Арамшөптер – адамдардың қатысуынсыз мәдени дақылдармен бірге өсуге бейімделген ерекше өсімдіктер тобы. Мәдени дақылдарды өсіру үшін адамдар қолданған агротехника жүйесі арамшөптер үшін де қолайлы болды. Арамшөптер топырақтан керекті коректік заттар мен ылғалды бойына сіңіреді, арамшөптер жер өңдеу, егін жинауды ауырлатады, дақылдың өнімі мен сапасын төмендетеді. Олардың ішінде өте зияндылары карантинді шөптер тобы болып саналады.
Өсімдік қорғау және карантин департаментінің мәліметі бойынша, карантинді арамшөптер арамсояудың 19 түрі 180 мың гектар жерге таралған. Сондықтан күрес уақытында барлық жерлерде жүргізіліп, агротехникалық, биологиялық және химиялық әдістерді қолдану арқылы ғана жоспарланған, сапасы жоғары өнім алуға болады
Арамсояу Cuscuta S.P. – бір жылдық паразит шөп, Қазақстанның барлық жерінде таралған. Дүниежүзілік флорада арамсояудың 274 түрі кездеседі. Қазақстанда тіркелген арамсояудың 19 түрі бар. Қазақстанның барлық облыстарында көп тараған түрі – далалық арамсояу. Бұл шөп 200-ден астам ауылшаруашылық дақылдарына зиянын тигізеді. Мысалы, далалық арамсояу басқан қант қызылшасы өнімінің 80%-ы, пияз-сәбіздің – 85%, жоңышқа өнімдерінің 95%-ы жойылады. Арамсояудың тұқымын жоңышқа тұқымынан ажырату қиын, осы себепті тауар өндірушілердің көп өнімдері сатуға жарамсыз болып жатады.
Арамсояу мәдени дақылдардағы зат алмасуды бұзады. Арамсояу түтікше тамырлары арқылы мәдени дақылға жабысып, ондағы органикалық, органикалық емес заттарды сорып алып, дақылды әлсіретеді, дақыл біртіндеп өсуін тоқтатып, қурайды. Арамсояу тұқымнан өседі, тарайды. Бір тұқымнан өскенде тұқымдағы қоректік заттарды пайдаланып 10-13 см. биіктікке көтерілгеннен кейін, тұқымдағы қоректік зат бітеді. Арамсояу топырақпен байланысын жояды, осы кезде оның сабақтары шыркөбелек айналып, қасында басқа шөптер болса, соған жабысып бүршік тамыршықтары арқылы қоректі заттарды сорып алып, өсіп-дами береді. Арамсояудың улылығы гүлдеген, тұқым пайда болған кезде күшейеді. Осы кезде арамсояуда алколоид-кускутин және глюкозид, конвольвулин көптеп жинақталады. Арамсояу араласқан мал азығы шіри бастайды, өзінің бағалы нәрлілігін жоғалтады. Сонымен қатар, жануарларды ауруға шалдықтырады.
Егістікті арамсояудан арылту үшін агротехникалық шаралардың жиынтығын қолдану керек, яғни ауыспалы егісті дұрыс қолдану (дақыл алмасу), жерді уақытында, сапалы өңдеу, тұқым себу мерзімі, дақылды күтіп-баптау, тиімді гербицид беру қажет. Зерттеу көрсеткендей, арамшөптің көбі зябьке жыртылған жерлерде жазғытұрым жерді тырмалағаннан кейін өседі.
Қаскелең тәжірибе шаруашылығындағы қызылша егістігінде арамсояу және басқа арашөптермен күресу үшін гербицидтер қолданылады. Арамсояу жаңа өсе бастаған кезеңдерінде жас сабақтар гербицидтер әсерімен тезірек жойылады, кейін арамсояу гүлдері сарғая бастағанда, гербицидтер әсері аз болады.
Ермен жапырақты ойран шөп – бір үйлі, бір жылдық шөп, күрделі гүлдер тобына жатады. Өсімдіктің сабағы тік, көп тармақты, жапырағы тарамдалған, жапырағының үстіңгі жағы қою жасыл, астыңғы жағы сұрлау. Өсімдіктің биіктігі 2 метр, тамыры 4 метр тереңдікке дейін жетеді. Құрғақшылық жылдары зияндылығы өте зор. Өсімдік тұқым арқылы таралады, жылу сүйгіш, 8-10 градус жылылықта 5 см. тереңдіктен сәуірдің аяғы, мамырдың басында жер бетіне шыға бастайды. Шөп шілде-тамыз айларында гүлдейді, дәні қыркүйек-қазан айларында толық піседі. Өсімдікті орып алғаннан кейін де шөп өсе береді де ауылшаруашылық дақылдарының өнімін 40-60%-ға дейін төмендетеді. Отаны Солтүстік Америка. Осы жерден Азияға, Еуропаға таралған. Қазақстанда Алматы облысында, Алматы қаласында және басқа аудандарда 6100 гектар жерде өседі.
Өсімдік гүлдеген кезде олардың миллиардтаған тозаң тәрізді ұсақ тұқымдары, ауа, жел арқылы көпшілік жерге тарайды, адамдардың денсаулығына зор зиян келтіретін, аллергия ауруы – полинозға ұшыратады. Ауру түрлері: ринит, конъюктивит, бронхы астмасы, бас ауруы.
Сондықтан егістікті ермен жапырақты ойран шөптен тазарту үшін бірлескен агротехникалық шаралар мен гербицидтер пайдалану керек.
Тікенек алқа-Solanum cornutum Lam. Біржылдық шөп. Тамыры, сабағы тік, жапырағы кезекпен орналасқан, тарамдалған, тікенекті. Жер бетіне сәуір-мамыр айында шығады, тұқымды тамыз-қазан айларында береді. Әр өсімдік 3-3,5 мың дән береді. Тұқымның өңгіштігі 1%, топырақта 10 жыл сақталады. Мәдени дақылдарды және басқа шаруашылықта пайдаланбайтын жерлерді ластайды. Химиялық әдістерден бидай егістігінде диален супер, жүгеріде харнес және диален, бюктрил препараттары, картоп, сәбіз егістігінде стомп, рейсер, соя және көкөніс дақылдарында трефлан, стомп препараттарын қолдану керек.
Карантинді шөптердің тұқымы басқа жерлерге тарамау үшін барлық жер иелері төмендегідей карантин тәртібін сақтау керек. Карантинді шөптер, олардың тұқымы бар жерлерге тұқым шаруашылығын орналастыруға болмайды. Себілуге арналған тұқымды мемлекеттің тұқым инспекциясының куәлігінсіз себуге болмайды. Карантинді шөптердің тұқымы араласқан материалдарды жеке бөлмелерде сақтау керек және бұл тұқымдарды басқа шаруашылықтарға беруге болмайды. Жануарларға тұқым қалдықтарын ұсақтап қайнатыңқырап беру керек. Жемге жарамайтын қалдықтарды отқа жағып, не жерге 1 метр тереңдікте көміп актілеу керек. Бұл қалдықтарды далаға, суға тастауға болмайды. Жол жағаларында, бос жатқан жерлерде, арық жағаларында өсіп тұрған арамшөптерді гүлдену кезінде, тұқым беруге жеткізбей құрту керек. Карантинді шөптер басқан жерлерден орып алған егінді таза жерлерден алынған өніммен араластырмай, бөлек жерде сақтау керек. Егін жинауға қатысқан техникалардың барлығын, қоймаларды уақытында тазалап отыру керек.
Шәкен ЖАРАСОВ, Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, Қазақстан ауыл шаруашылығы ғылым академиясының және халықаралық экология академиясының академигі.
СЫРДЫҢ КЕЛЕШЕГІ КЕМЕЛДЕНЕ БЕРМЕК
Елбасының 2010 жылғы 29 қаңтардағы “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында атап көрсетілген басым бағыттардың аймақта жүзеге асырылу барысы жөнінде өткен интернет-конференцияда облыс әкімі Болатбек Қуандықов Сыр аймағы тұрғындарының көкейкесті сауалдарына тұщымды жауаптар берді.
