Сараптама • 23 Қаңтар, 2025

Қор нарығындағы қорқыныш

308 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Иә, мен де алғаш рет қор нарығына аяқ басқанымда қорықтым. Ақшамды жоғалтып аламын деген үрей болды. Оның үстіне инвестиция тек ерлердің ісі, бай-қуатты адамдардың жұмысы деп ойлап алғаным тағы бар. Бірақ бұл миф екен! Бір жылдан артық тәжірибе жинақтағаннан кейін айтарым – әйел адамдар мықты инвестор бола алады, өйткені олар әр ұсақ-түйекке мән беріп, жан-жақты әрі озық ойлайды. Екінші миф те жойылды – қор нарығына кіру үшін сізге ақша толы шамаданның қажеті шамалы, бар болғаны екі шыныаяқ кофеге жұмсайтын тиын-тебен жетіп жатыр.

Ең бірінші маңызды қадам – білім алу. Нарықты зерттеп, қаржылық сауатты дамыту қажет. Өзім бірнеше тегін әрі ақылы курсты оқу барысында «күрделі пайыз» ұғымымен таныстым. Бұл менің инвестицияға деген ойымды күрт өзгертті, себебі бұл қағидатты ұғынған соң қаржылық еркіндікке қол жеткізуге мүмкіндік барын түсіндім. Эйнштейн «күрделі пайызды» әлемнің сегізінші кереметі деген. Мысалы, сіз 10 000 доллар инвестициялауға бел будыңыз және ай сайын оны 100 долларға толықтырып отырдыңыз делік. Қор нарығы шамамен 7-9%-ға өсетінін ескеріп, біз бұл салым жыл сайын 7%-ға өсетінін көрсеттік. Күрделі пайыздың басты ерекшелігі – па­йыз үстіне пайыз қосыла береді. Бұл үдеріс ұзақ мерзімде капиталыңызды көбейтеді. Байқасаңыз, күрделі пайыз 4-5 жылдан кейін жақсы өсе бастайды.

Күрделі пайыздың артықшылығын түсін­ген соң, көп ойланбастан брокерлерді зерт­теуге кірістім: комиссиясы, платформасы, лицензиясы мен пікірі маңызды болды. Сөйтіп, еліміздегі сенімді халықаралық брокерді таңдап, инвестициялық шот аштым. Маған инвестициялық кеңесші бекітілді, ал мен оны сұрақтың астына алдым. Акция мен облигацияның мәнін, қор нарығының жұмысын, сауда үдерістерін сұрап, алғашқы білімімді жинақтадым.

Акцияны таңдау кезінде америкалық қаржыгер, инвестор «Фиделити Магеллан» қорының негізін қалаушы Питер Линчтің «Өзің түсінетін, өнімін пайдаланатын компания­ны ғана сатып ал» деген ережесін ұстандым Шо­тымды 2 000 дол­ларға толықтырып, «Apple» акция­ларын сатып алдым. Осы уа­қыт­қа дейін бір қателік жібердім, ақшамды жоғалттым деп айта алмаймын. Себебі әр акцияны сатып алмас бұрын, «мұны неге сатып алып жатырмын» деген сұраққа жауабым болды.

Мен үшін алғашқы жарты жыл жалпы қор нарығының негіздерін түсінуге кетті: құралдар қалай жұмыс істейді, қандай стратегиялар маған сәйкес келеді, ең бастысы – эмоцияларды қалай басқару керек дегенді үйрендім. Нарық қатты құлдырап жатқанда кей инвесторлар дүрбелеңге еріп, қағаздарын арзан бағамен сатып жіберуі мүмкін. Сол кезде мен салқынқандылық танытып, дүрбелеңге назар аудармауға тырыстым. ETF-ке инвестиция салдым, ол осы уақыт ішінде шамамен валютамен (доллармен) 12% өсім көрсетті. Бұл әрине біздегі депозиттермен салыстырғанда әлдеқайда тиімді. Бізде депозиттер валютамен (доллармен) 1% кіріс береді. Тағы бір табысты мәмілем – «Apple» қағаздарын 173 долларға алып, жарты жылдан кейін 199 долларға сатуым болды. Сөйтіп, 8 000 мың доллардың үстінен 1 мың доллардан артық табыс таптым.

Доллар бағамының өсуі мен инфляция жағ­дайында адамдардың көбі жылжымайтын мүлік­ке ақша салуды құп көреді. Алайда қор на­рығы да көптеген мүмкіндік ұсынады. Бұл салым жауапкершілік пен тәуекелді талап етеді, бірақ дұрыс стратегия арқылы ұзақ мерзімді табысқа жетуге болады. Дегенмен қор нарығы тәуекелдердің ажырамас бөлігі екенін естен шығармаған жөн. Нарық көр­сет­кіштері әрдайым өсе бермейді, кейде құл­дырап кетеді. Ешбір сарапшы немесе қаржы ұйымы табысқа толық кепілдік бере алмайды. Соған қарамастан, егер нарықтың қалай жұмыс істейтінін жақсы түсінсеңіз, ұзақ мерзімді стратегияңызды сауатты құра аласыз.

Ең бастысы – тез байып кетемін деген иллюзияға берілмеу керек. Алаяқтар көбі­не «жылдам, әрі кепілді табыс» ұсынады, бірақ мұндай уәделер шындыққа жанас­пайды. Сондықтан қаржы құралдарының мәнін ұғып, компания есептерін талдап, эко­но­микалық жаңалықтарды үнемі сараптап отыру тәуекелдерді төмендетпек. Біліміңіз бен зерттеу қабілетіңіз артқан сайын, сіз жалған ұсыныстарды оңай ажыратасыз және қаржылық әл-ауқатыңызды сақтай аласыз. Қар­жысын басқарған өмірін басқара алады демекші, қор нарығында алған біліміңіз сізді экономиканы, саясатты терең түсініп, болжам жасауға, талдау жүргізуге үйретеді. Ең бастысы, әр қадамды саналы түрде жасап, білімді үздіксіз жетілдіріп отыру керек.

Соңғы жаңалықтар

Жылдам хабар алғызған

Руханият • Кеше

Азаматтық ерлік

Ғылым • Кеше

Ұлық ұлыстың алтыны

Жәдігер • Кеше