25 Маусым, 2010

ӨҢІРДІ ӨРКЕНДЕТЕТІН ЖОБАЛАР КӨБЕЙЕ ТҮСТІ

574 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін
Еліміздің үдемелі индустрия­лық-инновациялық бағдарламасы аясында Ақтөбе өңірінде  пайда­ла­нуға берілетін жобалар облыс әкімдігінің қатаң бақылауына алынып, оларды жүзеге асырудың әр сәті жіті қадағалануда.Соның айқын айғағы ретінде осы бағдар­лама аясында үстіміздегі жылы іске қосылатын жобаларды мер­зімінде  жүзеге асыру мақсатында облысты үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі үйлестіру кеңесі  осы кезге дейін  сегіз отырысын өткізді. Бұл ел және Елбасы алдындағы жауап­кершілікті сезіну, сөз бен істің арасында алшақтықтың бол­мауына деген ұста­нымның көрінісі болса керек. Яғни, осы бағытта меже­лен­ген биіктен кө­рінудің шаруаларын үйлестіре жүргізудің, жобаларды жүзеге асыру барысында кез­дескен өзекті мәселелерді ортақ ойласып  шешудің қадамдары деп бағалау орынды болмақ. Осындай кеңесіп пішкен істің нәтижесі де көріне бастады. Жоспарланған жобаларды ғана жүзеге асырып қоймай, болашағы үмітті жаңа жобаларды Қазақ­станды индус­трияландыру кар­тасына енгізудің  мүмкіндіктері айқындала түсті. Бүгінгі таңда Ақтөбе облысын индустрияландырудың өңірлік картасы шеңберінде жалпы құны 8,7 миллиард АҚШ доллары болатын 100-ден астам жоба жүзеге асырылуда. Бұл нысандар пайдалануға берілгенде 21,7 мың жаңа жұмыс орны ашылады. Ал биылдың өзінде облысты үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту аясында жалпы құны 113,3 миллиард теңге тұратын 24 жобаны іске қосу көзделуде. Бұл жаңадан 2 мың  адамды жұмыс­пен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Соның тең жартысы үс­тіміздегі жылғы алғашқы жарты­жылдықта пайдалануға берілуі тиіс болатын. 55,8 миллиард теңге инвестиция салынған он екі нысанның төртеуі қазірдің өзінде  пайдалануға беріліп, жұмыс істеп тұр. Қалғандары да бүгін-ертең іске қосылмақшы. Жыл аяғына дейін тағы да он екі жоба жүзеге асырылып, 57,5 миллиард теңге инвестиция игерілмек. Облыс әкімі Елеусін Сағындықовтың басшылығымен өткен облысты  индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі өңірлік үйлес­тіру кеңесінің кезекті отырысында  жоспарлы жобалардың жүзеге асырылу барысы тағы бір пы­сықталды. Қай жобаның қанша­лықты деңгейде атқарылып жатқаны қатаң сұралды, кезінде үкіметтік комиссия анықтаған кемшіліктерді жою жолдары анықталды, облыстың тиісті орын­дарына бұл нысандарды мер­зімінде іске қосуға кедергі келтір­мей, қайта олардағы шаруаның тап-тұйнақтай жинақы болуына белсенді атсалысу  тапсырылды. Биыл облыста жалпы құны 65,9 миллиард теңге болатын тағы да екі жоба басталып, 842 жұмыс орны ашылмақ. Жалпы, облыста­ғы  жобалардың қай-қайсысы да мерзімінде іске қосылатынына үйлестіру кеңесінің отырысына қатысқандардың сенімі мол. Қазір жобаларды қаржыландыру, жер телімдерін бөлу аяқталған, құры­лыс-құрастыру жұмыстарын жүр­гізуге рұқсат берілген, мемлекет­тік сараптамадан өткен, инженер­лік инфрақұрылым жүргізілген. Жиында инвестициялық жоба­ларды жүзеге асырушылар мен мемлекеттік органдар басшыла­рына басталған істерін мерзімінде сапалы аяқтау  міндеттелді. Содан кейін Қазақстанды ин­дустрияландыру картасына енгі-зуге ұсынылатын  жаңа жобалар қаралды. Алдымен “Sunkar Resources” ЖШС -нің  Шилісай фосфорит кен орнынан күрделі минералды тыңайтқыш өндіретін химия комбинатының  танысты­ры­лымы болды. Бұл кәсіпорын туралы “Sunkar Resources” ЖШС жобалық тобының басшысы Әнуар Боранбаев хабарлама жасады.  