Қазақ хандығының өмірге келуіне ізашар болған қарлық ру-тайпалары конфедерациясы туралы
Осы жылы республикалық көлемде аталынып өтетін Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы қарсаңында бұрыннан қазақ жерінде құрылған мемлекеттік құрылымдар тарихына да жете көңіл бөлінгені дұрыс. Өйткені, олардың барлығы да кейін құрылған Қазақ хандығының қалыптасуына үлкен дәрежеде ықпал етті. Сондай мемлекеттің бірі – кезінде дамыған өркениетті Қарахандар әулеті мемлекетінің негізін салған және оның ыдырауы нәтижесінде Шыңғыс хан шапқыншылығы қарсаңында бірнеше хандықтар құрылып, кейін қазақ хандығының қалыптасуына үлес қосқан қарлық ру-тайпаларының конфедерациясы еді. Бұл мәселеге қалам тартушы тарихшы ғалымдардың пікірлеріне көз жүгіртсек: ғалым М.Ақынжанов: «Қазақ халқына негізінен алғаш ұйытқы болған Түргеш пен Қарлық одағы болды», деп жазады. Қарлық кағанатының қазақ халқын құрудағы рөлін жоғары бағалай келіп, түркі және моңғол шежірелерін жетік білетін қазақ ғалымы Ислам Қабышұлы былай дейді: «...қарлық одағының тұсында қазақ халқы өзінің осы күнгі қазақ атымен аталды. Оның IX-X ғасырларда өз алдына жеке халық болып құрала бастағаны анықталды. Оның экономикалық тұтастығы, мәдениет және қоныс бірлігі бар еді. Ал мәдениет бар жерде мінез-құлық бірлігі болатыны да даусыз. Сондықтан тұтас бір халықтық белгілері бар деп саналады. Бұл әрине халық болып құралудың бастамасы. Осы қарлық кезінде ізі салынған халықтың ұйытқысы жойылып кетпей баянды болып қалды. Бұл ұйытқыны сырттан келген шапқыншылар да бұза алмады. 1140 жылғы қидан, 1203-1220 жылғы моңғол шапқыншылығы да бұл бірлікті ыдырата алмады. Сөйтіп, 1218-1380 жылдарда әр жердегі қазақтар қайта бас қосқанда сол қарлық атымен емес қазақ атымен біріккен-ді». Шынында да қарлықтардың мемлекеттік құрылымы кейін құрылған Қазақ хандығына ұқсас болды. Біріншіден қарлықтар үшке бөлініп, тарих сахнасына шыққанда да «үш қарлық» болып аталды және олардың басқарушылары алғашқы кезде «жабғу» немесе «ябғу» деп аталды. Бұл қазақтың билер институтына сәйкес келеді. Кезінде академик В. Бартольд «ябғуды» «пейгу» немесе одан кейінгі эволюциялық нұсқасы «биге» келетіндігін пайымдаған болатын. Ал «жабғу» атауындағы «ж» диалектісі де көңіл аударарлық. Көрнекті ғалым, Орталық Азияның тарихы мен этнографиясын зерттеуші А.Бернштам қарлықтарда тіл жағынан екі, яғни «ж» және «и» диалектісінің болғанын дәлелдеп көрсеткен-ді. Оның бергі жағында қарлық ру-тайпаларының конфедерациясы Жетісуда тоғыз топтан тұрғанда оның ішінде кейін қазақтың үш жүзінің де рулары болғандығы белгілі. Ол мәселе 2000 жылы шыққан «Қарлық мемлекетінің тарихы» атты монографияда баяндалған болатын. Сонымен қатар, Қарахандар хандығының ішкі және қайшылықтардың шиеленісуі нәтижесінде көшпелілігі басым, жекелеген Алмалық – қарлық, Қаялық (Қойлық) – қарлық және Хазар – қарлық хандықтарының Шыңғыс хан жорығының алдында бөлініп шығуы да қазақтың үш жүзінің пайда болуы туралы тарихи аңызды еске түсіреді. Ондағы Қызыл Арыстан хан қасында жүрген Үйсін, Болат, Алшын бастаған қолдардың басқа жерге барып ел болып кетуі тарихи аңыздың негізгі желісі.