Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Өткен ғасырдың отызыншы жылдары Мәскеуде белгісіз жағдайда қайтыс болған Алаш қайраткері, қазақтың біртуар қаламгері Смағұл Сәдуақасұлының сүйегінің күлі алашшыл азаматтар арқасында осы зиратқа қойылды. 1840 жылдарғы ұлт-азаттық қозғалысының көсемі, атақты Кенесары Қасымұлы әскерлерінің орыс бекінісі Ақмолаға шабуыл жасаған кезде қаза тапқан қазақ жауынгерлері моласының басына қойылған тас та осында. Құлпытаста А.Байтұрсынұлы қарпімен (төтеше) Хан Кене сарбаздары рухына бағыштап имани сөздер ойып жазылған.
Ақмола зиратында шынымен де Кенесары ханның соғыста қаза тапқан әскерлері жерленген бе? Шоқан Уәлихановтың еңбектерінде кездескен дерек осы сұраққа бізді қайтып оралтып отыр. Ғалымның бестомдық шығармалар жинағының екінші томында «Баян-ауыл округі туралы «1857 ж. Омбыдан хаты» жарияланған. Хатта ХІХ ғасырдың басында Сібір ведомствосы еншісіне өтіп кеткен (900 мың шаршы шақырымнан асатын аумақта орналасқан) Орта жүздің жерін басқаруға жеңіл болады деген сылтаумен облыстарға бөлінгені туралы баяндалады. Яғни патшаның көңілінен шығып, бұрынғыдай оның жанына қалай қайтып оралсам деп жүрген Сперанский Михайло есімді шенеунігі (патшаның жарлығымен Петербургтен қуылып, жер аударылған, Батыс Сібір генерал-губернаторы болып тағайындалған) Сібір ведомствосы шенеуніктеріне қазақ жерін қалай Ресейдің құрамына өткізіп алуға болатынын, Шоқан жазғандай, қас-қағым сәтте шешіп берген. Орта жүзді екі облысқа бөлу арқылы орыс шекарасының сыртында қазақтың Орта жүзі болды деген тарихи көріністі құрту керек болған. Шоқанның жазуынша, патша өкіметі Сперанский ұсынған реформаны бірден қабылдап, нәтижесінде 400 мыңнан астам тұрғыны бар кең аймақ отырған елімен ыңсыз-шыңсыз орыс империясының құрамына еніп кете барған. Самодержавиялық Ресейдің Орта жүзді империяның құрамына алуы, одан барып осы жерге орыс мемлекетінің басқару жүйесін енгізуі, ал осы арада Ұлы даланың солтүстігіндегі ең құнарлы жерлерді иемденуіне жалғыз кедергі – хандық мемлекетті жою екенін жергілікті тұрғындар кеш байқаған.
ХІХ ғасырдың 20-жылдарынан бастап патша өкіметінің «бөліп ал да, билей бер» саясаты қазақ халқы арасында өте қатты наразылық тудырған. Шоқанның хатын негізгі алатын болсақ, наразылықтың соңы ұзаққа созылған ұлт-азаттық қозғалысқа айналып, бұл Баянауыл приказынан басталған.
Ал осы қозғалысқа 1822 жылы жетекші болған Орта жүздің ханы Уәлидің үлкен баласының, Ғұбайдолланың Баянауылдағы әрекеттерін, одан барып Ғұбайдолланың ағасы Қасым мен оның істерін жағастырған балалары Саржан мен Кенесары басында тұрған қазақтар көтерілісін орыс өкіметі асқан қаталдықпен болуға мәжбүр болғанымен, қозғалыс жалғаса берген. Мысалы, 1851 жылдың төңірегінде тарихи сахнаға Кенесарының 19 жастағы баласы Жақып шығып (орыс деректерінде Джакуп), оның ұйымдастыруымен Ақмола округінде тағы да бүліктер басталған. Осы уақиғалар туралы алғашқылардың бірі болып мәліметтер берген зерттеуші Г.Мұқанованың айтуынша, Жақып тұтқындалып, Березова қаласына жер аударылған. Сол сияқты көп уақыттан бері біздің зерттеу объектімізге айналып отырған сұлтан Ғазы Болатұлы Уәлихановқа (Уәли ханның шөбересі, Ғұбайдолла сұлтанның немересі) тоқталсақ, ол қазақ даласына орыс шаруаларын қоныс аудару саясатына үзілді-кесілді қарсы болғанын тек соңғы кездері айтып жүрміз. Осы азаматтың арқасында қоныс аудару саясаты Петербург басылымдарында пікірталасқа айналғанын айтсақ, онда патша өкіметінің қазақ жеріне деген озбыр әрекетіне наразылық ешбір толастаған емес.
ХІХ ғасырдың басындағы ұлт-азаттық қозғалысқа тоқталғанда біз ұлт тарихындағы осы бір елеулі кезеңнің шеңберін 1836-1847 жылдармен көрсетіп, оның басшысы ретінде Кенесары хан туралы көп айтамыз. Ал Шоқан Уәлиханов көрсетіп отырғандай, елеулі тарихи оқиғадан Баянауыл қазақтары да шет қалмаған. Батыс Сібір басқармасының Ақмола облысы аумағына баса-көктеп ене бастауына қарсы болуын баянауылдықтардың екі жылдан артық уақыт Кенесарының қол астында болғаны, тек 1842 жылы амалсыздан батырдан бөлектене бастағанын Шоқан жазады. Ал оларды тежеу үшін Сібір ведомствосы өте қатаң шара қолданған. Яғни Баянауыл приказына жергілікті қазақтарының атынан заседатель ретінде сайланған Тайжан Азнабаев деген азаматты «берген антында тұрмаған қызметкер (чиновник)» деген айып тағылып, үкімет заңдарына қарсы қазақтарды не күтетінін көрсетудің «үлгісі ретінде» Ақмола қаласында атып тастаған. Шоқаннан алынған аздаған мәліметтен біз Тайжан Азнабаевтың Баянауыл приказында судебный заседатель екенін байқап отырмыз (жаңа енгізілген басқару жүйесіне сай округтерді басқару үшін үш заседатель мен басқа да азаматтық ведомстволар шендері енгізілген. Сол сияқты округтік приказдарға аға сұлтан басқаратын қазақтар сайланатын болып, оларды генерал-губернатор бекітетін болған). Ал мұндай қызметке орыс билігі алдымен өзінің белсенді әрекеттерімен көзге түскендерге шекпен кигізіп, офицерлік шен сыйлап, қызмет бабында жүрген қазақ өкілдеріне ант қабылдатқан. Ал егер олар үкіметтің саясатымен келіспеймін дегенді сездіре бастаса, «антты бұзғандар», «отанын сатқандар» деп айыптап, бірде жер аударса, енді бірде одан да қатаң жазалаған. Соның бірі кезінде атын атауға да тыйым салынған Тайжан Азнабаев Қараөткел зиратта жерленуі мүмкін бе? Кесіп айту қиын. Оны анықтау үшін Омбы мемлекеттік архиві қорын терең зерттеу керек.
Амангелді ҚАШҚЫМБАЕВ,
тарих ғылымдарының кандидаты