Шаруашылық • Бүгін, 08:52

Агрокешендегі игі көрсеткіш

15 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

2024 жыл аймақ экономикасы үшін жемісті болды. Кейінгі 13 жылда болмаған рекордтық өнім алынды. 1 млн 300 мың тонна астық бастырылып, 409 мың тонна картоп жиналды. Қарағанды қамба толтырудан өңірлер арасында төртінші сатыға берік орнықты. Пайдаланылмаған 163 699 гектар жердің мемлекет меншігіне қайтып, 94 мың тонна өңделген өнімнің экспортталуы да – айтулы жетістік. Өңірдегі ауыл шаруашылығы өнімі көлемі 455 млрд теңгеге жетті.

Агрокешендегі игі көрсеткіш

Суретті түсірген – Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Облыс кәсіпорындары өн­дір­ген тамақ өнімдерінің көлемі 2,5%-ға артып, 164 млрд теңге табыс­қа шыққан. Ет өнімі – 26,8%, құс еті – 25,1%, ұн өндірісі 19,9%-ға өсті. Қайта өңделген өнім экспорты – 79 мың тонна. Бұл көрсеткіштің барлығы 2023 жылғы көлемнен 17,7%-ға артық. Қуаттылығы 240 тонна болатын элеватор және құрама жем зауытын жаңғырту жобаларының да жүзеге асырылғанын қуана хабарлаймыз.

«Ауыл аманаты» шеңберінде былтыр 4,4 млрд теңге сомасына 483 шағын несие берілді. Бұл несиелердің жартысы мал шаруашылығын дамытуға, екінші бөлігі ауыл тұрғындарының бизнес-жобасын қаржыландыруға жұм­сал­ды. 639 жұмыс орны ашылды», дейді облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Саят Мусин.

«Бағдарлама бойынша облыс үшін республикалық бюджеттен жоспарланған 7 млрд теңгенің 2,5 млрд теңгесі субсидияланды. 885,8 млн теңге сомасына 74 жоба мақұлданып, жалпы сомасы 676,5 млн теңгеге, оның ішінде 214,5 млн теңге – 36 жобаны іске асыру үшін жеке қосалқы шаруашылықтарға және 462 млн теңге – 19 жобаны іске асыруға ауылдық тұтыну кооперативтеріне 55 несие беріл­ді. Барлығы 72 жұмыс орны құ­рылды», дейді басқарма басшысы.

Мұндай қолдау көрген іргелі кәсіпорындар жетіп артылады. Неміс технологиясымен айына 30 тонна қымыз өндіретін «Сарытерек SAQ NS» цехы, «Мади-Агро 7» ауылша­руашылығы кооперативі өнім көлемін жыл сайын ұлғайтып отыр. «Qarmet» компаниясына былтыр 100 мың тонна ет өткізген олар биыл да сол межеге жетпекші. Қазірдің өзінде 110 млн теңгеге ет саудалаған.

Инвестицияның да игілігі мол. Биыл 23,1 млрд теңге тартылған. Ауыл шаруашылығына – 20,3 млрд теңге, тамақ өнімдеріне – 2,8 млрд теңге. Жоспарланған 30 инвестициялық жобаға – 23 млрд теңге, 22 жобаға 15 млрд жұм­салды. Нәтижесінде 816 жұ­мыс орны ашылып, 60 ауыл ша­руашылығы кооперативі құрылды.

«Мемлекеттік қолдау шаралары шеңберінде субсидия ретінде 22,8 млрд теңге сомасына қаражат көзделген. Оның ішінде өсімдік шаруашылы­ғы саласында – 4,8 млрд теңге, мал шаруашылығы саласында – 6,2 млрд теңге және қаржы құралдарына 11,8 млрд теңге игерілді. 22,3 млрд теңге сомасына 2 491 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілеріне субсидия төленді. Ол мал мен өсім­дік шаруашылығына, инвес­тициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субъек­ті­сі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеуге, кредиттеу­ге жұмсалды. Сондай-ақ техно­логиялық жаб­дық пен ауыл ша­руашылығы техникасының лизингі кезінде сыйақы мөл­шерлемесі бойынша шығын­дарды азайтуға, қайта өң­деу кәсіпорындарының шығын­дарын өтеуге берілді», дейді басқарма басшысы.

Келер жылы да аймақ шаруа­лары табысты арттырамыз деп отыр. Жалпы өнім өндіру көлемін 601,0 млрд теңгеге дейін, оның ішінде өсімдік шаруашылығы саласындағы ырысты 372,6 млрд теңгеге, мал шаруашылығы саласындағы табысты 228,4 млрд теңгеге жеткіземіз деп жос­парлап отыр. Ет өндірісінің кө­лемін – 101 мың тоннаға, сүтті – 225 мың тоннаға, жұмыртқаны 718,4 млн-ға жеткізбекші. Дәнді дақылдарды 869,3 мың тоннаға таятпақ. Яғни 415,3 мың тонна картоп, 73,7 мың тонна көкөніс өндіреді. Бұл – негізгі меже. Жер ырысын берсе, рекорд жаңаруы мүмкін.

 

Қарағанды облысы