Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Нұрмұхамбет ӘБДІБЕКОВПЕН әңгіме
– Нұрмұхамбет Қанапияұлы, Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Тау-кен өндіруші және тау-кен металлургия кәсіпорындарының республикалық қауымдастығымен (ТМКҚ) бірлесіп 2010-2014 жылдарға арналған салалық бағдарламаны әзірлеп жатыр. Бұл үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасына егжей-тегжейлі қосымша бола ала ма, әлде салалық бағдарламада қағидаттық жаңалықтар бар ма?
– Тау-кен металлургия өнеркәсібі біздің еліміздің экономикасының негізгі секторларының бірі болып табылады. Оның маңызын төмендегідей өлшемдермен сипаттасақ те жеткілікті. Елдегі ішкі жалпы өнімдегі үлес салмағы 9,5 %-ды құрайды, саланың үлесіне экспорттың жалпы көлемінің 19,5 %-ы тиесілі. Осыны ескере отырып, ҮИИДМБ шеңберінде тау-кен металлургия кешенін дамыту басты басымдықтың біріне айналды.
2010-2014 жылдарға арналған тау-кен металлургия саласын дамыту бағдарламасында саланың даму бағыттары егжей-тегжейлі көрсетіліп, қойылған мақсаттарға жетудің нақты тетіктері, жоспарлы уақыт аралығында осы бағдарлама аясында іске асырылатын инвестициялық жобалардың тізімдері нақтыланған.
Қолда бар минералды-шикізаттық әлеуетті тиімді пайдалану, өндіріске инновациялық технологияларды енгізу, заманауи озық инновациялық технологиялар трансфертін жүзеге асыру бағдарламаның негізгі міндеттері болып табылады. Бұл міндеттердің орындалу нәтижесі қазіргі кезде республикада өндірілмейтін жаңа өнімдердің түрлерін шығару мен жаңадан қайта бөлістерді игеру арқылы көрініс табады. Бұл қара және түсті металлургияға да қатысты. Базалық мақсатты көрсеткіштер 2015 жылға жалпы қосылған құнды 107 пайызға, саланың экспорттық көлемін екі есеге ұлғайту жақтарын қарастырады.
– Бағдарлама жаңа өңдеуші өндірістер құру мен қосылған құны жоғары өнімдерді шығаруды көздейді. Жоғары технологиялық өнімдердің қандай түрлерін шығаруды және экспорттауды жоспарлап отырсыздар? Қазақстандық кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін сіз қалай бағалар едіңіз?
—Бағдарламаны орындау үшін Қазақстанда жақсы алғышарттар бар. Біздің тау-кен металлургия кешеніміздің бәсекеге бейімдігі ең алдымен сенімді минералды-шикізаттық базаға негізделген. Бізде әртүрлі минералды шикізаттардың айтарлықтай қоры бар. Елімізде темір, марганец, хромит кендері, түсті металл кендері – аллюминий, мыс, мырыш, титан, алтын және басқалар алынып, өңделеді. Бұрындары пайда болған қалдықтарды өңдеуге енгізу, атап айтқанда, кен байыту комбинаттарында бүгінгі күнде үйінді болып жатқан есепке енбеген кендерді игеру бағдарламаның маңызды бөлігі болып табылады. Бұған қоса, өздерінің технологиялық өлшемдері бойынша қолданыстағы металлургиялық бөлістерге сай келмейтін кондициялық рудаларды өңдеу жағдайлары да қарастырылуда. Соңғысына, мысалы, жекелеген үйінділерде жиналып қалған, ежелден келе жатқан хромиттік кендердің ұсақ түрлерін жатқызуға болады. Жаңа технологиялар осындай шикізаттан жаңа бөліс үшін жарамды илемдер мен брикеттер жасауға мүмкіндік береді.
Бүгінгі күнде алюминийді өңдеу саласындағы жоғары өңдеуге “Алпроф” АҚ пен “Алюгал” АҚ секілді кәсіпорындардағы жылына 20 мың тонна алюминий профилінің өндірісін мысал ретінде келтіруге болады. 2014 жылға қарай өндірістік қуаты жылына 15 мың тоннаны құрайтын “Қазэнерго-кабель” алюминий жаймалары өндірісін ашу, “Алпроф” пен “Алюгал” зауыттарының өндірістік қуатын 20 мың тоннаға арттыру көзделіп отыр. Сонымен қатар Павлодар қаласының индустриялық аймағында 10 мың тонна илем мен 50 мың тонна қорытпа шығаратын аз тоннажды өндірістер ашу жоспарлануда. Осы орайда әлеуетті инвесторлармен 120 мың тонна бастапқы алюминийді өңдеп, қосылған құны жоғары өнімдер – алюминий илемдерін, жаймаларын, профильдерін және т.б. шығаратын өндірісті ұйымдастыру жөнінде келіссөздер жүргізілуде.