Мұндағы Қызыл Арыстан хан қарахандықтарды басқарған селжұқ Санжар сұлтан екені де белгілі. 742 жылы қарлық, басмыл және ұйғырлар біріге отырып Шығыс Түрік қағанатының саяси үстемдігін күйреткеннен соң, 746 жылы Жетісуға қоныс аударып, батысқа қарай Фараб (Отырар) өңірін қоса жайлаған еді. Осы кезде бұл өңірде геосаяси жағдай өте күрделі-тін. Оңтүстіктен Араб халифаты, ал шығыстан Қытайдың Таң империясынан қауіп төнді. Осы өңірде екі империялық күштердің мүдделері түйіскен еді. Таң әскерлері Суябты басып алып, батысқа қарай Шашқа (Ташкент) жетті. Бұл батыстан ілгерілеп келе жатқан арабтардың мүдделеріне қайшы келді. Сөйтіп, 751 жылы екі империялық күштердің шешуші шайқасы Талас өзені бойындағы Атлах қаласының маңайында өтті. Екі үлкен армия бес күндей бір-біріне бата алмай қарсы тұрған кезде Таң әскерінің тылынан қарлықтар шабуыл жасаған. Сол кезде арабтар да шабуылға шығып, қытай әскерінің тас-талқанын шығарады. Араб тарихшысы әл-Асирдің айтуынша осы шайқаста қытайлықтар 50 мың әскерінен өлідей айырылып, 20 мыңдайы тұтқындалған. Өкінішке қарай, қарлықтардың Атлах шайқасындағы рөлі деректерде белгілі болса да, 1996 жылы шыққан Қазақстан тарихының төрт томдық академиялық басылымында айтылмай кеткен. Қазіргі жазылып жатқан көптомдықтарда бұл жағдай ескерілуі тиіс деген пікірдеміз. Өйткені, Атлах шайқасының ортағасырлық дәуірдегі Орталық Азия мемлекеттері мен халықтарының саяси және мәдени тарихында өте маңызды орын алады. Осы шайқастан кейін Қытай империясы өзінің Орталық Азия аумағында белсенді геосаяси мүдделерінен бірнеше жүзжылдықтар бойы бас тартуға тура келді. Оның есесіне араб-мұсылман өркениеті орнығып, аймақта құрылғаннан кейінгі хандықтардың тағдыр-талайында өшпес із қалдырды. VIII-X ғасырлар аралығында қарлық ру-тайпалары Жоңғар Алатауынан Сырдарияның орта ағысына, Балқаштан Ыстықкөлге дейін Іле, Шу, Талас өзендерінің жазықтарында, Хантәңірінің етегінде, Исфиджабтан (Сайрам) Отырарға дейіңгі аралықта, яғни Х ғасырдағы араб географы ибн Хаукалдың айтуынша шығысынан батысына дейін жүріп өту үшін 30 күн керек болған. Қарлықтардың этностық даму үрдісі Қарахандар әулетіне ұласуға дейін үш кезеңнен өткені байқалады. Бірінші, VII-VIII ғасырларда үш тайпадан құралған «үш қарлық» бірлестігі атауымен Түрік қағанаты үстемдігіне қарсы күресушілердің бірі болды. Бұл кезде қарлық құрамына бұлақ, шігіл және ташлы тайпалары кіргені белгілі. Екінші VIII ғасырдың ортасынан бастап қарлықтар батысқа жылжып, бұрынғы «Он оқ» елі мен түргештердің арғу және тухси ру-тайпаларын біріктіріп, конфедерация құрады. Осы кезеңде қарлық бірлестігінің кұрамында тоғыз ру-тайпалық топ болғаны мәлім. Үшінші, ІХ-XI ғасырларда қарлық конфедерациясындағы тайпалар өзара аралас орналасқан шігіл, оғыз, яғма, тухси және соғдылармен үздіксіз этносаяси және шаруашылық тұрғыдан қарым-қатынаста болды. Қарахандар мемлекетінің пайда болуы туралы қазіргі тарихнама бұрынғы Кеңес дәуірінің идеологиялық сарынынан арыла қойған жоқ. Оның бірден-бір көрінісі – біздің мемлекеттілігіміздің тарихын әлі де үзік-үзік етіп көрсету. Оның «ортақ сценарийі»: ортағасырлық түркі дәуіріндегі мемлекеттер