Әлем • 14 Қаңтар, 2025

Тұрақсыз әлемдегі тұрақтылықтың үлгісі

190 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Әр жылдың қыркүйегінде БҰҰ дүниежүзілік Бейбітшілік күнін атап өтеді. Алайда қазір жаһандық қақтығыстар үрейлі қарқынмен өршіп бара жатыр. Ресей мен Украина арасындағы келіспеушілік екі жылдан аса уақыт бойы жалғасып келеді. Израиль-Палестина қақтығысы Ливанға, одан қалды Иранға, АҚШ пен оның одақтастарына да әсер етуі мүмкін деген алаңдаушылық та бар. Бұл әрине ірі державалар арасындағы қарама-қайшылықты, геосаяси бәсекелестік пен зорлық-зомбылықты күшейтіп, барлық аймақты тұрақсыздандырады. Қақтығыстардың өршуіне одан әрі жол бермеу үшін елдер өзара қарым-қатынастың басқа моделін қарастыруы керек. Бұған Қазақстанның ұстанып отырған саясаты мысал бола алады.

Тұрақсыз әлемдегі тұрақтылықтың үлгісі

Коллажды жасаған – Амангелді Қияс, «ЕQ»

Майкл РОССИ,

Нью-Джерсидегі Ратгерс университетінің (АҚШ) қызметкері

 

Әлемде тепе-теңдік сақтау маңызды

Қазақстан осы орайда қызықты кейс-стади ұстанып әрі ұсынып отыр. Оның теңдестірілген және дәйекті бейбіт сыртқы саясаты көпвекторлы саясат ретінде сипатталған. Бұл елге ішкі және аймақтық тұрақтылықты сақтауға мүмкіндік берді. Осы тұрақ­­тылық Қазақстанның ішкі сая­­сатында және Астанада үш жыл­­да бір рет өткізілетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі­­нің бастамасында көрініс тап­қан, кон­фессияаралық диалог пен бейбіт­шілікке ықпал ететін бірлік пен этникалық келісімге деген адал­дығының негізінде жатыр. Солтүс­тігінде Ресеймен, шығы­сында Қытаймен көршілес жатқан Қазақ­стан­ның сыртқы саясаты шағын және орта державалардың тұрақтылығы төмендеп, барған сайын көпполярлы жаһандық тәртіпті қалай басқарамыз дегендерге маңызды сабақ береді.

Қазақстанның 90-жылдардың басында кеңес одағынан тәуелсіздік алғаннан кейін қалыптасқан сырт­қы саясаты Ресей, Қытай, АҚШ және Еуропалық одақты қоса алғанда, түрлі жаһандық ұйымдармен қарым-қатынас орнатуға мүмкін­дік береді. Мысалы, Қазақстан – Еуразиялық экономикалық одақтың құрамындағы ел. Сонымен қатар 2015 жылы қол қойылған Кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық туралы келісімнің (EPCA) бөлігі ретінде ЕО-мен қарым-қатынасты дамытып жатыр. Қазақстан өзінің сыртқы саяси күн тәртібінде бірде-бір державаның үстемдік етпеуін қамтамасыз ете отырып, геосаяси келіспеушіліктерге қарамастан, ынтымақтастық байланыстарын орнатты. Бұл тәсіл Қазақстанның ұлы державалар арасындағы бәсеке­лестіктің нысанына айналуына жол бермеуде маңызды рөл атқарды. Өйткені ықпалды көршілер елді қақтығыстарға немесе бәсекелестік­ке оңай тартуы мүмкін. Алайда Мәскеу­мен де, Бейжіңмен де берік қарым-қатынасты сақтай отырып, сондай-ақ Батыс елдерімен байланысты нығайта келіп, Қазақстан ірі державалардың қақтығыстарынан бойын аулақ ұстады. Оның орнына «Бір белдеу, бір жол» бастамасының бағыты бойынша да, Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша да Қытай мен Еуропа арасындағы сауданы жеңілдетті. Қазақстанның теңдестірілген сыртқы саясаты және оның күрделі халықаралық динамиканы бағдарлай білу қабілеті елдің 2017–2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі етті, оған ұйым сенім білдірді. Ол Орта­лық Азиядан осы лауазымды атқа­р­ған алғашқы ел болды. Қазақ­стан сияқты орта державалар үшін дипломатияның бұл түрі – ірі елдердің «бәлесінен» аулақ болу­дың басты құралы. АҚШ, Қытай және Ресей арасындағы жаһандық бәсе­ке­л­естік күшейген сайын олар көп­теген елді бір тарапқа қосылуға үгіт­тейді. Алайда Қазақстан мысалы көрс­еткендей, дипломатиялық жол­ды ашық ұстану арқылы елдер авто­но­миясын сақтай алады және өз мүд­делеріне қызмет етпейтін қақтығыс­тарға қосылмай қарсы тұра алады.