Мысты өңдеу саласында мыс жаймасын 20 мың тоннаға, илемдерін 2 мың тоннаға, мыс қорытпаларын 5 мың тоннаға арттыру жоспарланып отыр. Шағын және орта бизнестің қатысуымен бірлескен кәсіпорындар ашудың есебінен кабельді өнімдердің өндірісін 15 мың тоннаға арттыру да көзделуде.
Мырышты одан әрі тереңдете өңдеу үшін қара металлургия кәсіпорындарының жанынан 5 мырыштау цехын құру мәселесі қарастырылуда. Бұл қара металдарды мырыштау ауқымын 10 мың тоннаға дейін арттыратын болады. Васильков ТБК іске қосылуымен катодты алтын өндірісін жылына 15 тоннаға арттыру жоспарлануда.
Сирек металдарды өңдеу саласында берилий лигатурасының өндірісі, арнайы қорытпаларды алу, композиттік материалдарды өндіру басым бағыттар болып табылады.
– Үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасында тау-кен металлургия кешенінің негізгі мәселелері болып шикізат базасының сарқылуы, негізгі қорлардың тозуы, қоршаған ортаны ластаудың жоғары деңгейі аталып көрсетіледі. Қалыптасқан жағдайды жақсарту үшін бірінші кезекте қолданылуы тиіс қандай шараларды атар едіңіз?
– Шынында да, соңғы жылдардағы геологиялық барлау жұмыстарының қарқыны сарқылып келе жатқан ресурстардың орнын толығымен алмастыра алмады. Бағдарлама шеңберінде кен орындарын пайдалану барысында дамып келе жатқан тау-кен металлургия өндірісін жаңа шикізат қорларымен қамтамасыз ету үшін мемлекет тарапынан егжей-тегжейлі, кешенді геологиялық барлау жұмыстары ұйымдастырылатын болады.
Тау-кен металлургия өндірісіне байланысты экологиялық факторлар жөнінде мыналарды атап өткен орынды. Индустрияландыру картасына енгізілген барлық жобалар арнайы сараптамадан өтеді, сол бойынша олардың қоршаған ортаға әсері бағаланады. Бұдан өзге, экологиялық қоғамдастықтың қатысуымен қоғамдық тыңдаулар ұйымдастырылады. Осылайша, жобалар экологиялық тұрғыдан алғанда бірнеше сатылы сүзгіден өтеді. Сөйтіп жобаларды жасау кезінде-ақ қоршаған ортаға зиянды әсер беру мүмкіндігін болдырмайтын технологияларды енгізу шарты, яғни талабы қойылады.
Бағдарлама шеңберінде өткен жылдары қордаланып қалған үйінділерді іске асыру мәселелері де шешіледі, осылайша олардың да көлемі азаятын болады. Мысалы, Дон ТБК өңдеуге миллиондаған тонна болып жатқан кендік қиыршықтар тартылады. Енді осы кендік қиыршықтарды түйіршіктеу мен кесектеу технологияларының арқасында үйінділер өңдеу үдерісінен өтеді.
Тағы бір перспективалы бағыт кенді алудың гидрометаллургиялық әдістерінің қолдану аясын кеңейту болып табылады. Осылайша қазіргі кезде алтын мен уран алынуда. Осы технология бойынша мыс алу да жоспарланып отыр. Бұл энергияны көп қажет ететін металлургиялық бөлініс үдерісінен құтылуға мүмкіндік береді. Технологияны жасауға Минералды шикізаттарды кешенді өңдеудің ұлттық орталығының ғалымдары қатысуда.
Кәсіпорындардың негізгі қорларына келер болсақ, инвестициялық жобаларды іске асыру тікелей қорларды жаңартуға бағытталған.
– Қазақстандық компаниялар әлемдік қаржы рыногына шығуда, шетелдік қор биржаларында құнды қағаздарын орналастыру арқылы елімізге миллиардтаған долларлар тартты. Бұл шетелдік инвесторлардың ұлттық кен-металлургия саласына деген қызығушылығын көрсетеді. Біздің республикамыздағы қор биржасының дамуын сіз қалай бағалайсыз?
