Білім • Бүгін, 08:45

Тестілеуге 167 мың талапкер қатысады

37 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алдағы аптадан Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) бас­талады. Жаңа жылдағы алғашқы тестілеуге қатысу үшін 167 мың талапкер өтініш берген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 31 мыңға көп.

Тестілеуге 167 мың талапкер қатысады

Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»

Ұлттық бірыңғай тес­тілеу орталығының таратқан ақпа­ра­тына сүйенсек, қаңтар айын­дағы ҰБТ 13 қаңтар мен 10 ақпан аралығында өтеді. Бұған дейінгі талапкерлерге беріліп келген мүмкіндіктер биыл да толығымен сақталады, тар­қатып айтқанда, тесті­ле­нушілер өтініш беру барысында ҰБТ тапсыратын күнін, уақытын және пунктін таңдай алады. Сонымен қатар тестілеу кезінде калькулятор, химия­лық элементтер­дің периодтық жүйе­сі (Мен­делеев кестесі) және тұз­дардың ерігіштік кестесі тесті­леу бағдарламасын қолдануға құқы­лы. Тест тап­сырушылардың тесті­леу аяқ­талғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға бір­ден өтініш беруге де қақы бар. Сер­ти­фикат аппеляциялық ко­мис­сияның шешімінен кейін та­лап­кердің жеке кабинетінде шығады.

ҰБТ-дағы пәндердің саны өзгеріссіз қалады, яғни үшеуі міндетті және екеуі таңдау бойынша. ҰБТ тапсырмалар саны – 120. Мұның ішінде «Қазақстан тарихынан» 20 тапсырма, «Оқу сауаттылығынан» 10 тапсырма, «Математикалық сауаттылықтан» 10 тапсырма және екібейінді пән бойынша 40 тапсырмадан тұрады. Жоғары балл – 140, бұл да өзгеріссіз қалды.

Тестілеу уақыты – 4 сағат (240 минут). Бұл ретте ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін ұсынылатын қосымша 40 минут уақыт сақталатынын айта кету керек.

Естеріңізге сала кетсек, қаң­тардағы ҰБТ-ға шартты түрде ақылы негізде күндізгі оқу нысаны бойынша жоғары оқу орын­дарына қабылданған, жазғы ҰБТ нәтижелері бойынша шекті балл жинамағандар, шы­ғар­машы­лық бағыттан басқа дайындық бағыттарына, педаго­ги­калық бағытқа ақылы негізде ауысқысы келетіндер, сондай-ақ мектеп бітіретін түлектер жоғары оқу орындарына ақылы негізде түсу үшін қатысады.