Көрмеде 200-ден астам кескіндеме, графика, мүсін, қолөнер саласы бойынша Қазақстан суретшілерінің шығармашылық туындылары ұсынылды. Алматы, Алматы облысы, Астана, Павлодар, Көкшетау, Петропавл, Ақтөбе, Атырау, Орал, Қызылорда, Тараз, Түркістан, Шымкент өңірінен 150-ге жуық суретші қатысты.
Қазақстан суретшілері, маңызы мен мәні жоғалмаған қазақ бейнелеу өнері қай заман болса да ұлттық қасиетті, ондағы дүниетанымды сақтап келеді. Қазақ бейнелеу өнерінің өркен жайып, әлемдік өнер аренасында ұлттық сипатты танытуда суретшілердің сіңірген еңбегі ерен. Ұлттық бейнелеу өнерінің қалыптасуы мен дамуына қосқан үлесін саралап, өзіндік жеке тұлғалық қолтаңбасымен өнер тарихында із қалдырған саңлақтардың мерейтойларына орай ұйымдастырылған көрменің негізгі мақсаты терең әрі ауқымды. Есептік көрме «ХХІ ғасырдың суретшілері ұлттық өнер мектебінің дамуына қандай үлес қосуда», «Қазіргі қоғам өміріндегі коммерциялық құрамдас бөліктен арылу және жаңа міндеттерді белгілеу», «Өзекті пластикалық идеяларды қалыптастыру», «Адам мен қоғам арасындағы өзіндік дамудың жаңа тарихи кезеңіне шығу маңыздылығы» секілді сурет өнеріндегі өзекті мәселелерді қамтиды.
Көрме жетекшісі Гүлнар Жұбаниязованың айтуынша, көрменің тұжырымдамасына сәйкес, суретшілер шығармашылығындағы туындыларда уақыт пен кеңістік ағымының ақиқаты, ұлттық рухтың тынысы, елдің мақсат-мұраты баяндалады. Экспозицияда көрермен түрлі жанрда әр қырынан көрініс тапқан, композициялық және колориттік шешімде, креативті ой-тұжырымда айқындалған динамикалық үндестік пен өзара тұтас, терең мағыналы туындыларды тамашалай алады.
АЛМАТЫ