Оның негізгілерінің қатарында “Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасы, “Батыс Қытай- Батыс Еуропа” күрежолы, “Сырдария өзенінің арнасын реттеу мен Солтүстік Арал теңізін сақтау” жобасының екінші кезегіне қатысты және жұмыссыздықты жою, азық-түлік бағасын тұрақтандыру, тағы басқа сауалдар болды.
Облыс әкімі “Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасының үш бағыт бойынша жүзеге асырылатындығына кеңінен тоқталды. Олар жаңа бизнес бастамаларды қолдау, кәсіпкерлік секторды сауықтыру және экспортқа бағдарланған өндірістерді қолдау болып табылады. Бағдарламаны іске асыру мақсатында облыс бойынша “Индустрияландыру картасына” енгізілген жалпы құны 254,2 млрд. теңгені құрайтын 54 инвестициялық жоба іріктеліп алынған. Осы жобалар негізінде 7929 жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Ал “Батыс Қытай-Батыс Еуропа” халықаралық көлік дәлізін облыс әкімі Президентіміз Н.Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен жүзеге асырыла бастаған ең мегажоба деп атап көрсетті. Бұл жобаға биылғы жылдың өзінде 3700 жол-құрылыс техникалары жұмылдырылса, 15 мыңнан астам жұмыс орны ашылмақ. Мегажобаның құрылыс материалдарының дені жергілікті жерде өндіріледі.
Аймақ басшысы бірінші қажеттіліктегі тауарлар бағасын тұрақтандыруға байланысты азық-түлік тауарларына қатысты инфляция көрсеткіші 4,8 пайызды құрайтынын мәлім етті. Ал республика бойынша орташа көрсеткіш 5,5 пайызға тең. Қызылордалықтарды маусымаралық кезеңде көкөніспен қамтамасыз ету мақсатында жылыжай шаруашылықтарын дамыту шаралары қолға алынуда. Облыстық бюджеттен 1000 бас қой мен 500 бас жылқыға арналған мал бордақылау алаңын ұйымдастыруға 250 млн. теңге қаржы бөлініп отыр. Мұның өзі жыл сайын 300 тонна жылқы, 137 тонна қой етін дайындауға мүмкіндік бермек. “Индустрияландыру картасы” аясында “РЗА” АҚ-та 660 мүйізді ірі қара малына арналған сүт-тауарлы фермасын құру жөніндегі жоба жүзеге асырылуда. Жоба жүзеге асқанда жыл сайын 11 мың тонна сүт өндірілетін болады. Сонымен бірге азық-түлік тауарлары бағасын өсірмеу мақсатында облыс бойынша 32 әлеуметтік сауда алаңдары ашылды. Облыста сондай-ақ 4 коммуналдық базар жұмыс істейді. Облыс орталығын-дағы “Арзан базардың” 8 әлеуметтік алаңдары ашылған, ондағы тауарлар нарық бағасынан төмен бағада сатылады.
Әйтсе де, облыс басшысы бүгінгі күні коммуналдық базардан күткен тиімділікке қол жеткізілмей отырғанын ашық айтты. Дегенмен, мұның өзі менеджменттік жұмыстар сапасына ғана қатысты болып тұр. Қазіргі таңда олардың тиімділікпен жұмыс істеуін қамтамасыз ететін шаралар кешені ойластырылуда. Сонымен қатар барлық аудандар орталығы мен Қызылорда қаласында ауылшаруашылық жәрмеңкелері өткізілуде. Жыл басынан бері осындай 30 жәрмеңке өткізілген.
Облыс басшысы “Жол картасы” бағдарламасына орай түскен сауалға биылғы жылы да бұл жұмыс өз жалғасын табатынын айтып өтті. Биыл бұл мақсатқа 6 млрд. теңге қаралып отыр. Ол игерілуімен 5291 жаңа жұмыс орны, 1500 әлеуметтік жұмыс орны ашылады. Жоғары және орта оқу орындарының 2500 бітірушісі “Жастар тәжірибесі” аясында жұмыс істеуге мүмкіндік алады. Сондай-ақ, 5290 адам қайта даярлау мен оқудан өтеді.
