11 айында банк 63 мың шамасында несие берген. Оның 32 мыңы алғашқы нарықтағы үйлер. Яғни елге банк берген несиелердің 50 пайызы алғашқы нарық арқылы.
«Салымшыларға бүкіл қаланы аралап, құрылыс компанияларына барудың қажеті жоқ. Барлығы осы жерде орналасқан. Құрылыс компаниялары тарапынан қандай ұсыныс бар? Келесі жылы қандай жаңадан үйлер салады? Соның бәрін айтып беріп жатыр. Оған қоса осы жерде біздің салымшылар өзінің төлем қабілеттілігін жағдайын анықтап, баспананы қандай жолмен алуға болатынын нақты біле алады. «Отбасы банктің» барлық өнімдері бойынша кеңес алып жатыр», деді ол.
Бағдарламалар жайлы
«Отбасы банктегі» 2024 жылдың жаңалығы – «Наурыз» бағдарламасы. Алдында «Отау» бағдарламасы шыққан. Ол «Отбасы банктің» өз жеке қаражатына басталған бағдарлама болса, «Наурыз» мемлекеттің қолдауымен басталған бағдарлама. «Наурыз» бағдарламасы келесі жылы да жалғасын табады. Жалпы мемлекеттің қолдау шараларының арқасында 2-5 пайызбен несиеге кезекте тұрған азаматтар жетерлік. Ал «Наурызда» басты талап – атында үйі жоқ Қазақстанның кез келген азаматы қатыса алады. Сондықтан бұл – өте ыңғайлы, тиімді бағдарлама.
Сонымен қатар, былтыр пилоттық жоба ретінде басталған, әйелдерге арналған «Ұмай» бағдарламасы да келесі жылы жалғасады. «Жасыл ипотека» бағдарламасы да үзіліп қалмайды. Себебі бұл –Азиялық Даму банкімен бірлесе жүргізілетін жоба.
«Салымшылар егер келешекте «үйлі болам» десе, біздің қызметтерге жүгінуі керек. Біздің қызметтерді алу өте оңай. Көп қызметтерді онлайн форматқа шығарғанбыз. Яғни, ең басты керегі – келіп тегін депозит ашу. Жинаққа мемлекет тарапынан көмек болады. Банктен 2% сыйақы қосылады. Сол арқылы азаматтар баспанасына қол жеткізе алады», деді Жансұлтан Матай.
«Ипотека DAY» басқа өңірлерде де өткізіледі
«Отбасы банк» басқарма төрағасының орынбасары Нұрлан Ақшановтың сөзінше, «Ипотека DAY» – жыл сайын өткізетін іс-шара. Астанада ғана емес, «Отбасы банк» барлық өңірде ұйымдастырылады.
«Біз құрылыс саласындағы серіктестерімізді шақырамыз. Олармен сөйлескен клиенттерге біз бірден банктің шарттары, «Наурыз», «Ұмай», «Жасыл ипотека» секілді бағдарламаларымыз туралы кеңес береміз. Жылына екі-үш рет өткізіледі. Биыл тіпті Қазақстанда қала-қала бойынша марафон сияқты ұйымдастырылды. Сол себепті салымшыларға біздің Инстаграм парақшамызды қарап отыруға кеңес береміз.
«Наурыз» бағдарламасы бізде биыл басталды. Ол үшін бастапқы жарна – 20 пайыз. Пайыздық өсім 9 пайыз (ЖТСМ 9,3%-дан 11,8% дейін) , егер категорияңыз жақсы болса, 7 пайызбен (ЖТСМ 7,3%-дан 8,9% дейін) қарыз беріледі. Осы бағдарламамен бірінші нарықта Алматы, Астана және Шымкенттен, облыс орталықтарынан үй ала аласыз. Егер ауыл жақтан, моноқалалардан алам десеңіз, онда екінші нарықтан алуға болады. Ол үшін сіздің және отбасындағы туған-туыстарыңыздың атында бес жыл бойы ешқандай баспана болмауы керек», деді ол.
Ұлттық даму институты
Еске сала кетейік, өткен айда «Отбасы банкке» ұлттық даму институты мәртебесі берілген еді. Яғни, тың өзгеріс бойынша баспана кезегіне қою, кезектің сақталуын қадағалау, кезектегілерге тұрғын үй үйлестіру жұмыстары «Отбасы банк» пен соның жанынан құрылатын Тұрғын үймен қамту орталығына беріледі. Құжатты өткен айда Мәжіліс Сенат ұсынған өзгерістермен бірге қабылдап, Президентке жолдаған болатын. Көп өтпей құжатқа Мемлекет басшысы қол қойды.
Жаңа заң шеңберінде жергілікті әкімдіктер жеңілдетілген әлеуметтік тұрғын үй құрылысын жалғастырады. Ал Отбасы банк жаңа тұрғын үйлерді кезекте тұрған азаматтар арасында бөліп, реттейді. Отбасы банк ұлттық даму институты бола отырып, Ұлттық банк және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің реттеуімен, екінші деңгейлі банктер, сондай-ақ Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры жүйесінде жұмысын жалғастырады. «Отбасы банктің» қызметі қазіргі таңда 8 мемлекеттік органның жинақталған деректер базасымен интеграцияланған. Келешекте мұндай интеграция ұлғая бермек.
Ресми деректерге қарағанда, Қазақстанда қазіргі таңда 650 мыңнан астам азамат баспана кезегіне тіркелген. Олардың бәрін түгендеу жұмыстарын алдағы уақытта әкімдіктер жүргізуі керек. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі баспана кезегіндегі азаматтардың мәліметтерін қайта өңдеу керек деп есептейді. Анықталған ақпараттардың бәрі де әкімдіктерге шешім қабылдау үшін ұсынылған. «Отбасы банк» ұлттық даму институты болған соң, кезекте тұрғандардың қазіргі, қалыптасқан бірыңғай республикалық базасын жүргізетін және «Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы» жаңа электрондық базасымен баспанаға мұқтаж азаматтардың бәрінен өтінім қабылдайды.