тарихын жазғанда бәрі де құлап, жойылып, оның орнына басқа мемлекеттер пайда болады. Олардың бір-бірімен жалғасып, эволюциялық даму үрдісінде болғандығына көңіл аударылмайды. Бұл жағдай Қарахандар мемлекетінің пайда болуы туралы тарихнамада да көрініс береді. Әдетте қалыптасқан тарихнамада Қарлық мемлекеті 940 жылы Қашғардың түрік билеушілерінің Баласағұнды басып алуына байланысты құлады делінеді. Ал Қарахан мемлекетінің тарихы 942 жылдан, яғни Сатук Боғра ханның Баласағұн билеушісін құлатып, өзін қаған ретінде жариялағанынан басталады деп көрсетеді. Шын мәнісінде, былай болған еді: 840 жылы қарлықтардың жабғуы, Испиджабты билеуші Білге Күл Қадыр Қара хан қаған атағын алып, халыққа жария етті. Міне, осы кезден бастап қарлық мемлекетін билеушілер өздерін Қара хан әулетіненбіз деп санай бастады. Бұл 840 жыл. Ал дәстүрлі тарихнамада Қарахандар әулетін Сатук Абд ал-Керимнің исламды қабылдап, қаған ретінде өзін жариялануынан бастайды. Қайсысы дұрыс? Біздіңше, Қарахандар әулетінің билігін 840 жылдан, яғни Білге Күл Қадыр Қара хан қағаннан бастаған тарихи әділдік болар еді. Өйткені, алғашқысы мен кейінгісінің арасындағы айырмашылық тек ислам дінін мемлекеттік дін ретінде қабылдауда ғана. Дінді қабылдау бүтіндей мемлекетті оның басқару институттарын түбірімен өзгертеді деген тұжырым тудырмауы керек. Білге Күл Қадыр Қара хан өлгеннен кейін қағанаттағы билік оның екі баласының қолына көшті: Базыр Арслан-хан – Баласағұнды, ал Оғұлшақ Қадыр хан Таразды билей бастады.Таразды саманилік Исмаил ибн Ахмад басып алғаннан кейін (893 ж.) Оғұлшақ Қашғарға кетуге мәжбүр болды. 904 жылы ол Саманилер иелігіне шабуыл жасады. Оғұлшақтың немере інісі Сатұқ Боғра хан (915-955) Қарахандардың мұсылмандық әулетінің негізін салушы болды. Бұл жерде ерекше ден қоятын жағдай тарихнамада қалыптасқандай Сатұқ Боғра хан жалпы Қарахан әулетінің негізін салушы емес, оның тек мұсылмандық бағытын бастаушы ретінде қарастыру керек. Кезінде орыс ғалымы В. Григорьев хандарда «қара» атағы болуына байланысты «Қараханидтер мемлекеті» деп, тарихи еңбектерде бұл атауды орнықтырды. Алайда оның тек шартты атау екендігі белгілі. Қарахандар мемлекетінің құрылуы мәселесінде талас пікірлер әлі толастаған жоқ. Осы мәселені анықтау үшін әуелі «қара» атағы мен «Қарахандар әулетінің» пайда болу және оның тарих сахнасына шығу мәселелеріне тоқталу қажет. «Қара хан» титулын алғаш түркілер хандығында Бумын (Момын) қағанның үшінші ұлы Тобо (Тобық) хан (572-581 жж.) алған еді. Ол өте батыл да ержүрек және дипломатиялық шеберлігі зор, қытайға да салық төлеткен, түркілер мемлекетінің территориясын батысында да және шығысында да мейлінше ұлғайтып, Сасанидтік Иран мен Византия империясымен дәрежесін тең ұстаған хан еді. Қытай транскрипциясы негізінде Л.Н.