“Тәуелсіздік және абайтану” атты халықаралық ғылыми-теориялық конференциядан кейінгі пайымдама
Алдымен аталмыш жиын ұлы ақынның алда келе жатқан 165 жылдығына орайлас өткізілгенін айта кетейік. Осынау игі іске мұрындық болушы да сол баяғы тәңір жарылқағыр Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты. Жиынның өткен жері – Алматыдағы “Әуезов үйі” ғылыми-мәдени орталығының мәжіліс залы.
Әдебиет және өнер институтының директоры, академик Сейіт Қасқабасов келелі ойлармен кеңінен толғай бастап, бір арнаға түсірген әңгіме беті тәуелсіздік жылдарындағы Абайтану мәселелерін қамтып қана қоймай, Абай және тәуелсіздік деген темірқазық тақырыпқа бұрыла берді. Иә, шынында да, ұлы ақын һәм ойшылдың жаңа заманда жаңаша зерттеп-зерделенуі бір бөлек. Бірақ біз оған барар жолда әуелі Абай мен тәуелсіздіктің арақатынасын ажыратып алуымыз керек сияқты. Жіті үңіліп қарар болсақ, Абай мен тәуелсіздік үйлескен, үндескен егіз ұғымдай десек, шындықтан алыс кетпейміз. Осы арада конференцияда құттықтау лебіздерін білдірген Моңғолияның Қазақстандағы елшісі Харавчийн Аюурзананың, Ресей Федерациясының Алматыдағы бас консулдығының консулы Ильдус Тархановтың, Иранның Қазақстандағы елшілігі жанындағы мәдени орталық төрағасы Делавар Мұхаммедпурдың сөздеріне жүгінсек, Абай мұрасы сол елдермен арадағы достықтың алтын көпіріне айналып отырған көрінеді. Мәскеуде Абай ескерткіші қойылды. Ыстамбұл мен Анкарада екі мектеп пен бір көшеге хакімнің аты берілген. Моңғолдар Абай даналығынан өз ана тілдерінде сусындауда. Демек, Абай – тәуелсіздігіміздің әлем елдеріндегі бас елшісі. Ал енді Қазақстандағы Түркия елшілігінің білім жөніндегі кеңесшісі доктор Кадир Четиннің: “Ұлы ойшылдың қара сөздерін оқығанда, қазақтардың тәуелсіздікке барар жолындағы маңызды тастардың бірі Абай тарапынан қаланғанын көрдім. Абай тәуелсіздікке апарар жолды әу бастан-ақ нұсқап көрсеткен”, деп айтуы әулиедей әділ пікір.
Әділ пікір. Әйтсе де алғашқы айтылуы емес. Бүгінгі қазақ қоғамында, зиялы қауым мен ғалымдар ортасында Абай мен тәуелсіздік арасына теңдік белгісі әзелден-ақ тартылған-ды. Себебі, Абай даналығын, Абай рухын қанына құйған халық бодан болумен, басқаға кіріптарлық күй кешумен ешқашан келісе алмас еді. Ұлт-азаттық күресінің соңғы қамалы – Кенесары хан шейіт болардан екі жыл бұрын қазақ сахарасындағы Шыңғыстаудың бауырында тәңірінің сыйындай болып Абай туды. Отаршылдықтың қара күшіне басқа қайран қалмаған шақта Абай үлгісі, Абай жолы халық рухының терең қойнауларынан тәуелсіздік күресін жаңаша жалғастырар жаңа қуат таба білді. Ұлттық сана мен ақыл-ойының буырқанып, булығып жатқан жаңа қайнарларын ашты. Қазақ қоғамының жиырмасыншы ғасыр басындағы Әлихан мен Ахмет бастаған қайраткер зиялылары оқуға, өнер-білімге, дүниенің кілтін табуға үндеген, оянуға шақырған ұлттық сана сілкінісінің бастауында Абай, оның өлмес те көнермес шығармалары, “қуатты ойдан бас құраған” ақылман өлеңдері мен ғақлия қара сөздері тұрды. Тәуелсіздікке мәдениеті биік, ішкі рухани қуаты зор халық қана лайық болар болса, Абай өнегесі ұлт бойында сондайлық қасиеттерді жүз жыл бойы үздіксіз тәрбиелеп қалыптастырды.
“Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрекке” негізделген қазақтың жаңа мәдениеті, жаңа күрес жолы таңбаланып айқындалды. Сол мәдениет пен өркениетке ұмтылыс, Абай оятқан ұлттық ұлы рух болашақта құлдық қамытын лақтырып тастамай тұра алмас еді. Һәм рухани тәуелділікпен қоңсы қона алмас еді. Солай болды да. Міне, жиырма жылдың бедеріне жақындады, шүкір құдайға, Қазақ елі тәуелсіз. Бостан, еркін, кеудесі биік. Әлемге айқара есік ашқан ақ-адал бейіл танытқан тәуелсіз Қазақстан өзінің ішкі-сыртқы сарабдал саясатында ұлт ұстазының “Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп” деген ізгілікті ұлағатын, ұстынды қағидатын басшылыққа алған.
Иә, осындайда: “Елу жаста елім бар деп айта алмай, Кетпес естен күңіренгенің мұңлы Абай. Елім бар деп айтатұғын келді күн, Елім бар деп шырқатайын мен бүгін, Қойсын енді Қорқыт күйі сарнамай” деп жырлаған қайран Қасым ақын ойға оралады. Сол Қасым ақын өзі де шерлі еді. Абай армандаған, Қасым “Сен неткен бақытты едің келер ұрпақ” деп алыстан келбетіне таңырқап, сұлбасын болжалдаған нағыз еркін де бостан ел болу бақытына біздің заманымызда қол жеткеніне мың да бір шүкір.
Абайтану ғылымының да еркін қарыштауына осы тәуелсіздік заманы мол мүмкіндіктер беруде. Осы арада жиынды ашып тұрып академик Сейіт Қасқабасов орнымен айтқан мына бір жәйттерге мән бермеске болмайтындай. Кеңестік кезеңде Абайды әсіресе әсіре орысшыл, атеист қылып шығарғанымыздай, енді еркіндік қолға тиді екен деп оны баз-базында экономист, физик, химик, молда қылудың да жөні жоқ. Абай, ең алдымен, ұлы ақын. Ол – ренессанстық тұлға. Ол қазақ топырағында алғаш рет әдебиеттің негізгі міндет – миссиясын – көркемдік-эстетикалық талаптарын, ой мен сезім бірлігін бірінші орынға шығарып, ең қымбат қазына – адам деген түпқазық идеяны, жалпыадамзаттық мәселелерді көтерді. Ендеше, абайтанудың алда тұрған міндеті көп. Біз болсақ, оның ақындығының өзін әлі ашып көрсете алмай жатырмыз. Текстологиясын толық талдап бітірдік деп айта алмаймыз. Абай трагедиясының ішкі қалтарыстарына дендеп кіріп, Абай жұмбағын шешуде әлі де ұшы-қиырсыз ізденіс керек деген академик сөзінің дұрыстығы да ден қоярлықтай.
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті жанындағы абайтану ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметұлы Абайтанудың бүгінгі таңдағы ахуалын бажайлай келе, оны үш кезеңге бөлді. Атап айтқанда, олар шартты түрде Әуезовке дейінгі, Әуезов кезіндегі (1934-1961 жылдар) және Әуезовтен кейінгі кезеңдер болып табылады. Әрине, осындағы Әуезовтен кейінгі кезең дейтіннің өзі тәуелсіздікке дейінгі және тәуелсіздік алғаннан кейінгі болып екіге бөлінетіндігіне де сөз жоқ болса керек. Ал жоғарыда айтқан екінші кезең, яғни Әуезов дәуірі аса қиын, қасіретті кезең саналады. Бұл уақытта Абайға қарсы айқай-сүрең көтеріліп, аласапыран шабуылдар басталған. “Абай байшыл идеологияның, үстем таптың ақыны. Өзі де бай болған, қажының баласы. Бізге қажет емес. Біз мәдениетті жаңадан жасаймыз” деп шуылдасты. Мұндай тұрпайы социологиялық шуылдаққа қарсы алғаш мақала жазғандардың бірі Құдайберген Жұбанов болатын. Әлбетте, Абайды қорғауда, шығармаларын жарыққа шығаруда Әуезов сіңірген еңбек ересен. Ал кейінгі кездерде Абай және Шығыс тақырыбы біртіндеп қозғалғанда осы Мекемтас ағалар коммунистік идеологияға түрпідей тиер ғылыми тезистерін өткізу үшін сол Әуезовтің өзін, оның асқар таудай абырой-беделін қалқан етіп отырған екен.