Мұнда диаммоний және моноаммоний фосфат тыңайт­қыштары шығарылады деп күті­луде. Оған шикізатты осы серіктестіктің еншілес кәсіпорны  “Темір Сервис ЖШС жеткізеді. Кен орнындағы шикізат көлемі 800 млн. тонна құрайды. Кен қоры елу жылға жетеді. Комбинат екі кезекте пайдалануға беріле­ді.Толық қуатында жұмыс істеген­де кәсіпорын жылына 1,7 млн. тонна минералды тыңайтқыш өндіреді. Бұл жобаны толық  іске қосуға 600 млн.  АҚШ доллары көлемінде инвестиция салынады. Бұл қаржының тең жартысын инвестордың өзі, ал екінші бөлігін халықаралық және жеке қаржы институттарынан несиеге алу көзделуде. Оның тиімділігі – тоғыз жолдың торабы Қандыағаш қаласынан небәрі 20 шақырым қашықтықта орналасқандығы. Мұнда 40 мың адам тұрады, жұмысшы кадрларын тартуға ыңғайлы. Сондай-ақ, электр және  магистралды газ желілері жақын. №315 разъезден темір жол тарту да арзанға түседі. Барлық инфра­құрылымдарды жүргізуге қолайлы жерге орналасқан, кәсіпорын іске қосылғанда 2 мың жұмыс орны ашылады. Сондай-ақ, мұнда кристалды күкірт өндіруді жолға қоюға болады екен. Жалпы, осын­да өндірілген фосфор ми­нералды  тыңайтқыштарының 60 пайызы Украинаға, Ресейге, Қытайға және Үндістанға экс­портқа шығарылады деп есептелуде. Бенқала мыс кен орнын игеру жобасының да болашағы зор. Осы жерде катодты мыс өндіру кешені құрылысын салуға мүдделі болып отырған “KazCopper” ЖШС-нің басқарушы директоры Р.Дүсіпов­тің айтуынша, бұл кен орны еліміздегі Қоңырат, Ақтоғай, Айдарлы, Көксай сияқты ірі кеніштермен теңдес келеді. Кен құрамындағы мыс 0,4-0,42 пайыз болады. Кен орнындағы мыстың қоры 2 млн. тонна құрайды екен. Сондай-ақ халькозиндік кеннің қоры 200 мың тоннаға жетеді. Мыстан басқа қосымша алтын, күміс, молибден алу мүмкіндігі бар көрінеді. Кәсіпорын орын тебетін жерден 6 шақырымнан қатты жамылғылы тас жол, осыншама қашықтықтан Хром­тау-Алтынсарин темір жолы өтеді, разъезд және жолаушылар стансасы бар. Әртүрлі қуаттағы электр желілерін тартудың да мүмкіндігі мол. Қоры мол жер асты су көзі де бар. 2010-2011 жылдары  кен орнын аршу,  инфрақұрылым нысандарын салу жұмыстарын аяқтап, 7 мың тоннаға дейін катодты мыс өндіруге жету, ал 2012 жылы кәсіпорынның екінші кезегін іске қосып, фабриканы технологиялық қолдау арқылы мыс өндіру қуатын 20 мың тоннаға дейін арттыру көзделуде. Мыс өндіруде шетелдік “SX-EW” технологиясы  қол­данылатын болады. Жобаның жалпы құны 50 млн. АҚШ долларын құрайды. Қазіргі таңда 10 млн. АҚШ доллары игерілді. Үстіміздегі жылдың аяғына дейін ол 16 млн. долларға жетеді. Қазірдің өзінде жер асты қазба байлығын пайдалану келісім-шартына сәйкес әлеуметтік бағдарламалар жүзеге асырылуда. Электр желілері тартылып, тау-кен техникалары сатып алынды. Кәсіпорынды іске қосуға қажетті құжаттарды алуға байланысты біраз шаруалар тындырылыпты. Жоба экологиялық қауіпсіз, жалпы бұл кәсіпорын еліміздегі бірегей мыс өндіру кешені болмақ. Еліміздің индустрияландыру картасына енгізуге ұсынылғалы отырған үшінші жоба жылдық қуаты 10 млн. дана инфузиондық түтік шығаратын зауыт. “Велес Актобе” ЖШС коммерциялық директоры Еркін Әмірханның мәлімдеуінше, қосымша қон­дыр­ғылар орнату арқылы