Гумилев бұл ханның түркі тіліндегі атын «табақ», аңдық стилінде «Арсила» (Арыстан) екенін анықтаған. Қазақ тілінде де «тобық» ~ «табақ», (орысшада да «чаша»- -«лодыжка» - «табақ») мағынасын береді. Ол кезде Тобо хан буддизмді қабылдап, осы діннің дәстүрі бойынша қолына табақ және жуан таяқ ұстаған. Қазақ шежіресінде де бұл жағдай көрініс берген. Мысалы Арғын шежіресінде Момын (Бумын) анадан туған тобықты - «жуан таяқ тобықты» деп аталған. Византиялық тарихшы Менандр да Тобо ханды аңдық стилінде «Арсила», яғни «Арыстан» атауымен жазған. IX ғасырдың жартысы мен X ғасырда қарлық «жабғуы» атауының орнына «қара» атағы қолданылды. Бұл қарлықтардың ежелгі түркілердің саяси билік мұрасын өз қолына алуын білдіргендігі болатын. Бұл — Білге Күл Қадырханның өзін Қара қаған деп жариялау уақытымен сәйкес келеді. Қарлықтардың астанасы болып табылатын Баласағұнда билеушілердің тұратын жері – «Қара Орда» немесе «Күз Орда» деп аталды. Орда орналасқан тауға қарап, қарлықтар: «Мұнда барлығынан жоғары иеміз тұрады, біздің бұл сөзімізден құдай сақтасын» деп жалбарынатын болған. Бұл ретте ал-Масудидің мына сөздерін келтірген орынды: «Хакандардың хаканы солардан (қарлықтардан) болды, ол түріктердің басты мемлекеттерін және олардың патшаларын өз қоластына бағындырды. Афрасиаб ат-Түркі де осы хакандардан шықты ..., Шана (яғни Ашна) да солардан (қарлықтардан) болды». Ортағасырлық тарихшы Жамал Карши қарахандардың мұсылмандық әулетін құрушы Сатук Абд ал-Керимнің атасы қарлық қағаны Білге Күл Қадыр хан болды деп жазады. IX ғасырдың ортасына қарай Қарлықтардың тарих сахнасына шығуынан бастап, олардың Орталық Азияда саяси үстемдікке қол жеткізуі мен моңғол шапқыншылығына дейінгі тарихын зерттеудің қазіргі түркітілдес халықтар үшін маңызы зор. Қарлықтардың ру-тайпалық одақтарынан құрылған хандық мемлекет Қарахандар әулетінің хандықтарын құруда басты рөл атқара отырып, моңғол шапқыншылығынан кейінгі дәуірде қазақ, өзбек, қырғыз және т.б. Орталық Азиядағы жаңа хандықтардың, соның ішінде Қазақ хандығының да қалыптасуына зор ықпал етті. Қарахандар әулеті тұсындағы қарлық көшпелілерінің отырықшылығы жоғары дамыған аудандардан(жайылымдардың тарылуына байланысты) бөлініп шығып, өздерінің жекелеген еркін иеліктерін құруы да кейін қазақ, қырғыз, өзбек, хандықтарының пайда болуын тездеткен үрдіс ретінде қарастыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, қазақ халқының шығу тегі мен оның этногенетикалық процестерімен тығыз байланысты қарлықтар мен Қарахандар әулетінің дәуірі Қазақстан тарихының әлі жете зерттеліне қоймаған кезеңімен сәйкес келуі, бұл тақырыптың өзектілігін көрсетеді. Әлеуметтік-саяси шиеленістердің негізгі себептері және жекелеген Қарлық хандықтарының бөлініп шығуы. Осы уақытқа дейінгі тарихнамада көшпенділер мен отырықшылдардың қатынасы мәселесінде өзара ықпалдастығы біршама жақсы зерттелгенімен, олардың әлеуметтік-экономикалық дамудың бір кезеңінде бір-бірінен алшақтауы немесе бөлінуі мәселесіне және оның себептеріне жеткілікті мән беріле қойған жоқ. Бұл мәселені дұрыс қойып, оны шешу қазірде қазақтар және олардың ата-бабаларының таза көшпенділер болды ма немесе жартылай көшпенді болды ма деген сұраққа түпкілікті жауап беруге көмектеседі. Бұл проблеманы шешудің жолын Қарахандар мемлекетінің әлеуметтік-саяси тарихы мысалында анық көруге болады. Қарахандар әулеті құрған мемлекеттің құрамында болған көшпелілігі басым қарлық, оғыз ру-тайпаларының (кейін қазақ, өзбек, түрікмен және қырғыз халықтары мен