Облыс басшысы аймақта балық шаруашылығын дамыту және САРАТС жобасының екінші кезегіне байланысты Сыр тұрғындары қойған сауалдарға да кеңінен тоқталып, жан-жақты жауап берді. Қазірде жобаның техника-экономикалық негіздемесін әзірлеуге 1,5 млн. АҚШ доллары бөлініп отыр. Жалпы “САРАТС-2” жобасының іске асырылу мерзімі, 5-6 жылға созылады. Құрылыс аяқталған кезде Аралдың солтүстік бөлігінде 59 мың гектар құрғаған теңіз ұлтанын су басып, су Арал қаласына 10 шақырымға дейін жақындайды. Осы кезеңде таза электр энергиясын өндіру және шағын бизнесті дамытуға мүмкіндіктер туады. Сонымен бірге өзен бойындағы көлдер жүйесі суландырылып, ауыл шаруашылығы мен балық шаруашылығын тұрақты дамытуға қол жеткізуге әбден болады. Аймақ басшысы жобаның іске асырылуы өңірдің әлеуметтік және экологиялық жағдайының жақсаруына зор ықпалы болатынын баса айтты. Сондай-ақ САРАТС-тың бірінші кезеңі жүзеге асырылған кезде аумағы 320 мың гектарды құрайтын Кіші Арал теңізі пайда болып, өткен жылы су айдындарынан 2650 тонна балық ауланғанына, биылғы жылы оның көлемі 3650 тоннаға артатынына тоқталды. Жалпы, бағдарламаға сәйкес 2020 жылға қарай балық аулау көлемін 15 мың тоннаға жеткізу жоспарланып отыр.
Сондай-ақ, интернет-конфе-ренцияда аймақ басшысына әлеуметтік нысандарды дамыту, тұрғын үй құрылысы, елді мекендерді ауыз су, аяқ сумен қамтамасыз ету, қала келбетін көркейту, жастар белсенділігін арттыру, тағы басқа да салаларға қатысты сауалдар қойылып, облыс тұрғындары оларға нақты жауаптар алды.
Еркін ӘБІЛ, ҚЫЗЫЛОРДА.
ЖАҢАРҒАН КІТАПХАНА
Ақсу қаласының орталықтандырылған кітапханасында “Жол картасы” бойынша басталған жөндеу жұмыстары шегіне жетуге жақын. Жаңа көрініс алған кітапхана оқырмандардың қуанышына қарай жоспарланған уақыттан ертерек есігін айқара ашады.
“Жол картасы-2010” бағдарламасы бойынша кітапханадағы күрделі жөндеу жұмыстары 5 сәуір күні басталған. Конкурстың қорытындысы бойынша Павлодар қаласының “Ертіс-Сервис LTD” ЖШС мердігер болып анықталған. Бұл жобаны қаржыландыруға 11651100 теңге бөлінген. Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінен аталмыш мердігер жұмыссыз ретінде тізімде тұрған 36 адамды жұмысқа қабылдады. Жұмыскерлердің жалақысы орта есеппен алғанда 30 мың теңгені құрайды. Бүгінгі күні кітапхананың ішіне толығымен жөндеу жұмыстары жүргізілді. Мұндағы үш негізгі зал толығымен жаңа көрініс алып, бүгінгі күнге сай жасалған. 700 шаршы метрді құрайтын оқу залының едені керамогранитпен әрленген. Кітапхананың жылу жүйесі қайта жөндеуден өткен. “Ертіс-Сервис LTD” ЖШС жылу элементтерін енгізіп, жылу құбырлары мен жылу тораптарын ауыстырған. Сондай-ақ, бүгінгі заманға сай жаңа өрт гидранттары тұрғызылған. Ендігі кіретін есікті жеңіл түрге алмастыру, төбе құрылысы жұмыстарын аяқтап, кейбір кем-кетіктерді толықтыру ғана қалған.
“Жол картасы” бағдарламасы бойынша атқарылған жұмыстың нәтижесін ұсынатын сәт те алыста емес.
Ақбота СЕЙСЕНБАЕВА.
Павлодар облысы,
Ақсу қаласы.