Қазіргі ақселеу шашты абыз ғалымымыздың сөзіне жүгінсек, “Не пайда бар – мың надан, Сыртын естіп таңдансын. Онан-дағы бір есті, Ішкі сырын аңғарсын” деп Абайдың өзі айтқандай, ішкі сырын аңғарған, жұмбағына бойлаған бірінші есті адам Әуезов болып шыққан. Абайтанудағы анық Әуезов концепциясы: Абайдың үш даналық қайнарынан нәр алғандығы. Ол үш қайнар: Батыс, Шығыс және туған халқының даналығы. 1949 жылы космополитизм туралы белгілі қаулы шыққаннан кейін Батыс та, Шығыс та құрдымға кетіріліп, “Абайды Абай еткен нелер?” деген күрмеуі аса қиын мәселеде орыс ықпалының озық рөлі ғана қалдырылған. Әрине, бұл арада орыстың прогрессивті озық мәдениетіне ешкім топырақ шашып отырған жоқ, Пушкин мен Лермонтовты ешкім ешқашан да жоққа шығармайды. Тек соны айта отырып, басқа қайнарларды да ұмытпайық. Абайды толық танып-білу үшін бұрынғы Әуезов концепциясын толықтай қалыпқа келтіру, Абай мұрасын жаңа қырынан зерттеу керектігі жөніндегі М.Мырзахметұлының пікіріне айрықша зер салу керек-ақ.
Әдебиет және өнер институтының абайтану және жаңа дәуір әдебиеті бөлімінің меңгерушісі Серікқазы Қорабай Абайтанудың өткені мен бүгінін кеңінен қаусыра шолды. Абай өмірі мен шығармашылығын зерттеудің алғашқы тәжірибесі Ә.Бөкейхановтың ұлы ақын қазасына байланысты жазған мақаласынан басталып, Кәкітай Ысқақұлы, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы мақалаларында жалғасын тапқаны мәлім. М.Әуезов Абайтануды дербес ғылым саласы деңгейіне көтерді, ақын шығармаларының ғылыми басылымдарын дайындап шығарып, көп жылдар бойғы ізденістері мен зерттеулері нәтижесінде Абайдың ғылыми өмірбаянын жазды. Әуезов заманында және Әуезовтен кейін С.Мұқанов, Қ.Жұмалиев, Т.Тәжібаев, Б.Ерзакович, Қ.Мұхамедханұлы, М.Сильченко, Ы.Дүйсенбаев, З.Ахметов, С.Қирабаев, М.Мырзахметұлы, Р.Сыздықова, Ж.Ысмағұлов және басқалар абайтану ғылымына өзіндік үлестерін қосты.
