Қаз-қалпында
Сізге сәлем жолдаймын.
Менің “Замандасқа хат” деген мақаламды газеттің 22 маусым күнгі нөмірінде жариялап, менің өз ойымды газет оқырмандарына жеткізгендіктеріңіз үшін шын жүректен алғыс айтамын.
Сол мақалаға байланысты басымнан кешкен үлкен қуанышымды сіздерге және хабарлаймын.
Газет шыққан күні кешкі сағат 19.20-да пәтерімдегі телефон шылдырлады. Трубканы көтерсем – Астанадан, Президент Сарайынан.
– Сізбен қазір Президент сөйлеседі,– деді Президенттің көмекшісі Нұрлан деген жігіт.
Мен не дерімді білмей, сасқалақтап қалдым. Президент телефон соғады деген үш ұйықтасам, ойымда жоқ. Лезде трубкадан Нұрсұлтан Әбішұлының таныс дауысы естілді. Сәлемдестік.
– Бүгінгі “Егемен Қазақстаннан” “Замандасқа хат” деген мақалаңызды бастан-аяқ оқып шықтым. Сіз хатыңызды замандастарыңызға арнаған екенсіз. Сол замандастарыңыздың бірі ретінде Өзіңізге телефон соғып, алғысымды білдірейін деп отырмын. Сізге көп рахмет.
Содан кейін Президент күлді. Күлді де:
– Сізге бүгін бұл мақалаңызға байланысты неше адам телефон соқты? – деп сұрады.
– Төрт адам. Сіз бесіншісіз, Нұреке, – дедім мен.
– Оны сұрап отырғаным, Сіз мақалаңызда биылғы 9 мамыр – Жеңіс күні өзіңізге 137 адамның телефон соққанын айтып, олардың бәрінің аты-жөнін күнделігіме түртіп қойдым депсіз. Менің де атым Сіздің күнделігіңізге кірсін деп телефон соғып отырмын, – деді Нұрекең әзілдеп.
– Рахмет, Нұреке. Онда Сізді де жазып қояйын, – дедім мен Президент әзіліне әзіл қосып.
Содан кейін ол кісі сөзін әрі қарай жалғады.
– Мақалаңыздың бас жағында Сіз: “Президентті мақтай берудің керегі жоқ. Оның ісін жақтай білу керек”, депсіз. Оныңыз дұрыс. Мен де жігіттерге: “Мені сөзбен емес, халық үшін істеген істеріңмен мақтаңдар. Мемлекетіміздің нығаюы үшін аянбай, адал қызмет істеңдер. Маған сендердің мені мың рет мақтағандарыңнан, бір мектеп салғандарың немесе бір кәсіпорын ашқандарың қымбат”, деймін”, – деді Президент.
Одан кейін әңгімеміз басқа тақырыпқа ауысты.
– Мақалада айтылған батаңызға және рахмет. Бүкіл халықтың қамын ойлаған ондай әлеуметтік батаны өмірдің ауыр өткелдерінен өткен Сіздер сияқты ардақты ағалар бермегенде, кім береді?! Дұрыс! Жергілікті әкімдердің кемшіліктерін көрсетіп, ұрысқаныңыз да жөн. Сіздер тезге салмағанда кім түзетеді оларды?
Бұдан соң Президент менің денсаулығымды сұрады.
– Шалдарша шапқылап жүріп жатырмын, Нұреке, – дедім мен.
– Соныңыз дұрыс. Қарттар халықтың қазынасы ғой. Өздеріңіз сияқты ақылшы ағалардың көп болғанына не жетсін! Осы шабысыңыздан танбаңыз, ендеше. Аман болыңыз, Әзеке, – деп Президент сөзін аяқтады.
Бір-бірімізге жақсы тілеу тілеп, қош айтыстық.
Ойда жоқта болған Президентпен бұл әңгімеге менің де, бала-шағамның да қуанышында шек болмады.
– Сізге Президент рас телефон соқты ма? Ол кісінің Өзімен сөйлестіңіз бе? – деп немерем Әлия қайта-қайта сұрады.
Президентпен сөйлесу бақыт қой. Бірақ, аузыңа керекті сөз түспей қалады екен.
Менің телефонымды тауып, Президентпен жалғастырған Қасымбеков Махмұтқа және рахмет.
Мені осындай зор қуанышқа жеткізгені үшін “Егемен Қазақстанға” рахмет айтып, сізге алғыс хат жолдап отырмын, Сауытбек інім. Олай дейтінім – маған осы мақаланы жазуға тапсырысты өзіңіз берген едіңіз ғой.
Сәлемет болыңыз.
Ағалық ыстық ықыласпен, Әзілхан НҰРШАЙЫҚОВ, “Егемен Қазақстан” газетінің қарт авторы, бұрынғы қызметкері.
23.06.2010 ж.
АЛМАТЫ.