өндіріс қуа­тын бұдан да арттыруға болады. Сондай-ақ, басқа түтіктермен жалғайтын 2 млн. дана адаптерлер шығаруға да мүмкіндік бар. Жобаның жалпы құны 290 млн. теңге тұрады. Оның 170 млн. теңгесіне өндірістік қондырғылар, 65 млн. теңгесіне полимер шикі­заты сатып алынады, қалғаны өндірістік ғимараттар салуға, көлік-логистикалық шығындарға жұмсалады. Салынатын инвести-цияның 75 пайызға несие, ал, қалған 25 пайызы инвестордың өз қаржысы. Зауыт өндірген өнімнің 90 пайызы, яғни 9 млн. дана инфузиондық түтік   мемлекеттік сатып алу желісі бойынша өткізіледі, ал қалған 1 млн. данасы еліміздің және Ресейдің шекаралас аймақтарының дәрі­ханалары арқылы сатылады. Қазір зауыт құрылысында 40 адам еңбек етуде, кәсіпорын іске қосылғанда осыншама жұмыс орны ашылады. Облыста жоспарланған жоба­ларды мерзімінде іске қосудың барлық мүмкіндіктері қарас­тырылуда. Сондай-ақ, олардың қатарын жаңа тиімді жобалармен толықтыру да қанаттас жүр­гізілуде. Мұның өзі өңірдің эконо­­микалық дамуын қамта­масыз етіп қана қоймай, әлеу­меттік әлеуетін арттыруына берік негіз қалап отыр. Сатыбалды СӘУІРБАЙ,  Ақтөбе облысы. САНКТ-ПЕТЕРБУРГ ФОРУМЫНА ҚАТЫСТЫ Жақында “Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қоры” АҚ-тың басқарма төрағасы Қайрат Келімбетов Петербургте өткен халықаралық экономикалық форумға қатысты. Биылғы форум “Жаһандық экономика: қайта жандануды басқару”, “Ресей: бүгін және ертең. Болашаққа көзқарас” атты тақырыптар аясында өтті. Биылғы Петербург халық­ара­лық экономикалық фо­румына жиналғандардың қарасы 2 300 адамды құрады, оның ішінде 69 шетелдік және 74 ресейлік компанияның басшылары қатысты. “Са­мұ­рық-Қазына” қорының бас­шысы Қайрат Келімбетов “Бизнес-сұхбат: Ресей-ТМД” тақырыбындағы іскер дөңгелек үстелдің жұмысына қатысты. Дөңгелек үстел барысында аймақтардың бизнес-көш­бас­шылары күшейіп келе жатқан бәсекелестік жағдайында әріп­тестікті кеңейту қажеттігі мен инновация және жаң­ғыртуды ынталандыру қажеттігін айтты. Қайрат Келімбетов екі ел бас­шыларының Кедендік одақ пен біртұтас экономикалық кеңіст­ік­ті құруда атқарған жұ­мыстары бірінші кезекте бизнестің дамуына жағдай жасауға, оның бәсекеге қабі­лет­тілігін көтеруге бағыт­тал­ғандығын атап өтті. “Инте­грациялық әріптестікте маңызды рөл атқарып отырған Еура­зиялық даму банкін алғаш құрған Ресей мен Қазақстан болды. 10 млрд. долларға тең активі бар дағдарысқа қарсы қор құру идеясы қиын кезеңде жүзеге асты, интеграциялық үдерісті жеделдетті. Өйткені, дағдарысқа бірігіп қарсы тұру біз үшін маңызды болатын”, деді ол. Келесі күні Қ.Келімбетов “Тәуелсіз қорлар: “жаһандық тәуекелділік  пен мүмкіндіктер” тақырыбында өткен пікірталас отырысына  қатысты. Пікір­таласқа қатысушылар арасында Сингапурдың бұрынғы Пре­зиденті және GІC төрағасы Ли Куан Ю, “Cіtіgroup” атқарушы бас директоры  Викрам Пандит, Temasek Holdіngs-тің әлемдік рыноктар бойынша жоғарғы атқарушы директоры Майкл Ди, Chіna Іnvestment Сorporatіon  басқарушы бас директоры және төрағасы Лоу Цзивэй бар. Олар болашақта капиталды бөлу бағдарла­масына экономикалық құл­дыраудың тигізген әсері, сондай-ақ жақын жылдарда қаржы салудағы басым ба­ғыттар мен инвестициялық мүмкіндіктер жөнінде пікір алмасты. Венера ТҮГЕЛБАЙ. ҮШ АЛЫП КҮШ БІРІКТІРДІ Ескендір Ертай, журналист. “Қазақстан темір жолы” ҰК” АҚ, “Alstom” және “Трансмашхолдинг” ком­па­ния­лары Қазақстан елордасы Астанада  бір­лескен электровоз құрастыру кәсіп­орнын құру жөніндегі келісімге келді. Мұн­дай маңызды келісімге жуықта Санкт-Пе­тербургте өткізілген халықаралық эко­номикалық саммит аясында “ҚТЖ” ҰК” АҚ президенті Асқар Мамин, “Транс­маш­холдинг” ЖАҚ жетекшісі Ан­дрей Бокарев, “Alstom” компаниясының Бас директоры Патрик Крон  арасындағы кездесу кезінде қол жеткізілген еді. Құжатқа қол қою  рәсіміне Франция президенті Николя Саркози мен Ресей президенті Дмитрий Медведев қатысты. Осылайша, 2010 жылғы маусымның 3-інде Алматыдағы инвестициялық сам­мит­тен бастау алған еліміздегі электровоз өндірісін қолға алу жөніндегі меморандум  енді нақты келісіммен бекіді. Жаңадан құрылатын электровоз зауыты Ресейдің  “Трансмашхолдинг” және фран­суздың “Alstom” компанияларының техно­логиясы базасындағы бөлшектерден  жа­са­л­ады. Оларды құрастыратын өндіріс орны түпкілікті Қазақстанда орналасып қана қоймай, болашақта ел меншігіне көшетін болады. Бірлескен кәсіпорын өнімі бекітілген көпжақты келісім бойынша қазақстандық нарықты қамтамасыз етеді. Бірте-бірте басқа да көршілес мемлекеттердің аумағына да шығарылады. Жоба Франция Үкіметінің қаржылық кепілдігімен жүзеге асырылады. “Қазақстан темір жолы” ҰК” АҚ Қазақстан экономикасын әртарап­тан­ды­руға ықпал ететін индустриялық-ин­новациялық бағыттағы басқа да бірқатар жо­баларды жоспарлап, жүзеге асырып келеді. Соның бірі – Астанада магис­траль­дік тепловоздарды құрастыру зауытының іске қосылып, қазіргі күні толық қуатында жұмыс істей бастауы. Сонымен қатар,  алын ала жасалынған келісімге сәйкес “Қазақстан темір жолы” ҰК” АҚ  пай­далануы үшін  Петропавлдағы “ЗИКСТО” зауыты астық тиеу вагондары мен басқа да жылжымалы қозғалыс құрал­дарын дайындауға кірісті. БАЛЫҚ ТА – ЕЛДІҢ БАЙЛЫҒЫ Табиғатпен ежелден тіл табысқан қазақ жан-жануарлардың ұрпақ көбейтіп, өсу кезеңін “Бір жылдың бір айы бар кіріс болар, қалғаны өтті-кетті шығыс болар”, деп жоғары бағалап, жауапкершілікпен қараған. Суда өсіп-өнетін, ең таза, пәк-жәндік болып саналатын балықтардың біздің Жамбыл облысында көбейіп, уылдырық шашар кезі, негізі көктем айы болып саналады. Облыс деңгейінде бұл шараға айырықша мән беріледі. Биыл 2010 жылғы балықтардың уылдырық шашу кезеңі, Жамбыл облысы әкімдігі бекіткен іс-шараларды орындау мақсатында, Шу-Талас облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспек­ция­сының 2010 жылғы 22 сәуірдегі NO5-16/63 бұй­ры­ғымен 2010 жылдың 25 сәуірі мен 31 мамыр аралығы болып белгіленді. Аталған мерзімде облыстың су айдындары, өзендер, арналар, көлдер, тоғайлар, су қоймаларында балық аулауға тыйым салынған. Тәртіп бұзғандар қатаң жаза­ланады. Жамбыл облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы осы маңызды шараны ұтымды іске асыру мақсатында, облыстық ішкі істер бөлімімен бірлескен арнайы іс-жоспар бекітіп, су айдындарындағы балық уыл­дырығын қорғауды күшейту үшін бас­қар­маның арнайы күзет тобы мен орман және жануарлар дүниесі қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемелерінен бірнеше шұғыл топтар құрылып, қызмет атқаруда. Ел арасында, мектеп, ауылда “Балық-Елдің байлығы” атты, арнайы кездесу, сабақтар жүргізіліп, парақшалар таратылып, браконьерлермен күрес жүргізіліп жатыр. Бірақ, бір өкініштісі сол, “Ауруын жасырған өледі” деп айтпасқа тағы болмас. Бейбақдаламен шектесетін шөлді аймақтың жаны Шу өзенінің суы. Шу өзенінің суы тоқтаса ондағы аң-құс жапа шегіп, балық уылдырығының өсуіне нұқсан келеді. Жыл сайын қанша өтінгенімізбен, Шу өзенінің “құлағын ұстағандар” біздің өтінішімізге бірнеше жыл бойы құлақ аспай келеді. Биыл да аса маңызды кезең, балық уылдырығын қорғау, яғни бар балық уылдырық шашып, көбейе бастаған кезінде, мамыр айының 10-ы күні “қожайындар” Шу өзенін тас бекітті. Шу қойнауы сусыз, өзен ағысын тоқтатты. Мұндайда балықтар да уылдырық шашуын кілт тоқтатады, тіпті, шашқан уылдырығының өзін қайта жұтып, балық атаулы жоғары ауа бастайды. Әр балықтың 1 млн.-ға дейін уылдырық шашатынын ойласақ, табиғаттың қанша байлығының кем ойлаудың кесірінен жойылып жатқанын ойлап көріңіз. Шу өзені жыл бойы тоқтамай ақса, ешқандай қорықшыларсыз-ақ, барлық жан-жануарлардың алаң­сыз өсіп, көбейері анық. Ал, “жан-жылуы” су болмаса аң-құс азады, жер тозады. Соңғы жылдары, не себеп болғанын, көп аң-құс өрісі Бетпақдаладағы бұлақтар тартылып, таусылуға жақын, ондағы аң-құстың қиналғанда түсетін “суаты” Шу өзенінде су болмаса, жәндік атау­лының жапа шегері хақ. 2009 жылы Алтынемелде құрғақшылық болғанда, қара­құй­рық­тар ауып, Шу өзені сағасы Мойынқұмға дейін келді. Сондықтан балық та, басқа жануарлар да ел байлығы екенін, естен шығарылмай, Қырғыз мемлекетімен экологиялық міндет-келісім жүргізіліп, Шу өзенінің жыл бойы белгілі мөлшерде ағып жатуын қамтамасыз етуге тиіспіз. Қазіргі Қазақ мемлекетіне тәуелді, әлі алда болар қырғыздармен мемлекетаралық келісім кезінде, тиісті орындар бұл мәселенің табиғатқа зиянсыз, адамға пайдалы, аң-құсқа қамқор болар оң шешілуіне де көңіл аударса екен деп өтінеміз. Жалпы, экологиялық заңдылықта, қоршаған ортаның қуаты үшін, ағатын өзендерді мүлдем байлауға жол берілмейді. Мұны да талап етер кез жетті деп ойлаймын. Жапар САТЫЛҒАНОВ,  этнограф, натуралист-құсбегі, “Андасай” мемлекеттік қорғалымының меңгерушісі.

ОРТАЛЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАНДАРДЫҢ ИНТЕРНЕТ-САЙТТАРЫ

Қазақстан Республикасының Үкіметі          www.government.kz Ішкі істер министрлігі       www.mvd.kz Қорғаныс министрлігі      www.mod.kz Қоршаған ортаны қорғау министрлігі         www.eco.gov.kz Білім және ғылым министрлігі       www.edu.gov.kz Сыртқы істер министрлігі               www.mfa.kz Денсаулық сақтау министрлігі      www.mz.gov.kz Көлік және коммуникация министрлігі      www.mtk.gov.kz Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі               www.enbek.gov.kz Қаржы министрлігі           www.mіnfіn.kz Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі              www.mіnplan.kz Әділет министрлігі             www.mіnjust.kz Төтенше жағдайлар министрлігі   www.emer.kz Мәдениет министрлігі      www.sana.gov.kz Байланыс және ақпарат министрлігі                                                           www.bam.gov.kz Ауыл шаруашылығы министрлігі                www.mіnagrі.kz Экономикалық даму және              www.mіnplan.kz  сауда министрлігі - Туризм және спорт министрлігі    www.mts.gov.kz Мұнай және газ министрлігі          www.memr.gov.kz Статистика агенттігі                            www.stat.kz Жер ресурстарын басқару  агенттігі    www.auzr.kz