хандықтарын қалыптастырған) өздерінің елдік болмысы мен тыныс-тіршілігін және еркіндігін сақтап қалу үшін үнемі күрес жағдайында болды. Қарахандар әулетінің екіге бөлінуі, олардың үнемі таққа талас-тартыстары, оның үстіне селжұқтардың көтеріліп, билік басына келуі көшпелі түркі ру-тайпалары құрған ел іргесіне үлкен қауіп төндірді. Қарахандар, одан кейін селжұқтар құрған иеліктің билеушілері әскерінің бір бөлігі осы көшпелі түркі ру-тайпаларының конфедерациясынан жасақталған болатын. Осы қызметі және төлеген салықтары (белгілі мөлшерде мал басы) үшін оларға жайылымға және басқа шаруашылықтар жүргізуге жер берілді. Бірақ қарахандар мен селжұқтар әулеттерінің үнемі саяси талас-тартыстары көшпелілердің әскери қызметтегілері мен дәстүрлі шаруашылығына көп зардаптарын тигізді. Әдетте, осы кезеңді зерттеушілердің назарында қарахандар мен селжұқтар әулеттерінің саяси күрестері болады да, саяси оқиғалардың себеп-салдарына белгілі бір дәрежеде ықпал еткен әлеуметтік-экономикалық факторға байланысты шешуші рөл атқарған көшпелі түркі ру-тайпаларының іс-әрекеттері тыс қалады. Сондықтан да бұл мәселені ортағасырлық көшпенділер мен отырықшылдықтың ара-қатынасы тарихының «ақтаңдағы» десе де болады. Бізге белгілі, көшпелі шаруашылық жалпы мемлекеттегі қалалардың гүлденуіне, сауда-саттықтың дамуына, сол кездегі «Ұлы Жібек» жолының бұрынғыдай өркениеттік рөлін қамтамасыз етуіне үздіксіз үлес қосып отырды. Сонымен қоса, көшпелілердің жан басы мен мал басы өсіп, бұрынғы бөлініп берілген жерлер таршылық етіп, жайылымды кеңейту қажет болды. Мұның өзі сол кездегі отырықшылдықтағы жер иелену қатынастарын барынша дамытқан қарахандар мен селжұқтар әулеттерінің билеушілерінің ісі саяси-әлеуметтік қайшылықтарға, тіпті тікелей әскери-соғыс қақтығыстарына әкеліп соқтырды. Ол аздай мемлекет билеушілерінің көшпелілермен мұндай қайшылықтарды дұрыс жолмен шеше алмауы сол мемлекеттің ақыр аяғында күйреуіне әкелетіні белгілі. Дәл осы жағдай селжұқ билеушілері мен көшпелілігі басым оғыз-қарлық ру-тайпалары арасында туындаған саяси-әлеуметтік қарама-қайшылықтарды туындатты. Енді осыны сол кезеңдегі тарихи оқиғалар мен нақтылы деректер негізінде қарастырып көрелік. Мысалы, қилы заманды басынан кешірген оғыздардың тағдыр-талайы Қорқыт ата кітабындағы «Басаттың Төбекөзді өлтірген әңгімесінің баянында» көрініс беретінін айта кеткен жөн. Әңгіме сюжеті Қиян Селжұқтың інісі Басаттың Төбекөзді жеңіп, оғыздар мерейін үстем еткені туралы оқиғалардан құрылған. Алғашында оғыздар ішінен шыққан селжұқтар кейін империялық мемлекет құрған Санжар сұлтан өз билігінің соңғы кезеңінде оғыз-қарлық конфедерациясындағы көшпелі ру-тайпаларға қатты қысымшылық (салық мөлшерінің шектен тыс ұлғаюы көрсетті. Қорқыт ата кітабындағы Төбекөз тұлғасы сол кезде селжұқтар империясын басқарған сұлтан Санжар болуы кәдік. Оғыздар атынан Қорқыт ата Төбекөзге барып, салық мөлшерін азайтуға келісім жасасуға тырысады. Салық түрі жазба деректердегідей мал басымен (қой) белгіленген. Сонымен қатар, жазба деректерден бір артықшылығы Қорқыт ата кітабында көшпелілердің сұлтан әскеріне ер адамды беру міндеткерлігі де