Абайтану ғылымы еліміз тәуелсіздік алған жылдары ғана коммунистік идеология ұстанған қатаң қағидалардың тар шеңберінен шығып екінші тыныс алды. Осы жұмыстың бел ортасында ұлттық әдебиеттану ғылымының қара шаңырағы – М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты тұрды. Ұлы ақын шығармаларын тәуелсіздік мұраттары тұрғысынан жаңаша пайымдау қажеттігі жете түсінілді. Сөйтіп, академик С.Қирабаевтың басшылығымен Абай шығармашылығын арнайы зерттейтін бөлім ашылды. Бұрынғы ескертпелер еске алынып, жаңадан тыңғылықты мәтіндік зерттеулер жүргізіле отырып, Абай шығармаларының екі томдық толық жинағы дайындалды. Абай шығармаларының бұл екі томдық академиялық толық жинағы абайтану тарихындағы үлкен жетістік болды. Сол кезде ақынның 150 жылдық мерейтойы аясында 1994 жылы шыққан “Абай және қазіргі заман” зерттеулер жинағы абайтанудың өзекті мәселелерін қамтыған жаңа көзқарастармен ерекшеленсе, Ж.Ысмағұловтың “Абай: ақындық тағылымы” монографиясында ұлы ақынның кемеңгерлік кемелдігі ашып көрсетілді. Осы жылдарда Алматыға Семейден арнайы алдыртылып жұмыс істеген атақты ғалым Қайым Мұхаметханұлы сияқты аяулы ағаның абайтануда аса айшықты із қалдырғанын айтқан ләзім.
Ақын мерейтойы атап өтілген 1995 жылы Абай шығармашылығына байланысты елуден астам кітап жарық көрді. Ел тарихында алғаш рет “Абай” тұлғалық энциклопедиясының шығуы үлкен мәдени оқиға ретінде есте қалды. Сол жылы шыққан ғылыми еңбектер арасында академик Зәки Ахметовтің “Абайдың ақындық әлемі” атты монографиясы дараланып көрінеді. Бұл абайтанудағы жаңа сөз болатын. 1990 жылдарда абайтану саласында аға ғалымдардың бірі Мекемтас Мырзахметұлы да өнімді еңбек етті. Бұған ғалымның “Абайдың адамгершілік мұраттары”, “Абай және Шығыс”, “Абайтану тарихы” атты монографиялық зерттеу еңбектері дәлел. Абайтану саласында аз ғана жұмыс істесе де, құнды зерттеулер қалдырған әдебиетші, архивтанушы Бейсенбай Байғалиев еңбегін атап кеткен абзал.
Абайтануға шынайы қамқорлық жаңа ғасырда жаңа қырынан көрінді. Академик С.Қасқабасовтың басшылығымен институтта абайтану және жаңа дәуір әдебиеті бөлімі ашылды. Бөлімді алғаш басқарған академик З.Ахметов, одан кейін жетекшілік еткен Асқар Егеубаев абайтану алдында тұрған келелі міндеттерге үлкен жауапкершілікпен қарап, 10 томдық “Қазақ әдебиеті тарихының” Абай дәуіріне арналған томдарын жаңаша жазуға белсене атсалысты. Бұл үрдісті бөлімге соңғы бес жылдай басшылық еткен білікті ғалым Жұмағали Ысмағұлов сәтімен жалғастырды. 2004 жылы Абайдың қайтыс болғанына 100 жыл толуына арналған “Қазақтың бас ақыны” атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция, 2007 жылы “Абай дәстүрі және қазіргі қазақ әдебиеті”, 2009 жылы “Абай мұрасы – қазақтың ұлттық қазынасы” атты республикалық ғылыми-теориялық конференциялар өткізілді. Бұл ғылыми мәслихаттарда алыс-жақын мемлекеттердің, еліміздің көрнекті ғалымдары абайтанудың көкейкесті мәселелеріне байланысты мазмұнды баяндамалар жасап, құнды пікірлер айтты. Үш конференция материалдары да жеке-жеке кітап болып жарық көрді.
Иә, Абайды зерттеу жалғасуда. Абай – мәңгілік тақырып, таусылмас рухани қазына. Осы ретте Серікқазы Қорабай Абай мұрасын зерттеушілердің қазіргі буынына академик Зәки Ахметов айтатын тарихи және бүгінгі заман тұрғысынан қарайтын талдау қағидаттары жетіспей жататындығына тоқталды. Абай шығармашылығының ең басты сипаттары ретінде жаңашылдық, шыншылдық, сыншылдық, сыршылдық болатын болса, бір-бірінен нәр алып, біріне-бірі әсер етіп тұратын ажырамас осы көркемдік жүйе шарттарын қазіргі зерттеушілер әлі де болса жете ұстанбай келеді.
Абайтанудың көкейкесті мәселелері жетерлік. Абайдың қайнар бұлағы – Шығыс әдебиеті күн тәртібінен түскен жоқ. Сондай-ақ абайтану мәселесімен айналысатын ғылыми мекемелер арасында өзара шығармашылық байланыстың жоқтығы да қынжыларлықтай жәйт екен. Мысалы, Абайдың Семейдегі мұражайы сол Семейде шығатын “Абай” журналын алмайтынын дұрыс дей аламыз ба? Әлі күнге дейін ұлы Абайдың нақты туған күнінің ғылыми, ресми тұрғыдан айқындалмай отырғанын да ежелгі бейқамдығымызға балаймыз ба?
Конференцияда осындай кемшін тұстар да айтылмай қалған жоқ. Абайдың “Жидебай-Бөрілі” мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби мемориалдық қорық-мұражайының директоры Жандос Әубәкір, Әдебиет және өнер институтының бөлім меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы Айгүл Ісімақова, институттың бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы Сәрсенбі Дәуітов, Әдебиет және өнер институтының бөлім меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы Ислам Жеменей, Нұр-Мүбәрак Египет ислам мәдениеті университетінің проректоры, профессор Шәмшәдин Керім, филология ғылымдарының докторы Салтанат Ізтілеуова және басқалар абайтанудың бүгін таңдағы өзекті мәселелерін ортаға салды.
Тағы бір жайға қуандық. Түрік азаматы, жайсаң замандас, “Қазақстан-ZAMAN” халықаралық саяси-қоғамдық газетінің директоры Ахмет Аляз Абайдың “Ескендір” поэмасы мен “Көроғлы” эпосының байланысын зерттеп, диссертация қорғағалы жүргенін осы конференция барысында білдік. Бұл жайдың өзі де Қазақ елі, қазақ халқы тұрғанда, тәуелсіздігіміз салтанат құрып жатқанда ел-елдің арасындағы достық көпіріне айналған Абайдың да жасай беретініне тағы бір айғақ болғандай.
Қорғанбек АМАНЖОЛ.
АСТАНАДАҒЫ АБАЙ ЕСКЕРТКІШІ ТҮБІНДЕГІ ОЙ
Сыры-мұңы –
Ғасырлар ғұмырында,
Ұлылығы –
Ұлтының ұғымында.
Сағындырып келгендей Астанаға,
Табындырып тұрғандай
Тұғырында.
Көк сеңгірге төбесі тиіп тұрар,
Өне бойы
Өлең боп ұйып тұрар.
Қай жағынан мейлі сен қарасаң да,
Бәрібір ол,
Бәрінен биік тұрар.
Тірлігінде таптырмай уақыт тұрақ,
Тағдырының дәм-тұзын татып бірақ...
Бұрынғыдан көрініп көңілдірек,
Бұрынғыдан болғандай бақыттырақ.
Қатар тұрған
Ай болып, Күн қасына.
Бүтін дүние сыйғандай бір басына.
Шыңғыстаудың қарайып бір шыңындай,
Кеткендейін зорайып тұлғасы да.
Алаң болып далаға ойын бөліп,
Бірте-бірте қалаға бейімделіп.
Астанасы салынып болғаннан соң,
Қарайтындай асқпай кейін келіп.
Бұл күндері мереке-мерейім көп,
Бәйтеректің жемісін терейін деп.
Арғы бетке аяңдап бара жатыр,
Астананың қызығын көрейін деп.
Ақыл – серік мұндайда,
Сенім – берік.
Арқа-жарқа
Арқаның елін көріп,
Алматыда шапанын шешіп тастап,
Астанаға жеткендей жеңілденіп.
Ел-жұртының қадірін жаңа ұққандай,
Қарайды ол қияға анық барлай...
“Қалың елім – қазағым...” деген сөзді
Қабағынан айтпай-ақ танытқандай.
Атқан таңның нұрындай
Арайлана,
Ырзалығын білдіріп, әрі ойлана...
Күллі әлемді сыйдырып
Құшағына –
Тек осылай тұрады
Абай ғана!
Серік ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ.