Жақсыбай САМРАТ — Ашғабадтан.
Биылғы ыстық бір кездері “Ыстықабад” (Ышшық абад) – Ашғабадты да күйдіріп тұр екен. Қанат Саудабаев сапарының ресми бөлігі әуежайға түскен бойда-ақ басталып кетті. Ол бірден Түркіменстан Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары – Сыртқы істер министрі Рашит Мередовпен кездесуге барып, екіжақты келіссөз жүргізді. Кездесуді ашқан Р.Мередов Түркіменстан тарабының ұсынысын қабыл алып, осында болатын конференцияға қатысуға келіп отырғаны үшін Қ.Саудабаевқа өзінің ризашылығын білдірді. Ал екіжақты қатынастар туралы айтқанда, оның жоғары қарқында дамып келе жатқанын ауызға алды. Сонымен бірге, Қазақстанның ЕҚЫҰ төрағасы ретіндегі бастамаларын да қолдайтынын айтты. Өз кезегінде Қ.Саудабаев та екіжақты қатынастардың түсіністік пен тиімділік негізінде дамып отырғанын атап көрсетіп, жоғары деңгейдегі кездесулердің жиі өтіп және онда үнемі жақсы нәтижелерге қол жеткізілетінін көлденең тартты. Қазақстан мен Түркіменстан арасындағы жоғары деңгейдегі кездесулер салыстырмалы түрде айтқанда жиі болып тұрады. Соның ішінде Түркіменстан Президенті Гурбангулы Бердымұхаммедовтің 2007 жылғы 28-29 мамырда Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапарынан кейін екіжақты қатынастар жандана түсті. Екі жаққа да тиімді сауда-экономикалық ынтымақтастықтар мұнай-газ саласында және көліктік инфрақұрылым бағыттарында жақсы дамыды. Сол жылдың қыркүйек айында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та Түркіменстанға ресми сапармен барған еді. Бұл сапар да екіжақты ынтымақтастықтың дами түсуіне ықпал етті. Сол жолы қазақстандық компаниялардың Түркіменстандағы мұнай-газ кен орындарын игеру жобаларына қатысуы және “Өзен – Қызылқия – Берекет” бағытында Иран аумағына шығатын темір жол салу мәселесі талқыланған. Осы кездесуден соң 2007 жылдың 1 желтоқсанында жалпы ұзындығы 680 шақырымдық Қазақстан, Түркіменстан және Иран Ислам Республикасы Үкіметтерінің арасында “Өзен – Қызылқия – Берекет – Этрек” темір жолын салу туралы келісімге қол қойылған еді. Оның 140 шақырымы Қазақстанның, 450 шақырымы Түркіменстанның, 90 шақырымы Иранның үлесіне тиесілі. Түркіменстан жағы өзіне тиесілі үлестің құрылысын 2008 жылы бастап кеткен еді, қазір оның 150 шақырымын салып та қойды. Қазақстан темір жол салуға 2009 жылдың 30 қыркүйегінде кіріскен-тін, оны белгіленген мерзімде аяқтау мүмкіндігі бар. Алдын ала айтар болсақ, Қ.Саудабаев Г.Бердымұхаммедовпен болған кездесуден шығып, журналистерге берген бринфингінде де темір жол магистралі құрылысының уақытында аяқталатынына сенім білдірді. Соңғы жылдары Қазақстан мен Түркіменстан арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық бүкіләлемдік экономикалық дағдарыстың салдарынан біршама төмендеп кетті. Екі елдің Үкіметаралық комиссиясының соңғы отырысы 2009 жылдың 13-14 сәуірінде Астанада өтіп, онда сауда-экономикалық ынтымақтастықты қайтадан жандандыру мәселелері қаралды. Алыс-берістің өсуіне кедергі келтіріп отырған факторлардың арасында Түркіменстан ұлттық валютасының конверттелмейтіні де бар. Сондай-ақ түркімен жағының ішке енген тауарларға жанама салық салатыны да кедергінің бірі болып табылады. Осы және басқа да кедергілер еңсерілсе, тауар айналымының өсу мүмкіндігі зор. Ынтымақтастықты дамытудың көрінісіндей бір шара үстіміздегі жылдың 26-27 мамырында Ашғабадта Қазақстанның сауда миссиясының ашылуы болды. Оны ашуға Қазақстанның Экспорт және инвестициялар жөніндегі агенттігі мен Түркіменстанның Сауда-өнеркәсіптік палатасы бастамашылық танытты. Қазақстан мен Түркіменстан арасындағы жылу-энергетикалық сектордағы ынтымақтастықтың әлеуеті зор. Екі ел де өздерінің қуат ресурстарын бір-бірінің аумағы арқылы сыртқы рынокқа шығаруға мүдделі. Соның ішінде Қазақстан жағы түркімен жері арқылы мұнайын Парсы шығанағына, ал Түркіменстан жағы газын қазақ жері арқылы Ресей, Украина және одан әрі Еуроодақ елдеріне, сондай-ақ Қытай бағытына шығаруға мүдделі. Осы бағыттағы өзара іс-қимылдың орасан көрінісіндей болып былтыр “Түркіменстан – Өзбекстан – Қазақстан – Қытай” газ құбыры іске қосылды. Көлік және коммуникация саласында да ынтымақтастық жақсы дамып келеді. Екі жаққа да тиімді темір жол, тасжол және су жолы жобалары іске асуда. Соның ішінде “Астрахань – Атырау – Ақтау –Түркіменстан шекарасы” бағытындағы автожолдың күрделі жөндеуден өткізіле бастағанын айтуға болады. Каспий теңізімен екі ел арасындағы жаңа су жолдарын ашу мәселелері де қарастырылуда. Сондай-ақ жоғарыда айтылған Өзен – Қызылқия – Берекет – Этрек – Горган теміржол бағыты да бұл саланың аса үлкен жобасы. Қазақстан мен Түркіменстан арасында ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық та артып келеді. Қазақстанның “Азық-түлік корпорациясы” АҚ Түркіменстанға астық пен ұн сату бойынша жұмыстар жүргізуде. Осы күні Түркіменстан жерінде 60 мыңға жуық қазақ тұрады. Бұрын олардың саны 120 мыңнан асатын. 2002 жылға дейін Түркіменстанда қазақ тілінде оқытатын 40 мектеп болды, онда 6 мыңнан артық бала оқыды. Бірақ 2003 жылы Түркіменстан өзге ұлт тілдеріндегі барлық мектептерді жапқаны белгілі. Сондықтан да қандастарымыз өзінің тарихи Отанына оралуда. Қазір еліміздің Алматы, Маңғыстау, Қостанай және Қарағанды қалаларында түркімендердің этномәдени бірлестіктері бар. Олар Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысына белсене қатысады. Өкінішке қарай, Қазақстан жағы бірнеше рет өтініш жасағанымен Түркіменстанда әлі күнге бірде-бір қазақ ұлттық-мәдени орталығы ашылмаған. Бұл – алдағы уақытта оң шешімін табуы тиіс мәселелердің бірі. Қ.Саудабаев Р.Мередовпен кездесуден шыққан соң, Министрлер кабинеті орналасқан ғимаратқа бет алды. Ол мұнда Түркіменстан Президенті Гурбангулы Бердымұхаммедовпен кездесіп, келіссөз жүргізді. Кездесуден кейін Қанат Бекмырзаұлы, жоғарыда айтқанымыздай, журналистерге шағын брифинг берді. Бұл кездесу екіжақты қарым-қатынастардың жоғары деңгейде екенін көрсетті, деді ол. Түркіменстан Президенті Қазақстан басшысының сәлемін ыстық ықыласпен қабыл алды. Біз екіжақты ынтымақтастықтың кешенді түрде жақсы қарқынмен дамып келе жатқанын атап өттік. Сондай-ақ біздің аймақтағы кикілжіңдерге қарсы әрекеттеріміз де бірлесе орындалып жатыр. ЕҚЫҰ-ның төрағасы ретінде біз Түркіменстанның Ұйым жұмысына қатысудағы белсенділігін атап көрсеттік. Осы орайда мен Түркіменстан басшысына Қазақстанның бастамаларын белсенді қолдағаны үшін ризашылығымды білдірдім. Одан әрі Қ.Саудабаев Түркіменстан астанасындағы конференцияның маңызына тоқталды. Аймақта қару-жарақ таратпау және қарусыздану мәселелеріне арналған конференция – Түркіменстан Президентінің бастамасын іске асыруға арналған шара. Біздің делегация оның жұмысына белсенді түрде қатысады, деді Қ.Саудабаев. Сөзінің соңында Түркіменстан Президенті Г.Бердымұхаммедов Елбасы Н.Назарбаевтың шақыруымен биыл Қазақстанға мемлекеттік сапармен келетінін айтты. Орталық Азия мен Каспий бассейні елдерінде қарусыздану мәселелеріне арналған халықаралық конференцияның аймақта ғана емес, ғаламдық бейбітшілікті сақтауда маңызы айтарлықтай. Біз конференцияның жұмысы туралы келесі хабарымызда толық айтатын боламыз. Ал ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, еліміздің Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Түркіменстан Президенті Г.Бердымұхаммедовпен кездескеннен кейін ЕҚЫҰ-ның Ашғабадтағы аймақтық орталығында болып, оның жұмысымен танысты. Одан кейін Түркіменстан Парламентінде Меджлис Төрағасы А.Нұрбердыевамен кездесіп, екіжақты парламенттік байланыстарды дамытудың перспективалары туралы пікір алмастыАлматы облысының меншігіне 86 мың га жер қайтарылды
Аймақтар • Бүгін, 21:44
«Егеменнің елдік жолы»: Бас басылымның 105 жылдығы аталып өтті
Форум • Бүгін, 21:37
«Кәсібінің үздігі» конкурсының жеңімпаздары марапатталды
Медицина • Бүгін, 20:25
Президент тапсырмасы: жас ғалымдарға пәтер сертификаттары табысталды
Қоғам • Бүгін, 19:35
Елорданың «Байқоңыр» ауданында ауқымды мұз айдыны ашылды
Елорда • Бүгін, 19:30
Президент Сердар Бердімұхамедовке құттықтау жеделхатын жолдады
Президент • Бүгін, 19:18