аталған. Кітап сюжетінде: «жайылымына оғыз елін қондырмады», «оғыздарға салық салды», билеушілерге «төрт ұлы бары бірін берді, үшеуі қалды. Үш ұлы бары бірін берді, екеуі қалды» деген деректер кездеседі. Санжар сұлтанның жанындағы әскердің дені көшпелі оғыз-қарлықтардан құралғанын жазба деректерден білсек, онда белгілі бір мөлшерде ер адам басын сұлтан әскерінің қатарына беру көшпелілерге де міндеттелінгенін байқауға болады. Көптеген жазба деректерде Санжар сұлтан билігі кезеңінде оғыз-қарлық конфедерациясындағы көшпелі ру-тайпаларды Қорқыт пен Тути бек басқарғаны белгілі. Жазғандарымыз дәлелді болу үшін ХII-ғасырда Иран, Ауғанстан және Орта Азияға саяхат жасаған Вениамин Тудельскийдің қолжазбасында жақсы көрсетілген. В.Тудельскийдің саяхатнамасында Санжар сұлтан орсан зор қолымен шешуші шайқасқа бірден түспегені де айтылады. В.Тудельскийдің жазбалары өткен ғасырдың 30-жылдарында-ақ Батыс Еуропа тарихнамасының айналымына енгенімен әлі де зерттеушілер назарына толық ілінбегендігін айта кету керек. Оғыз-қарлық конфедерациясындағы көшпелі ру-тайпалар мен селжұқ сұлтаны Санжар арасындағы қанқұйлы оқиғалардан қөшпелілердің еркіндік пен тәуелсіздігі және елдігін сақтап қалудағы жанкешті күресі көрініс береді. Мұндай жағдай ел есінде елеусіз қалмағаны жөн секілді. Сондықтан да ол Қорқыт Ата кітабының бір жыры болып қалған. Мұның өзі тарихта әлденеше рет қайталанғанындай, көшпелілердің басты мұраты – мәңгі ел, мәңгілік еркіндік пен тәуелсіздік болып қала беретіндігін тағы да айшықтады. Сонымен, жоғарыда айтылғандардан шығатын қорытынды, көшпелілер мен отырықшылдығы аралас ортағасырлық мемлекетте қоғамның белгілі бір дамыған кезеңінде жер иеленуші болды. Бұған қоса отырықшыл қауым мен мал шаруашылығымен айналысатын көшпелілер арасында жер үшін бәсекелестік туындаған. Егер мемлекетті басқарушылар бұл мәселені дұрыс шеше алмаса бәсекелестіктің арты саяси қақтығыстарға ұласып, мемлекеттің әлсіреуіне және аталған шаруашылық түрлерімен айналысушылардың бір-бірінен бөлінуіне алып келері сөзсіз. Дәл осындай жағдай Қарахандар мемлекетінде орын алып, көшпелілігі басым рулардың бөлінуіне, сөйтіп, олардың өздерінің тәуелсіз хандықтарының пайда болуына алып келді. Нәтижесінде, Шыңғыс хан жорығының алдында Қарахандар мемлекетінен бөлініп шыққан, негізінен жартылай көшпелі қарлықтардан тұратын Қаялық (Қойлық), Хазар-қарлық және Алмалық-қарлық хандықтары пайда болған еді. Алайда, бұл хандықтардың өзіндік тарихнамасы болмағандықтан және деректері тапшылықтың әсерінен тарихта «ақ таңдақ» ретінде қалып отыр. Оның бер жағында осы кезде басталған Шыңғыс ханның жорықтарына байланысты Орталық Азия «сеңдей соғылысқан» заманды бастан кешірген болатын. Осындай жағдайлар Қазақ хандығының құрылуына әкелді. Егер Шыңғыс хан жорығы кедергі келтірмегенде Қазақ хандығы бұдан ерте шаңырақ көтерер ме еді? Сатай СЫЗДЫҚОВ, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры.«Жастар» Сарайының жарты ғасырлық мерейтойы тойланды
Елорда • Кеше
«Egemen Qazaqstan» газетінің тілшісі «Дарын» сыйлығын иеленді
Мәдениет • Кеше
Алматы • Кеше
Президент Мәжіліс төрағасын қабылдады
Президент • Кеше