 

Аймақтық бейбітшілікке үлес қосып келеді

Қазақстан өзінің бейтараптылық әрекетінен басқа, орта держава­лар­дың халықаралық дипломатиядағы рөлін танытып, аймақтық бейбітші­лік пен қауіпсіздікке ықпал етіп келеді. Ол өзінің бейтарап ұстанымын пайдалана отырып, өңірлік және халықаралық қақтығыстардағы ке­ліссөздер алаңын ұсынды. Бізге мә­лім мысалдың бірі – Сирия бойын­ша Астанадағы бейбіт келіссөздер. Онда Қазақстан 2017 жылдан бері Сирия үкіметі, оппозициялық топтар және Ресей, Иран, Түркия секілді халықаралық мүдделі тараптар арасында келіссөздер жүргізіп келеді. Сириядағы ішкі қақтығыс толық шешілмегенімен, Қазақстанның бейтарап ұстанымы оған осы келіссөздердің қожайыны ретінде әрекет етуге мүмкіндік берді. Былтыр Қазақстан Армения мен Әзербайжан арасындағы келіссөздер алаңын ұсынды. Келіссөздер шиеленісті жеңіл­детуге және бұрыннан келе жат­қан қақтығысқа қатысқан екі ел арасындағы бейбітшілікті нығай­туға бағытталған. Әзербайжан Қазақ­станның Баку мен Ереван арасында бейбітшілік келісімі бойынша келіссөздерді Астанада жалғастыру туралы ұсынысын қабылдады.

Сонымен қатар Қазақстан бұған дейін Ресей мен Украина арасын­­дағы келіссөздерге де өз алаңын ұсынды. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Украинада бейбітшілікке қол жеткізу мүмкіндігі әлі де бар екенін айтты.

Қазақстан – ядролық қарусыз­дану­дың жақтаушысы. 1991 жылы Семей ядролық полигоны жабылып, әлемдегі төртінші ірі ядролық арсеналдан бас тартқаннан кейін Қазақстан әлемдік аренада таратпау мәселесін алға тартты. Ел жыл са­йын 29 тамызда атап өтілетін халық­аралық ядролық сынақтарға қарсы күрес күнін белгілеуде шешуші рөл атқарды. Екі ірі жаһандық ядро­лық держава Америка Құрама Штат­тары мен Ресей арасындағы қарама-қайшылықтың артып келе жатқанын ескере отырып, орта державалардың осы қарудан туын­дай­тын жаһандық қауіпті азайту үшін ынтымақтасуы өте маңызды. Ірі державалардың жақын арада ядро­лық қарусыздануға ұмтылуы екі­та­лай болса да, кішігірім елдер жа­һан­­дық қауіпсіздік нормаларына әсер етіп, ядролық қақтығыстардың ал­дын алуда маңызды рөл атқаруы мүмкін.

Сонымен қатар Қазақстан Азия­дағы өзара іс-қимыл және сенім шара­лары жөніндегі кеңес (АӨСШК), Азиядағы бейбітшілік пен ынты­мақтастықты нығайтуға бағыт­талған платформа сияқты бастама­лар арқылы аймақтық қауіпсіз­дікті сақтап келеді. Бұл ел Үндістан мен Пәкістан сияқты саяси қарсы­ластары бар Шанхай Ынтымақ­тастық Ұйымын (ШЫҰ) қоса алған­да, ірі халықаралық ұйымдарды басқарды. Дегенмен барлық тараппен оң қарым-қатынастың арқасында Қазақстан ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер арасында бірнеше құжатқа қол қоюға мұрындық болып, түрлі геосаяси мүдделерді бағдарлау қабілеті барын тағы да көрсетті.

 

Бейтараптылықтың оң әсері

Қазақстанның ұстанып отырған бейтарап саясаты оң болғанымен, оның проблемалары да жоқ емес. Жаһан­дық қақтығыстардың күшейіп тұрған кезінде бейтараптықты сақтау қиын болуы мүмкін, әсіресе ірі держа­валардың қысымы күшті болса. Мысалы, Қазақстанның Ресей­ге жақындығы проблема туғыз­бай қоймайды, өйткені Мәскеу аймаққа ықпал етуді жалғастырып келеді. Сонымен қатар Қытайдың эконо­микалық үстемдігі Орталық Азия елдерінің осы ықпалды көрші­мен байланысын нығайтуға итер­ме­лейді. Дегенмен бұл тәсілдің артықшы­лық­тары басым. Қазақстан­ның сырт­қы сая­саты оған көршілерінің гео­саяси амбицияларына араласпай, аймақтық бейбітшілік пен қауіпсіздік күш-жігерінде сындарлы рөл атқаруға мүмкіндік берді. АҚШ, Қытай немесе Ресей секілді ірі державалардың бейтарап сыртқы саясат жүргізуі екіталай. Өйткені олардың геосаяси амбициялары мен стратегиялық мүдделері ұлы державалардың бәсекелестігіне әкеліп соқтырады, бұл олардың жаһандық күн тәртібін жүзеге асыру барысында басқа мемлекеттермен бәсекелестікке қарай ұмтылуында жатыр. Ал шағын мемлекеттер мен орта державаларға көпвекторлы дипломатия стратегиясын жүргізу тиімді. Себебі мұндай елдер ынтымақтастыққа ашық болып, өздерінің автономиясын қорғай алады, аймақтық тұрақтылыққа үлес қоса алады және жаһандық қақтығыстарда делдал ретінде әрекет ете алады. Егер көптеген ел осы жолмен жүрсе, олар тұрақты халықаралық тәртіпті құруға көмектесе алар еді.

 

Дайындаған –

Гүлнар ЖОЛЖАН,

«Egemen Qazaqstan» 

Соңғы жаңалықтар