Мемлекет басшысы өз сұхбатында көптеген маңызды мәселені екшей отырып, көптің көңілінде, тілдің ұшында, күнделікті тұрмысымызда, көз алдымызда өтіп жатқан бірталай құбылысқа тоқталды. Таяу, болашақ стратегиялық міндеттер айшықталды. Осыған байланысты сұхбаттың бірнеше ерекшелігін атап өтсем деп едім.
Біріншіден, бұл сұхбат Президенттің дәстүрлі жаңа жылдық құттықтауының айқара ашылған ауқымды жалғасы болып тұр. Екіншіден, кейінгі жылдардың жасампаздығы қорытылып, қандай табиғи апат, әлемдік дағдарыс сұрапылына төтеп беруге қабілетті мемлекет болғанымызға халықтың көзі жетіп, сенімі артып келе жатқаны көңіл көншітеді. Үшіншіден, жеткенімізге тоқмейілсу жоқ. Президент сөзімен айтсақ, «реформа – ұдайы жүретін үдеріс. Қоғамда нақты сұраныс болса – жаңа реформалар әзірленеді. Реформалар елді өркендету ісінің ажырамас бөлігі болған, бола да береді».
Мемлекет басшысы меңзеген бастаманың бір «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы дер едім. Ол бұл идея ұлттық идеологиямыздың аса маңызды бөлігіне айналуға тиіс екенін тағы да қайталап айтты. Бұл әр адамның санасына сәуле түсіретін сөздер. Тазалық пенденің жарық дүние есігін ашқанынан басталады. Адам асқа қолын жумай отырмайды. Сол сияқты ас дайындығының тазалығы сақталмаса, денсаулыққа қауіп. Төсек орын тазалығы тіпті кірпияз. Киім кию тазалығы. Үй ішінің, жұмыс орнының тазалығы. Қысқасы, тазалықсыз өмір жоқ. Қазір осы акция барысында мыңдаған жас, ерікті қоршаған ортаны қоқыстан тазартып, игі бастамаға қолдау көрсетіп жүргені қуантады.
Дұрыс-ақ. Бірақ сол қоқыс, ластану қайдан шықты? Адамдардың жауапсыздығынан, надандығынан, ластығынан емес пе? Олар неге қолындағы қоқысты, темекі тұқылын қалай болса солай көшеге тастай салады? Ластық – надандықтың көрінісі. Қаттылау айтылса да шындығы – сол. Яғни тәрбие мәселесін жолға қойып, тұрмысымыздың өмір салтына, әдет-ғұрпымызға айналдыруымыз керек.
Тазалықты сақтау – ешкімнен ешқандай шығын, қаржы талап етпейді. Әр адамның санасын, қоршаған ортаға, аулаға, көшеге, жолға, жұмыс орнына, далаға, орманға, тауға, суға жауапкершілігін оятуға міндеттіміз. Осыған бүкіл халық болып жұмылуымыз – өзіміздің ел екенімізді, таза қоғам, таза мемлекет екенімізді көрсетеді. Әрине, осы рухани жұмыстарды ұйымдастырып, оны өмір салтымызға айналдыруға ресми билік құрылымдары, қоғамдық ұйымдар, партиялар, бұқаралық ақпарат құралдары ұлт болып жұмылуымыз – парыз.
Экологиялық, қоршаған орта тазалығына байланысты заң талаптарын, әкімшілік, құқық шараларын күшейтуіміз керек. Осы орайда салық мәселелерін де қайта қарау сұранып тұр. Салық демекші, біздің құзырлы мемлекеттік орындарымыз нағыз салық төлейтін табысы өте жоғары кейбір жеке тұлғалардың үйіне, үлкен сарайларына, басқа да қымбат жерлеріне, көліктеріне уақытында салық төлеуін қамтамасыз ете алмайды. Әрине, олар өздері ойлау керек. Бірақ аса байлық кейде ойлатпайды-ау деймін. Есесіне, табысы төмен, үй-жайы, көлігі орташа адамдарға күш көрсетуге шебер. Сол сияқты өздері күндерін әрең көріп жүрген таксистер, тағы басқа жұмыс істеп жүргендерге қысым жасауға құлықты. Мәселен, қазір көптеген жас «жеткізу» жұмысымен айналысады. Негізінен бұл жұмысты жастар, көбіне студенттер сабағынан тыс уақытта азын-аулақ табыс үшін жүргізеді. Яғни бұл тұрақты жұмыс емес. Ал енді біздің салық қызметкерлері, тіпті кейбір депутаттар «осылардан салық аламыз» дейді. Олардың әлеуметтік жағдайынан хабары жоқ.
Президент «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялаған осы жылы аға буын жастарды еңбекке бейімдеуге бағыттауы дұрыс болар. Темір, ағаш, тері, тағы басқа заттардан бұйым жасайтын ұсталық дәстүрді жаңғыртуға да мән беру керек. Қазір барлық өңірде мұндай шеберлік мектептері қалыптасқан, оларға ынталы жастар да баршылық. Бұл орайда тәлімгерлікті жолға қойып, зейнеткерлер мен жас талапкерлерді ынтымақтастырған жөн. Адал еңбек еткен жастан әділ азамат шығатынына сенемін. Президент осындай отаншыл жастарды қолдайды, қорғайды.
Қуаныш СҰЛТАНОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері