
Сурет: gov.kz
Соның бірі – тікелей инвестиция тартуда технологиялар мен болашақтың ресурстарына ден қою. Президент күрделі жағдай туындап отырғанын жасырған жоқ. Өйткені тікелей шетелдік инвестициялардың 36%-ға құлдырауы – қауіпті құбылыс. Дегенмен ескі әдістерге сала бермей, жаңаша қадам ұсынылды. Атап айтқанда, қазіргі күні әлемде ең сұранысқа ие металдардың бірі – литий секілді сирек кездесетін ресурстарға басымдық беру, бюрократиялық кедергілерді жойып, стратегиялық инвесторлар үшін үдемелі жеңілдіктерді енгізу.
Шын мәнінде сирек кездесетін ресурстар мен жоғары технологиялық жобаларға ден қою әлемдік нарықтағы қуатты бәсекелестермен ойын екені анық. Алайда заманауи әрі әртараптандырылған экономика құрудың маңызды жолы – сол.
Екінші мәселе – туризм және көлік саласын дамыту. Бұл, әрине, жаңа идея емес, дегенмен Президент жай ғана даму емес, серпінді дамуды талап етіп отыр. Еліміз саяхатшылар назарын аударатын жаңа тартылыс аймағына айналуы үшін туристік инфрақұрылымымыз халықаралық стандарттарға сай болуы қажет. Көлік саласында да Мемлекет басшысы алдымызға өршіл жоспар қойды: ол – теміржол мен халықаралық аэрохабты дамыту арқылы елімізді транзиттік хабқа айналдыру.
Үшінші мәселе – әлеуметтік саясат: ескі-құсқыны жамай берудің қажеті жоқ. Денсаулық сақтау саласын реформалау, МӘМС және ауылды дамыту – бұлар ахуалдың жай ғана бет-әлпетін түзеу емес, жүйелі өзгерістерді талап етеді. МӘМС реформасында ашықтық пен әділдікке ден қойылуы қажет. Аудандар мен ауылдарда медициналық инфрақұрылымды жақсарту керек. Бизнес пен инфрақұрылымды дамыту арқылы ауыл экономикасын қолдаған жөн.
Әлбетте, уақытша шешімдер жолымен кетпей, миллиондаған отандасымыздың өмір сапасын арттыруға ықпал ететін ұзақмерзімді тетіктерді жасау қажет.
Төртінші мәселе – энергетика саласында атом энергетикасын дамыту, аймақтарды газдандыру, көмір стансаларын ауаға улы газды барынша аз бөлетін технологияға көшіруге назар аудару керек.
Бесінші мәселе – қаржы саласы. Ыңғайлы ымыралардың орнына әділ реформалар керек. Президент инфляциямен күресте және салық-бюджет саясатын реформалауда айрықша тәсілдер болуын талап етті. Бюджет дефицитін жабу үшін Ұлттық қор қаражатын пайдалануды доғару керек. Мемлекет басшысы Үкіметке басқа жолдарды табуды тапсырды. Атап айтқанда, шығындар қатаң түрде бақылауға алынуға тиіс; қаржы саясаты қысқамерзімді пайдаға емес, ұзақмерзімді тұрақтылыққа құрылуы керек. Мұндай қадамдар шығындарды қатаң бақылауды талап ететіндіктен, үнемі қарсылыққа тап болады. Алайда тұрақты қаржылық жүйені осындай шешімдер ғана құра алады.
Күрделі кезең айрықша әрі батыл шешімдерді талап етеді. Ескі сүрлеумен кете береміз бе, әлде батыл шешімдер қабылдап, жеңіске жететін елге айналамыз ба? Біз бүгін осындай таңдау алдында тұрмыз.
Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ,
Мәжіліс депутаты