25 Маусым, 2010

ҚАЗАҚ АСТЫҒЫНЫҢ АДЫМЫ

577 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Жақында Каспий теңізі жағалауында орналасқан Әмірабад портында қазақ астығын Иран арқылы жылына 1 млн. тоннаға дейін жөнелтуге мүмкіндік беретін терминал ашылды.Әмірабад порты – Иранның Ма­зандаран провинциясында орналас­қан. Бұл жерде астықтан басқа бұған дейін Иранның өзге елдермен бір­лескен мұнай терминалдары да аш­ылған. Қазір осы порттың экономи­калық тиімділігі жөнінде дуалы ауыз сарапшылар көп жерлерде айтуда. Ал Қазақстан үшін оның тиімділігі сол, ендігі кезекте біз Каспий теңізі арқы­лы Ақтау портынан кемеге тиелген астықты осы жердегі терминалға әке­ліп, оны әрі қарай Азия мен Африка елдеріне қиналмай жеткізетін бола­мыз. Бұған дейін Қазақстан Иранға Өз­бекстан мен Түркіменстан темір жол­дары арқылы бидайды тасы­мал­дауда біраз қиындықтарға кезіккені белгілі. Сондықтан Әмірабад портын­да екі елдің бірлескен терминалының ашы­луы – қазақ астығын Азия мен Аф­ри­ка елдеріне балама жол ретінде жет­кізудегі үлкен жетістік деуге болады. Осы жерде Әмірабад портында бірлескен терминалдың ашылуына Қазақстан Республикасы Ауыл ш­а­руашылығы министрлігі, “ҚазАгро” ұлттық басқарушы холдингі” АҚ, “Ақ бидай терминал” АҚ, Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы мен Иран жағынан осы елдің Сауда министрлігінің көп жұмыс істегенін атап өту жөн. Қазір “ҚазАгро” ҰБХ” АҚ бас­пасөз қызметінің хабарлауынша, ас­тық экспортының инфрақұрылымын жасау жөніндегі жұмыстар толығымен аяқталды деуге болады. Бұл жұмыс­тар­дың бәрі осыдан 4 – 5 жыл бұрын басталған болатын. Осы уақытта Ақтау порты қайта жарақтанды­ры­лып, Әзірбайжанның Баку қаласында ар­найы терминал салынды. Бүгінде оның 500 000 тонна астықты жөнел­туге мүмкіндігі бар. Алдағы кезде осы терминалдың жанынан басқа да ин­фрақұрылымдар жасау жоспарлануда. Жалпы, қазір қазақ астығының экс­п­орттық әлеуетін арттыру мақсатында бірнеше жұмыстар іске асырылуда. Жа­қында “ҚазАгро” ҰБХ” АҚ пен Иранның “Бехдис Тежерад Альборз” компаниясы құны 20 млн. доллардан асатын инвестициялық жобаны аяқтады. Ал енді қайта Әмірабад терми­налына келетін болсақ, оны ашудың басы-қасында жүрген “Ақ бидай тер­минал” АҚ-тың басқарма төрағасы Рафаэль Галямовтың айтуынша, Иран тарабы осы порттан ашылған ас­тық дәлізін әлемдегі ең ірі жо­балардың біріне теңеп отыр. Өйткені, Парсы елінің стратегиялық маңызды жерінде орналасқан бұл порт қазақ астығының әлемдік рынокқа шы­ғуына мүмкіндік береді. Оның үстіне, қазір Иран “Солтүстік – Оңтүстік” халықаралық көлік дәлізіне қаты­су­шы елдердің бірі болғандықтан, Әмірабад порты оның құрамдас бір бөлігі ретінде қазақ астығын Азиядан басқа Еуропа елдеріне де жеткізетін көпір болатыны сөзсіз. Осы орайда Азық-түлік келісім-шарт корпорациясының басқарма төрағасының орынбасары Бейбітхан Қабдрахмановтың пікірінше, Қазақ­­стан Әмірабад терминалының арқа­сында “СВОП”, яғни өзара айыр­бастау операциясын жасауды көздеп отыр. Бұл Қазақстан астығын Сол­түстік Иранға беріп, оның орнына астықты оңтүстік порттардан сондай көлемде экспорттайтын болады. – Қазір Иран жылына 14 млн. тон­надай алтын дәнді тұтынады екен. Бұл елдің халқының 50 пайызы сол­түстікте тұрады. Иранда солтүстікке оңтүстіктен тасымалданатын бидай­дың әр тоннасы – 30 доллар. Сол се­бептен екі елге өзара айырбастау опе­ра­циясын іске асыру тиімді, – дейді ол. Осы жерде атап өтетін бір нәрсе, Парсы елінің жекелеген компания­лары да Қазақстан бидайын алуға мүдделілік танытуда. Мысалы, өз өнімін әлемнің 50 еліне шығаратын “Zar Makaron” компаниясы астықты Канада мен Германиядан гөрі, Қа­зақстаннан алған тиімді деп санайды. Осыған орай аталмыш компания ке­лесі жылға жоспарланған 1 млн. тон­на астықтың 400 мыңын Қазақ­стан­нан алсақ деп ниет білдіруде. Ал жал­пы, болашақта Иран Қазақстаннан 2 млн. тоннаға дейін астықты сатып алуды көздеп отыр. Осы мәселені шешу үшін Иран елдің оңтүстігіндегі Имам Хомейни портында астық терминалын салуды жоспарлауда. Дастан КЕНЖАЛИН, АСТАНА – ТЕҺРАН – АСТАНА.