– Ішкі қор рыногының нашар дамуы салдарынан біздің компанияларымыз инвестициялық жобаларын іске асыру үшін шетелдік қор рыноктарына жүгінді. Мұның қисынды екеніне келісетін боларсыз. Бұл жерде тау-кен металлургия өндірісінің қомақты қор ресурстарын талап ететіндігін де айта кету керек. Бұл саладағы инвестициялық жобаларға ондаған, жүздеген, кей жағдайларда миллиардтаған доллар қажет болады. Өкінішке орай, ішкі капитал рыногының ондай сомаларды тарту мүмкіндігі жоқ. Алайда, меніңше, уақыт өте келе біздің қор рыногымыз да инвестициялық жобаларды іске асыруға мүмкіндік беретін деңгейге көтеріледі деп ойлаймын.
– Салалық бағдарламаға “кіші металлургияның” перспективалы жобалары да енді. Бағдарламаны орындау барысында “Жеке кәсіпкерлік туралы” Қазақстан Республикасының заңына толықтырулар енгізу жоспарлануда. Жаңа салаішілік құрылымның мақсаттары мен міндеттері туралы егжей-тегжейлі айтып бере алмас па екенсіз?
– Аталмыш бағыттың дамуы бағдарламаның басымдықтарына толығымен сәйкес келеді. “Кіші металлургия” деп аталатын немесе шағын тоннажды өндіріс барлық кезде болып келді және өзінің нақты орнын да иеленді. Бұл әсіресе кені сирек немесе металы сирек кендерге тән болған, өйткені өндіріс көлемінің төмендігіне байланысты металл бағасы жоғары болады. Атап айтқанда, қорғаныс саласы мен ғарыш саласында және құрыштың арнайы маркаларын жасауда қолданылатын ферромолибден, феррованадий, ферровольфрам, феррониобий өндіру жөніндегі шағын тоннажды өндірістер құрудың перспективалары үлкен.
– Тау-кен металлургия саласының одан әрі дамуына байланысты білікті кадрларға қажеттілік туындайды. Бағдарламада мамандарды жоо-ларда даярлап, кәсіптік-техникалық білім беруді қалпына келтіру қарастырылған. Сала мамандарын оқытуды ұйымдастыру үшін мемлекет қандай шараларды қолға алуда?
– Біріншіден, тау-кен металлургия саласы үшін мамандар номенклатурасы айтарлықтай кеңейе түсті. Мысалы, қазір Павлодар өңірінде Қазақстан электролиз зауыты іске қосылды. Бұл жерде 250 мың тонна бастапқы алюминий өндіріледі. Бұрындары Қазақстанда бастапқы шикізат – боксит өндіріліп, ол глиноземге айналдырылатын. Кейін глинозем Ресейдің алюминий зауыттарына жөнелтілетін. Енді алюминий өзімізде өндірілетін болады. Ол қымбат тауар, онымен басқа рыноктарға шығуға және одан алуан түрлі бұйымдар жасауға болады. Соған сәйкес жаңа мамандықтар бойынша мамандар даярлауға сұраныс та туындайды. Мысалы, Павлодар мемлекеттік университетінің базасында жаңа 15 түрлі мамандықтар бойынша оқуға қабылдау басталды. Одан бөлек, орта буын мамандарын даярлау мен көптеген мамандықтар бойынша жұмысшылар даярлау жүргізіледі. Мысалы, алюминий зауытына электролизді қондырғылардың операторлары қажет. Өскемен мен Қарағандыда металлургиялық бағыт бойынша мамандар тапшы.
Мамандар даярлау жөніндегі жұмыстың тағы бір бағыты – өндірістік тәжірибені ұйымдастыру. Студенттер тәжірибелі мамандардың басшылығымен үш айға дейінгі мерзімде тиісті өндірістерге тәжірибеге жіберіледі. Бұл оларға оқуларын тәмамдай салысымен кәсіпорындарда сәтті жұмыс жасап кетулері үшін қажетті біліктілік береді.
– Бағдарламаның іске асырылуы ТМК проблемаларын шешу мен жоғары қосылған құны бар өнім шығаруды ынталандыруды көздейді. Саланың экономикалық тиімділігінің артуынан мемлекет не ұтады?
– Жауап мейлінше айқын. Жаңа өндірістер құрылып, барлары қайта құрудан өтеді, жаңа жұмыс орындары ашылады. Өндіріс көлемінің артуынан барлық деңгейдегі бюджеттердің кірістері артады. Түптеп келгенде, мемлекет қарқынды дамып жатқан, әлеуметтік-экономикалық дамудың келешекте де сенімді базисі бола беретін, әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті экономикалық салаға ие болады.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ.