
Сурет: immigrantinvest.com
«Бір нәрсені атап өткім келеді: банктер Үкіметтің, соның ішінде халықтың жауы емес. Бірақ диалог негізіндегі әділ серіктестік орнауға тиіс. Кезінде сіздерге көмектестік, енді сіздердің кезектеріңіз келді», деді Президент.
Ұлттық банк Ұлттық қор арқылы 2008 жылдан 2020 жылға дейін бірнеше рет қаржылай көмек алған. 2008–2009 жылдары Үкімет пен банктер арасында қарызды қайтару туралы келісім жасалып, бұл қаржыға банктің акционерлері жауапты болғанын білеміз. Бұл туралы Ұлттық банктің сайтында да жарияланып тұрды. Ал екінші кезеңде ондай келісім болған-болмағанын білмеймін. Ол туралы ресми мәліметтер жоқ. Мемлекет басшысы банктердің шығындарын өтеп алғанын, алайда мемлекетке тиесілі қаржыны қайтармай, тіпті сол ақшаны кепілге беріп, пайда тауып отырғанын айтты. Бұл қаржыны қайтару үшін Үкімет пен Ұлттық банкке тапсырма берді. Банктердің ресурстарын ірі инфрақұрылымдық жобаларға тартып, мемлекет бөлетін қаржыны несие мөлшерлемесімен кезең-кезеңімен субсидиялауға болатынын айтты. Ұлттық банк 2017 жылы қаржылық орнықтылықты көтеру бағдарламасын бекіткен еді. Сол бағдарлама аясында елдегі 6 банк мемлекет қолдауына ие болған.
Бұл мәселені Мемлекет басшысы бірнеше рет көтерді. Өткен жылы кейбір банктердің мемлекеттен алған қарызды ішінара қайтарғаны, енді бірінің қайтаруға дайындалып жатқаны айтылды. «Halyk Bank» 250 млрд теңге көлеміндегі мемлекеттік көмекті толығымен мерзімінен бұрын өтеді. Ал «Jusan Bank» «Самұрық-Қазына» қорынан мерзімінен бұрын 100 млрд теңгенің реттелген облигацияларын сатып алды. «Bank RBK» болса 12,9 млрд теңге мөлшерінде мемлекеттік қаражатты мерзімінен бұрын ішінара қайтарды. 2008–2009 жылдары оларға қарыз қандай шартпен берілгенін, 2018 жылы қандай шартпен берілгенін дәлелдейтін құжаттарды жарыққа шығару керек. Сол құжатта айтылған келісімшарттар бойынша талап етуге болады. Бұған ең алдымен Ұлттық банк мүдделі болуы керек. Қазір экономикамыз күрделі жағдаймен бетпе-бет қалып отыр. Теңге – экономикалық көрсеткішіміздің өлшемі. Бізге ішкі нарыққа да, теңгеге де күш беретін фактор экономикалық ресурстар екенін түсінетін кез келді. Мемлекет басшысы теңге бағамының тұрақтылығын қамтамасыз ету ең маңызды міндет екенін айтты. Ұлттық банкке арнайы тапсырма берді.
«Жұмыс қалыпты режімде жүргізіліп жатыр, бірақ әрине, сұрақтар бар. Бірінші кезекте ұлттық валютаның құбылмалылығын көріп отырмыз. Сарапшылар америкалық доллардың нығаюына байланысты теңге курсына қысым жасалады деп күтеді. Валюта тұрақтылығын қамтамасыз ету және жалпы инфляцияны тізгіндеу – қазіргі ең маңызды, тіпті басты жұмыс десек болады. Ол Үкіметпен тығыз байланыста атқарылуы керек», деді Мемлекет басшысы.
Мен мұны Ұлттық банктің қазіргі және осыған дейінгі төрағаларына айтылған сын деп қабылдадым. Себебі бізде теңгенің тұрақтылығына кімнің жауап беретіні түсініксіз. Үкімет экономика, Ұлттық банк инфляцияға жауап береді. Бұл қаржы саясатымыздың негізі дұрыс емес екенін айғақтап тұр. Сол себепті Үкімет немесе Ұлттық банк тарапынан ұлттық валютамызға жауап беретін құзырлы орындардың мәртебесі айқындалу керек, сол кезде ғана теңге мен шетел валютасы байланысында бір үйлесімділік орнайды. Теңгенің екінші деңгейлі банктер немесе басқа институттар арасында ханталапай ретінде үлестірілетін жағдайлар тыйылады. Қазір банктер мемлекеттің көмегіне мұқтаж емес, керісінше, экономика банктердің көмегіне мұқтаж. Кеше Мемлекет басшысы ел экономикасы әлі күнге Ұлттық қордың қаржысына тәуелді болып отырғанын айтты. Ұлттық қор – халықтың қазынасы. Сол себепті, біз өзге бағыттардың мүмкіндігіне назар аударуымыз керек. Банктердің экономикаға көмегі ауызша емес, ресми құжат түрінде заңдастырылуы керек. Отандық бес банктің балансында 1,5 трлн теңгеге жуық мемлекеттік көмек бар.
Ғалым БАЙНАЗАРОВ,
қаржыгер