Бурабайдың әсем табиғатының аясында орналасқан “Байбура” қонақ үй кешенінде бұқаралық ақпарат құралдары үшін астаналық журналистердің “ТАНАТ” клубы мен “MEDІALІFE” қоғамдық қоры “БАҚ-тарда демократиялық үдерістерді жария етудің халықаралық және ұлттық тәжірибесі” атты республикалық семинар-тренинг ұйымдастырды.
Журналистер күні қарсаңында әрі “Қазақстан – 2010 жылы ЕҚЫҰ төрағасы” байқауы шеңберіндегі шараның өтуіне Сыртқы істер министрлігі, ЕҚЫҰ-ның Астанадағы орталығы және Ф.Эберт қоры өкілдігі мұрындық болды. “MEDІALІFE” қоғамдық қорының президенті Ольга Волкова, Сыртқы істер министрлігінің Халықаралық ақпарат комитетінің төрағасы Роман Василенко, ЕҚЫҰ-ның Астанадағы орталығының басшысы, елші Александр Кельчевский, Литва елшілігінің Астанадағы бөлімінің бастығы Антанас Пятраускас және басқалар бірқатар құнды ойларын ортаға салды.
Сондай-ақ семинар-тренинг барысында сөз бостандығының өлшемі, факт мен пікірдің арасалмағы қаншалықты деген тұрғыда пікірталастар болып өтті. Мысалы, “Жарайсың, айлакер!”, “Қырағы көз мырза” және сол сияқты сөздердің адамның ар-намысын қорлауға немесе сипатын беруге бағытталғандығы зерделенді. Ол үшін арнайы түсірілген бейнефильм де көрсетілді. Журналист аты-жөнін өзгертіп мақала жаза ала ма немесе өзінің дерек көзін ашып көрсетуге міндетті ме деген тұрғыда да ой өрбітілді.
Осы ретте Ольга Волкова “егер айыптаушы миллиондаған сомаға арыз-талап жазса, онда ол сол сұрағанының белгілі бір пайызын бюджетке төлеуі тиіс” деген ой айтты. Сонда ғана арыз иесі сот процесінде жеңілген жағдайда құйған қаржысынан айрылады. Келесіде сотқа берген кезінде ойлана бастайды. Ал қазіргі жағдайда 600 теңге төлеп, миллиондаған теңгелік арыз-талап жазушылар қатары азаймай отыр.
Осылайша екі күнге созылған тағылымы мол семинар-тренинг отандық бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін тағы бір сатыға көтерді. Журналистиканың қыр-сырын меңгере түскен оларға арнайы сертификат табыс етілді.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.