Фото: senate.parlam.kz
Мәулен Әшімбаев депутаттардың өңірлерде азаматтармен кездесулер өткізіп, сұхбаттың негізгі ойларын халыққа жеткізуге үлес қосқанын атап өтті.
«Мемлекет басшысы сұхбатта 2024 жылы әр сала бойынша атқарылған жұмыстарды қорытындылап, алдағы басым бағыттарды белгілеп берді. Сондай-ақ, былтыр Парламент қабылдаған заңдардың маңыздылығы да ерекше аталып өтілді. Жалпы, Президентіміздің барлық бастамалары мен реформаларының стратегиялық мақсаты – егемендігімізді және экономикамызды одан әрі нығайту», деді Сенат Төрағасы.
Оның пікірінше, сұхбатта еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты маңызды сауалдарға жауап беріліп, мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттары айқындалды.
«Сыртқы саясат пен халықаралық ынтымақтастық мәселелері де назардан тыс қалған жоқ. Сонымен қатар, Президентіміз қоғамда қызу талқыланған өзекті мәселелердің түйінін тарқатып, олар бойынша өз ұстанымын білдірді. Мұндай ашықтық пен диалог және азаматтардың талап-тілектеріне жедел назар аудару – «Заң мен тәртіп» қағидаттарына табан тіреген Әділетті Қазақстанның жарқын көрінісі екені сөзсіз. Осы ретте, Президентіміздің бастамасымен қолға алынған реформаларды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету аса маңызды екенін тағы бір атап өткен жөн», деді Мәулен Әшімбаев.
Мәулен Әшімбаев алдағы уақытта экономикамызды дамытуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға арналған бірқатар маңызды заңдар қаралатын тілге тиек етті.
«Оларды сапалы пысықтап, уақтылы қабылдауымыз қажет. Жалпы, Мемлекет басшысының Парламентке артқан жоғары сенімін ақтап, елдік мүдде жолында аянбай еңбек етуміз керек. Осы жолда бәріміз бірлесіп, нәтижелі жұмыс істейміз деп сенемін және алдағы қызметтеріңізге сәттілік пен табыс тілеймін!», деп сөзін қорытындылады Сенат Төрағасы.